Еліміздің барлық аймақтарында азық-түлік, қоғамдық көлікте жүру құны, коммуналдық төлемдер бағасы артып барады.
Қызылордада соңғы бір ай ішінде көкөніс бағалары едәуір көтерілген. Азық-түлік бағасының мәселесі Қарағанды облысында да күрделі күйінде қалып отыр.
Мәселен, картоптың бүгінгі құны 200 теңгені құраған. Ал, Шымкентте кеше нан қымбаттады. Ас атасының бағасы бірқатар жерлерде бірден 15 теңгеге көтерілген. Тұрғындар алқымнан алған қымбатшылықты ауыздықтай алмаған жергілікті билікті "дәрменсіздік танытты" деп отыр.
Қарағандыда да азық-түлік бағасы аспандап тұр. Қалада соңғы күндері, көкөністің құны шарықтап кеткен. Мәселен, кеше ғана 160 теңге тұрған картоптың келісі бірден қырық теңгеге өсіпті. Сатушылардың өздері бағаның аспандап кетуін егін егу науқанының аяқталғанымен түсіндіреді.
Қалада әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің де бағасы өсті. Жыл басынан ет өнімдерімен бірге, күріш пен қанттың бағасы тіпті 20 пайызға шарықтаған.
Нан бағасының қымбаттауы шымкенттіктерді біраз дүрліктіріп тастады. Қазір, базарлар мен дүкен сөрелерінде нан 45-50 теңгеден сатылып жатыр.
Петропавл сауда нүктелеріндегі баға да көңіл көншітпейді. Тұрғындардың айтуынша, базардағы азық-түлік бағасы 15-20 пайызға қымбаттаған. Сауда орындарында тіптен, күнделікті өнімдер 30-35 пайыздан асып жығылғанына шағымданады. Ал, көршілес Ресейден әкелінетін тауарлардың бағасы бір жарым еселеп қымбаттаған көрінеді.
Теңге құнсызданғаннан кейін аймақтардағы жағдай осы. Ал халыққа әсіресе күнделікті қолданылатын азық-түлік өнімдері бағасының шарықтауы қиынға соғып тұр.
NUR.KZ