БИЗНЕСТІ ДАМЫТУҒА ҚР ҰЛТТЫҚ ҚОРЫНАН 100 МЛРД ТЕҢГЕ БӨЛІНЕДІ

mediaҚР экономикасының тұрақты өсуін қамтамасыз етуге бағытталған «Жол картасы» аясында Қазақстанда шағын және орта бизнесті (ШОБ) дамытуға 2014 жылы ҚР Ұлттық қорынан 100 млрд теңге бөлінеді, деп хабарлады ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Е.Досаев ОКҚ брифингінде.
«Шағын және орта бизнес жобаларын қолжетімді және ұзақмерзімді қаржыландыру үшін 2014 жылы 100 млрд теңге бөлінетін болады», - деді Е.Досаев
Сонымен бірге, ол шағын және орта бизнесті дамыту - «Жол картасының» он бағытының үшінші бағыты екенін нақтылады.
«Бүгін Үкіметте шағын және орта бизнес субъектілерінің жобаларын Ұлттық қор қаржысынан қаржыландыруды қамтамасыз етудің Іс-әрекет жоспары қабылданды. 20 сәуірге дейін «Бәйтерек» холдингі мен «Даму» АҚ қаржыны екінші деңгейлі банктерге орналастыруға кіріседі», - деп түсіндірді министр.
Бөлінетін қаржының 50% ШОБ-ке бұрын берілген несиені қайта қаржыландыруға, 50% - жаңа жобаларды қаржыландыруға бағытталады деп жоспарланып отыр. Жаңа жобалар пулының 50% кем емес көлемімен азық-түлік өнеркәсібі жобаларын мақсатты қаржыландыру көзделіп отыр. Бұдан өзге, ЭБЖМ басшысының айтуынша, 2014 жылғы 1 шілдеге дейін өңірлерде жергілікті атқару органдарының қаржысын қайта бөлу және жергілікті бюджеттің кіріс бөлігінің асыра орындалуы есебінен ТКШ, жол құрылысы, әлеуметтік мақсаттағы нысандарды жөндеу және қайта жөндеу салалары бойынша жергілікті жобаларды қржыландыру ұлғаяды.