Алматы кәсіпкерлерінің көп жылдық түйткілі шешім тапты
2014 ж. 03 сәуір
1441
0
Алматылық кәсіпкер Жоламан Баймұханов жеті жыл бойы қоғамдық тамақтандырумен айналысатын кәсіпорнына газ жүргізбек болып жүгіреді. Талай жерге табан тоздырғанымен, мәселе оңынан шешілмейді.
«Менде халыққа қызмет етіп тұрған дүкендер мен асханалар бар. 2007 жылы осы кәсіпті бастаған кезде, жаңа нысан пайдалануға берілген кезде, су құбыры мен электр қуаты желісін өзім жүргізіп алдым. Одан кейін, жергілікті атқару орындарына газ жүргізіп беруіне өтініш жасап едім, олар әр түрлі сылтау айтып, мәселе оңынан шешілмеді», - дейді ол. Жоламан Баймұхановтың айтуынша, оның бизнесінде ерекше қоятын талабы бар. Оны орындауға міндетті. Қоғамдық тамақтандырумен айналысатын мекемеге міндетті түрде газ жүргізілуі тиіс. «Қоғамдық тамақтандыру орындарында газ міндетті түрде болуға тиіс. Басқа балама жоқ. Ал газ құбырын жүргізу үшін кәсіпкерлер мемлекеттік органдарға табан тоздырып жүгіруге мәжбүр. Мемлекеттік органдар көгілдір отынмен қамтудың жобалау жұмысының материалын беруі тиіс. Мен осы техникалық жобалау нұсқаларын алуға күрескеніммен, өкінішке орай ұтылып келдім», - дейді кәсіпкер. Жоламан Баймұханов Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасына көмек сұрап шағымданады. Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Айтуар Қошмамбетовтың айтуынша, сарапшылар кәсіпкердің бүкіл құжаттарын оқып шығып, түйткілді егжей-тегжейлі зерттейді. Кәсіпкермен біріге отырып, тиісті органдарға құжат тапсырып, қайта барлық инстанциядан өтеді. Жуырда кәсіпкерге «Қазтрансгаз» кәсіпорынан жауап келіп түсті, сәуір айының басында көгілдір отын нысанға келіп жетпек.palata.kz