Қазақ қазынасы қазақтың өзіне бұйырмай жүр
2014 ж. 28 ақпан
1902
1
Таяуда ғана оффшорлық аймақ құру туралы бастама көтерген Мәжіліс депутаты Тұрсынбек Өмірұзақов тағы да дабыл қақты. «Қазақстандағы кәсіпкерлерге көмектесу үшін салық мөлшерін төмендетіп, шетелге кетіп жатқан қыруар қаржыны елде сақтауға мұрындық болайық» деген оймақтай ойын ортаға тастады. Депутаттың айтуынша, бүгінгі биілік қазақстандық қаражатты сыртқа жіберіп қойып отыр әрі қоғамға белгілі цифрлар нақты емес.
– Қазіргі күні отандық бизнестің адымын аштырмай отырған салықтың ауыртпалығы дегенді жиі айтып жүрсіз. Кәсіпкерлерді салықтан босату шынымен елдегі бизнес ілгерілеуі мүмкін бе?
– Расында, қазіргі таңда Қазақстан инвестиция тартудан өңірде жетекші елге айналып отыр. Дегенмен, бұл жеткілікті деген сөз емес әрі инвесторлар көп болғанымен оларды нақты салаға бағыттау жағынан да, жаңа инвесторларды елге тарту жағынан әлі де үлкен проблемалар баршылық. Кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында бізге көп жұмыс істеуге тура келеді. Себебі, біз оларға қолдау көрсетіп, жеңілдік жасамасақ елде көлеңкелі бизнес те арта түседі. Соның салдарынан қазір елдегі бизнестен түскен қаражаттың көбі дерлік шекара асып жатыр. Біз оған жол бермей, елде сақталуына мүдделі болуымыз керек еді. Сонымен қатар, егер дер кезінде осыған тосқауыл қоя алмасақ, оның көлемі қазіргіден де де арта түсетіні белгілі. Бір ғана мысал келтірейін, көршілес Ресейде осындай жолмен шетел асқан қаражаттың мөлшері 60 млрд. долларға жуықтаған. Бұл Қазақстанға да тән «ауру». Сол себепті, Қазақтаннан қаржының сыртқа кетуі ешқашан мемлекетке де, кәсіпкерлікке де көмек болмайды.
– Ал бұның басты себебе неде деп ойлайсыз?
– Біріншіден, әлемнің дамыған Сингапур, АҚШ, Ұлыбритания, Қытай секілді елдерінде салық мөлшерлемесі әлдеқайда төмендетілген аймақтар бар. Біз де осындай тәжірибеге сүйене отырып, салық салу мөлшері аз жерлерді Қазақстанда қалыптастырумыз керек. Сонда ғана бізде кәсіпкерлік жоғары деңгейде дамиды. Мұның артында әрбір кәсіпкердің өз ақшасы қазіргідей шетел аспай, Қазақстанда қалып, қандай жағдай болмаса да елдің дамуына өз септігін тигізеді. Және сол аймақта адамдар жұмыс істеп, жаңа нысандар бой көтерер еді.
– Сіз айтып отырған осындай дүниені Қазақстанда қалыптастыру мүмкін бе? Бұған қарсы пікірлер де баршылық қой?
– Расында, оффшорлық аймақ - бұл тек бизнесті басқаратын жерлер. Біз қазір банктен біреуге ақша алып беретін болсақ, оған қатысты бірнеше қағаз толтырып, декларация жасауымыз керек. Ал ондай аймақта мұндай жоралғылар атымен болмайды. Қиындығы бір басқа, қосымша салық алынып тасталады. Қазір көптеген елдер осыны жасап, оффшорлы аймақтарды пайдаланып үйренді. Бізге неге осындай аймақ жасап, өз жағдайымызды қалыптастырмасқа?! Бүгінде ойын-сауық орындарына арнайы аймақтар ашып, оған елімізден Бурабай мен Қапшағайды бердік. Бұл да белгілі бір жүйелі жұмысты білдіреді. Астанада арнайы экономикалық аймақтарды белгілеп қойдық. Елдің басқа өңірлерінде де еркін экономикалық аймақтар, арнайы экономикалық аймақтар бар. Осы тәрізді арнайы жеңілдіктер қарастырылған аймақтарда кәсіпкерлікті салықтан төмендетіп, «жұмыс істеңдер» деп рұқсат берелік. Бұл үрдіс қазақстандық қаражаттың ағылуы былай тұрсын, алыс-жақын басқа шет елдердің қаражатын біздің елге келуіне мүмкіндік береді.
– Дегенмен, көлеңкелі бизнестің бері шығуына осындай қадамға бару көмектесе алар ма? Неге солай деп ойлайсыз?
– Менің ойымша, көлеңкелі бизнеспен айналысатындар көп жағдайда салықтың жоғары болғандығынан осындай қадамға барады. Бұл ғана емес, қазір білуімізше, кәсіпкерлер табысынан түскен қаражаттың басым бөлігі шетелде. Бұл нені білдіреді? Біз оффшорлы аймағы бар елуге тарта елмен келісім шарт жасағаннан осылай болып отыр. Яғни, әлемнің елу елінде қазақстандық қаражат жатыр. Одан да осы қаржыны өз елімізде қалдырудың жолын қарастырған дұрыс емес пе?
– Қазақстандықтардың шетелде сақталған қаржысы нақты дерек пе?
– Әлбетте, ресми деректер баршылық. Дегенмен, біздің статистиканы білесіздер ғой?! Қазақстанда әркезде бәрін дұрыс көрсете бермейді. Дегенмен, мұны көрсетпегеннің өзінде біраз миллиардтар сыртқа шығып кетті әлі де кетіп жатыр. Ең бастысы біздің білетініміз, Қазақстаннан сыртқа шыққан қаржы сомасы өте көп. Мысалы, бар-жоғы Қорғалжын ауданының төрт-ақ есе үлкен болатындай жерді алып жатқан, 7 млн. ғана халқы бар Швейцарияда қазір күллі әлемнің ақшасы сақтаулы тұр. Өйткені, онда бар жағдай кәсіпкерлерге жасалған. Сол жерде отырып әлемнің күллі кәсіпкері өз бизнесін басқарады. Ол жерде қаражат сақтаушының кім екені де айтылмай, құпия түрде сақталады. Сондықтан оған біздің кәсіпкерлер міндетті түрде «жүгіреді». Мұндай мамыражай Орталық Азияда, Оның ішінде Қазақстанның бір бұрышында болса неден ұтыламыз. Керісінше, ұтпаймыз ба?!
Әңгімеңізге рахмет!
"Алаш айнасы", Жангелді Қаржан