Бұл күннің басты тақырыбын елдің бас банкирі де талқылады
2014 ж. 11 ақпан
2240
4
«1 АҚШ доларының жаңа бағамы 185 теңге төңірегінде болады. Осыған байланысты Ұлттық банк айырбас пункттеріндегі шетел валютасын теңгеге сату-сатып алу бойынша мынандай құбылмалы дәліз енгізеді: АҚШ доллары үшін ±2 теңге, ал евро үшін ± 3 теңге. Ал белгіленген осы деңгейден шетел валютасы бағамын арттырып, спекульциялық іс-қимылға барушы ақша айырбас пункттері табылып жатса, олар қатаң түрде жазаланады. Лицензиясын алып қоюға дейін барамыз» деп мәлімдеді" ұлттық валютаның құнсыздануына байланысты бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов мырза.
Ал төл ақшамыз - теңгенің бір сәтте шалт девальвацияға ұшырауының себебін, бас банкир бес себеппен түсіндірді:
Біріншіден, бұл арада жетекші дамушы елдердегі, оның ішінде БРИКС (Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка) елдеріндегі жағдай негізге алынып отыр. АҚШ-тағы «сапалы жұмсару» бағдарламасына сәйкес, қаржы дамушы елдерден дамыған елдерге ағылды, сөйтіп бұл аталған мемлекеттердің ұлттық валютасына қысым түсірді. Әлемдік экономиканың кейінгі даму жағдайы нақты болмағандықтан, әлемдік қаржы және тауар нарықтарында дүрбелең орын алып, баға өз еркіне кетті.
Екіншіден, қазір Ресей рублінің жағдайы аса қиын. Бір кеңістікте қарым-қатынас құрғандықтан, ондағы жағдай да біздің экономикамызға әсер етпей қоймайды. Былтырдан бері бүгінге дейін Ресей рублі әлсіреуін жалғастырып келеді.
Үшіншіден, бұл ҚР төлем балансы жағдайына да байланысты. Ағымдағы қаржылық операциялардың жағымды көрсеткіштерге ие болып отырғандығына қарамастан, елімізге ағылып келіп жатқан импорт көлемі үдей түсуде.
Төртіншіден, спекульяциялық іс-қимылдар да орын алды. Салдарынан девальвацияға қатысты тәуекел жоғарлай түсті. Спекульятивтік дүрбелеңнің, айырбас курсы өзгерістерінің алдын алу үшін Ұлттық банк валюталық нарыққа жиі араласып отырды.
Бесіншіден, болашақта инфляцияны 3-4 пайызға төмендету үшін Ұлттық банк инфляциялық шектеуге өтуді жоспарлады, ал ол дегеніміз – айырбас курсын қатаң қадағалаудан бас тарту. «Осылайша теңге айырбас курсының сыртқы бәсекеге қабілеттілігін қалпына келтіру, ҚР экономикасы сыртқы сауда балансын және отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін қолдау – Ұлттық банк валюталық саясатына өзгерістер енгізуді қажет етті», – дейді Қ.Келімбетов.
Сондай-ақ Ұлттық банк басшысы жергілікті әкімдермен, экономикалық ведомствадағылармен бірігіп бағаның негізсіз шарықтамауын қадағалауды жоспарлап отырғанын айтты.
– Біз нарықтағы барлық бағаны мониторингтен өткіземіз. Олардың қаншалықты негізді-негізсіздігін бағалаймыз. Ал асыра сілтеуге жол бергендерге жаза қолданылады деп сенемін. Жалпы, биылғы инфляция 6-8 пайыз көлемінде болуы тиіс, осыған сәйкес теңгеге шаққандағы 1 АҚШ долларының бағамы 185 теңге көлемінің сақталуын қорғаймыз, – дейді өз сөзінде Қ.Келімбетов.
Бір сөзбен айтқанда, Ұлттық банктің бүгінгі ақша айырбас курсына енгізілген өзгеріске байланысты енді 1 АҚШ доллары 183 немесе 187 теңге аралығында болады.
Бұл арада Ұлттық банк белгілеген шетелдік валюталардың бүгінгі шекті бағасы орташа мерзімге арналғанын ескерте кетелік. Демек, ол ұзақмерзімге белгіленбеген. Алайда осы негіздегі сауалға Қ.Келімбетов өз сөзінде «жуық арада тағы да девальвация болмайды, мұны мен кесіп айтамын» деп жауап берді.