Асаба мен әншілердің өнері жаңа жыл қарсаңында қанша тұрады?

photo_46990Жаңа жылда тек азық-түлік пен шырша ғана емес мерекелік кештерді ұйымдастыратын мамандар, асабалар мен эстрада жұлдыздары да бағаларын шарықтатып жіберген. Алматының өзінде желтоқсан басталғалы толастамаған жаңа жылдық кештерден ұйымдастырушылар кемі 500-600 мың теңге ақы алады. Әншілер де күнделікті тойдағы бағаларын 2-3 есе өсірген. Шамамен бір кешті ұйымдастыру 500 мыңнан басталып, 15 млн-ға дейін кете береді, деп хабарлайды КТК арнасы. Жаңа жылды қараша қара шаңырақта ғана емес, қызмет орнында да аста-төк атап өтеді бүгінде. Даңғарадай залдарды жалға алады, бір күндік мерекеге осылай қамданады. Мерекені ұйымдастырушылардың асығы алшысынан түсіп тұр қазір. Ержан Қабдуллин - осы саладағы үздіктердің бірі. 10 жылдан бері ірі компаниялардың ұжымдық кештерін өткізіп келеді. Қалталы компаниялар жаңа жылдық кештерінен ақша аямайды дейді тіс қаққан маман. "Ең арзан бағасы корпоративтік кештің 3000 доллардан басталып кете береді 10-15 мыңға дейін. Мен ұйымдастырған ең қымбат кештің бағасы 15 миллион теңге болды, - дейді мерекелік іс-шараларды ұйымдастырушы Ержан Қабдуллин. Мұндай отырмақтардың тағы бір сәні - асаба. Алматы мен Астанада асаба атаулыдан аяқ сүрінеді. Оңтүстік Астананың ұжымдық кештері мен тойларынан тойып жүрген ағайынды Нұржан, Бауыржандардың кестесі биыл да тығыз. "Ешқандай да корпоративтік кештер азайған жоқ, әркімнің өзіндік несібесіне лайық. Жалпы ұнайтын болса, кез келген орталық ала береді. Бір асабалар бар 500 бен 1000 доллардың арасына шығатын, бір асбалар 1000-5000 долларға шығатын. Кейбірі 5000-15000 долларға дейін сұрайды", - дейді асаба Нұржан Жиенбек. Жаңа жылдық кештер мен тойдан нәпақасын тауып жүрген әнші Нұрлан Еспановтың да өткен жылға өкпесі жоқ. Алайда өнер иесі жаңа жылдық кештердің азайғанын айтады. "Жылдағыдай корпоративтік кештер жоқ қазір. Бірақ барына бар ғой, біз жүрміз енді. Бірақ бұрын біз 31-не дейін тойда,кештерде болатынбыз, қазір енді азайып қалған секілді. Баға жағын да енді көтереміз ғой жаңа жылда", - дейді Еспанов.

Бірақ өзім жаңа жылда көп көтерген жоқпын. Сол алып жүрген ақшама 1000 доллар қостым", - деп шынын айтты әнші Нұрлан Еспанов.

Сонымен мұндай кештерді ұйымдастырып жүрген мамандар ең арзан әншінің өзіне кемі 100 мың теңге қажет деп отыр. Ал қолы жиын-тойдан босамай жүретін, ең сұранысқа ие әнші Қайрат Нұртас екен. Оның бағасы 2 млн теңгеден басталады. Міне, қазақ той-томалағының қарагерлері жаңа жылда жаңа баға қойған. Қызметтері қымбат, бірақ той десе қу бас домалайды деп мақалдайтын қазекем ақшаны аяп жатқан жоқ. Шамаласақ, жаңа жылдық кештерге биыл еліміздегі ортанқол ұжымдардың өзі ең кемі 2 миллион теңге жұмсайды екен.

nur.kz