Теңгеміздің құны қандай?

3(136)Тәуелсіздігіміздің айшықты белгісі – төл валютамыз теңгенің алғашқы бағамы – АҚШ долларына шаққанда 4 теңге 75 тиын болды, ал әу дегенде бір теңгеміз 500 совет рубліне айырбасталды. Ақ түйенің қарны жарылып, азат ел осылайша өз ақшасын тұтына бастағаннан бері бүгінге дейін ол бейресми деректер бойынша 30 рет девальвацияға ұшыраған екен. Әрине, бастапқы девальвациялар экономикалық ауыр кезеңмен тығыз байланыс­ты орын алғанымен, оған техникалық қателіктер де үлес қосып отырыпты. Міне, басынан түрлі сынақты өткерген ұлттық валютамыз бүгіндері әбден шыңдалып, аяғынан тік тұруға қауқарлы халге жетті деп ауыз толтырып айта аламыз... Теңге айналымға енгізіле салысымен, оның бағамы тым жоғарылатып алынғаны айқын болды. Сондықтан сол кездегі үкі­мет еріксіз қолдан девальвация жасап, бір АҚШ долларына шаққандағы ұлттық ва­лю­та бағамын 20 теңге деп белгіледі. Ал­айда бұл шешім де ақылға қонымсыз бо­лып шықты. Өйткені нақты өмір бұл ара­дағы айырма тіптен алшақ екенін бай­қат­ты. Осы жағынан алғанда, билік бас­тап­қы­да теңге бағамын белгілеуде қа­те­лікке ұрынды, оған қоса қайта жасалған есептер де дұрыс түзілмеген болып шықты. Бұл ту­ра­лы Елбасымыз 2003 жылғы отан­дық бас­пасөзге берген сұхбатында былай еске ала­ды: «1994 жылы кәсіпорындардың өз­ара міндеттемелері бойынша қарыздары дұрыс есепке алынбады. Ол өз кезегінде бюд­жеттің қалтасын қатты қақты. Тарихи аумалы-төкпелі кезеңдегі Қазақстанның бұл қателіктері белгілі бір деңгейде түсі­нікті жайт еді. Алайда осы қателіктер Ха­лық­аралық валюта қоры сарапшыларын жаңылыстырды. Сол кездегі сараптама бо­йынша бізде күрт құлдырау болатын­ды­ғы «болжанды». Олардың пікірінше, 1994 жылдың қыркүйегінде 1 АҚШ доллары – 150 теңге, ал 1995 жылдың қаңтарында ол 200 теңгені құрауы тиіс болатын-мыс. Ал нақтысында белсенді қабылданған бірқатар шаралардың арқасында күрт емес, бірқалыпты құлдырау орын алды. Бас­тапқыда бағамның төмендеу жылдам­ды­ғы айына 3-4 пайызды құрады. Ал 1996 жылы теңге бағамы тұрақталды. Тек араға тағы алты жыл салып, яғни 2001 жы­лы бір долларға шаққандағы ұлттық валютаның құны 146 теңгені құрады...». Бір жағынан, Ресей рубль аймағында мем­лекетаралық шартпен бізді соңына де­йін ұстап тұрды. Сондықтан біз өзіндік қар­жы тетіктерін құруға ашық бара алма­дық. Бірақ аяқ астынан Мәскеудің өзі сол Кеңес Ода­ғының ортақ рубль аймағынан шығып кет­ті. Өздерінің ақшасын шығарған олар ре­сейлік рубль аймағына Қазақстан­ды кір­гізбейтінін мәлімдеді. Алтын-валюта қоры­мыз­дың жоқ­тығы, өзіндік қаржылық тетік­тер­дің бол­мауы бізді қатты састырды. Осы­ның барлы­ғын өте жақсы білетін Ресей шалт қимылымен бізді аса қиын жағдайға қал­дыр­ды. Алайда бұл кезде теңгенің өзі астыр­тын құпия жағ­дайда әзірленіп қой­ған бола­тын. Бұл Елба­сымыздың көреген­дігі­нің ар­қа­сы еді. Әрине, ұлттық валютаның бірден тұ­рақ­тануына жол бермеген сыртқы фак­тор­лардың болғанын еліміздің орта­лық банк­тің бірінші болып тағайындалған төр­ағасы Ға­лым Байназаров та растайды: «1 теңге 500 рубльге айырбасталды. Бірақ біздің есебіміз бойынша, сол кездегі құн­сызданудың қарқынын есепке ала оты­рып, 1 теңгені 1000 рубльге айырбастау ке­рек еді. Бірақ Ұлттық комиссия және Үкімет бас­шылары бұл мәселенің эконо­ми­калық тиімділігінен гөрі, саяси жақта­рына көбі­рек мән беріп, Ұлттық банктің ұсынысын қа­­былдамады. Қазіргі теңге ба­ға­мында да сол кездегі қателіктің салқыны бар». Міне, мұның барлығы өтпелі кезеңдегі теңгенің қалыптасуына қатысты оқиғалар. Ал жалпы 1999 жылдың басында теңге алғаш рет халықаралық деңгейдегі сынақ­ты бастан кешті. Оған 1998 жылғы Ресей­де­гі қаржылық дағдарыс, сол секілді Қа­зақ­станның сауда-саттық бойынша әріптес мемлекеттерінің ұлттық валютасының де­вальвацияға ұшырауы негіз болды. Осы се­бептер қазақстандық тауарлардың ішкі және сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілет­тілігін нашарлатып, төлем балансы жағда­йын да тұрақсыздандырды. Бұл мәселені шешу үшін 1999 жылы сәуір айында тең­генің айырбас курсы реттелушіден ерікті бірқалыпты режимге көшірілді. Жеке және заңды тұлғалардың депозиттеріне, зейнет­ақы қорындағы активтерге қатысты бірқа­тар қорғаныс шаралары қабылданды. Со­ның арқасында теңге девальвациясында ұлт­тық валютаны асыра бағамдауға жол берілмеді, мұның барлығы әлемдік на­рық­тағы еліміздің бәсекеге қабілеттілігін қайта қалыпқа келтіруге ықпал етті. Ұлттық банк те ішкі валюта нарығына қатысуын кә­дім­гідей қысқартты, сөйтіп, теңгенің өз­ді­гінен реттелуіне мүмкіндік берілді. Сон­дықтан ақшамыз алып-сатарлық ықпалға бой ұрмады. Еліміздің макроэкономикалық көрсеткіштеріне сай ұлттық валютаның позициясы нығая түсті. Екінші халықаралық сынақ – 2007-2009 жылдардағы әлемдік қаржылық дағ­да­рыс­тың толқынымен келді. Бұл кезде Қа­зақстан экономикасы сыртқы тәуекел­дер­ге бой алдырғыш екенін анық бай­қат­ты. 2007 жылдың тамыз айынан бастап ға­лам­дық капитал нарығының нашар­лауы­на байланысты отандық банктер сырт­­тан ресурс тарту қабілетін жоғалта бас­тады. Салдарынан олар қорландыру жағынан тапшылыққа ұрынды. Айналып келгенде, бұл жайт тағы да айырбас кур­с­ына салмақ түсірді. 2008 жылдың соңы­мен 2009 жылдың басындағы девальва­ция болу ықтималдылығы болжамына сай, ва­лю­та нарығында да дүрбелең орын ал­ды. 2008 жылдың екінші жарты жылды­ғында халықаралық нарықта шикізат ре­сурста­ры­ның бағасы кенеттен құлдырады, соның ішінде Қазақстанның басты тауар по­зи­циялары – мұнай мен темір-терсектің де. Бұл бюджет түсімдерін айтарлықтай азай­тып, еліміздің төлем балансы жағда­йын на­шарлатты. Табысы шикізатқа тәуел­ді мем­лекеттердің барлығы осындай қиын жағдаймен бетпе-бет келді. Өндірістік да­мы­ған, сол секілді дамушы мемлекеттердің орталық банктері экономикалық жағдай­ды жақсарту үшін ұлттық валюта девальва­циясын жасауға мәжбүр болды (теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамы 123-тен 145 теңгеге артты). Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бейсенғали Тәжияқов: «Бұл арада Қазақ­стан мейлінше ұлттық валютасының тұ­рақтылығын қамтамасыз етуге басым­дық бергенін баса айта кетелік. Ұлттық банк ақша-несие саясатының түрлі нұсқа­сын сынап көрді: бағаны тұрақтандыруды қам­тамасыз ету мен бекітілген валюта дәлізіне инфляциялық өсімді негіздеу саясатын жалғастыруға дейін», – дейді. 2009 жылы ақпанда айырбас кур­сы­ның жаңа дәлізі белгіленді: 150 теңге +/-3/. Нәтижесінде экспорт және импорт секторындағы шаруашылық кәсіпорын­дар­дың қаржылық жағдайы түзеліп, бә­се­келестігі жақсарды. 2009 жылдың соңына қарай теңге нығая түсті. Валюта нарығын­дағы тұрақтылық теңгенің құбылу дәлізін әрі қарай кеңейтуге мүмкіндік берді, сон­дықтан 2010 жылдың 5 ақпанында ол бы­лай­ша нақтыланды: 150 теңге/ доллар (+) 10% немесе 15 теңге, (-) 15% немесе 22,5 теңге. Алайда бұл белгіленген валюта дәлізі 2010 жылдары маңызды рөл атқар­мады. Теңгенің нығайып, халықаралық на­рықтағы шикізат бағасының өсуі Ұлттық банктің валюталық интервенция жасауына әкелді. Теңгенің көп нығайып кетпесі үшін бас банк бірнеше ай бойына ішкі нарықтан ұсынысын азайту үшін шетел валютасын көптеп сатып ала бастады. Сол себепті Ұлт­тық банк 2011 жылы валюта дәлізі тә­сі­лінен бас тартып, реттелу ырқына алды. Содан кейін биылғы халықаралық нарық­тағы шикізаттардың, әсіресе темір өтімді­лі­гінің төмендеуі Ұлттық банктің «жұмсақ» девальвация жасауына әкеліп соқты: +3/+5 шамасында ғана өзгеріс орын алды. Ал бұл арада Ресей рублі 10 пайызға, яғни бізге қарағанда көбірек құнсызданғанын баса айта кетелік. Осы жолы да Ұлттық банк теңге бағамын анықтайтын жаңа қар­жылық құралды іске қосты. Енді ұлттық валюта курсы бұрынғыдай тек долларға қарап есептелмейді, АҚШ ақшасымен қа­тар, евро және рубльмен де санасатын жағдайға жетті. Осы мысалдардан-ақ Ұлт­тық банктің теңге бағамын халықаралық нарықтағы жағдайларға қарай реттеу те­тік­тері әбден қалыптасқанын, оның өзіндік тиімділігі барын байқауға болады. Соңғы жылдары елімізде несие доллармен бе­ріл­мейтін болды, әріптес елдер арасын­дағы своп-операциялар да ұлттық валюта не­гізінде жүзеге асырылатын шарттарға қол қойыстық. Мұның күндердің күні дол­лардың дәурені өтті дегенге дайындығы­мыздың барын көрсетеді. Теңгенің саты­лым мүмкіндігі мен тұрақтылығы қамтама­сыз етіліп отыр, тіпті валюта сапасының жо­ғарылығы да халықаралық деңгейде мойындалған. Осы жағынан алғанда, тең­ге тәуелсіз мемлекеттің валютасы ретінде қалыптасып, өзінің функциясын қалтқы­сын атқарып жатыр деп айтуға толықтай негізіміз бар.

Кәмшат САТИЕВА