Төл теңгеге – 20 жыл
2013 ж. 15 қараша
6147
1
Бүгін қазақтың төл ақшасы – теңгенiң туған күнi. Осыдан дәл жиырма жыл бұрын тәуелсiз ел тарихында тұңғыш рет ұлттық валюта айналымға ендiрiлген едi. Содан берi теңге тәуелсiз елдiң алғашқы рәмiздерiнiң бiрiне айналды.
1993 жылдың 15 қарашасында халықтың қолына тиген ұлттық валюта құпия жағдайда Англияда басылған едi. Ал алғашқы тиындар Германияда жасалды. Шетелде өндiрiлген төл ақшамыз елге ұшақпен жеткiзiлдi. 18 рейске тиелген теңге бастапқыда алдын ала дайындалған қоймаларда сақталды.
Қазақстан Кеңес Одағынан бөлiнiп шыққан елдер арасында ұлттық валютаны ең соңғы енгiзген ел болғанымен, өз ақшасының жобасын алғашқы болып әзiрлеген мемлекеттердiң қатарында екенiн бiреу бiлсе, бiреу бiлмес. 1991 жылы теңге дизайнын әзiрлейтiн мамандар тобы құрылды. Осы топқа кiрген Тимур Сүлейменов, Меңдiбай Әлi, Досбол Қасымов, Ағымсалы Дүзелханов пен Хайролла Ғабжәлел ұлттық валюта дизайнын әзiрлеуге кiрiстi. Ал тиынның дизайнын жасау Айрат Исмамбетов пен Виктор Ивженкоға тапсырылды.
Күнделiктi қолына ақша алып, есеп айырысып жүрген азамат валюта дизайнын жасап шығару үшiн кемiнде 2-2,5 жыл қажет екенiн бiле бермейдi. Бiрақ қазақстандық дизайнерлер тобы төл теңгенi небәрi бiр жылдың iшiнде дайындап шықты. Әрi тағы бiр артықшылығы, шетелде валютаның пiшiнi мен бейнесiн дизайнерлер дайындаса, қорғаныш жүйесiн арнайы мамандар жасайды. Ал қазақстандық дизайнерлер осы екi мiндеттi бiрге алып жүрдi. Бұл үрдiс әлi күнге дейiн өз жалғасын тауып келедi.
Теңге авторларының бiрi Тимур Сүлейменов forbes.kz сайтына берген сұхбатында бұл кезеңдi былайша еске алады: “Ақша өндiру технологиясымен танысу үшiн Лондондағы Harrison & Sons фабрикасына сапарлаттық. Сонда ақшаның бейнелi және толыққанды болуын қамтамасыз ететiн элементтер не үшiн қолданылатынын түсiндiм. Ақшадағы бейнелер валютаны қолдан жасамау үшiн қолданылатын қорғаныш жүйесi екенiне көз жеткiздiк. Бiзге портреттiк галерея – банкнотаның басты элементi екенiн, бүкiл құпия қорғаныштың мәнi сонда жатқанын түсiндiрдi. Сол мезетте алғашқы эскиздi жасап шықтым. Бiрнеше сағаттың iшiнде көлемi шағын ғана эскизде әл-Фарабидi бейнелеп, бiрнеше түспен бедерледiм. Сөйтiп, астына алғашқы рет “теңге” сөзiн жаздым”.
Сөйтiп, Совминнiң 37-саяжайындағы 3-үйiнде құпия түрде жұмыс iстеуге кiрiскен дизайнерлер тобы осы эскиздi толықтырып, теңгеде бейнеленуi тиiс ұлы тұлғалардың галереясын тiздi. Құрманғазы, Сүйiнбай, Абай, Ш.Уәлиханов, Әбiлқайыр хан мен Абылай хан және әл-Фараби бейнелерi салынған теңгенi жасап шығуға көп тер төгiлдi. Есесiне, көзге жылы ұшырайтын төл теңгенiң номиналдарын шатастыру қиын едi. Ал қазiр ше? Алабажақ 1000 теңге мен 2000 теңгенi тек номиналына қарап әрең айырасың.
1994 жылы Ұлттық банк айналымға бұған дейiн болмаған 200 теңгенi ендiрдi. Артынша инфляция шарықтаған тұста iрi номиналдағы валюталар ендiрiлдi. 1994 жылы 500 және 1000 номиналды теңге, 1996 жылы 2000 теңге, 1998 жылы 5000 теңге пайда болды. Дизайнерлер осы тұстан бастап төл теңгенiң стилi, бiрыңғай дизайны мен элементтерi жоғалды деп есептейдi. Кейiн, 2000-2001 жылдары алғашқы дизайндағы теңге бiртiндеп айналымнан түсiп қалды. Ал 2003 жылы теңгенiң он жылдық мерейтойында алғашқы рет 10 мың номиналындағы теңге шықты. Көкшiл түсте бедерленген валютаның алдыңғы бетiнде әл-Фараби бейнеленсе, артқы жағына таулар мен барыстың суретi түстi.
Алайда ұлттық валютаның бет-бейнесi түбегейлi түрде 2006 жылы өзгердi. 2006 жылдың 15 қарашасында жаңа үлгiдегi купюра ендiрiлдi. Ұлы тұлғалардың портреттерi жойылып, Астанадағы Бәйтерек монументi мен белгiсiз бiреудiң алақаны қол жайып тұрған ұлттық валютаны жұрт бастапқыда жатырқағаны рас. Әртүрлi реңктегi теңгенiң әр номиналының артқы жағынан Қазақстан картасы мен Астана және Алматыдағы ғимараттардың суретiн табуға болатын едi. Алайда ең масқарасы, жаңа теңге сақау болып шықты. “Ң” әрпiнiң орнына “н” басылып кеткен теңге үшiн Ұлттық банктiң сол тұстағы төрағасы Әнуар Сәйденовтiң басы дауға қалды. Айналымнан шыққанға дейiн қалың қазақ сақау теңгемен есеп айырысып жүрдi.
2011 жылы 5 мың және 10 мың номиналды теңгенiң дизайны тағы өзгертiлiп, жалаңдаған қолдың бейнесi жоғалды. Осы тектес дизайнмен 2013 жылы 2 мың номиналды теңгенiң бейнесi де өзгертiлдi.
Ұлттық валютаның 20 жылдық мерейтойына орай Ұлттық банкте 1993 жылдан берi қарай қолданыста болған валюталардың көрмесi өтiп жатыр. Осы көрмеге бiз де бас сұққан едiк. Ұлттық банктiң бас кеңсесiнiң бiрiншi қабатындағы фойесiнде қаз-қатар тiзiлген теңгелер тарихтан сыр шертедi. Бiрақ... олар тым көп. Тiптi 2006 жылдан берi қарай 1000 және 2000 номиналды теңгенiң неше түрi шыққанынан адам жаңылады. Алақаны бар 2000 теңге, алақаны жоқ, бiрақ көгершiнi мен Қазақ елi монументi бейнеленген 2000 теңге, Азиаданың құрметiне 2011 жылы шыққаны тағы бар. Қол бейнеленген 1000 теңгенiң тағы бiрнеше түрi бар. Олар 2010 жылы Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төраға болуының құрметiне және 2011 жылы әлемдiк дiндер құрылтайының құрметiне шығарылды. Ұлттық валютаның 15 жылдығына орай бес және он мыңдық номиналды банкноталар басылып шықты.
Ендi мiне, 20 жылдық мерейтойға орайластырып Ұлттық банк 20 мыңдық купюраның тұсауын кеспек. 20 жылдық мерейтойға тарту етiлетiн 20 мың теңге кiмдердiң қолына тиедi? Әйтеуiр, бiр белгiлiсi, олар көп көлемде емес, шектеулi таралыммен басылды.
Ұлттық банк ұйымдастырған көрмеде төл валютаның қазiргi дизайнын сөгушiлерге арнап бiр сөз айтылды. 2012 жылы Халықаралық Банкнота қауымдастығы 10 мың номиналды теңгенi әлемдегi дизайны ең үздiк валюта ретiнде таныды. Ал биылғы жылы бұл атақты 5 мың теңгемiз жеңiп алған. Тағы бiр айта кететiн жайт, 1993 жылдан бастап осы күнге дейiн шыққан теңгенiң дизайнына суретшi Меңдiбай Әлi көп еңбек сiңiрдi. Әртүрлi номиналдағы теңгенiң дүниеге келуiнiң басы-қасында жүрген де осы дизайнер.
Теңгенiң қазiргi бейнесiн кiм қалай сынаса да, М.Әлi олардың қорғаныш жүйесi мықты дейдi. Мәселен, ашық қол бейнеленген 5 мың теңгелiкте SPARK қорғаныш жүйесi – әлемде алғаш рет қолданылды. Сол себептi оны қолдан жасау мүмкiн емес.
Бiз бүгiн төл теңгенiң мерейтойына орай оның бет-бейнесi жайлы ғана сөз қозғадық. Ал 20 жылдан берi бiрнеше девальвация мен жылына 3061 пайызға жеткен инфляцияны бастан кешiрген ұлттық валютаның тұрақтылығы – басқа әңгiме. Олай болса, қаржылық қиындықтар мен түрлi нұсқаны өткерген төл ақшаның мерейтойы құтты болсын!
Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫ