Баспанасыз халықтың наразылығы күшейіп бара жатыр

57_mainТұрғын-үй құрылыс жинақ банкінің басшыларын жауапқа тартып, оларға өтіп кеткен 12 пәтерді қайтарумен мәселе толыққанды шешілді деп айтуға болмайды. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Парламент Мәжілісінің депутаты, "Халықтық коммунистер" фракциясының өкілі Жамбыл Ахметбеков осылай айтты. Халық қалаулысы атап көрсеткендей, ағымдағы жылы бюджеттен бөлінген барлық қаражат игерілген жағдайда халықтың біраз бөлігі баспаналы болатын еді. "Тұрғын-үй құрылыс жинақ банкінің басшыларын жауапқа тартып, оларға өтіп кеткен 12 пәтерді қайтарумен бүгінгі мәселе толыққанды шешілді деп айта алмаймыз. Қазір баспанасыз халықтың наразылығы күшейіп келеді. Ал Үкімет өзінің нақты жоспарын әлі күнге дейін ұсына алмай жатыр. Астана мен Алматы қалаларында әрбір шаршы метрі 3-5 мың доллар тұратын элиталық үйлердің орнына 5-7 есе арзан, 500-750 доллар тұратын бұқара халыққа қолжетімді баспананы неге салмасқа? Ипотекалық несиеге үй алған азаматтар банктердің аяусыз қақпанына түсіп, олардың "пайыздық үстемесіне" жем болып жатыр. Қазіргі кезде бұл мәселе әлеуметтік маңызы бар үлкен проблемаға айналды. Үкімет болса, осы проблеманың шешімін таппай, алыстан бақылап отыр", - дейді Ж.Ахметбеков.

nur.kz