Сардар ердің сәулесі

    Ерлік іздері сайраған сардалада еркін өмір сүріп, қырында қызық қуып, ойында ойын-сауығы басыл­маған ұлы бабамыз Жалмам­беттің жүрегінен көктеп өскен үш бұтақ – Ысты, Ошақты, Шапырашты жұрты ықылым заманнан бері Талас өзенінің ұзына бойын жайлап, бақытын да, ырзығын да осы өңірден тауып, шаңырағын биік көтеріп, керегесін кең жайған іргелі елдің бірі және бірегейі. Қай заманда да іштен іріп, көбесі сөгіліп, бөздей жыртылып көрген емес. Ошақтың үш бұты секілді болат тұяғын үш тұстан қадап, нық тұрған бойы замананың суық желіне де, ызғарлы қара боранына да кеуде тосып, әлі күнге дейін тату-тәтті ғұмыр кешіп, қазақ халқымен бітеқайнасып, жақсылықты да, жамандықты да бірге көріп келе жатқан ағайынды бұл үш жұрттан сөз бастаған шешен де, қол бастаған көсем де, айға азуын білеген ақын да, ар-намысын ту етіп көтерген егеулі найза ерлер де, арыстан кеуде азаматтар да, құндыз жағалы жақсы мен жайсаңдар да көп шыққан. Дауға салсаң – шешен, жолға салсаң – көсем атанып, қалың қамыстың ішінде өзіне шапқан жолбарысқа қарсы ақырып ұмтылып, найзағайдай шапшаң шалт қимылдап, жайратып салған Бөлтірік қара сөзде кімге дес беріп еді?!. Күні кеше ғана қырық жыл қыдыр боп ел басқарған, жүрек сәулесі туған еліне, бүкіл түркі жұртына түгел түсіп, көненің көзі, көсемнің өзі атанған Дінмұхамед Қонаевтың аталары да осы өңірде өніп-өсіп, өркен жайған әулет болатын. Ол кісінің тұсында көкірегі қазына ақсақалдар ақ боз үйдің төрінде, арыстан кеуде азаматтар ақ боз аттың үстінде еді... Жерін Иван баспаған иманды бұл елдің айдын-айбары қай заманда да солғын тартып көрген жоқ-ты. Жаңбыр жауса жауды, жаумаса егістігін маңдай терімен суарып жайқалтып, арғымақтар туған адыраспанды даласын төрт түлік малға толтырып, еңбегін сауған бұл ауданнан 56 Социалистік Еңбек Ерінің жарқырап шығуы – жалғыз Қазақстан емес, бүкіл Одақты таң қалдырған-ды. Ертеде Жоңғар шапқыншы­лығы тұсында бес қаруын түгел асынып, егеулі найза қолға алып, ту көтеріп, талай жырынды жаудың жұмыр басын допша қағып түсіріп, аты аңызға айналған бұл жерде ат ойнатқан Жауатар, Саңырық, Көшек сияқты көзсіз батырлардың сарқыты, ата ерлігі, үлгі-өнегесі, ізгі қасиеті, арман-мұраты ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, үзілмей келе жатқаны Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарында, одан кейінгі күрделі кезеңдерде ел басқараған әкелеріміздің бойынан айқын көрінген-ді. Бұны ұлағатты ұстазым Мырзатай Жолдасбековтің «Таластан шыққан тарланбоз» деген еңбегінде: «Әбдір ағамыз – Үшаралда, Әнуарбек ағамыз – Ойықта, Сейілбек ағамыз – Бостандықта жұмақ орнатқан, бақ қарап, қыдыр дарыған кісілер еді» деп жазғаны толық нақтылай түседі. Алайда, кезінде ауданның орталығы болған Ақкөлдің көшесін жөндеп, жолдарын асфальтатып, құбыр тартып, әр үйге су жіберіп, ауласын бақша-бауға айналдырып, халықтың нанын жемей қамын жеген сондай арқар мүйізді азаматтың бірі Тамабек Қартабаев еді. Мұқағали Махаңдардың сарқыты болса, Тамабек «жаным арымның садағасы» деп өмір кешкен арыстардың сарқыты болатын. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сол: бұлар ел мұратын сатпаған сардарлар еді. Олар кеткелі бүкіл дүние өзгеріп, әкімдер көбейіп, азаматтар азайып бара жатқандай ма, қалай? Ойлап қарасаң, азаттықтың да өз зауалы бар көрінді. Ол бақыт құсы боп ұшып жетсе де, байлық болып жұртты қарық қылмады. Уақыт тудырған нарықтың ауыртпалығына шыдамай қазақтың рухани әлемі тігісінен сөгіліп, кез-келген жерінен жыртылып, қақ айырылып жатты. Дүкендердің сөрелері азық-түліктен қаңырап босап қалды. Көп уақыт өтпей ауданның мыңғырған малдары салыққа төленіп, одан кейін баспа-бас айырбасқа кетіп, талан-таражға түсіп, жоғала бастады. Қалған азын-аулақ мал жергілікті халыққа еңбегіне қарай үлестіріліп беріліп еді, одан береке болмады. Ертеңін ойламаған жұрттың еркектері қорасына кірген қойларын бағып-өсірмей араққа сатса, әйелдері сабынға сатып түгесті. Бұрын Қаратаудың басынан зарлы көш құлап еді. Тәуелсіз ел атанған тұста аудан орталығы Қаратауға қайта көшті. Ақкөлдің хан сарайындай ақшаңқан зәулім үйлері бұзылып, қызыл кірпіштерін кім-көрінген тасып әкетіп жатты. Д.А.Қонаевтың қабылдауына қайта-қайта барып, сол кісінің пәрменімен талай қазақ мектебі мен талай қазақ бала-бақшасын ашып, көзі тірісінде көп сауапты істер атқарған, сатираның тілі тотияйын сардар ақыны Шона Смаханұлының атымен аталтын кинотеатрдың қиратылып, сынған кірпіш пен топырақтың үйіндісіне айналғанын көргенде, кімнің төбе шашы шошынып тік тұрмады. «Қайда бара жатырмыз» деп лағнет айтқандар да болды. Дүр дүние сол кезде шарасыздықтан есеңгіреп, не істерін білмей сарсылып, шаршап тұрған-ды. Ол төрт құлақты үйлерден кесек, төрт түлік малдардан есек қалған сүреңсіз күндер еді. *** Жұрттың бәрі таршылықтың тарысын қуырып жеп, қара көже мен қара суға қарап қалған сол өтпелі кезеңде күн көзінен үзіліп түскен ақ сәуле секілді жазық маңдайы жарқырап, Серік Әбікенұлы Үмбетов Жамбыл облысына әкім боп келген бойда тіршіліктің көздерін ашып, адасқан ағыстарды өз арнасына салып, сала-салаға жан бітіріп, жаңғыртып жіберді. Қай заманда басшы түзелмей қосшы түзеліп еді. «Құлагерге де көтермелеуші керек» деген. Сол сияқты қандай күрделі, қандай қиын істі де үндемей тындырып үйренген С.Үмбетовтің қырағы көзі Тараз қаласы құрылыс бөлшектері біріккен комбинатының бас директоры боп қызмет атқарып жүрген Батырбекті қиядан шалып, оған сенім артып, бүкіл бір ауданның тізгінін қолына ұстатып, «мына нарық заманда жеңі қырқылып, жағасы тозған жұртыңның ер-тұрманын бүтінде» деп, құйрық-жалын түйіп, аласапыран уақыттың бұрқасынды толқындарына салып жіберген. Жалған дүниеде жақсылықтан басқаның бәрі баянсыз екенін жасынан қанына сіңіріп өскен айбоз азамат Батырбектің бойынан ел мұратын сатпайтын сардарлық қасиетті бірден аңғарған еді. Өйткені, тымақ төбесінен тозып, ел төресінен азып, бақ-дәулет, ырыс-береке қашып, астан-кестен боп, сапырылысып жатқан уақытта оған қателесуге жол жоқ-тын. «Дәуір мен дәуір алмасып жатқанда өмір сүрме» дейді қытайлар. Бірақ, „қытай солай айтты екен” деп кім өмір сүрмей, дүниеден баз кешеді дейсің. Жақсылық пен жамандық о баста бітеқайнасып, бірге жаратылған жоқ па?!. Ендеше, оның несі үрейлі, оның несі қорқынышты. Екі күннің бірінде адам баласының көріп жүрген құқайы емес пе... Дәуір мен дәуір, ғасыр мен ғасыр алмасып, заман өзгеріп, заманмен бірге адамдар өзгеріп, ел ішін Бекежандық жайлап, қойдан – шайыр, қазақтан – қайыр кетіп, кісәпір кезеңге тап болып, жұрттың бәрі қай тарапқа жол тартарын білмей сарсылған тұста Батырбектің әкім боп атқа мінуі өзі үшін – сор, халқы үшін – бақыт болды. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылды. Бірақ, бұл қызмет осысымен қызық көрінді. Төзімін сауыт етіп киіп, шындықтың шылбырынан мықтап ұстаған бойы қандай қиындық, қандай кедергі кезіксе де шыдап, тығырыққа тірелген аудан жұртын желкен керген кемедей ақ айдынға жарқыратып алып шығуды ғана көздеді. Өйткені, ол кезде Қаратау мен Жаңатас секілді кенді аймақтың жұмысшылары жалақылары мен жәрдемақыларын жылдап көрмей ашынып, көшеге ереуілге шығып, жолдарды жауып, Үкіметке қатал талап қойып, ашу-ызаға булығып тұрған. Талас ауданы жерін Иван бас­паған иманды ел еді. Дәуір мен дәуір алмасқанда нарықтың зауалына тап болып, үстінен дауыл жүріп өткен ормандай ұйқы-тұйқысы шығып, қирағаны – қирап, бүлінгені – бүлініп, пұшайман хал кешіп, өкініштің уын ішіп, опынып отырып қалған-ды. Батырбек шұғыл іске көшті. Жүзінен ызғар шашқан жұмысшылардың басшыларын тез қабылдап, жылы-жылы сөйлеп, қазіргі хал-ахуалды түсіндіріп, ақырында, бәрінің көңілін тауып, үйлеріне қайтарған. Қай заманда да тектінің тектілігі сезілмей тұрмаған ғой. Сол сияқты Батырбектің де өсіп-өнген, тәрбиелі, көргенді әулеттен шыққандығын былайғы жұрт аңғармай қалмады, әрине. Батырбектің атасы Құлекей Нарболатұлы заманында Талас өңіріне Атымтай жомарттығымен аты шыққан дәулетті кісілердің бірі болған. Ауыл-аймағын тату-бірлікте ұстап, кедей-кепшігіне алдынан мал бөліп беріп, Талас өзенінің сағасынан диірмен салдыртып, жұртын наннан тарықтырмаған. Ауылда алғаш мектеп құрылысы басталғанда оған өзі басшылық жасап, сонау «Көктал­дан» ағаш кестіртіп тасытып, ағайындарын игілікті жұмысқа жеккен көкірегі қазына қария болған екен. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» демекші, Батырбекке осы бекзат қасиет атасы Құлекеден дарыса керек. Әйтпесе, ол қанша білімді, қанша білікті маман болса да, сайып келгенде, таршылық көріп, жалақысын ала алмай ашу-ызаға булыққан жұмысшылармен оңай тіл табысып, жұмысы жоқтарға жұмыс тауып беріп, әлеуметтік түйткілдерді дер кезінде шешіп, бүкіл аудан жұмысын жолға қойып, тозған елдің ер-тұрманын бүтіндей алмас еді. Өйткені, оның атасы сертін семсер етіп ұстаған жігіттердің сойынан болатын. „Асылдан ұлтқа тұтқа болатын ұл туады” деген, міне, осы. Б.Құлекеевтің осы күні ат үстінде жүрген көп шенділерден озық бір ерекшелігі: оның өзін зор, өзгені қор тұтпайтындығы; оған қоса тәуекелшілдігі; қандай қиын жағдайда да тез шешім қабылдап, қажет болған жағдайда, белден де басып жіберетін өжеттігі; тығырықтан да жол тауып, суырылып шыға алатын алғырлығы; бүгінгі күннің ғана қамын ойлап, күңірене бермей ертеңгі күнге де ерте қам жасап, ереуіл атқа ер салып, әр нәрсеге дайын тұратын қаршыға қағылез сергектігі; жаңашылдығы... міне, осылай тізіліп кете береді. Біз білетін Батырбекте, шынын айту қажет, мансапқорлық, тәкапарлық, менмендік,кеудемсоқтық, өзін басқалардан жоғары қойып, астамсу болған емес. Қолынан келгенше жұртқа жақсылық жасап, жылағанды жұбатып, өкпесі өшіп өзекте қалғанды өрге сүйреп, төңірегіне төбел нұр таратып, қарапайым өмір кешті. Ол қазіргі кезде арман қуғандардан ақша қуғандар құзырлы болатынын білсе де ондай қадамға аяқ баспады. Ойлайтыны – тағдыр тауқыметін тартып, қилы-қилы өткелден өтіп, мың өліп, мың тіріліп, азаттыққа қолы әзер жеткен момын халқы болды, іздегені – ұлтының жоғалған рухы болды. Сөйтіп, ол алғашқы жұмысын аудан жұртшылығының саналы еңбек етіп, салауатты өмір кешуіне жағдай жасаудан бастаған. «Қалауын тапса қар жанады» деген, ат үстінде жүрген азамат істің көзін тауып, жұртын соңынан ертіп, алға бастай білсе алынбайтын қамал болмайды екен. Қазақ жерінің небір қатпарлы, қыртысты өңірінде дүниеге келіп, туған елінің ата кәсібін, салт-дәстүрін, мінез-құлқын, жаратылыс-болмысын, табиғатын жіті зерттеп, көңілге тоқып өскен Батырбектің көзі, қалай десек те, қырынан сағым қашқан сардаланың тіршілігіне қанық еді. Қысылған тұста сонысы кадеге жарады. Талас ауданында Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қаржының жоқтығынан баспа-бас айырбастан, салықтан, талан-тараждан, ұры-қарыдан Құдай сақтап аман қалған азын-аулақ қой басын қайтадан мыңғыртып өсірсем қайтеді деп ойлады. Оған қазақтың: «Мал өсірсең қой өсір, табысы оның көл-көсір» деген сөзі түрткі болды. Оның содан тәуекелге бел буып, ойға алған ісін бастамасқа шарасы қалмады. Өйткені ауданның әлеуметтік-экономикасы төмендеп, уақыт өткен сайын құлдырап бара жатқан. Темірді қызған кезде соқпай уақыт өткізіп алса, онда қолда бар мүмкіндікті пайдалана алмай өкініштің өртіне шарпылып, опынып қалатындай көрінді. Сөйтіп ол «Таластық тауарлы несие» деп аталатын бастама көтеріп,оны қолданысқа енгізбек болды. Сол жылдары ауданда несие сұрап отырған шаруа қожалықтары біраз бар болатын. Салықтан, қарыздан құтылу үшін тоқтыларды базарға шығарып, арзы­май­тын бағаға сатқанша соларға тауар­лы несие ретінде берсе, түптеп келгенде, бұның өзі екі жаққа да пайдалы болар еді. Батырбек енді өзі ойлап тапқан осы қолайлы нұсқаны жүзеге асырудың тиімді жолдарын қарастыра бастады. Осы жолда қанша жанығып, жанталасып бақса да алдан тосқан кедергі, бөгесін­дерге кезікпей қалмады. Ол тұста көп ша­руашылық салыққа қарыз еді. Сондықтан, олардың техникасы мен малдарын тиісті орындар «тұтқындап» тастаған болатын. Егер қолда бар азын-аулақ мал салықтың бодауына кетсе, онда көп агроқұрылым аяғына нық тұрып кете алмай таяқтарын ұстап, сарсылып отырып қалар еді. Сосын, Б.Құлекеев шарқ ұрып шырқырамай қайтеді. Құзырлы мекемелерге шапқылап жүріп, шаруашылықтардың қазіргі хал-ахуалына көздерін жеткізіп, салық мерзімін жылдың соңына дейін ұзартып алды. Оған бұдан артық көмектің қажеті де жоқ еді. Б.Құлекеев өмірге енгізген тауар­лы несие беру тәртібі қысқаша айтқанда былай: аудан әкімі шаруа қожалықтарының жетекшілеріне жергілікті бюджеттен несиеге қаржы бөледі. Ол қаражат агроқұрылымдардың салығын төлеуге жұмсалады. Содан кейін аудан әкімі әр тоқтыны 1500 теңгеден сатып алып, ниет білдірген шаруа қожалықтарына 100 тоқтыдан бөліп береді. Олар оны көздің қарашығындай сақтап, үстінен құс ұшырмай бағып, төлдерін өсіріп, үш жылдан кейін тоқты күйінде қайтарады. Осындай әдіспен ауданда бір жылдың ішінде бес мыңға жуық тоқты таратылған болатын. Соның нәтижесінде 300-ге жуық шаруа қожалығының жағдайын түзеп, қорасын малға толтырып, айдарынан жел есіп, аспанға шырт түкіріп, шіреп жүргені кімді сүйсінпейді. Батырбектің бұл игі бастамасы жүзеге аспағанда «Көктал» және «Талас» АҚ-лары банкрот болып, тарап кетер еді. Бұның өзі, шынын айтқанда, ауданда ата кәсіпті жаңғыртып, мыңғыртып мал айдаған азаматтардың қатарын көбейтіп қана қоймады, сонымен бірге, екі қолға бір күрек таппай сандалып қалған ауыл тұрғындарына да жұмыс тауып беріп қарық қылған жоқ па. „Екі жеп биге шықты” деген, міне, осы. «Данышпандар идея ойлап табады, жігерлілер оны жүзеге асырады» деген сөз осы күні жұрт арасында көп айтылатын болды. Бұның шындық екенінде дау жоқ. Бірақ, Батырбектің өзі ойлап тапқан тосын жаңалығын өзі жүзеге асырып, қызығын әлі күнге дейін өзі басқарған ауданның халқы көріп келе жатқаны баршаға аян. Ата жолын ұстанып, туған елдің рухын көтеріп, ат үстінде жүрген азамат үшін бұдан өткен бақыт бар ма, тәйірі. Ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалы өте төмен кезінде өмірге келген Таластық бұл нұсқа – тауарлы несие жер-жерде қолдау тауып, елімізге кеңінен тарағанда көптеген агроқұрылымдар тығырықтан оңай шығып, аяғына тұрып кетер еді. Амал қанша, өкінгеннен не пайда?.. «Таластық тауарлы несиенің» бір жақсылығы – ауылдарда күннен-күнге өрістеп, етек алып бара жатқан жұмыссыздықтың алдын алуға сеп болды. Ертеңгі күнін ойлаған ауыл тұрғындарының біразы несиеге мал алып бағып, төлдетіп, өсіріп, артығын сатып, өздерін солай қаржыландырып, тұрмыс жағдайын жақсартып, қатарға қосылып кетті. Атап айтқанда: «Дүйсен», «Сәрсенбай» және «Қойшыбай-Ата» сияқты шаруа қожалықтары осы тауарлы несиенің жемісі болатын. Болашақтың көзіне терең үңіліп, дүниенің қабағын бағып үйренген Батырбек қол жеткен аз ғана табысын көңілге медет тұтып, тоқмейілсіп, бұл бағыттағы ізденісін бір сәтке тоқтатқан емес. Өзі басқарған ауданда енді зеңгі бабаның тұқымын несиеге беріп, мүйізді ірі қараны көптеп өсіруді қолға алды. Бұл да ауылдарда тұратын отбасылардың жағдайын ойлап жасалған жеңілдіктер болатын. Батырбектің «Таластық тауарлы несиесі» кезінде Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан да қолдау тапқан. Соның негізінде оған авторлық патент те берілген. Бірақ, бұл тәжірибені, жоғарыда айтқанымыздай, республика көлеміне кеңінен таратуға мүмкін болмады. Себебі, бюджетке төленетін салықты тауарлы несие арқылы жабуға болмайтын көрінеді. Осы орайда жұрттың есіне сала кеткен жөн. Бұл тәжірибе көрші Қытайда ондаған жылдар бойы практикада қолданылып келеді. Ол жақта малшыға баққан малының үштен бір бөлігі үш жылға несиеге беріледі. Сондықтан, бұл тәсілді әлі де жетілдіріп, республика көлеміне кеңінен таратса нұр үстіне нұр болар еді. Соңғы уақытта шетелден асыл тұқымды мал әкеліп, оны жергілікті малмен будандастырып, тұқымын асылдандырамыз деп жанығып жүргендер жоқ емес. Алайда, қыруар қаржы жұмсап, сатып әкелген сол малдар жерімізді жерсіне ме, жоқ па – оған мән беріп жатқан кісі тағы көрінбейді. Бәрі де табысқа оңай жетуді ойлайды. Бұның ешкімге абырой әпермесін білсе де, тентек қойдың басындай қисайып, бой бермей өжектейді. Алысқа ат арытып бармай-ақ жақын жерден асыл тұқымды мал сатып алып, соны жергілікті малмен будандастырып, төлін өсіріп бағып, төрт құбыласын түгендеп, алшаңдаған азаматтардың тірлігі әлдеқайда баянды емес пе? Сол тәжірибені өзімізде қолданып, бағымызды сынап көрсек, бұның несі айып, несі сөлекет?!. Біз „көрші Ресейге жыл сайын алпыс мың тонна ет сатамыз” деген жоспарымыз бар көрінеді. Оның орындалу, орындал­мауы қазірдің өзінде неғайбыл болып тұр. Өйткені бүкіл еліміздегі мал саны бұл үдеден шыға алатын межеге әлі жете қойған жоқ. Осындайда жұмысы жоқтарға жұмыс тауып беріп, малы жоқ­тардың қорасын қара қойға толты­рып, талай кісіні жарылқап, бағын ашқан Батырбектің «Таластық тауарлы несиесі» ойға орала береді. Құдайға шүкір, бұл күндері ауданда біраз шаруа қожалықтары бар. Солардың малын тағы да тауарлы несиеге шығарып, төлін өлтірмей өсіріп, өмірге енген бұл тәсілді жетілдіріп, дамыта бергенде ғана өрісіміз мыңғырған малға толады. Жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы «Жас Алаш» газетіне Б.Құлекеевті «Ауылдан шық­қан рефарматор» деп тегін жазған жоқ. Оның ертеңгі күнді бүгін ойлап, соған ел-жұртын ерте дайындап, қам-қа­ракет жасайтын озық ойлы азамат екенін жақсы білгендіктен шыққан. Ба­тырбектің төбесі алыстан көрінгенде жұрттың бәрі бір жаңалық, бір жақсылық келе жатқандай сезінетіні содан ба, кім біледі?!. *** Қазіргі Сарысу ауданына қарасты Досбол ауылында ержеткен Батырбек жал-жал толқынды, бұйра құмдарды кезіп, кен іздеген геологтарды талай көрген еді. Оның үстіне оны әкесі Әбдірәсіл де елдің жоғын іздеп тапқан азаматтарда арман бар ма деп екі күннің бірінде құлағына құйып өсірген болатын. Бәлкім, соның әсері шығар, кейін сондай маман болуды армандап, Қазақ политехникалық институтына оқуға түсті. Оны ойдағыдай оқып бітіріп, сол сала бойынша жұмыс атқарып, мәстер, бөлім бастығы, бас инженер, кен шахтаның бастығы секілді қызметтің сатыларынан өтіп, талап-жігерін шыңдап, толысқан тұста елдің жоғын іздеп тапсам деген арман оны мазалай бастады. Өйткені, ол қазақтың аумалы-төкпелі замандарда өмір кешіп, көп нәрсені жоғалтып, байлықтың үстінде отырса да, соны игере алмай қор болғанын жақсы білетін. Қайрақ пышақты қайраса, намыс Батырбектің жігерін жаныған еді. 1999 жылдың ақпан айында Ойық елді мекеніне барған Құлекеев есеп беріп, одан шыққан соң қасына бір топ аудан қызметкерлерін ертіп, Мойынқұм жаққа жол тартқан. Ондағы мақсаты – жас күнінде өзі талай көрген геологтардың кен іздеп бұрғылаған өңірді аралап көру болатын. Олар Мойынқұм жолының сол жақ қапталында құбыры шығып жатқан тақыр төбеге жетіп бір-ақ тоқтаған. Құмның бұл етегі Амангелді қыстауы деп аталатын. Батырбек Ойық ауылының тумасы, біраз жыл аудан басқарған Балтабайға жүз бұрып: Бұл өңір не себепті бұлай аталған, – деп сұрады. Ол: – Амангелді осы Ойық ауылының қойшысы болатын. Орта бойлы, сары кісі еді. Геологтар жер бұрғылап жүргенде ол кісінің үйінен талай мәрте дәм татқан. „Бір күн дәм татқанға, қырық күн сәлем” деген бар емес пе. Сол кісінің құрметіне осы жерді геологтар «Амангелді» деп атап, картаға түсіріп кеткен көрінеді, – деді байыпты жауап беруге тырысып. – Ендеше осы жерден көгілдір отын алатын боламыз, – деді Батырбек төңірегіне барлай көз жүгіртіп. Сонан соң: – Өзбекті өз ағамыз десек те, көгілдір отынын қайта-қайта бұлдап, бағасын көтеріп, жүйкеге тиіп болған жоқ па, түге! – деді шамырқанып. Бірақ, бұл жылдары еліміз бауырын жазып, әлі көтеріліп кете қоймаған кез еді. Қаржының тапшылығынан қысқа көрпе басына тартса аяғына жетпей, аяғына тартса басына жетпей аудан жұрты арық тоқтының күйін кешіп қалған-ды. «Сасқан үйрек артымен сүңгиді» демекші, Батырбек бастаған бір топ ақ жағалы азаматтар бас қосып, өзара ақылдасып, елден жылу жинап, ойға алған істерін жүзеге асырмақ та болды. Ол ойларын облыстық, қалалық газеттер арқылы жұртшылыққа жеткізіп те көрді. Сөйтіп, олар осылай алашапқын боп жүргенде «Егемен Қазақстан» газетіне Жамбыл облысында тұратын меншікті тілшісі Мақұлбек Рысдәулеттің Талас газын игеру туралы жазылған мақаласы бұлтсыз күнгі найзағайдай жарқылдап, шойын кеуде қоғамның қоңыр тұманын серпіп, ойландыра бастады. Ел қамын жеп, ар-намыстан туған бұл мақала Үкімет назарына ілінбей қалмады. Батырбек темірді қызған кезінде соғып қалуға тырысты. Ауданға Парламент Мәжі­лісінің депутаттары Шерхан Мұртаза, Қаратай Тұрысовтарды шақы­рып, екеуін жұртпен кездестіріп, жер-жерде жиналыс өткізіп, Амангелді газы­ның тарихын Елбасына жеткізуін қиылып өтінді. Іле ақсақалдардың атынан облыс әкімі Серік Әбікенұлы Үмбетовке, Үкіметке, тіпті, Елбасына үшбу хаттар жолданды. Ақырында ел тілегі қабыл болып, Елбасы Амангелді газын игеруге пәрмен берді. 2003 жылдың Желтоқсан айының алғашқы апталарында Амангелді газы жер бетіне шығарылды. Жұрттың сол күнгі қуанышында шек болмады. Боз бие сойылып, құм ішінде ұлан-асыр той өтті. Содан бері де табаны күректей он жыл өтіпті. Амангелдіден шыққан көгілдір отынның қызығын Жамбыл облысының біраз халқы көріп отыр. Алайда, оның игілігін Батырбектің өзі ержеткен ауылдың тұрғындары көрмей отырғаны қалай? Бұл не? „Шамның жарығы түбіне түспейді” деген осы шығар, бәлкім. Батырбек кейде қайда салсаң да қиып түсетін өткір семсер секілді өжет. Көздеген мақсатына жетпей қоймайды. Өйткені, ол істің көзін таба біледі. Оның үстіне тәуекелшіл, жаңашыл, шебер ұйымдастырушы. Нарық заманы қанша қатал болса да оның қиындығына қыңбады. Қарағайға қарсы біткен қайсар бұтақтай қасарысып, сардарлық қалпынан танбады. Ауданда өндіріс орындарын ашып, мал басын арттырып, асу-асу белдерден асқан Құлекеев ендігі мезетте егін егіп, жұртты астықпен қамтамасыз етіп, айдын асырмақ болды. Талас ауданы шөлейтті аймаққа жататын еді. Жаңбыр жаумаса, бұл өңірде егін шыға қоймайды. Әрі-бері ойлай келгенде көрші аудандардан жалға жер алмақ боп шешті. Сөйтіп, ол сол жердің бәріне тұқым сеуіп, агротехникалық талаптарға сай күтім жасап, мол астық алуға қол жеткізген еді. Сол жылдары оның тапсырмасы бойынша мамандар базарда өтімді азық-түлік тауарларын зерттеп, минаралды тыңайтқышты қажет етпейтін қауын, қарбызға сұраныстың көп екенін анықтаған-ды. Таластықтар енді дәмі тіл үйіретін осындай жеңсік ас өсіруге ден қойды. Бұрын Бостандық ауылында аз ғана жерге өсірілетін бұл дақыл бертін келе қанатын кең жайып, бірер жылдың беделінде 400 гектарға жетті. Б.Құлекеевтің Талас ауданында елді мекендерді жаңғыртып, жаңа әлеуметтік нысандар ашып, оларды талапқа сай жабдықтап, ауласын, айналасын көріктендіріп, халықтың игілігіне айналдыра білуі, бұл сөз жоқ, оның азаматтық өресінің биіктігін көрсетеді. *** Елу жыл ел ағасы болған Д.А.Қонаев қазақ халқына бақ боп қонған қыдыр басшы еді. Бүкіл алаш жұртын соқаға өгіз жеккен тар кезеңнен космос дәуіріне көтеріп, жапандағы жалғыз үйлі малшыға да электр жарығын жүргізіп бергізген Алатау-Азаматтың тойын ат шаптырып, дүркіретіп өткізуі керек-ақ. Ойға шомған Батырбектің есіне Мұқағалидың: «Егерде халық өзін ұмытпаса, Бақыл бол, халқың сені ұмытпайды» деген өлең жолдары түсті. Сол сол екен, ол: «Жер бетінде қазақ халқы барда ешуақытта Димекең де ұмытылмайды» деді дүр сілкініп. Димекең бір естелігінде: «Тірілер өлгендердің көзін жабады, өлгендер тірілердің көзін ашады» деп жазып еді. Ол кісінің бұл сөзін кейін оқыған жұрт шел басқан көзін ашып, жалған дүниеде кімнің кім екенін жаңа ұғып, тез есін жиған. Аруақ сыйлап, арыстардың аманатына адал болуға көшкен. 2002 жыл аудан үшін де, Талас өңірін жайлаған бүкіл ауыл үшін де өте ауыр жыл болса да, соған қарамай жоқтан бар құрап, боз жусанды боз даланың алтын алқасы секілді жарқыраған, тұнық суы таңғы шықтай мөп-мөлдір Ақкөлдің көкорай жазығына таласып, тармасып жарыса ақ боз үйлер тігіп, үш дүркін Социалистік Еңбек Ері атанған аса ірі мемлекет қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа ескерткіш орнатып, 90 жылдық торқалы тойын ат шаптырып, дүркіретіп өткізді. Үлкен кісінің тойына халық өте көп жиналды. Алыстан ат арытып келгендер қаншама. Соның бәрін көктем боп қарсы алып, төресін –төрге, өренін – өрге жайғастырып, бабын тауып күтіп, үстеріне шұғыла жауып шығарып салған Батырбектің ерен ерлігін бүкіл Талас өңірі әлі күнге дейін аңыз ғып айтады. Иә, ол сондай сардар ер. Ол өткенге тас атпайды, бірақ, оған тасадан тас ататындар жоқ емес. Бір мысал. Қаратау қаласында бұрыннан мың орындық Мәдениет Үйі бар болатын. Батырбек әкім боп келген соң ауданның мәдениетіне көңіл бөліп, халықтың рухани байлы­ғын арттыруды көздеп, неше жылдан бері қараусыз қалып, сылағы түсіп, тозу­ға айналған сол ғимаратты күр­делі жөндеуден өткізіп, оған айтыс өнерінің хас шебері, небәрі 24 жыл жасап, қызғаныштың құрбаны болған ұлы ақын Ұлбике Жангелдіқызының есімін беріп, алдына еңселі ескерткіш орнатып еді. Таза басы арылмайтын пәлеге қалды. Оны «рушыл» атандырған арсыз ағайынның қаңқу сөзі соңынан қалмады. Тасадан тас атқандар да болды. Олар әйгілі Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің: «Ұлбикені сойып, өкпесін алып көрсе, өкпесі жыбырлап тұрған жазу екен. Көрген жұрт ботадай боздапты» деп жазғанын қайдан оқысын. Оқымаған соң, білмейді. Бірақ, білмесе де сөйлей береді. Дінмұхамед көкем (Қонаев) айтпақшы, жұрт бүгінде аяғымен емес, аузымен жүретін болған. Осындайда Баласағұнның мына бір өлең жолдары ылғи есіме түседі: «Өмір – теңіз, жүзіп өтем демеңіз, ізгіліктен жаралмаса кемеңіз». Ендеше, Батырбектің қай тарапта да жолы болып, жұрттың бәрімен тіл табысып, маңайына дос-жаран жинап, емен-жарқын жүретін себебі: оның ізгіліктен жаратылғандығынан... *** Ат жалын тартып мінгелі шындықтың шылбырын қолынан босатпаған Б.Құлекеев Талас ауданын 9 жыл, Байзақ ауданын 5 жыл басқарған кезеңде оның айдынға салған ақ кемесін аласапыран уақыттың ызғарлы суық желі де, қара дауыл бораны да, бұрқанып долырған асау ағыстары да күйретіп кете алмады. Бұл, бәлкім, Батырбектің туған жерге табанын нық тіреп, маңдайын желге беріп, туралып кетсе де, тура тартатын қайсарлығынан шығар. Облыс әкімі Қанат Бозымбаев оның осындай кеуделі, қарымды азамат екенін аңғарып, жылы орнынан тағы да қозғап, 2012 жылдың басында Жуалы ауданына әкім етіп тағайындадыі. Байзақ ауданының жұртының «кем-кетігіміз жөнделіп, жасау-жабдығымыз жаңарып, жығылған жалымыз тікірейіп, көшіміз түзеліп қалып еді. Құлекеевті бізден алып кетпеңіз» деген өтінішін орындауға өңір басшысы құлықты болса да, амалы қалмады. Оған себеп те жоқ емес-ті. Соңғы жылдары Жуалыға әкім тұрақтамай жиі ауысып, жұртты қажытып еді. Облыс басшысы Құлекеевті „сол ахуалды түзесін” деп Жуалыға ауыстырған болатын. Байзақ ауданының жұрты Батырбекті қимады, бірақ, облыс басшысының уәжінен аса алмады. Сонда да оған өкпе артпады. «Бозымбаев білікті кадрді іріктеп, қайда жіберуді жақсы біледі екен ғой» деп, қайта риза болып қалысты. Дала тіршілігіне көзі қанық Батырбек Жуалы ауданын да ұршықтай үйіріп ала жөнелді. Келген бойда өнеркәсібі кенжелеп, егіні жөнді шықпай, мал басы өспей, шаруашылығы тұралап қалған ауданның алдымен тұрмыс ахуалына көңіл бөліп, әлеуметтік-экономикалық жағдайын терең зерттей бастады. Мемлекет шағын және орта бизнесті дамытуға, ауыл шарушылығын өркендетуге бөлген қыруар қаржының босқа жұмсалып, құмға сіңген судай құрдымға кеткенін анықтады. Ауданда тіркелген 3200-ден астам кәсіпкерлік субъектісі, екі мыңнан астам шаруа қожалығы бар екен. Соған қарамастан мемлекет бөлген көмек қаржы мен субсидияның 60 пайызын ауданда жалғыз «Гамбург» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ғана алып келіпті. Сонда қалай? Басқа шаруашылықтарға ақша керек болмағаны ма?!. Осының бәрін дер кезінде жолға қойған Б.Құлекеев бұнымен де тынбады. Облыс басшысының алдына қайта-қайта барып жүріп, Жуалы ауданына қомақты қаржы бөлдіртті. Бұл қаражатқа аудан орталығы мен елді мекендерде көптеген әлеуметтік нысандар салынды, жолдар жөнделді, ауызсу және газ құбырлары тартылды, балабақша, мектептер жаңартылды. Сондай тынымсыз еңбектің арқасында егін және мал шаруашылығы өркендетіліп, ауыл-аймақтың тұрмыс ахуалы жақсартылып, елеулі жетістіктерге қол жеткізілді. Көптен бері шешілмей келе жатқан түйткілді мәселенің бірі – Көксай каналы еді. Батырбектің ол ұсынысы да қолдау тауып, облыс басшысы Қанат Бозымбаевтың пәрменімен алдағы уақыттарда аудан аумағында жаңа канал құрылысы жүргізілетін болды. Өткен жылы қатты қуаңшылық болып, аудан егіншілері ауыз толтырып айтатындай мол өнім ала алмады. Соның өзінде 10 миллиард 596 миллион теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Бұл өткен жылғыдан едәуір артық. Соның нәтижесінде Жуалы ауданы шаруа­шылықтың әр саласы бойынша дамып, бауырын жазып, күш-қуаты артып, облыс аудандары арасында екінші орынды иеленіп, туы желбіреді. Әдетте ауданға әкім боп келген ақ жағалыны сол өңірдің жұрты да, қытымыр табиғаты да қатал сыннан өткізбей тынбайды. Жайшылықта жайдарлы, қайшылықта қатал Батырбек те сондай жұлымыр сыннан өтті. Бірақ ол, шиыршық атып, шыныққан сардар емес пе, оңай шағыла қоймайды. Көктемде Бөкейтаудан еріген қар суы шелектеп құйған қара нөсер жаңбырмен араласып, Қоңыртөбе ауылына қарай жойқын тасқын боп, жөңкіліп жосып аға жөнелгенде, аспай-саспай бәрін ақылмен атқаруға тырысты. Апатқа қарсы барлық техника мен адам күшін жұмылдырып, жағдайға байланысты күре жолды бұзып, көпір салып, алапат тасқынды басқа арнаға бұрып жіберді. Сөйтіп, Қоңыртөбе ауылын апаттан сақтап қалды. Құлекеевтің тағы бір жақсы қасиеті – алдына жағдай айтып келген кісінің меселін қайтармай тыңдай білетіндігі. Кеңес өкіметі тұсында ақты – қара, қараны – ақ деп ұғындырылып, соның салдарынан қазақтың сардары – сатқын, сатқыны – сардар атанған. Сол секілді ХҮІІІ – ХІХ ғасырларда өмір сүрген Батырбек Рысбекұлы да ғұмыр бойы халқын қорғап өткен тарихи тұлға болса да, отаршылдардың бір кезде қысастықпен жаққан қара күйесінен арыла алмай, осы кезге шейін оның есімі аталмай келіп еді. Уақыттың сол қатесін түзететін мезгіл жеткенде аудан жұрты да, ауданды басқарып отырған Батырбек те аянып қалмады. Тәуекелге бел буып, ғалымдарды шақырып, конференция өткізіп, тарихшыларға ғылыми баяндамалар жасатып, датқаның аруағын арсыздықтан тазалап аршып алуға қызу кірісіп кетті. Қалталы азаматтардың көмегімен Батырбек Рысбекұлының денесі жатқан Датқасазда кесене тұрғызылып, ұзын күре жолдың бойында тұғыры биік ескерткіші орнатылды. Батырбек датқа жүз сексен жылдан кейін өзін тұғырға қондырған әкімнің есімі де Батырбек екенін естіп, көрінде бір аунаған шығар, кім біледі. Бұдан кейін оның бастамасымен Б.Момышұлы ауылында, жібек жолының бойында «Бәйтерек» бой көтерді. Осы ауылдың солтүстік жағындағы 4,5 гектар алқапқа сәндік ағаштар отырғызылып, сырты қоршалды. Айрықша күтімге алынған бұл баққа халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның аты берілді. Бауыржан Момышұлының ескерткіші қасынан «Жасай бер, Қазақстан!» саябағы ашылды. „Бұрын бұл аудан орталығында Ауған соғысы және саяси қуғын-сүргін құрбандарына арнайы тұрғызылған ескерткіш жоқ еді. Қазір сол құрбандарға арнап осы саябақтың ішінен ескерткіш тұрғызуды қолға алдық. Болашақта ол көпшіліктің құрмет көрсетіп, тағзым ететін қасиетті орынға айналады,” – дейді Батырбек Әбдірәсілұлы. Үш ауданды басқарып, үш ауданның болашаққа жол тартқан көшін түзеп, жабдықтап, төрт құбыласын түгендеген Б.Құлекеевтің адами келбеті, жан дүниесі, табиғаты, жаратылыс-болмысы, азаматтық тұлғасы, қасиет-ерекшелігі, өмірлік ізгі мұраты... бәрі-бәрі ол жүріп өткен жолдарға жіті үңілген кісінің көзі­не ерлік іздеріндей айқын көрінеді. Туған елдің айбары, әділдіктің ақ туы бола білген бұндай сардар әкімді кім сый­ламайды, кім құрметтемейді. Ол қа­зір алпыста. Шерхан Мұртаза: «Алпыс – тал түс» дейді. Ал, талтүсте көлеңке болмайды... Айтпақшы, бұл күндері арамызда атқа мінсе атасын танымайтын, туған ауылына барғанды намыс көретін, дала қазағын менсінбей жүзін сырт салатын суық бауыр жандар жоқ емес. Батырбекті бұлардың сапынан іздеме. Ол атасы секілді сертін семсер етіп ұстаған ерлердің сойынан. «Туған жерге туыңды тік» деген. Інісі Жақсылық Құлекеев екеуі қаржы жинап, өздерінің туған Талапты ауылына спорт орталығын салып, жасау-жабдығын түгендеп, сақадай сай дайындап, су жаңа күйінде мемлекетке өткізген. Жыл сайын мұнда футбол, күрес, бокстан облыстық жарыс өтіп тұрады. Зады, ел мұратын сатпайтын сардар ер қай ауданды басқарып, қай өңірде жүрсе де оның жүрек сәулесі туған ауылына да түспей тұрмайды екен-ау, кім білген. Туған елге сәулең түсіп тұрса, одан өзге бақыттың керегі не, беу дәурен дүние!..  

Рафаэль НИЯЗБЕК, ақын