Мұнайшы мықты болса, табыс артады
2023 ж. 17 қазан
13
0
2022-2023 жылдар Қазақстан мұнай саласы үшін сындарлы әрі шешуші кезеңдердің бірі болып тұр. Халықаралық геосаяси жағдайдың күрт өзгеруі, соның ішінде Каспий өңіріндегі тасымал инфрақұрылымына қатысты туындаған тәуекелдер еліміздің энергия қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында жедел әрі нақты шаралар қабылдауға себеп болып отыр. Мұндайда Маңғыстау мұнай құбыры басқармасы (ММҚБ) маңызды стратегиялық рөл атқарады. Дәл осы жауапкершілігі жоғары жұмыстың басы-қасында жүрген кәсіби мұнайшылардың бірі – Ерлан Бүркітбаев.
Ерлан Боранбайұлы Маңғыстау мұнай құбыры басқармасы (ММҚБ) мұнай құбырларын пайдалану қызметінде (МҚПҚ) инженер. Естеріңізде болса, 2022 жылы Каспий құбыр желісі консорциумының (КТК) Новороссийск қаласындағы кестеден тыс тоқтауы Қазақстан үшін үлкен тәуекел туғызған болатын. Президенттің ауызша тапсырмасы бойынша қысқа мерзім ішінде мұнай экспортын тоқтатпау үшін балама бағыт табу міндеті жүктелді.

Осы тапсырма аясында ММҚБ “КТО” АҚ-на тиесіл “Ақтау теңіз сауда порты” АҚ аумағында орналасқан №8 теңіз мұнай құю айлағы қысқа уақыт ішінде күрделі жөндеуден өтті. Жедел іске қосылған инфрақұрылым еліміздің мұнай экспортындағы тәуелділікті төмендетіп, тұрақтылықты қамтамасыз етті. Қазіргі таңда бұл айлақ арқылы жылына Тенгизшевройлдан 2 млн текше метр мұнай тасымалданып келеді. Бұл біздің кейіпкеріміздің біліктілігін арттырған, әрі осы саладағы тәжірибесін шыңдай түскен ерекше жобалардың бірі.
Жобаны жүзеге асырудың арқасында еліміздің мұнай өңдеу саласы бірқатар маңызды нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтар болсақ, биылдан бастап ММҚБ-да тұрақты жаңа жұмыс орындары ашылды; «ҚазТрансОйл» компаниясының экономикалық көрсеткіштері өсті; Қазақстанның экспорттық мүмкіндіктері кеңейіп, тәуекел деңгейі төмендеді. Ерлан Боранбайұлы осы жобада кәсіби әрі білікті маман ретінде ел мүддесі үшін аянбай тер төккен маман. Еңбегі нәтижелі болған және Қазақстан пайдасына жұмыс істеуге мүмкіндік алғаны ол үшін ең басты жетістік.
Алайда біздің кейіпкеріміз мұнымен тоқтап қалған жоқ. Соңғы жылдары әлемді алаңдатып отырған экология саласы да Ерлан Боранбайұлының алдынан шықты. Оның да өз себебі бар. Ерлан 2020 жылдан бері ММҚБ МҚПҚ теңіз мұнай айлақтары мен теміржол төгу эстакадасының инженері болатын.
Былтырдан бері Тенгизшевройл мұнайының теміржол арқылы Ақтау БМАС-ына жеткізілуі өңірде экологиялық түйткілдер туындатты. Мұнай және газ буларының көтерілуі салдарынан іргелес Өмірзақ ауылының тұрғындары шағым түсіре бастады.
Осыған байланысты ММҚБ экологиялық ахуалды жақсарту және халықтың әл-ауқатын қорғау мақсатында жедел шаралар қабылдады.
Нәтижесінде мұнай буларын рекуперациялау құрылғысын орнату жобасы жоспарға енгізіліп, қазіргі уақытта құрылғыны монтаждау жұмыстары жүргізілді. Жұмыс нәтижесіз де емес. Жүйе іске қосылғаннан кейін ауаға тарайтын зиянды заттар айтарлықтай азайып, санитарлық қауіпсіздік күшейеді. Өңір тұрғындарының экологиялық жағдайы жақсара бастайды – дейді Ерлан Бүркітбаев.
Жалпы Ерлан Боранбайұлы қызмет еткен соңғы екі жылда қабылданған шешімдер Маңғыстау мұнай құбыры басқармасының стратегиялық маңызын тағы бір дәлелдеді. Альтернативті экспорт коридорының іске қосылуы мен экологиялық қауіпсіздік шаралары еліміздің энергетикалық және әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етуге айтарлықтай үлес қосты. Елдік мүддеге бағытталған бұл жұмыстар алдағы уақытта да мұнай тасымалы саласының дамуына оң әсерін тигізетіні сөзсіз.