АСЫРАУШЫ САЛАНЫҢ АУҚЫМДЫ ІСТЕРІ

  Сыр елі ежелден ауыл шаруашылығы дамыған өлке. Асыраушы сала әсіресе егін мен малға басымдық береді. Әлеуметтік-экономиканың өсуімен ауыл шаруашылығында ауыз толтырып айтарлықтай тың өзгерістер бар. Аймақ басшысы Болатбек Қуандықовтың айрықша назар аударуының нәтижесінде және мемлекеттік бағдарламалардың өңірде жүйелі түрде жүзеге асуына байланысты көңіл толатын істердің көрігі қызып тұр.   Балапанды күзде санайды... Бұл атадан қалған нақыл. Үстіміздегі жылдың 10 айы бойынша айтар болсақ, іргелі жұмыстардың іргетесы қалан­ғанын байқаймыз. Мәселен, аталған мерзімде ауыл шаруашылығы жалпы өнімдерінің өндірісі 39 млрд теңгені құрап отыр. Бұл дерек өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нақ­ты көлем индексі 94, 2 пайыз. Жоғарыда атап өткеніміздей, об­лыстың ауыл шаруашылығы саласына мемлекет тарапынан қолдаулар жаса­лып отыр. Осы мақсатта осы жылы 3,9 млрлд теңге Сырдың қаржы қа­занына құйылғанын ескеріңіз. Егін ша­руашылығын екшер болсақ, бұл мақсат үшін 2 498, 4 млн теңге бөлінген. Ал мал шаруашылығының алшысы оңынан түсу үшін 731 млн теңге бе­рілген. Ветеринарлық шараларды да ұмытуға болмайды, 646 млн теңге ауда­рылды. Қызылорда – Арал өңіріндегі аймақ болғаннан кейін балық тұқымын көбейтуге басымдық беріледі. Бұл – аймақ басшысы Болатбек Баянұлының ілгеріден көз тігіп, көңіл бөліп отырған шаруасы. Осы орайда тауарлы балық өсіру мен сапасын арттыруға жиырма бір млн теңгеден аса қаржы берілгенін айта кетуге тиіспіз. Теңіз жануарын өрістету арқылы аймақта балық шаруа­шылығы дамиды, теңіз бен көлдер жағасындағы халық ата кәсібімен шұ­ғылданады. Жақсылықтың шапағатын көрген қай сала бойынша да осындай анықтама айтуға болады. – Есепті кезеңде ауыл шаруа­шы­лық тауар өндірушілері барлығы 2181,6 млн теңге несие қаражатын игерді, – дейді обылстық ауыл ша­руашылығы басқармасының бастығы Талғат Дүйсебаев. – Оның ішінде «Ауыл­шаруашылығын қаржылай қол­дау қоры» АҚ арқылы 447,3 млн теңге, «Аграрлық несие корпо­рация­сы» АҚ-дан 633,7 млн теңге, «ҚазАг­роҚаржы» АҚ-мен 1100,6 млн теңге несие қаражат игерілді. Күріштің көлемі артық... Сыр – күріштің отаны. Қазақ­стан­дағы ақ маржанның денін осы Қы­зылорда күріші қамтамасыз етіп отыр. Әңгіменің ауаны егін-жайға ауып келе жатқанын байқап отырған боларсыз. Үстіміздегі жылы шаруашылықтардың барлық нысандары бойынша 159, 5 мың гектар ауыл шаруашылығы да­қыл­дары ор­наластырылған. Оның ішін­де дәнді дақылдар ауқымды алып жатыр. Яғни, 83, 9 мың. Мал азығындық дақылдар 50 мың, картоп, көкөніс, бақша жиырма үш мың, майлы дақыл­дар екі мың гек­тарды құрайды. Міне, өзіңіз байқап отыр­ғандай, негізгі ар­тық­шылық, ай­мақтағы ауа-райы ерек­шелігіне қарай дәнді дақылдарға бері­ліп отыр. Биыл Сыр диқандары еткен еңбек, төгілген тердің өтеуі – егістерін өз уақытында жинап алды. – Жиналған күздік бидайдың орта өнімі гектарына 5,5 центнерден, жаз­дық бидай 5,9 центнерден, жаздық арпа 5,6 центнерден келді. Өткен жыл­мен салыстырғанда күздік бидайдың өнім­ділігі 3,2 центнерге, жаздық арпа­ның өнімділігі гектарына 1,6 центнерге тө­мен. Ал жаздық бидай біршама ар­тық. Биылғы жылы ылғалдың аз түсуі, Сыр­дария өзеніне судың кеш берілуі және ауа райының өте ыстық болуы­нан күз­дік бидай мен арпаның өнімді­лігі төмен болды, – дейді Талғат Тұр­сынұлы. Елбасы мақаласында екшелгендей, еңбек адамының қаһармандық үлгісін сыр елінен табасыз. Ала жаздайғы бей­неттің зейнеті де осы ардақты жандар­дікі. Мәселен, облыс бойынша 110 мың тонна картоп, 93,4 мың т көкөніс, 145 мың т бақша, 0,9 мың т мақсары, 0,3 мың т күнбағыс, 21,9 мың т тары, 2,2 мың т дән жүгері жиналғанына ел куә. Оған қоса 6,9 мың т жүгері сүрлемі салынып, 97,2 мың тонна жоңышқа шөбі дайындалған. Ал күріштің жөні бөлек. 360 мың тонна Сыр салысы жиналды.Бұл деге­ніңіз орташа өнімділік өткен жылмен салыстырғанда 3,7 центнерге артық деген сөз. Әрине, диқандарға дәнді дақыл­дарды тиянақты егіп, төгіп-шашпай жиып алу үшін материалдық-техни­калық база қажет. Соған сай құрал-жабдық пен май-судың өз мөлшерінде болғаны аса маңызды. Бұл орайда об­лыстық ауыл шаруашылығы маман­дарының айтуынша, аймақ шаруашы­лықтарын дизель отынымен қамтама­сыз етуде облыста он бір оператор бел­­гіленіп, олар мемлекет тарапынан кепілдік берілген он алты мың тонна дизель отыны өңірге жеткізілген. Еңбекшінің тілегі де ескерусіз қал­майды. Ауыл шаруашылығы құры­лымдары биылғы жылы 109 техника сатып алуға сұраныс беріп, түгелге жуық ауыл шаруашылығы техника­лары сатып алынған. Мұның бәрі ел үшін, еңбекші үшін жасалып жатқан ерен шаралар. «Әлем­нің әміршісі – еңбек» дейді қазақ. Демек, маңдай тер арқылы нәпәқасын теріп жеп жүрген жандарға жасалып отырған қамқорлықтың қайтарымы бол­ғай деп тілейміз. Төрт түлігі түгел Сыр елінде төрт түлікке де ерекеше көңіл бөлініп отыр. Мал шаруашылы­ғын өркендету жолында облыста ке­шенді шаралардың қолға алынып отыр­ғанын айтуға тиіспіз. Мәселен, өңірде екі жүз мыңнан аса мүйізді ірі қара бар. Алты жүз мыңның үстінде қой мен ешкі, жетпіс мыңға жуық Қамбар ата тұ­қымы тіршілік етеді. Мемлекет ерекше назар аударып отырған тәсілдің бірі – асыл тұқымды мал өсіру. Бұл бағытта шет елдерден арнайы Зеңгі баба ұрпағы тасымал­данып жүргенінен ел құлағдар. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәлі­меті бойынша, бүгінде облыс бойынша 23 асыл тұқымды шаруашылық асыл тұқымды мал өсірумен айналысады. Оның ішінде: асыл тұқымды мүйізді ірі қара малын өсіретін 5 шаруашылық бар. Ондағы тұяқтылар қазір үш мың­нан асып жығылады. Қой өсіретін жеті шаруашылықта асыл тұқымды қой саны қырық тоғыз мың басты, жылқы өсіретін бес шаруашылықта жылқы саны төрт мың басты және түйе малын өсіретін 6 шаруашылықта түйе саны үш мың басты құрап отыр. Бұдан басқа ірі қара малын қол­дан ұрықтандыратын елу үш пункт қолдан ұрықтандыру жұмыстарын және бір дистрибьютерлік орталық асылдан­дыру жұмыстарымен айналысады. Бүгінгі таңда аймақта, жоғарыда сөз еткеніміздей, ауыл шаруашылығы малдарын асылдандыру арқылы өнім­ділігімен сапасын арттыруға басым бағыт беріліп отыр. Сол арқылы ет, сүт бағытындағы түліктер пайдалы әсер коэфициентін арттырады. Осы бағытта бюджеттен бөлінген қаржы былтырғымен салыстырғанда 58 пайызға немесе 731,3 млн теңгеге көбейген. Оның ішінде жергілікті бюд­жеттен бөлінген қаржы 82 пайызға артты. Аймақтағы бір жаңалық, 2011-2015 жылдарға арналған «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру» жобасының жүзеге асырылуы. Бұл орай­да облыс бойынша екі репродук­торлық шаруашылығы, екі мал борда­қылау алаңы және сексен фермерлік шаруашылықты ұйымдастыру жоспар­ланған. Мал шаруашылығын дамытуға бұл бастамалардың да дем беретіні анық. Айта кететін тағы бір нәрсе, “Сы­баға” бағдарламасы. Өңірде тың жолға қойылған аталмыш бағдарлама аясын­да фермерлік шаруашылықтар ұйым­дастыру үшін тындырымды жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, жалпы 2400 бас тауарлы сиыр сатып алу жоспарланса, бүгінгі күні «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ ар­қылы алпыс бір шаруашылық 518 млн тенге несие алып, 2675 бас сиыр алды. Яғни, жоспар артығымен жүзеге асты деген сөз. Жоғары нәтиже күтіліп отырған жобаға сәйкес “Сыбаға” бағдарла­ма­сы­ның аясында облыста репродуктор шаруашылықтар мен мал бордақылау алаңдарын ұйымдастыру алдағы жыл­дан бастап жүргізілетін болады. Төрт түліктің туын желбірету мақ­сатында мұнан да өзге жұмыстар ат­қарылуда. Оның бәрін жіпке тізіп айту мүмкін емес. Ал облыстағы мал басын қажетті жем-шөппен қамта­ма­сыз ету мақсатында мал азығы дақыл­дарының көлемін көбейту шаралары іске асы­рылып жатқанын осы сәтте тілге тиек ете кетеміз. Үстіміздегі жылы қуат­тылығы сексен тонна жем шығаратын екі зауытты іске қосу жоспарланып отыр. Қалай дегенмен, Сырдағы серпін аталған екі салада да анық көрініс тапқанын көре аламыз. «Сақтансаң, сақтайды...» «Ауруды жаратқан құдай, ауыртқан құдай емес» дейді қазақ. Сақтансаң, сақтаймын деген қанатты сөз тағы бар. Ескерту, сақтандыру мақсатында ай­тыл­ған нақылдардың жақсы жағын көруге болады аймақтан. Нақтырақ айтқанда, малға қатысты мәселе. Дерекке сүйенейікші. Биыл эпи­зоотиялық іс шаралардың алдын алу мақсатында аса қауіпті 14 жұқпалы ауруға (құтыру, аусыл, пастереллез, лис­териоз, сібір жарасы, эхинококкоз, күл, құс тұмауы, қарасан, түйе обасы, брадзот, эктима, туберкуллез, маңқа) қарсы 4683,6 мың доза ветеринария­лық препараттар бөлініпті. Сол вете­ринариялық препараттарды тасымал­дау, уақытша сақтау және қолдануға барлығы 399,8 млн теңге қаржы қа­рал­ған. Қазір ауыл шаруашылығы жануар­ларын алдын ала егу және диагнос­ти­калық тексеру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні бес мыңға жуық ауыл шаруашылығы жануарлары алдын ала егілді. Ал кей түліктердің сырқаты аса қауіпті болғандықтан, олардың көзі жойылған. Алғаш рет жануарларының энзоотиялық ауруларына қарсы дәрі-дәрмек сатып алуға облыстық бюд­жеттен қырық екі млн теңге бөлінді. Бүгінгі таңда өттеуге қарсы 66,2 мың бас МІҚ, бауыр құртқа қарсы 109,2 мың бас уақ мал, сақауға қарсы 23,1 мың бас жылқы, қатпаға қарсы 3,0 мың бас түйе алдын ала егілді. «Компьютерге енгізілген» сиырлар... Былайша айтқанда бұл шараның атын – бірдейлендіру деп атайды. Яғ­ни, таңбалау, ен салу, малдардың база­сын қалыптастыру. Үстіміздегі жылы уақ мал, түйе, шошқа сырғаланған. – Қазіргі күні, – дейді, – Талғат Тұрсынұлы. – «Төрт Түлік Белгілері» ЖШС арқылы таңбалау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, «Ақжүрек 2030» ЖШС арқылы түйе малының сырғасы мен құлақ тескіштер толы­ғымен жеткізілді. Өткен жылы екі жүз мыңнан астам мүйізді ірі қара малы бірдейлендіріліп, компьютерлік дерек қорына енгізіген. Өңдеу саласында өрлеу бар Аймақтың көшін ілгері сүйреп отырған тағы бір сала бар. Ол – тамақ өңдеу өнеркәсібі. Қазіргі таңда өлкеде үш инвестициялық жоба іске қосылған. Атап айтар болсақ, Сырдария ауда­нындағы «Мағжан және К» «Күріш тұқымын тазалау және дайындау өн­дірісін ұйымдастыру» инвестициялық жобасын үстіміздегі жылдың қаңтар айының аяғында іске қосты. Ал Қазалы ауданында «Қазалы ауданында балық өңдеу зауытын салу» жобасы жүзеге аса бастады. Аралда «Балық өңдеп шы­ғаратын өндіріс ұйымдастыру» жоба­сы­ның тұсауы кесілді. Биылғы жылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қол­дау қоры» АҚ облыстық филиалы ар­қы­лы 50 жылыжай салынып жатқанын айтуға тиіспіз. Тұрақты баға, тыныш көңіл... Экономиканы реттеп отыратын бірнеше тетік бар. Соның бірі – баға саясатын қалыптастырушы техно­ло­гия. Мәселен, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін облыста арнайы жұмысшы тобы жұмыс істейді. Топ мүшелері бұқаралық ақпарат құрал­дары өкілдерінің қатысуымен азық-түлік өнімдерінің бағасын апта сайын аралап, бақылап отыр. Облыс тұрғын­дарының назарына өнімдердің ең тө­менгі бағада сатылып жатқан сауда орындары бұқаралық ақпарат құрал­да­рында жариялануда. Аймақ тұрғын­дарын негізгі азық-түлік өнімдерімен қол жетімді бағада тұрақты қамтамасыз ету мақсатында облыста жыл басынан бері 115 рет ауыл шаруашылығы өнім­дерінің жәрмеңкесі өткізіліп, 344 млн теңгенің өнімдері сатылды. Баға сая­сатын жүзеге асыру мен келелі мәселе­лерді шешу жөнінде жергілікті атқа­рушы органдар бизнес құрылымда­рымен ынтымақтастық туралы мемо­рандумға отырып, өзара әрекет жасау­да. Бұл ретте, Қызылорда қаласының және барлық аудандардағы ірі жаб­дықтаушылар мен өнімді өндірушілер арасында жиырма бес меморандумға қол қойылды. Биылғы жылы тұрақ­тандыру қорына өнім сатып алу үшін республикалық бюджеттен мақсатты трансферт түрінде тағы 559 млн теңге бөлініп, бүгінгі күні Қазақстан Рес­пуб­ликасы Үкіметінің қаулысымен мақ­сатты трансфертті жұмсаудың ережесі бекітілді. Сонымен қатар, «Қызылорда» ӘКК» АҚ-ның жанынан Қызылорда қаласының әр мөлтек аудандарында құрастырмалы типтегі он екі әлеумет­тік сауда дүкендері ашылды. Алдағы уақытта осы сауда дүкендерде тұрақ­тандыру қорындағы өнімдер нарық бағасынан 10,25 пайызға дейін төменгі бағада сатылатын болады. Облыс халқының маусым аралық кезеңдердегі көкөніс өнімдеріне қа­жеттілігін қамтамасыз ету және олар­дың бағасын тұрақтандыруды жүзеге асыру бағытында облыс көлемінде жылыжай шаруашылықтарын дамыту қолға алынып келеді. Бүгінгі күні об­лыс көлемінде 50 жылыжай бар. Сонымен қатар, «Ауыл шаруа­шы­лығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның қаржы ресурстары есебінен Қы­зылорда қаласында жалпы көлемі жүз­­­­ден аса шағын жылыжай және Арал ауданында көлемі сегіз жылыжай іске қосылатын болады. Түйін Сыр елінің асыраушы саласында істеліп жатқан шаралардың бір парасын ғана көрсеттік. Атқарылар жұмыс мұнан да көп. Елге ризық, халыққа несібе әкелер ауыл ша­руашылығы саласының берері көп болсын дейміз.                                                                                          Н.Мыңбай