ӘЛЕУМЕТТІК САЛАНЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫ ЖОҒАРЫ

    Әлеуметтік сала – Елбасы­ның, Үкіметтің на­за­рын­да. Оған дәлел Мем­лекет басшысының жыл сайынғы Жол­дауында аталған сала ту­ра­лы міндетті түрде тиім­ді де, тындырымды тапсырма берiле­тіндігі. Тиiстi тапсырма Қызыл­орда облысын­да да іске асуда.  Ата заңда айтылған... Өздеріңізге белгілі, Конституциямызда Қазақстанның ең қымбат қазынасы, адам және оның өмірі екенін айтады. Демек, Ата заңдағы қасиетті қағида қандай жағдайда да қарамастан адам баласына қамқор болуды үндейді. Қызылорда облысы бұл тарапта тиісті жұмыстарын атқарып келеді. Мұқтаж жандар, мүмкіндігі шектеулі кісілер, әлеуметтік әлжуаз топтар ұдайы мемлекет қарауында. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше қыруар жұмыстың басы шалынған. Мәлімет бойынша, аймақтағы экономикалық белсенді халықтың саны 348 мың адамды құрайды екен. Ал жұмыспен қамтылғандар 329 мың. Жұмыссыздық деңгейі бес пайызды құрайды. Бұл жыл басынан бергі он айдағы дерек. Дегенмен «екі қолға бір күрек» таба алмағандардың саны төмендегені байқалады. Облыста бүгінде әлеуметтік қызметтер көрсететін бес медициналық-әлеуметтік мекеме, үш күндізгі бөлімше, он жеті үйден қызмет көрсету бөлімшелері жұмыс атқарады. Оған үкіметтік емес ұйымдар, яғни, «үшінші сектор» арқылы бес күндізгі бөлімшенің белсенді қызмет етіп келе жатқанын айтқан ләзім. Нәпақа Жұмыс орындарының көбейіп жатқанына қарап нәпақаның да артқанын бажайлауға болады. Үстіміздегі жылы 8880 жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланса, жыл басынан 10882 жаңа жұмыс орындары құрылған. Ал жұмысқа орналастыру бағытында да нәтиже жаман емес. Жыл басынан бері жұмыспен қамту орындарына жиырма мыңның үстінде адам хабарласқан. Оның жартысынан астамына нан табу мүмкіндігі берілді. Онан бөлек, қоғамдық жұмыс деген тағы бар. Қаржысы мемлекет тарапынан бөлінеді. «Жұмыспен қамту–2020» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін көпшілік көріп отыр. Байыпты бағдарламаның бір бағыты – ауылда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу. Тиісті қаржысы қазынадан қаралса, игерілуі де жаман емес. Мәселен, ауылда кәсіпкерлікті дамыту мақсатында кәсіпкерлік негіздерін оқыту курстарына 431 Бағдарлама қатысушысы курстан өткен. Сол секілді «Қызылорда» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы он төрт несие ұйымдарымен келісім шартқа отырып, 499 адамға 933 млн теңге шағын несие таратылған. Халықты несиемен қамтасыз ету арқылы қажетті бастамасына қолдау көрсету – ауыз толтырып айтарлықтай артықшылық. Мына жаңалықты атамай кетуге болмас. «Жұмыспен қамту–2020» бағдарламасы бойынша өңірдегі экономикалық әлеуеті төмен 20 ауылдан 60 отбасы облыс орталығына көшеді. Бұл бастаманың басында облыс басшысы тұр. Бағдарлама негізінде Арал ауданынан 12, Қазалыдан 7, Жалағаштан 20 отбасының облыс орталығына қоныстанады. Жиырма екі жоба... Сыр елінде әлеуметтік маңызы бар деп айдар тағылған 22 жоба жүзеге асып отыр. Нақтырақ айтқанда, көшелерді орташа жөндеу, білім нысандарын көркемдеу секілді ілкімді істер жобаның негізгі басымдықтарының бірі. Бүгінгі күнге жоба бойынша конкурстар өткізіліп, жұмыстар жүргізілуде, жоспарланған 228 жұмыс орындарының 192-i Бағдарлама қатысушылары жаңа жұмыс орындарына орналасты. Әлеуметтік әріптестік Әлеуметтік әріптестік нарықтық экономиканың тиімді тәсілдерінің бірі болып отыр. Әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үш жақты комиссияның отырысы өткізіліп, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде Меморандумдар жасасу жұмыстары жалғастырылуда. Облыс бойынша 2012 жылдың 12 қарашасына 582,7 млн теңге сомасына 23 әлеуметтік жобаларды іске асыру туралы меморандумдар жасалынғанын тілге тиек етейік. Ұжымдық шарттардың саны төрт мыңнан асты. Облыс бойынша мекемелердің жалақы қарыздары 28,8 млн теңгені құрайды, бұл көресткіш өткен аймен салыстырғанда 0,4 млн теңгеге азайған. Әлеуметтік тапсырыс Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру кезеңінде ҮЕҰ-дың қажеттіліктерін зерделеу жұмыстары жалғастырылуда. Қоғамдағы қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған жобаларды жүзеге асыру мақсатында облыстық бюджеттен 9,4 млн теңге көлемінде қаражат бөлінген. Бүгінгі күнге игерілген қаражаттың көлемі 6,3 млн теңгені құрады. Облыста «Сыр мейірімі» жобасы аясында қайрымдылық акциясы жалғыстырылуда. Биыл «Сыр мейірімі» жобасы, үкіметтік емес мекемелердің мемлекеттік тапсырысы шеңберінде, бюджеттен қаржыландырылуы жоспарланған. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 33,7 млн теңге қаражат бөлінгенін білеміз. Айта кету керек, облыс бюд­же­тін­де аз қамтамасыз етілген от­басы­ларға тұрғын-үй көмегін көр­сетуге қаражат қаралған. 11 мың 536 отбасына көмек төленді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға мейірімділік... Бұндай жандарға мемлекет ерекше қамқорлық танытып отыр­ғаны белгілі.Облыста 26296 мүгедек бар екен. Мүгедектерді оңалтуға, оларға әлеуметтік қолдау көрсетуге облыстық бюджет есебінен қаржы бөлініп келеді. Қимылында қиындығы бар 690 бірінші топтағы мүгедектер жеке көмекшілермен қамтылып, 190 естуі бойынша мүгедектерге ымдау тілі мамандарының қызмет­тері көрсетілді. Сондай-ақ мүмкін­дігі шектеулі жандардың ем алуы мен дем алуына жақсы жағдай туғызу үшін оларды санаторий­лерге жіберу жолға қойылған. Сосын Талсуат елді мекенінде орналасқан Мүгедектерге арналған оңалту орталығы ашылғанын ақпараттандыруымыз керек. Балаларға арналған психоневро­логиялық интернат үйінің жанына 20 орындық күндізгі болу бөлім­шесі ашылып, онда жиырма мүм­кіндігі шектеулі мүгедек балаға ар­наулы әлеуметтік қызметтер көрсе­тілді. Мұндай серпінді істер Сыр елінде алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.                                                                                                             Н.Мыңбай