"Пайданы жасырған жемқорлық емес пе?" - Бас прокуратура «Ақ жолдың» сауалына жауап берді
2020 ж. 05 ақпан
1888
0
Бас прокуратура «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты А.Перуашевтің «Арселор Миттал Теміртаудың» 20 миллиард теңге пайдасын жасырғаны және қазақстандық кәсіпорындарға қарызы туралы мәлімдемесін растады. Бірақ бұл заңбұзушылықтарды жемқорлық ретінде қарастырудан бас тартты.
Еске салсақ, 25 желтоқсанда «Ақ жол» фракциясының жетекшісі Азат Перуашев «Арселор Миттал Теміртау» қазақстандық кәсіпкерлердің құқықтарының бұзып, аяқталған келісімшарттар үшін жыл сайын қазақстандық жеткізушілерге миллиардтаған доллар төлемегенін хабарлаған болатын. Сонымен қатар, депутат шетелдік алып компанияның пайдасын жасырып, Қазақстан бюджетіне аз мөлшерде ғана салық түсіру үшін қолданған схемалары туралы баяндады. Осыған байланысты аталған жауаптыларды корпоративті сыбайлас жемқорлық үшін жауапқа тарту туралы мәселе көтерген еді.
Кеше «Ақ жол» фракциясы бұл сауалға Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі мен Бас прокурорының жауаптарын алды.
Атап айтқанда, Үкімет қабылдаған шаралардан кейін шетелдік 24 жер қойнауын пайдаланушының қазақстандық 24 кәсіпорынға 1,5 миллиард теңге қарызының 800 миллионының қайтарылғандығы айтылған.
«Экспорттық мәмілелерден пайданы жасыру туралы мәселе бойынша Қаржы министрлігі бақылауды жүзеге асырды. Нәтижелері бойынша Акционерлік қоғамның металлургия өнімдерін Иран мен Қытайға экспорттау кезінде бағаны төмендету фактілері расталды. Бұл өз кезегінде төленетін салықтардың мөлшеріне әсер етті. Осыған байланысты экспорттық доодтар көлемін 20 миллиард теңгеге түзету (ұлғайту бағытында) туралы хабарламалар жіберілді», - деді Қазақстанның Бас прокуроры «Ақ жол» демократиялық партиясының депутаттарына берген жауабында.
Алайда, «Ақ жол» партиясы жер қойнауын пайдаланушының корпоративті сыбайлас жемқорлық үшін жауапты тұлғаларды жауапқа тарту туралы талабына байланысты Бас прокурор Гизат Нұрдәулетов «Қолданыстағы заңнама жеке ұйымдардың лауазымды тұлғаларын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының субъектілері ретінде жіктемейді» деп жауап берді.
Сонымен бірге, Премьер-Министр Асқар Мамин «Экономикалық ықпалдастық және даму ұйымының жеке секторда «сыбайлас жемқорлық» ұғымын тарату жөніндегі ұсынымының орындалуы аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға «корпоративті сыбайлас жемқорлық» ұғымын енгізу мәселесі қарастырылып жатыр»-деп хабарлады. «Ақ жол» партиясы да осыны талап етуде.