Қазақстан мұнайын сатып алуға, Кремль келіспей отыр - Лукашенко
2020 ж. 22 қаңтар
2025
0
Қазақстаннан мұнай импорттауға Ресей рұқсат бермей отыр. Бұл Белоруссия президенті Александр Лукашенконың мәлімдемесі. РИА Новости хабарлады.
"Егер Ресей келісетін болса, Қазақстан бізге мұнай жеткізуі мүмкін. Қызық... Біздің одақтасымыз басқа одақтасымыздан мұнай тасымалдауға келісім бермей отыр. Мұнай жеткізуге байланысты жағдай осындай. Және біз бұл мәселені шешуіміз керек", депті беларус басшысы.
2019 жылдың 31 желтоқсанында Белоруссия мен Ресей басшылары телефон арқылы мұнай мәселесін талқылаған. Сөйтіп, тараптар ортақ келісімге келе алмағандарын мәлімдеген.
2020 жылдың 1 қаңтарында Ресей Белоруссияға мұнай экспорттауды тоқтатты. Сол күні Белоруссия Ресей мұнайына шектеу қойған.
Сосын Александр Лукашенко қарамағындағы құзыреттілерді жиып, шұғыл кеңес өткізді. Ресеймен келіссөздерді тоқтатып, орыс мұнайына балама табуды тапсырды.
Осының алдында Белоруссия басшысы егер Ресеймен келісім болмайтын болса, Минскі мұнайды Польша арқылы реверспен тасымалдайтынын және "Дружба" мұнай құбырын кәмпескелейтінін айтқан. Сондай-ақ, Минскі жаңағы "Дружба" магистралімен АҚШ немесе Саудия мұнайын Польша арқылы тасымалдау жолын да қарастырып жатқаны белгілі болған.
Белоруссияның вице-премьері Дмитрий Крутой Украинадан, Польшадан, Балтық елдерінен, Қазақстан мен Әзірбайжаннан мұнай жеткізу мәселесін талқылап жатқанын хабарлады. Кейін Беларуссия норвег мұнайының 80 мың тоннасын сатып алғаны туралы ақпар тарады.
Бұған дейін, 10 қаңтар күні Александр Лукашенко орыс мұнайын сатып алу бойынша Ресеймен келесімге келе алмаудың басты себебі - Ресейдің өте қымбат баға ұсынып отыруы деген.
"Мұнай бойынша Ресей президентімен не үшін келісе алмағанымызды екі ауыз сөзбен айтуға болады. Себебі, Ресей мұнайды олардан сатып алғанымызды және әлемдік нарық бағасынан әлдеқайда қымбатқа сатып алғанымызды қалап отыр. Мұнайды қайдан көріп едіңіздер?! Сондықтан мен бас тарттым.
Егер Ресей өз мұнайын әлемдегі нарық бағасымен жеткізбейтін болса, біз мұнайды басқа жақтан іздейтінімізді айттым. Қазір біз іздеп жатырмыз және таптық та!", деді Лукашенко.
15 қаңтар күні ҚР Энергетика министрлігі Белоруссияның "Белнефтехим" концерні мұнай жеткізу бойынша сұраныс жібергенін хабарлаған.
"Бізге "Белнефтехимнің" өтініші келіп түсті. Аталмыш ведомствоның өкілдері мұнай жеткізу мәселесі бойынша бізге келмекші. Белоруссияның сұранысын да қарастыратын боламыз", деді министр Нұрлан Ноғаев.
Айтпақшы, 2019 жылдың желтоқсанында ҚР Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов Белоруссия мұнай шикізатына қызығушылық білдіріп отырғанын айтқан.
"Белоруссия мұнай шикізатына қызығушылық білдіріп отыр. Олар нафта, газойл секілді зауыт жұмыстарына қажетті шикізаттарға, сондай-ақ мұнайға сұраныс білдіруде. Келіссөздер барысында жалпы көлемі 3,2 миллион тонна мұнай шикізатын түрлі транспорт түрлері арқылы жеткізу жайы айтылды. Келіссөздер әлі жүріп жатыр. Ортақ консенсусқа келдік. Енді біз мемлекетішілік процедураларды жүргізуіміз керек. Атап айтқанда, басқа министрліктермен ақылдасуымыз керек. Ғылыми-құқықтық сараптама жасалуы керек. Біз Белоруссиямен ортақ көлемге келіскен соң, ол мұнайды жеткізу маршрутын Ресейлік әріптестерімізбен сөйлесуіміз қажет", деген еді Мағауов.
Дереккөз: abai.kz