Мұнай компаниясының 51 пайыз акциясы Қытайға сатылатыны рас па?
2019 ж. 22 қараша
10845
7
"ҚазМұнайГаз" Ұлттық компаниясы Еуропа нарығында жұмыс істейтін KMG International компаниясындағы акция пакетінің 51 пайызын Қытайдың ірі China Energy Company Limited (CEFC) компаниясына сатпақ. Бұл туралы "ҚазМұнайГаз" компаниясының басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев "Казахстанская правда" газетінде жарияланған мақаласында мәлімдеген, - деп жазды oinet.kz.
"ҚазМұнайГаз" Еуропа нарығында Rompetrol брендімен жұмыс істейтін KMG International компаниясының 100 пайыз акция пакетіне ие. Компания акция пакетінің 51 пайызын қытайлық компанияға сататыны туралы өткен жылы сәуірде жариялаған.
Сауат Мыңбаевтың жазуынша, келісім құны 680 миллион доллар деп бағаланған. Бұдан өзге, қытайлық компания бірлескен кәсіпорынның ары қарайғы дамуына 3 миллиард доллар салмақ. Бұл қаржы KMG International-дың Petromidia мұнай өңеу зауытының қуаттылығын арттыруға, жанармай құю желілерін дамытуға және басқа да жобаларға жұмсалмақ.
"Келісім шарттар бойынша, республика мұнайын Румыниядағы Petromidia мұнай өңдеу зауытына экспорттай береді. 49 пайыз акция пакетін сақтап қалу Қазақстан жағының компанияның операциялық қызметін қадағалауға және серіктеспен бірлесе шешім қабылдауға мүмкіндік береді", - деп жазған Мыңбаев.
Жалпы соңғы уақытта шығыстағы айдаһар ел-Қытайдың Қазақстанның мұнай саласындағы үлесі артып келеді. Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытының жарым үлесі солардың қолында екендігі белгілі. Соңғы уақытта өңірде қытайларға тиесілі жанар май құю бекеттерінің саны да артып келеді. Ал жергілікті шағын бекеттер жабылып жатыр.