Қазақстанның сыртқы борышының өсуі экономистерді алаңдатты
2019 ж. 10 қыркүйек
1876
0
Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы елдің валюта нарығындағы аптаның қысқаша қорытындысын ұсынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Өткен сауда апталығының қорытындысы бойынша KASE-те USDKZTT бағамы аса өзгерген жоқ, ол бір доллар үшін 0,1 пайызға 387,82 теңгеге дейін көтерілді. Бұл ретте орташа күндік сауда көлемі әдеттегі деңгейде қалды.
Қаржыгерлер өткен аптада теңгенің әлсіреуіне ішкі факторлар әсер етті деген болжам жасады. Атап айтқанда, ҚР төлем балансы көрсеткіштерінің нашарлауы байқалады.
Мәселен, Ұлттық Банктің алдын ала деректері бойынша 2019 жылдың екінші тоқсанында төлем балансының ағымдағы шотының тапшылығы 2,3 миллиард доллар деңгейінде болды, яғни шетел валютасының Қазақстаннан шығуы келу деңгейінен асып түсті.
"Айта кетерлік бір жыл бұрын ағымдағы шоттың тапшылығы тек 0,5 миллиард доллар болған. Бұл ретте сауда балансының профициті 4,6 миллиард АҚШ доллары деңгейінде қалыптасқан, бұл 2017 жылдың үшінші тоқсанынан бастап ең төменгі көрсеткіш болып саналады", - делінген қауымдастық хабарламасында.
Сарапшылар алдағы уақытта сыртқы міндеттемелер бойынша төлемдер көлемі ұлғаятынын атап өтті. Мысалы, сыртқы қарызға қызмет көрсету бойынша төртінші тоқсанда төлем көлемі 7,54 миллиард доллар деңгейінде болатыны болжанды, ал үшінші тоқсанда төлем көлемі 6,02 миллиард долларға бағаланды.
Оның ішінде, фирмааралық берешек бойынша төлемдер 2,2 миллиард доллардан 4,1 миллиард долларға дейін екі есеге дейін ұлғаяды. Сондай-ақ, 2019 жылғы шілденің соңындағы жағдай бойынша Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері 27,7 миллиард АҚШ долларына жетті (жыл басынан бастап -10,5 пайыз).