«Ақ жол» Президенттің Ұлттық қор активтерінің бір бөлігін алтынға ауыстыру туралы шешімін қолдайды
2019 ж. 08 тамыз
6858
0
«Ақ жол» партиясы Президенттің Ұлттық қор активтерінің бір бөлігін алтынға ауыстыру туралы шешімін қолдайды – бұл туралы партия төрағасы Азат Перуашев мәлімдеді.
Алдыңғы күндері Қасым-Жомарт Тоқаевтың тиісті жарлыққа қол қойғаны баршаңызға мәлім – енді Ұлттық қордың жинақтаушы активтеріндегі алтынның үлесі 5%-ға дейін жетеді.
«Бұл Ұлттық қордың әлеуетін сақтап, қорғау үшін қажет» - деп Президент жарлығының себебін түсіндірген еді.
Естеріңізге салсақ, өткен жылдың 27 маусымында «Ақ жол» фракциясының жетекшісі бірқатар елдердің сауда-саттық текетіресі жағдайына және әлемдік валюта мен бағалы қағаз арасалмағының тұрақсыздығының өсуіне байланысты үкімет пен Ұлттық банк төрағасына Ұлттық банктің алтын-валюталық резервінде және Ұлттық қорда алтын қорын көбейту ұсынысы бойынша депутаттық сауал жолдаған болатын.
«Алтын-валюталық резерві – ұлттық қаржы жүйесі мен ұлттық валютаның тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды фактор. Сондықтан олардың әлеуеті мен өтімділігін қорғау, әсіресе бүгінгі геосаяси және макроэкономикалық қауіп жағдайында, мемлекет экономикасының басты құндылығы боп қала береді», – деп есептейді «Ақ жолда».
Осыған байланысты «Ақ жол» партиясы Мемлекет басшысының алтын-валюталық резервті сақтау және Қазақстан Республикасының ұлттық жинағыдағы алтын қорының үлесін көбейту туралы шешімін қолдайтынын жеткізеді.