«Астана банкінің» менеджері 160 млн теңгені жымқырған
2019 ж. 04 маусым
6059
0
«Астана банкінің» топ-менеджері 160 млн теңге қаражатты жымқырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған комитеттің Экономикалық тергеу қызметі Әділет министрлігіне қарасты Республикалық құқықтық ақпарат орталығының шотынан 160 млн теңге қаражатты жымқыру фактісін әшкереледі.
«Астана Банкі» АҚ-ның басқармасы төрағасының орынбасары Е.Ж.Увалеев 2012 жылдың қазан айында Республикалық құқықтық ақпарат орталығының атынан төлем тапсырмасын қолдан жасап, ұрланған қаражатты өзіне бағынышты компанияның шотына аударған.
«Аталған қылмысты 6 жыл бойы жасыруға сол банктің менеджері А.Х.Жундугулова көмектесіп келген. Ол ай сайын Республикалық құқықтық ақпарат орталығының бухгалтериясына олардың шоты бойынша жалған мәліметтер беру арқылы мемлекеттік кәсіпорнында өзіне қатысты жасалған алаяқтық туралы білуіне мүмкіншілік болмаған. Тергеу барысында күдіктілер өз кінәларын мойындап, келген шығындар көлемін толықтай өтеді. Тергеу барысында күдікті Е.Ж.Увалеев соттың санкциясымен қамауда болды», - делінген хабарламада.
Нұр-Сұлтан қаласының №2 Сарыарқа аудандық сотының үкімімен Е.Ж.Увалеев пен А.Х.Жундугулова кінәлі ретінде танылып, қылмыстық жауапқа тартылған.