Көкшетауда үйлер мен көшелерді су басты (ВИДЕО)
2019 ж. 03 сәуір
6603
0
Көкшетау көшелерін су басты. Куәгерлер аудандардағы су тасқынын видеоға түсіріп жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Бүгін 04.50-де Қылшақты өзенінде су деңгейі күрт көтеріліп кетті. Өзен жағалаудан өтіп, Көкшетау қаласындағы алты үй мен 12 аула учаскесін басып тастады. Қазір инженерлік жұмыс істеліп жатыр, яғни, Қылшақты өзенінің жағалауына топырақ төгіліп, үйлерден су тартылып жатыр. Су деңгейі төмендеді", - деді ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаев.
Облыс орталығындағы брифингте ТЖД басшысы Алексей Советов судың қайдан келгенін айтып берді.
"Қылшақты өзенінде су деңгейі қатты көтеріліп кетті. Өзенге қосылған судың бір бөлігі Кенесары тоғанынан келген. Ал басым бөлігі Ивановский тоғанынан қосылған. Біз су тасқынының қаупін жойып, Көкшетау қаласына тиюі мүмкін зақымды азайттық", - деді брифингте Ақмола облысы ТЖД басшысы Алексей Советов.
Оның айтуынша, биыл 31 наурызда 10-15 сантиметрлік қардың еруі өзендегі су деңгейінің көтеруілуіне әкеп соқтырған. Қазір су тасқынын жою үшін техниканың бәрі жұмылдырылған. 15-ке жуық аула аймақтарын су басқан. 17.00-ге дейін ТЖД үйлерден суды тартып шығарып, қауіптің бетін қайтаруға уәде берді.