4105 рет жаттығу жасаған төрт жасар балаға Рамзан Қадыров Mercedes сыйлады (видео)
2018 ж. 16 қараша
2427
0
Жалпы кейінгі жас ұрпақтың ықыласы мен құлшынысын арттыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтын шешен президентінің кейбір істеріне ризашылығыңды білдіресің.
Осы аптаның басында ел астанасы Грозныйда ел сүйсінерлік тағы бір оқиға орын алды. Кеудесін жерден көтеріп (отжимание) 4105 рет жаттығу жасаған 4 жасар балаға Шешенстан президенті Рамзан Қадыров ақ түсті Mercedes автокөлігін сыйлады. Аталған көлік Ахмад қажы Қадыров атындағы қордың қаржысына сатып алынды.
Бұл туралы qamshy.kz хабарлады.–Сен бәріне де лайықтысың. Мықтысың. Әкең сені әркез осы көлікпен алып жүрсін,–деді президент Рамзан Қадыров.
Президент Рамзан Қадыровтың қолынан көліктің кілтін алған төрт жасар бала машинаның алдыңғы капотына шығып, бірнеше жаттығу жасады. Жұртшылық «шешеннің Шварценеггері» атанып кеткен кішкентай бала алдағы уақытта өзінің рекордын жаңартатынына сендірді.
Ескерте кетейік, 12 қараша күні Шешенстанның аймақтық Спорт министрлігі елде рекордтық нәтиже орын алғанын президент Рамзан Қадыровқа мәлім еткен болатын. Нақты айтар болсақ, төрт жасар Рахим Куриев қолын тіреп, 2 сағат 26 минут бойы кеудесін жерден көтеріп 4105 рет жаттығу жасаған. Мұны естіген шешен басшысы Қадыров баланы бірден өзіне шақырып алып, ырза болғандықтан түн ішінде оған Mercedes сыйлап жіберді.
Жалпы кішкентай балалар арасында мұндай оқиға бірінші рет орын алып отырған жоқ. 2015 жылы Элистада бес жасар Бату Боктаев 4050 рет жаттығу жасағаны белгілі. Одан кейінгі рекорд Киевте орын алды. Жеті жастағы Андрей Косташ 4000 рет қолын жерге тіреп, кеудесін көтеріп жаттығу жасаған. Енді бұл нәтижені шешен баласы Рахим Куриев жаңартып отыр.