Оралмандарға бұйырмаған паспорт шетел асып кете жаздады (видео)

Жақында Алматының Халықаралық әуежайынан ҚР  паспорттарын  заңсыз алып өтпек болған  Қытай азаматтары ұсталды.  ҚР ҰҚҚ шекара қызметінің баспасөзі хабарлаған ақпараттарға сүйенсек, қытайлықтар  Қазақстан азаматтарына берілетін 300-ге жуық «көк-паспортты» Алматы әуежайынан жуңгоға жөнелтпек болған.

«ҚР Шекеара қызметінің өкілдері Алматы-Гонконг бағытындағы КС-929 рейсі бойынша Қазақстан азаматтарының шетелге шығуға арналған көк түсті паспорттарын жүк сөмкесі арқылы заңсыз алып өтпек болған екі Қытай азаматын ұстады. Кейін анықталғандай, қытайлық азаматтардың сөмкесінен 291 дана Қазақстан паспорты тәркіленді. Олардың 250-і көк түсті, ал 40 данасы қылыз-қоңыр түсті паспорттар. Және біреуі жеке азаматтың атына тіркелген. Сондай-ақ,  Қазақстан паспорттарын дайындауға арналған голографиялық лента орамасы да тәркіленген. ҚР қылмыстық процессуалдық кодекстің 185 бабы бойынша материалдар ҰҚКБ-нің Алматыдағы бөлімшесіне жіберілген»,-делінген ҰҚҚ Шекара қызметінің мәлімдемесінде.

Тақырыпты қорыту

Рас, ел ішінде ҚР азаматтығын сарт-сауанның саудасына салған Көші-қон полициясы мен Ұлттық қауіпсіздікті кірпік ілмей қорғауы тиіс орган қызметінің келте тұстары аз емес екендігі айтылып жүр. Мәселен күні кеше ғана әні-міне дегенде әуежайдан із суытпақ болған жунголық екі азаматтың қолына Қазақстан азаматтарына берілуі тиіс паспорттар қалай түсіп жүр? Әлде жұрт айтып жүргендей Қазақстан құжаты қара нарықта сатылатын болғаны ма? Әйтпегенде 300-ге жуық паспортты жунголықтар қайдан "тауып алып" жүр?

Бізде өзі мемлекеттік қауіпсіздікке қатер төндіретін іс-шаралар ісініп-қабынып, індет екендігі ескерілгенше, былыққа бата береді ғой. Ұлттық қауіпсіздікке жауапты органдағыларды  Алматының әуежайынан тәркілеген 300 паспорттың артында 300 қандастың тағдыры жатқаны алаңдата ма?

Азаматтықтың қара базар нарқындағы күйге жеткен күйінішті хәлі жоғары жақтағы әлдекімдердің қауашағын қаңғырлатпайтын болған соң, жылдар бойы Қазақстан азаматтығын ала алмай сабылып жүрген қандастарға тиесілі құжаттар қытайлықтардың қолына түсіп отыр десек әсіре сілтеу емес болар.

Е-е, айта берсең әңгіме көп. Қытайлықтар оп-оңай иемденіп кетіп жатқан Қазақстанның паспорттары кімдерге, қалай беріліп жатыр?

Ағылшындық ат, айғыр, биелерге де, түркпеннің алабай төбеттеріне де, Асылжан Мамытбековтың аусыл шыққан ала бас сиырларына да бұйырды (өйткені, осылардың барлығы - тіркеліп, құжатталған жануарлар мен тіршілік иесі). Украина-Ресей қақтығысынан болған үркіншіліктегі елдің алды Қазақстанға келіп босқындар мәртебесін иеленіп үлгерді. Олар үшін алда азаматтықтың ауылы алыс емес. Тек қазақ қана Қазақстан үкіметі мен заңдарының алдында өзінің сотталмағандығын дәлелдей алмай айыпты болып жүр. Сол «айыптары» дәлелденбей - этникалық қазақтардың азаматтық пен Қазақстанның «көк паспортынан»  дәметпей-ақ қойғаны жөн бе деп те ойлайсың…

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Дерек көзі: Abai.kz