Елін сүйген Садықбек

Елінің бағына туған озық ойлы алғыр азамат – Садықбек Сапарбеков 1902 жылы Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы Балапантөбе деген жерде дүниеге келген. Әкесі кедей шаруа болған. Жастайынан зерек болып өскен Садықбекті Жаңақорғандағы «Қыш мектепке» (қазіргі М.Қаратаев атындағы мектеп) орыс класына береді. Ол мұнда 1912-1917 жылдар аралығында тәлім-тәрбие алады.

Жаңақорғандағы орыс мектебінде біршама оқып, едәуір сауатын ашып, дәріс алған соң Садықбек енді Ақмешітке (қазіргі Қызылорда) келеді. Осындағы орыс мектебінде білімін одан әрі жалғас­­тырады. Осы кезеңде әке-шешеден бір­дей айырылып, тұрмыс жағдайы тым қиын­дап кеткен сәтте Ақмешіт рев­­­комы­ның мүшесі, В.И.Лениннің алдын көр­ген Хұсейін Ибрагимов деген кісіге барып, одан қолдау табады. Ақшалай көмек те береді. Біршама уақыт балалар үйінде тәрбиеленеді. 1917-1919 жылдар аралығында білімін көтере жүріп, Ақме­шіттегі большевиктік ұйымдарға қа­тысып, жаңа өмір жолына түсе бастайды.

Жас жігіттің ерекше қабілетін сол кезде-ақ байқаған аға буын өкілдері Ақмешіт уездік-қалалық комитетінің шешімімен оны Ташкентте жаңадан ашылған үгітші-ұйымдастырушылардың қысқа курсына оқуға аттандырады. Ол сонда білімін шыңдады, алғыр шәкірт екенін байқатты. Жақсы үлгеріммен аяқтады. Түркістан өлкелік партия комитеті Мәскеудегі Я.М.Свердлов атындағы коммунистік университеттің қысқа мерзімдік курсына ел ішінен 35 кісіні оқуға жіберіп жатқанда, сол құрамға Садықбек те ілініп, комсомол бөлімінде оқыды. 1920 жылдың күзінде оқуды үздік аяқтап, Ташкентке оралады да, жастар арасындағы ұйымдастырушылардың бірі болып қызметін бастайды.

1920-1923 жылдар аралығында қабі­летті жас Түркістан өлкелік партия комитеті жанындағы партия мектебінің комсомол бөлімін басқарды. Сонымен оған Алматы, Жетісу облыстық комсомол комитетінің хатшысы қызметтерін де қоса атқаруға тура келді. Садықбектің шын жарқырап көзге түсуі осы кезеңдер болғаны анық. Өйткені, ол бір емес, бірнеше жауапты қызметтерді қатар алып жүре алды, бәріне де уақыт таба білді.

Осы жылдар ішінде С. Сапарбеков көрнекті комсомол қайраткері, жақын досы Ғ.Мұратбаевпен қоян-қолтық араласты. Екеуі бірлесе отырып, шығыс жастарына жол-жоба ұсынды. Зейінді балаларды дереу қамқорлыққа алып, тәрбиеледі. Кейінірек атағы шығып, қазақ халқының аяулы ұл-қыздарына айналған Ш.Артықбаев, А.Тоқмағамбетов, А.Хан­гелдин, Ө.Тұрманжанов, Б.Кен­же­баев, Ж.Арыстанов, Ж.Бектұров, Ә.Қо­ңы­рат­баев, Ә.Тәжібаев секілді азаматтар­ға көп көмегін тигізді. Бұл кісілердің бірқатары өз естеліктерінде С.Сапарбе­ковтің есімін ілтипатпен атайды, еңбегіне зор баға береді.

Фильмнің авторы: Қалила Омар (Ютуб желісінен алынған)

Мақала авторв: Жолтай Жұмат