Қытайдағы ҚР азаматтары мәселелерін шешу жұмыстары шекара ашылғаннан кейін жанданады -СІМ

Қытайдағы ҚР азаматтары мәселелерін шешу жұмыстары шекара ашылғаннан кейін жанданады -СІМ

Қыркүйектің 7-ісі күні Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне Қытайдағы қамауда жатқан туыстарының құқын қорғап, бір топ азаматтардан өтініш келіп түсті.

ҚР азаматтары Байболат Күнболат, Ақытқан Қалида, Өмірәлі Гүлбаран, Құрманәлиев Гаухар, Нұрқай Тұрсынгүл, Гүлнұр Қосдаулет, Мырзан Алмахан, Ермекбайқызы Нұрзат, Қазыбек Гүлпиям, Мәкен Жамила, Арасан Алтынай, Ақиқат Қалиоллаұлы Қытайдағы туған-туыстары бен отбасы мүшелері туралы нақты ақпаратты білгісі келеді.

Олар еліміздің Сыртқы істер министрлігі Қытай халық Республикасы бас елшісімен кездесіп, халықаралық құқық нормаларына сәйкес өз азаматтарының құқықтарын қорғау бойынша нақты шаралар қолдануын сұрайды.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттары Берік Әбдіғалиұлы мен Қазыбек Иса бұл азаматтардың өтінішіндегі мәселелерді шешу үшін Сыртқы істер министрлігіне депутаттық хат жолдап, аталған өтінішті қарастырып, нәтижесі туралы хат иелеріне және Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне заңнамада белгіленген мерзімде жазбаша түрде хабарлауды сұраған болатын.

Аталған мерзімде ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Е.Әлімбаев пен ҚР Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаменті директоры Б.Ақатаевтан жауап келді.

«Байболат Күнболат бастаған қандастар белсенді тобының ҚХР азаматтары болып табылатын туысқандарын елімізге қайтару мәселесі бойынша көмек көрсету туралы өтініші қарастырылып, арыз иесіне 2021 жылғы 6 қазанда ҚР Сыртқы істер министрлігінің №1-22/ЖТ-К-1354 шығыс хатымен тиісті жауап жолданғанын хабарлаймыз (қоса тіркелген). Қосымша: аталған, 2 п.»-дейді Министрдің орынбасары Е. Әлімбаев.

Қытайдағы қамауда жатқан туыстарының құқын қорғап, нақты ақпаратты білгісі келген Байболат Күнболат бастаған бір топ азаматтардың өтінішіне ҚР Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаменті директоры Б.Ақатаев толық жауап беріпті.

  Жауапта аталған азаматтардың ішінде бір азамат «жемқорлық бойынша 1 жылға бас бостандығынан айырылған және оған 100 мың юань айыппұл салынған. Қазіргі уақытта ол бостандыққа шыққан. ҚХР-дың Заңына сәйкес, айыппұл төлегеннен кейін, Қытайдан кетуіне рұқсат беріледі» дейді. Ал қалған азаматтардың барлығының не үшін сотталғаны туралы толық мәлімет берілген.

«Департамент Қытай азаматтары болып табылатын этникалық қазақтарды Қытай аумағынан шығуына рұқсат беру және оң шешу жөнінде Нұр-Сұлтан қаласындағы Қытай Халық Республикасының Елшілігіне тиісті ноталар тұрақты түрде жолдауда.

Қытай Халық Республикасының құзыретті органдары Сіздердің туысқандарыңыз Қытай азаматтары екендігіне сілтеме жасап, аталған мәселені өзінің ішкі заңнамасына сәйкес қарастыратынын мәлімдеді. Сонымен қатар, жеке тұлғаларға қатысты ақпарат ҚХР Үкіметінің заңдарына сәйкес қорғауға алынған, өзге мемлекетке таратуға, ұсынуға тыйым салынған.

Осы ретте, 1963 ж. 18 сәуірдегі Консулдык қатынастар туралы Вена конвенциясының 55-бабының 1-тармағына сәйкес, бір мемлекет екінші мемлекеттің ішкі істеріне араласуына кұқығы жоқтығын ескеру қажет.

Дегенмен, Министрлік Сіздердің мәселеңіз бойынша Қазақстанның Қытайдағы Елшілігіне (бұдан әрі - Елшілік) және Үрімшідегі Паспорттық- визалык қызметіне (бұдан әрі-ПВҚ) тиісті тапсырма берді.

Департаменттің тапсырмасын орындау мақсатында, Елшілік Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрлігіне тиісті нота жолдады. ПВҚ-нің кызметкерлері ШҰАА-дың Сыртқы істер баскармасының басшылығымен кездесу өткізді.

Кездесудің нәтижесі бойынша, қытай тарапы ҚХР-дағы ҚР азаматтары мен олардың отбасы мүшелерінің мәселелерін шешуге бағытталған жұмыстарды карантиндік іс-шаралар жеңілдетіліп, шекара ашылғаннан кейін жандандыруға дайын екендігін хабарлады.

Қытай билігінің Сіздердің туысқандарыңызға шетелге шығуға берген арнайы рұқсаты болған жағдайда, оларға тиісті санаттағы қазақстандық визаны рәсімдеу үшін ҚР СІМ Үрімші қаласындағы Паспорттық-визалық қызметіне жүгіне алады.

Департамент тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, аталған шетелдік азаматтарға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан өтуіне қолғабыс көрсетуге дайын».-деп жауап береді ҚР Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаменті директоры Б.Ақатаев

Тәуелсіз Қазақстан үшін қай елде болса да, қандастарымызды қиын-қыстау жағдайда қалдырмау – басты мақсат болуы тиіс.

Қазыбек Иса,

Қазақ үні