Алматы облысында еш себепсіз қызды өлтіріп, өртеп жіберген күдікті ұсталды (видео)

Алматы облысының Өрнек ауылындағы қыздың өліміне қатысты қозғалған қылмыстың беті ашылды, деп хабарлайды zakon.kz.

21 тамызда шамамен сағат 16:00 шамасында Алматы облысы Өрнек ауылының маңындағы жазық даладан зорлық-зомбылықпен өлтірілген 21 жасар қыздың өлі денесі табылды. Бұл фактіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы, "Адам өлтіру" бойынша қылмыстық іс қозғалды.

"Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде екі тәулік ішінде кісі өлтіру фактісі ашылды. Қылмыс жасады деген күдікпен аталған ауылдың 28 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол бұрын тонау ісі бойынша сотталған және еш жерде жұмыс істемейтін күдікті қылмыстың мән-жайын мойындап, егжей-тегжейлі баяндады", - деді Алматы облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары полиция подполковнигі Данияр Меңдебаев.

Қазіргі уақытта ұсталған азамат ҚР ҚІЖК 128-бабына сәйкес уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полицейлердің айтуынша, ұсталған азамат 20 тамызда түскі 12.00 шамасында қызға ешқандай себепсіз тап беріп, одан кейін оны тұншықтырып өлтіріп, қылмыстың ізін жасыру үшін өлі денені өртеп жіберген.

Алдында қыздың ата-анасы желіде қыздарының жоғалып кеткені, оны іздеп жатқандары туралы хабар таратқан еді. Алайда бір тәуліктен соң қыз Алматы облысы Өрнек ауылының сыртындағы жазық даладан өлі табылды.