Бейруттағы жойқын жарылыстан Қазақстан елшілігінің ғимараты тас-талқан болды (видео)
2020 ж. 05 тамыз
2114
0
ҚР Сыртқы істер министрлігі Ливандағы Қазақстан азаматтарының жағдайы туралы ақпаратты тексеруде.
Сыртқы саясат ведомствосынан хабарлағандай, Ливандағы қазақстандық дипломаттардың ақпараты бойынша, ағымдағы жылғы 4 тамызда жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00 шамасында Бейруттағы теңіз портының базасында бірнеше қатты жарылыс болды.
Жақын маңда орналасқан үйлердің, сондай-ақ жарылыс эпицентрінен бірнеше шақырым жерде орналасқан ғимараттардың терезелері шағылды. Жергілікті биліктің алдын ала ақпараты бойынша, теңіз портында пиротехникасы бар кеме жарылған.
Жарылыс салдарынан Ливандағы ҚР дипломатиялық миссиясының ғимаратына зиян келтірді. Жарылыс кезінде дипломатиялық миссияның қызметкерлері жұмыс күні аяқталғаннан кейін жұмыс орнынан кетіп қалған.
Консул жұмыста қалған болатын және жарылыс толқыны салдарынан жеңіл жарақат алды. Біздің дипломаттар жергілікті билік органдарымен жедел байланыста, Ливандағы Қазақстан Республикасы азаматтарының жағдайы туралы ақпарат тексерілуде.