КӨКШЕТАУДЫ "ҚИРАТҚАН" ДАУЫЛ ТАЛАЙ БЫЛЫҚТЫҢ БЕТІН АШТЫ (ВИДЕО)
2020 ж. 09 сәуір
6471
0
Көкшетауда бүгін соққан дүлей дауыл талай былықтың бетін ашты. Бүгінгі дауыл жау жағадан алғанда, бөрі етектен алғандай болды... Ел коронавирус дертінен үрейленіп үйлерінен шықпай карантинде қамалып отырғанда ысқыра соққан дауыл көкшеліктердің есін алды. Үйлердің шатыры аспанға ұшып, аялдамалар аударылып құлап, тұрғындардың зәресін ұшырды. Жұлым-жұлымы шыққан көшедегі баннерлер, серейіп-серейіп құлаған отыз -қырық жылдық тарихы бар ағаштар, ортасынан опырылып, қабырғасы қақырай құлаған ескі тұрғын үйлер... Аулаларда балалар ойын алаңдарының ойраны шығып, жаңадан салынған балабақшалар жанындағы күркелер күл-талқан болды. Дүлей дауылдың салдарынан көкшеліктер бір-ақ сәтте жарықсыз да қалды.
Бұл ненің белгісі? Тұрғын үй -коммуналдық саланы жаңғырту, тұрғын үйлердің аулалары мен балалардың ойын алаңдарын салуға миллиондаған қаражат бөлінді ғой. Үп еткен желден ойраны шығатындай не жағдай болды? Тапсырыс берген сәулет және қала құрылысы, қала әкімдігі, құрылыс салып, жөндеу жасаған мердігер компаниялар, жалпы тұрғын үйлерді қабылдап алған мемлекеттік комиссия ай қарады ма? Қашанғы жең ұшынан жалғасқан жемқорлық жалғаса бермек??? Сапасыз салынған, сын көтермейтін баспаналар күрделі жөндеуден өткен тұрғын үйлер... Бүгін қанша ақшаның қомағай құлқындардың қалтасына кеткенін айғақтап берді!!! Таяқ тиген жеріне ауыр... Кінәлілер жазасын тартары хақ. Алайда, желге ұшқан миллиондар, халықтың қалтасынан шыққан теңгелер үшін кім жауап бермек? Өтіріктің арты бір-ақ тұтам... Жалған есеппен жалғанды жалпағынан басқан сырдың суы сирағынан келмейтін билікті табиғат тәубесіне келтіре ме? Әлде, баяғы жартас бір жартас болып, бөспе сөзбен бәйге алып, ұртты майлап жата бере ме? Өңір билігі аталған мәселені біржақты етіп, тәжтажалдың (коронавирус) дертінен індерінен шықпай тығылып онсыз да бағасы аспандап кеткен азық-түлік пен дәрі-дәрмектен титықтап шықпа-жаным шықпа деп жатқан жұрттың жағдайына жәрдем болар деген сенімдеміз.
Абзал Тоқанұлы, Қазақ үні