Полицейлер патрульдік көлікпен жасөспірім қызды қағып кетті (видео)
2019 ж. 19 қараша
3015
0
Оралда полицейлер патрульдік көлікпен жасөспірім қызды қағып кетті, - деп хабарлайды "Орал апталығы".
Қыз баланы жаяу жүргіншіге арналған жолда қағып кеткен. Зардап шеккен қызды жедел жәрдем бригадасы алып кеткен.
Оқиға туралы блогер Айболат Букенов Facebook желісіндегі парақшасында жазды. Жол апаты "Молодежная" аялдамасының маңында 23:10-да болған. Борт нөмірі 174, мемнөмірі 614 КР 07 жолдан өтіп бара жатқан қызды қағып кетті.
"Осы жаңа ғана БҚО МАИ қызметкерлері Патрульдік көлікпен көшеде қыз баланы қағып кеткен. Бұл не масқара генерал Махсудхан Әблязимов мырза? Күні кеше сіздің қабылдауыңызда айтқан едім ғой. МАИ өздері көп заңды бұзады деп...", - деп жазды ол.
Сондай-ақ, ол оқиға орнында түсірілген екі видеоны жариялады, оған куәгерлер жіберген екен. Айболат Букеновтің айтуынша, көлік тізгінінде полиция лейтенанты Ренат Баймұқашев болған. Оқиға орнына барған Айболат Букеновтің өзін полицейлер қамауға алған. Оның айтуынша, ЖКО орнына ПД басшысы Махсудхан Әблязимовтің өзі келген, соның бұйрығымен блогер ұсталған.
"Генералдың өзі менің телефонымды алып, ондағы видеоларды өшіріп тастады. Осыдан кейін, олар мен наркологиялық орталыққа жеткізді, себебі мен оған мас болып көрініппін", - дейді Айболат Букенов.