Елордада жүк көлігі мен шағын автобус соқтығысты: 11 адам зардап шекті
2019 ж. 20 мамыр
7784
0
Елордада жол-көлік апатынан 11 адам жарақат алды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы София Қылышбекова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«19 мамыр күні сағат 16.05 шамасында Тілендиев даңғылының бойында жүк көлігі шағын автобуспен соғысты. Жол апаты салдарынан зардап шеккендер бар. Медициналық мекемелерге 11 адам жеткізілсе, қазіргі уақытта оның екеуі ауруханаға жатқызылды», - деді ол.
Оның айтуынша, жол апаты фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қажетті сараптамалар тағайындалған.
«Жол апатының мән жайы анықталып жатыр», - деді Софья Қылышбекова.
Айта кетейік, бүгін елордада тағы бір жол-көлік апаты болды. «19 мамыр күні сағат 12:05-те Абылайхан даңғылы бойында «Nissan XTrail» маркалы көлігі «Lifan Х50» автомашинасына соқтығысты. Қатты соққы салдарынан «Lifan Х50» көлігі жолдан өтіп бара жатқан адамдарды басып өткен. Оқиға орнында бір адам көз жұмып, тағы 4 адам дене жарақаттарын алды», - деді қалалық Полиция департаментінен. Сотқа дейінгі тергеу басталды, тиісті сараптамалар тағайындалды.