Қаһарлы желтоқсанның қаһармандары қайда жүр?

к

Биыл Тәуелсіздігімізге 20 жыл толып отыр. Ғасырлар бойы азаттық аңсаған ел 1991 жылы сол арманына жетіп, бодандық қамытын сыпырып тастап, «Мен – Қазақпын! Мен енді азат елмін!..» деп әлемге жар салды. Иә, қазақ Тәуелсіздік жолында талай қырғынды басынан кешірді, қаншама ұлт-азаттық көтерілісінің қанқұйлы салдарын көрді. Алайда ұлттың асқақ рухын жоғалтып, жойып жіберу мүмкін емес. Оған дәлел – 1986 жылғы «Желтоқсан» көтерілісі. Ел тарихындағы соңғы ұлт-азаттық көтеріліс 70 жыл бойы үстемдік құрған кеңестік тоталитарлық жүйенің күйреуіне әкеп соқтырды. Желтоқсан көтерілісі туралы айтқанда, естігенде, желтоқсан айының қаһарлы ызғары, қақаған аязы санамызды қарып өткендей болады. Өрімдей қазақ жастарының алаңға шығып, қаннен-қаперсіз«Менің Қазақстаным» әнін шырқап, ұран салып тұрған жігерлі бейнелері келеді көз алдымызға. Бет-ауыздарын үсік шалса да, көздерінде үміт оты жарқ-жұрқ еткендей... «...Тоңдырды мені, тоңдырды сені Желтоқсан желі ызғарлы. Солдырды гүлді, оңдырды нұрды, Көңілде мұңды із қалды...» деген өлең жолдарын бала күнімізден естіп, айтып, жадымызға сіңіріп өстік. Әнді естігенде алаңнан қайта алмай сол жерде жастай жанын тапсырған, кінәсіз таяқтың астына алынып, аяусыз соққыға жығылған ағаларымыз бен бұрымынан сүйреліп, бүйірінен тепкіленген қаһарман әпкелеріміздің сол кездегі жан даусы құлағымызға келеді. Сол оқиға туралы теледидардан бейнеүзіктерді көргенде, газет-журнал беттерінен жан түршіктірер жазбаларды оқығанда, қаһарман Қайрат Рысқұлбековтың түрмеде жазған хаттарынан үзінді оқығанда, неге екені белгісіз, көзімізге еріксіз жас келеді... Желтоқсан оқиғасына қатысып, құрдастарын ұлт мүддесін қорғауға шақырып, парақшалар таратып, ұран тастап, алаңға шығуына себеп болған, соның салдарынан соққыға жығылып, қудаланып, сотталып, оқудан шығарылған, түрмеге тоғытылған, тағдырдың тәлкегіне ұшырап, нағыз орда бұзар жасқа таяп қалған жалынды шағында денсаулықтарынан айырылған ағаларымыз мен әпкелеріміздің өмірі бізді алаңдатпай қоймайды. «Олар қазір қайда екен?», «Не істеп жүр?», «Неге қазіргі жастар сол кезде елінің қамын жеп, ұлтына жаны ашып, азаттық жолында тағдыр тәлкегіне ұшыраған желтоқсан қаһармандарымен жиі жүздесіп, тарихтан ойып тұрып орын алған «Желтоқсан оқиғасы» туралы білімдерін жетілдірмейді?» деген сұрақтар ойға еріксіз оралады. Біздің алаңсыз, бейбіт заманда өмір сүріп жатқанымыз сол кісілердің арқасы емес пе? Желтоқсанның куәгерлері, қатысушылары, себепшілері ортамызда жүрсе де, оқиғаның ашылмай жатқан тылсым, құпия, беймәлім тұстары әлі де көп. Бұл оқиға еліміздің басқа облыстарында, басқа қалаларында да өрбігені шындық. Бірақ ол басқа жақта болса ол қандай сипатта болғанын, кімдер ұйымдастырғанын тағы да білмей жатамыз. Жақында 86-ның желтоқсанында Шымкент қаласындағы жастардың көтерілуіне себеп болған, студенттерді алаңға шығуға бастаған ержүрек азаматтың отбасымен әңгімелесуге мүмкіндік туды. Ол – Байназаров Назарбек пен Байназарова Шыныгүл Шырынбекқызының отбасында 1963 жылы 12 қаңтарда дүниеге келген Серік Назарбекұлы болатын. 2 ші топтағы мүгедек, зейнеткер Назарбек атамыз сөзін бірден бастап кетті... «Жастайынан қоғам ісіне араласып, зерек ержетіп, үздіктер қатарында өскен Серік 1986 жылдың желтоқстан айында Шымкент қаласындағы Қазақтың Химия-технология институтының 3 курсында оқып жүрген болатын. Желтоқстанның 16-сы күні автобуста «Алматыда қырғын болып жатыр, су шашып қырып жатыр» деген сыбысты естіп, курсында комсомол ұйымының төрағасы болған Серік Шымкент жастарын ұйымдастырады. Ұландарға ұран тастап, Алматыдағы студенттерге тілектес боламыз, қолдау ниетімізді білдіреміз деп, алаңға бастап бара жатқан жерінен КГБ қызметкерлерінің қолына түседі. Серікті бірнеше сағат тергеуге алып тергейді. Кейіннен «ұлтшыл» деген айып тағылып, комсомол ұйымынан шығарып, қудалап, институттан шығарды...» Серіктің әкесі Назарбек ол кезде КГБ бөлімшесінің басшысы қызметінде еді. Баласының ісімен 3 ай бойы көз жазбай айналысып, қайтсем баламның кінәсіздығын дәлелдеймін деп жүгірген әке соның салдарынан ақырында қант диабеті ауруына шалдығады. Ол кісі бүгінде 2-ші топтағы мүгедек ретінде зейнетте. Желтоқсан оқиғасын көзіне мұң, жанарына жас ала отырып еске алған әкенің желтоқсан жайлы шер тарқатып айтар әңгімесі мен орындалмаған армандарының да көп екенін аңғардық. Бүгінгі жастар да, кейінгі ұрпақ та желтоқсанның тарихын, оның тек Алматы қаласы емес, басқа облыстарда да көрініс бергенін және соны ұйымдастырған азаматтардың арамызда жүргендігін білсе деген ниеті мен мұндай зобалаң қайталанбаса екен деген тілегін де жеткізді. Назарбек ақсақалдың ержүрек, қаһарман ұлы, абзал азамат Серік Назарбекұлы бүгінде Шымкент қаласында тұрады. Жұбайы екеуі Дастан атты бір ұл мен Әйгерім, Томирис атты айдай сұлу екі қыз өсіріп тәрбиелеген. Серік ағамызды ержүрек деп, арыстан жүректі арыстарымыздың қатарына қоссақ, артық айтпағанымыз болар. Олай дейтініміз, елім-жерім деп, ұлт тағдыры, қазақтың болашағы үшін алаңдаған, жұртты жұмылдыра бастап шығып, нағыз қазақ батырына тән мінез танытқан, комсомолдың, коммунистік өктем саясаттың қатаң ережесіне қарсы шығып, соның салдарынан жапа шеккен боздақтардың бірі – осы Серік Назарбекұлы еді. Өзі «мен мынандай едім... желтоқсанға қатысқан едім...» деп тіс жарып ешкімге айтпағандығынан шығар, ол туралы біреу білсе, біреу білмейді. Ал осындай аға-әпкелеріміз арамызда қаншама? Олардың ерлігіне мың мәрте басымызды иеміз. Болашақта өзге облыстарда болған желтоқсан оқиғалары терең зерттеліп, оған тиісті баға берілуі керек деп ойлаймыз.

Марал БОЛАТҚЫЗЫ