Өзіне сенбегендер ӨЗГЕНІ ҚАРАЛАЙДЫ. Сайлау сайын «Ақ жолға» қара күйе жағу басталады...

88

         Осы біздің «оппозиция» ойынын ойнап жүргендер біртүрлі. Кез келген есі дұрыс оппозициялық партияның ең бірінші бәсекелесі – биліктегі партия болу керек екені мектеп баласына да белгілі. Ал «Азат» партиясының басты бәсекелесі Азат Перуашев басқаратын «Ақ жол» партиясы. Әлихан Байменовтың кезінен солай. Сайлау сайын олар жұмысын «Нұр Отанға» қарсы емес, «Ақ жолға» қарсы қара пиармен бастайды.

Басшыларының аузы қалай қисайса, басыбайлы басылымдарының бастары да солай иіледі. «Бізбен бірге болмағандардың барлығы бізге – жау» деп санайтын олар енді «Азат» партиясының шақыруына пысқырып та қарамағаны үшін, ұлт ұранын көтеріп жүрген ақиық ақынымыз Мұқтар Шахановты мұқатпақ болуда. «Жас Алаш» газетінде Мұқтар Шахановқа өтірік жаны ашығансып қойып, (өзгелердің бәрін ақымақ санайтын болу керек), ардақты ақынды барынша кекетіп, мұқатып баққан әлдекім (бүркеншік ат болуы да мүмкін) «Руханият» партиясын іске алғысыз етіпті. Ал газетіне «Общественная позиция» деп айқайлатып ат қойып алып, өзінің қара басының деңгейіндегі позициясын білдіргіш бас редактор Бақытгүл Мәкімбай деген Президент кеңесшісі Е.Ертісбаевтан сұхбат алып отырып, оның аузына «Ақ жолды» қаралайтын сөз салғысы келеді. «Ақ жолдың» құрамы әлсіз деп, өздерінің «Азат» партиясының қазақ тіліне қарсы басшылары мен жалаңаш, дамбалсыз «демократтарына» дейін тізіп шығып, біраз бөсіпті. Мәкімбайларға ере кетсе, Ертісбаев бола ма, сұңғылалығына басып, ол мақтаған саясаткерлерді бір-бір ауыз сөзбен сілейтіп салыпты. Ертісбаевқа біздің де қосарымыз бар. Ол кісі білмейтін болу керек, немесе өзі де ұлттық мүдделерге қарсы болып жүрген соң айтудың ретін таппаған шығар. Тәуелсіздігімізді жариялауда ересен еңбек еткен «Азат» қозғалысының атын тал түсте тартып алған «Азат» партиясы елге белгілі брэндті (ол қозғалыс қазір болсын, болмасын) заңсыз иелене кету өркениетті елдерде өлімнен күшті ұят екенін білмейтін болуы керек... Ал сол ұлтшыл бағыттағы «Азат» қозғалысының атын алған партия басшылары ұлттық мүддеге қарсылықтарымен елге белгілі ғой. Мәкімбайдың аузының суы құрып мақтаған «майталмандарды» біз де таныстыра кетейік. 90-шы жылдары «төлқұжаттан «ұлт» деген графаны алып тастайық» деп, «орыс тілі де мемлекеттік тіл болсын» деген, Президентті ең алғаш «папамызсың» деп, автоқаламын 3 милионға сатып алып, жағынғанда жа­нын­дағылардың өзін далада қалдырған Болат Әбілевті бір деңіз. Бүгінгі ақжолдық Амангелді Айталы 2004 жылы «депутаттарға қазақ тілін білу – міндетті» деген заң жобасын дауысқа салғанда мемлекет Мәжілісін басқарып отырып, мемлекеттік тілге қарсы болған Жармахан Тұяқбайды екі деңіз. (Бұл стенограмманы «Жас қазақ үні» газеті жариялап, 90 пайыз қазақ депутаттарын қара тізімге кіргізіп, бетперделерін сыпырғаны елге әйгілі). Қазақ тіліне қарсы болған сол кездегі Мәжіліс депутаты, қазіргі «Азат» партиясының Астанадағы жетекшісі Серікбай Әлібаев та осы қара тізімде. Қос төраға Тұяқбай мен Әбілев екеуінің Тәуелсіздігімізге 20 жыл толғанда да қазақ тілін қолдаған кешегі 138- дің хатына қарсы болып, тайқып кеткендері тағы бар. Сол Ашық хатқа ашық қарсы шыққан, ұлттық тәлім-тәрбиеге түкіріп қойып, кемпір болғанда кешірілмес күнәға батып, интернетте бүкіл ел мен бала-шағасының алдында тыржалаңаш шешінген Гүлжан Ергалиеваға ерекше тоқталу керек шығар... Ондайларды ит қосып қуатын қалың қазақтың бетіне қалай қарамақшы ол ертең сайлауда? Әлде, «азаттықтар» сайтта жалаңаштанып адам жинағандай, сайлауда да Ерғалиеваны шешін­діріп дауыс жинайтын болар? Петр Своиктің де кім екені белгілі. Ертісбаев айтпақшы, кезінде Үкімет басшысы Әкежан Қажыгелдин үкіметтен қуып жіберген Петр Своик дегеніңнің қазаққа қалай қарсы болғанын кезінде талай газет жазған болатын... Ал «Ақ жол» партиясы қазір ең басты мәселе болып отырған ұлттық мүддені о бастан ұлықтап келеді. Барлық партия­лардың ішінде тұңғыш рет Ұлттық концепция жасаған жалғыз партия. Тұңғыш рет 30-шы жылдардағы қолдан жасал­ған ашаршылық зобалаңы үшін Кеңес империясының кешірім сұрауын талап еткен партия. Тұңғыш рет Желтоқсан көтерілісінің 25 жылдығына арнап, Халықаралық мүшәйра өткізген партия. Кешегі 138-дің хатын қолдап, мемлекеттік тілдің жеке-дара статусы болу керек деп, Президиум мәлімдемесін жасаған жалғыз партия. Ұлттық экономиканың дамуы үшін кәсіпкерлерден алғашқы 3 жылда салық ұстамауды сұрап, қол жинаған партия. Жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуді талап еткен партия. Кеше ғана партияның Х құрылтайында жасаған баяндамасындағы «Қазақ­стан Республикасының аза­маттығын қазақ тілін, ҚР Конституциясын және Қазақстан тарихын білуі жөнінен емтихан тапсырғаннан кейін беруді заңнамалық тұрғыдан бекіту» деген Азат Перуашевтың талабын «Азаттың» барлық басшылары да, жалаңаш-бүтіні болып барлық белсенділері де айта алмайды. Ешқандай партия айтқан емес. Ал «Ақ жолда» Перуашевтан басқа ешкім жоқ деген мәкім­байлар Мәжілістің екі шақырылымында да ұлт­тық мәселелерді көтеріп, ел ықыласына бөленген Амангелді Айталыны неге көрмегенсиді? Әлеуметтік салада алдына түсетіндер аз Людмила Жуланова ше? Ұлттық мүдделерде өз пікірін ашық айтып жүретін, елге қадірлі тарландар Исрайл Сапарбай, Ибрагим Исаев, Серік Тұрғынбеков, Смағұл Елубай, Ханбибі Есенқарақызы, Кенжеғали Мыржықбаев, Асылболат Смағұловтар ше? Желтоқсан ақиқатын зерттеуші, азаматтық айқын пікірлерімен танымал экс-сенатор Сабыр Қасымов, саясаттанушы, оппозициялық «Қазақстанның Демократиялық таңдауы» партиясының алғашқы бағдарламасын жазушылардың бірі Бөріхан Нұрмұхамедовтар елге белгілі есімдер. Айтпақшы, «оппозиция» демекші, Б.Әбілевтың партияластарынан жасырынып, қалай Президенттің алдына кіргені, Әбілевтің де, Тұяқбайдың да Ақордадағы кураторларына қалай есеп бергені (Р.Әлиев жариялаған аудиофайл) туралы интернет пен БАҚ- та талай жазылды. Мәкімбайға қажет болып бара жатса, қайталауға болады... Өзіне сенбегендер ғана өзгені қаралауға құмар. Ал айғайламай-ақ іс тындыратын «Ақ жол» партиясының Мәжілістегі және көптеген маңызды дөңгелек үстелдердегі ұсыныстары бүгінде заңдарымыздан көрініс тауып, ел игілігіне жарап жатқаны белгілі. Ұлт мүддесін ұлықтаған «Ақ жолға» аламанда әрдайым Ақ жол!

Қазыбек ИСА

                                                                                                                                                                                                                    *Бір ауыз сөз

«Ақ жолға» жарамағандар «Әділетке» бола береді...

            Өзінің жеке бас мүддесіне оң қарап, «Ақ жол» партиясының жұмыстарына сол қараған Солтүстік Қазақстан облысындағы партия филиалы төрағасы болып істеген Павел Афанасеев шалағай шумен атын шығарғысы келіп жүр. Оның партия жұмысын ұмытып кеткені соншалық, жарғы бойынша екі ай бұрын өзінің өкілеттігі бітіп, Солтүстік Қазақстан облысы филиалы төрағалығынан шығып қалғанын да білмейтін болып шықты...

Ол сонысына қарамай, мемлекеттік тілдің Ата заңдағы статусына сай болуын қолдаған 138 ұлт зиялысының Ашық хатына қол қойған «Ақжол» партиясы төрағасы Азат Перуашевті осындай азаматтық һәм мемлекетшілдік қарекеті үшін айыптап, жала жабады. Оның ойынша, Ашық хатқа қол қоймас бұрын партия төрағасы Перуашев Петропавлға телефон соғып, Афанасеевтан ақыл сұрауы керек екен... Ал Афанасеевтың Ашық хат мәтінін «Ақ жолдың» президиум мүшесі жазғанын, оған партияның 5 президиум мүшесі мен 20- ға жуық Орталық Кеңес мүшелері қол қойғанын білуге деңгейі жетпесе керек. Ол орыс тілінің ресми тіл болып табылмайтынын Конституциялық Кеңес дәлелдеп бергенін де, яғни заңды білмейтін болып шықты. Сондықтан болар, жалған төрағаға жалпы солтүстіктік ақжолдықтар қарсы болды. Қазір СҚО филиалының төрағасы болып, «Көкшетауминерал» зауытының фи­лиал директоры Дмитрий Подковыров жап-жақсы жұмыс істеп, Афанасеев жі­берген кемшіліктерді орнын толтырып жүр. Ал, бір қызығы осы «Ақ жолға» жарамай, шығып қалған П. Афанасеевты «Әділет» партиясы өздерінің Солтүстіктегі филиалының төрағасы етіп сайлапты. Әрине, жұмысқа кімді алатыны әр партияның өз шаруасы. Бірақ, өзіне тапсырылған партиялық жұмысты ақсатқандықтан, «Ақ жол» партиясы шығарып тастаған, заңнан хабары жоқ Афанасеевке заңгерлер партиясының зәру болып қалғаны қызық болды. Алда алда- жалда «Ақ жолдан» шығып қалғандар болса, «Әділет» партиясына хабарлай салу керек екен...

Қазыбек Жарылқасынұлы