Қазыбек ИСА: Мемлекеттік тілді қолдау – ел бірлігін қолдау! АЛАШ ЖОЛЫН ҰСТАНҒАН «АҚ ЖОЛ» ҰЛТ мүддесі үшін КҮРЕСУІ тиіс!

к

Қазыбек ИСА, «Ақ жол» ҚДП Президиумы мүшесі

          Биыл 20 жылдығын тойлағалы отырған Тәуелсіздігіміздің бастауында тұрған Алаш партиясының ізбасары болу, қандай партия болса да, ұлт алдында өте үлкен жауапкершіліктер мен зор міндеттер жүктейді. «Ақ жол» партиясына Алаш үшін аса қасиетті болып саналатын Алаш партиясының ізбасарымыз деп мәлімдеу бар да, оны іске асыру бар. Бұл тұрғыда партия төрағасы Азат Перуашевтың баяндамасын тыңдай отырып, көңіл демделгенін айтуға болады. Ақжолдықтар партияның Х құрылтайын Алаш көсемдерінің бірі, ұлттың рухани ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың мұражайына барып, ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан бастады. Менің білгенімде, Ақжолдықтар құрылтайын Алаш көсеміне тағзым етуден бастаған бірден- бір партия. Сол ұлы тұлғамыз Ахмет Байтұрсынұлы 50 жасқа келгенде 1923 жылы «Ақ жол» газетінде Сәкен Сейфуллин ол туралы мақала жазды. Ахаңды барынша мақтап, бар қасиеттерін атап көрсеткен қызыл сұңқар ақынның өзі «ең бастысы – ол ұлтшыл» деп мақтады. Көріп отырсыздар ма, сол кездегі ең басты жақсы қасиет – ұлтшылдық болатын. Кез келген елде ардақталатын осы қасиетті ұлтшылдық 70 жылдық Кеңес империясы кезінде ардақталудан – атылатын қасиетке айналып кетті. Ал кеңес одағы күйреп, тәуелсіздік алғанымызға 20 жыл толды. Ендеше ата-бабамыз бен Алаш армандаған Тәуелсіздікке қол жеткізіп, арыстарымыз ақталғанда, «ұлтшылдық» қасиетіміз де ақталуы тиіс еді. Алайда кешегі коммунистік империяның елесінен әлі арылғысы келмейтін билік ұлтшылдықты Тәуелсіздігіміздің берік қорғанысы, патриоттықтың атасы етуге асығар емес. Керісінше, сол кеңес империясы пайдаланған әдістен айрылмай, ұлтшылдықты ұлттың нағыз жанашырларына қарсы «құрал» ретінде пайдалануда. Бір кезде ұлтшылдық үшін арыстар атылып кетсе, енді ұлтшылдықпен мақтануға тиіспіз. Өйткені тәуелсіз елміз. Тәуелсіздік баянды болу үшін біз ұлтымызды жақсы көруіміз керек. Мемлекетімізді сақтауымыз керек. Ал Парламентке ұлтшылдар баратын, ұлттық сезімі, мемлекетшілдігі, патриоттығы үшін сайлайтын кез жетті! Әрине, ол үшін, ең алдымен, әділ сайлау қажет! Әлемде жалғыз ел бар, мемлекеттік қызметкерлері мемлекеттік тілде сөйлемейтін, ол – Қазақстан. Әлемде жалғыз ел бар, өзі бір кезде отары болған шетелдің тілінде сөйлейтін, ол да – Қазақстан. Өз мемлекетінде өзінің мемлекеттік тілінің мүшкіл халіне акция өткізетін, оған өліп-талып, зорға қол жеткізетін ел де осы – Қазақстан. Мен 80-жылдары студент кезімде ойлайтын едім, «неге біз орыс тілінде сөйлеуге тиіспіз? Неге өзге ұлттар қазақ тілінде сөйлеймейді?..» деп. Жауап белгілі – бодан едік. Біздің тіліміз құл елдің тілі еді… 90-шы жылдары, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары менің балам маған осы сұрақты қойды: «Неге біз орыс тілінде сөйлейміз, олар неге қазақ тілінде сөйлемейді?» деп. Мен ол кезде болашақтан үмітті едім. Бес-алты жылда солай болады деп сеніммен жауап бердім. Бірақ бұл кезде де біздің тіліміз әлі бодан елдің тілінен аса қойған жоқ еді… Енді міне, Тәуелсіздік алғанымызға да, Тіл туралы заңымызға да 20 жыл болғанда, осы сұрақты маған баламның баласы қоюда: «Біз неге шетел тілінде сөйлейміз? Мемлекеттік тіліміз әлсіз бе, әлде мемлекетіміз әлсіз бе?..» деп. Мен бұған не деп жауап беремін? Біз бұған не деп жауап береміз, халайық? Бұл – 70 пайыздай, яғни 10 млн қазақтың сұрағы! Бұған кім жауап беруі тиіс? Кеше ғана Президентіміз таратып жіберген Мәжіліс осыған жауап беріп, Мемлекеттік тіл туралы мықты заң қабылдауы керек еді. Жасай алмады. Енді Мемлекеттік тіл туралы мықты заңды халықтың қолдауымен Парламентке барса, ең басты мақсаттарының бірегейі – мемлекеттік тіл болған Алаш партиясының ізбасары «Ақ жол» партиясы қабылдатуы тиіс. Алаш жолын ұстанған «Ақ жол» ұлттық мүдде үшін, мемлекеттік тілдің мерейі үшін күресуі тиіс! Өйткені Елбасымыздың өзі «елді біріктіруші фактор – мемлекеттік тіл» деп мәлімдегені белгілі. Өзімізді-өзіміз енді тағы 20 жыл алдасақ, тілсіз мемлекетке айналамыз. Тілің болса ғана – тірісің. Тілің болмаса – өлісің. Сонда біз қандай мемлекетпіз? Қазақ тілін үйренуге миллиардтаған ақша бөлудің қажеті жоқ. Қазақ тілі қажет бол­маса – ол ақшаны не үшін бөлеміз? Шенеуніктер шеті­нен бөліп алып, шетелге қа­шып кетуі үшін бе? Ең алдымен мем­лекеттік тілдің – қазақ тілінің қажеттілігін тудыратын, әр адамға міндеттейтін заң қажет. Мемле­кеттік тілді білмеген адам мемлекеттік қызметке де, жоғары оқу орнына да қабылданбауы тиіс. Міне, сонда әркім, ешқандай мемлекеттің ақшасынсыз-ақ мемлекеттік тілді 6 айда үйреніп алады. 20 жылда емес! 20 жылда ешкім, ешқандай мемлекеттік қыз­меткер 20 сөз үйренбесе, онда біздің заңымыздың не құны қалды? Қазақ мемлекетінің аты –Қазақ Республикасы болуы тиіс. Кешегі 70 жыл билеген кеңес империясы кезінде де Қазақ Республикасы еді. Сонда «қазақстандық» деген атаудың елді шулатуынан құтыламыз. Өткен жылы бәріміз «қазақстандық» емес, «қазақ» болайық дегенде соншалықты шу болмас еді. Дамыған ұлттық мемлекеттерде солай. Францияда бәрі француз, Түркияда бәрі түрік. Ешқандай «стан» деген құйыршық жалғаусыз. Бұған біздегі өзге ұлт өкілдері де түсіністікпен қараған болар еді. Қазақ халқының есебінен, қазақ тілінің есебінен, қазақ мүддесінің есебінен, қазақ төзімпаздығының арқасында сақталып келе жатқан тыныштық үшін өзге ұлт өкілдері енді қазаққа алғыс айтып, мемлекеттік тілді үйренуге міндетті болсын. 20 жыл мемлекеттік тілде сөйлемеген билікке де алғыс айтып, енді елдің бәрін мемлекеттік тілде сөйлеуге міндеттеуге олардың өздері ықпал етсін. Елбасымыз жиі айтатын толеранттық тек қазақтарға ғана арналмаған, барлық қазақстандықтарға арналған. Малайзия 1963 жылы тәуелсіздік алғанда Малай ұлты 40 пайызға да жетпейтін еді. Бірақ соған қарамастан Малай халқы енді малай емес, қожайын ұлт екендіктерін сөзбен ғана емес, нақты іспен дәлелдеп, мемлекеттік тіл, яғни қожайын тіл – Малай тілі деп жариялады. Сонымен қатар, қаншама жыл отарда болғандықтан, малай ұлтына басымдық берілді. Бұндай тарихи заңдылыққа 60 пайыздан астам болса да, өзге ұлт өкілдері парасатты түсіністікпен қарады. Малай ұлты 45 жылдан кейін, 2008 жылы ғана 50 пайызға жетті. Ал біз Тәуелсіздік алғанда қазақ ұлты 50 пайыздан көп еді. Тәуелсіздік алғанымызға қазір 20 жыл болса да, қазақ халқы 70 пайызға жуықтаса да, ұлттық мүддеде біз шын мәнінде Малайзияның маңына да жуый алмай, әлі тезек теріп келеміз. Қайта Кеңес кезінде қазағы басым Атырау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан секілді облыстарда іс қағаздары тек бір тілде, қазақ тілінде болатын. Қазір екі тілде. Екі есе шығын кім үшін, облыс пен астаналардағы мемлекеттік тілден мақұрым мемлекеттік қызметкерлер үшін бе? Кеше мемлекеттік тілді қолдауға арналған ел зиялыларының, 138-дің хатына қарсы шыққандар өзге ұлттар емес, өзіміз. Парасатты кәріс қызы Клара Хан, Украин Мәдениет орталығының төрағасы Валентин Лымаренко және Николай Щербинин, Алла Платонова секілді орыс ұлтының озық ойлы өкілдері мемлекеттік тілді қолдап шықты. «Қазақ тіліне қарсылық қазақ халқына қарсылық» деді Клара Хан ханым. «Қазақстанда қазақ тілі үстем болуы тиіс!» Кез-келген мемлекет мемлекеттік тілсіз өмір сүре алмайды. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің өмірі, мемлекеттің бейнесі. Бізде ол –Қазақ тілі. Бұл – Қазақстан Республикасы! Сондықтан мемлекеттік тілді бәрі білуі керек!» деп мәлімдеді Валентин Лымаренко. «20 жыл тіл үйренуге аз уақыт емес, орыстар ренжімеуі керек! Мемлекеттік тілді білмегендер, елді қалай басқарады?» деді орыс Николай Щербинин. Ал орыс қызы Алла Платонова Көкшетауда өткен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының V құрылтайында: «Қай мемлекетте тұрып өмір сүрсең, сол мемлекеттің тілін білуге, құрметтеуге міндеттісің! Қазақша сөйлемеу, үйренуге құлшынбау мемлекеттік тілді, яғни мемлекетті сыйламау. Қазақтың нанын жеп, ауасын жұтып, бірақ тілін менсінбеушілер елдеріне кетсін!» деді. Бұны Қазыбек Иса айтып жатқан жоқ, орыстың ойлы қызы Алла Платонова айтты... Яғни, өзге ұлт өкілдерінің барлығы Мемлекеттік тілді қолдау – ел бірлігін қолдау екенін түсініп, ынтымақтастық көрсетіп отыр. Әрине, шетелдің ақшасын алып, сыртқы күштердің ықпалымен тәуелсіз елдігімізге, тату бірлігімізге лаң салғысы келетін «Лад» славян қозғалысы секілділер жайлы сөз басқа, оларды орнына қоятын уақыт жетті! Ал өзіміздің қазақтар билікте де, оппозицияда да мемлекеттік тілді қолдаған ашық хатқа қарсы шықты. Мемлекеттік тілді Атазаңдағы статусына сай ету үшін 7-баптың 2-тармағын алып тастауды ең бірінші талап етіп, қайрат көрсетудің орнына, қарсы шыққан депутаттар Тінікеев, Елекеев, Сыздықовалар өзге елде болса, мемлекеттік мүддеге қарсы ретінде мандатынан айрылар еді... 107 депутаттан 4 депутат қана қолдады мемлекеттік тіл мәртебесін. Биліктегілердің жайы белгілі, ал оппозициямыз деп омыраулауға құмар Әбіләзов, Әбілов, Алдамжаров, тіпті Уәлихан Қайсар және т.б. біраз адамдар осындай сын сағатта мемлекттік тілге, мемлекет һәм ұлт мүддесіне қарсы шығып, бетперделерін ашып алды. Екі үш жыл бұрын Үкімет қазақ тілінде сөйлеп еді, орыс тілді журналистер, ішінде көбісі өзіміздің қазақтар, шу ете қалды. Бұл не деген масқара? Мемлекеттік тілге қарсылық – мемлекетке қарсылық деп танып, осындай тұжырым жасалу керек. Тайраңдаған тәйтіктерге «тәйт!» деудің орнына, тайқып кеткен Үкімет таз кепешін қайта киді. Мемлекеттік тілге, мемлекеттік һәм ұлттық мүддеге қарсы шыққандар жазалануы тиіс. Менің Тәуелсіз мемлекетімнің түбіне жететін, ұлтыма кір келтіретін мұндай жалған «демократияның» не қажеті бар? Ұлттық экономиканың лайықты дамуы үшін кәсіпкерлерді салықтан босату жолында қол жинап жатқан, партиялардың ішінде тұңғыш рет Ұлттық концепция жасаған жалғыз партия «Ақ жолдың» «30-шы жылдардағы аштыққа кінәлі Коммунистік империя кешірім сұрасын» деген мәлімдемесі, Желтоқсан көтерілісінің 25 жылдығына орай елімізде тұңғыш рет Халықаралық мүшәйра өткізуі, Мемлекеттік тілді қолдау, мемлекеттік тілге жеке дара статус беру жөніндегі Президиум мәлімдемесі, мемлекеттік тілді Атазаңға сай ету үшін күрескен еліміздің ең белгілі зиялылары қол қойған «138-дің хатының» бастамашысы һәм мәтінін жазушы да «Ақ жол» партиясының Президиум мүшесі болуы, ол Ашық хатты партиямыздың төрағасынан бастап, 5 Президиум мүшесі мен 20-ға жуық Орталық Кеңес мүшелері қолдап, қол қоюы, қоғамдық ұйымдар жасап шыққан «Мемлекеттік тіл» туралы заң жобасына қатысуы, Алматыда 5 мыңдай халық жиналған тіл туралы митингіні ұйымдастырушылардың бірі болуы және елдегі діни ахуал мен Тараздағы лаңкестікке алаңдап, алғаш мәлімдеме жасаған «Ақ жолдың» Алаш жолындағы қадамы нық екенін көрсетеді. Ал сайлауалды тұғырнамада айқын көрсетілген, Азат Перуашевтың баяндамасында нақты айтылған «Қазақстан Республикасының азаматтығын қазақ тілін, ҚР Конституциясын және Қазақстан тарихын білуі жөнінен емтихан тапсырғаннан кейін беруді заңнамалық тұрғыдан бекіту» деген талапты осыған дейін ешқандай партия айта алған жоқ. «Ақ жол» партиясының бүгінгі бағытын осыдан бір ғасырдай бұрын Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынов айтып кеткендей. Ол: «Біз өзге елдерден кем болмауымыз керек. Ол үшін білімді, бай және күшті болуымыз керек. Білімді болу үшін оқу керек. Бай болу үшін кәсіп керек. Күшті болу үшін бірлік керек. Осы керектердің бәрі іске асу үшін қайрат ету керек!» деп айтып кеткен болатын. Ия, ұлттық зиялылар мен кәсіпкерлер қосылған партия жалпы халық сөзін айтып, ырысқа бастар ынтымақты түрде ел үшін еңбек етіп жатса, Алаш көсемдерінің арманы орындалғаны емес пе?! Қазір саясаттанушылардың сараптауынша 70 пайыз халық партияларға ұлттық мүдде жолындағы істері үшін дауыс береді деп отыр. Ал бес жылдан кейін бұл 100 пайызға дейін өседі дейді. Бұл сараптамалардың жаны бар. Өйткені, бұл саяси да, тарихи да, табиғи да заңдылық. Ендеше ұлт мүддесін ту етіп көтерген «Ақ жол» партиясына алдағы аламанда, Мәжіліс сайлауында Ақ жол!