Мақпал ЖҮНІСОВА: Зәкеңнің қазасына әлі де мені кінәлайды...

Мақпал ЖҮНІСОВА, әнші: – Сұхбатымызды сіздің шы­ғар­машылығыңыздан баста­сақ. Қандай жаңалықтар болып жатыр? – Биыл менің сахнада жүр­геніме 30 жыл. Сондықтан да еліміздің түкпір-түкпірін аралап, шығармашылық кештерімді өткізсем деген ойым бар. – Осыдан екі ай бұрын хабарлас­қанымызда, «аз уақыттан кейін жақсы жаңалықтар болып қалуы мүмкін» деп едіңіз. Құпия болмаса, ол қандай жаңалық? – Біздің жақсы жаңалы­ғымыз – ол жаңа әндеріміз ғой. Көптеген жаңа әндер жазылды, оның барлығын жеке концертімде халыққа тарту етемін. – Алғашқы шығармашылық жолыңызды «Гүлдер» ансамблінен бастадыңыз. Осы «Гүлдер» ансамбліне қалай келдіңіз? – «Гүлдер» ансамбліне келгенімде бар-жоғы он жеті жаста едім. Оныншы сыныпта оқып жүргенімде радиодан «Гүлдер» ансамблінің бас директоры даусымды естіп, мені шақыртты. Даусым ұнаған болуы керек, 10 сыныпты бітіргеннен кейін ансамбльге қабылдаймын деді. Мектепті бітіре салысымен, 17 жасқа толмай жатып, «Гүлдер» ансамбліне келдім. Сол «Гүлдер» ансамблінде жүріп «Тамашаға», үлкен сахнаға, үлкен концерттерге шығып, халыққа тез танылып кеттім. Бағыма орай, жақсы әндер кездесті. Мәселен, «Кетсең де шалғай», «Екі жұлдыз», «Аққу сезім», «Ғашықтар жыры» деген әндер менің орындауымда жарыққа шықты. Одан соң домбырамен де ән айта бастадым. Осылай шығармашылық жұмысым басталды. Бүкіл республиканы аралайтынбыз, күніне 5 концерт беретін күндеріміз болды. Ол кезде халық концертке өте көп келетін. Сондай-ақ «Гүлдер» менің өнер жолыма ғана емес, өміріме де үлкен өзгеріс әкелді. Болашақ жарыммен осы өнер ордасының қабырғасында жүріп таныстым, әрі табыстым десем де болады. – Сіздің орындауыңыздағы «Ғашық жүрек», «Қыз ғұмыр», «Фариза қыз», «Қоштасу» сияқты көптеген әндер халық арасына тез тарап, барған жеріңізде ел сол әндерді сұрайтын болды. Бұл әндер әлі күнге дейін сұранысқа ие. Осы тұста бір ой туындайды: сол жылдары сіздер орындаған әндердің барлығы ел арасына тез тарап, әрбір қазақтың жүрегінен жылы орын алатын. Ал қазіргі ақпараттық заманда қандай әннің шығып жатқанын да біле бермейміз. Бұл қазіргі композиторлардың, дәлірек айтқанда, олардың әндерінің жүрекке жете бермейтіндігінен бе, әлде «шөп те өлең, шөңге де өлең» болған уақытта мыңдаған әндердің ішінен керегіміз қайсысы екенін танып-білуден қалдық па? – Ең бастысы, халыққа сапалы әнді жеткізе білу керек. Әші әнді таңдар кезде әннің мәтініне, сөзіне баса назар аударса құба-құп. Жәй айтылатын ән болсын, жылдам айтылатын ән болсын, кәсіби деңгейде жазылуына мән берген жөн. Ең бастысы, әнші әннің сөзін, мағынасын, ойын, сырын түсініп, сол әннің ішіне ене отырып, жүрекпен халыққа жеткізу керек. Жүректен шыққан ән ғана жүрекке жетеді. Өзім Аллаға мың алғыс айтамын, маған көбінесе үлкен композиторлардың әндері бұйырды, ол кісілермен тығыз шығар­машылық байланыста болдым. Мысалы, Әсет Бейсеуов, Әбілахат Еспаев, Шәмші Қалдаяқов, Кеңес Дүйсекеев сынды ағаларымыздың әндерін орындадым. Ал домбырамен орындалатын әндерді айтсақ, кәсіби маман болмасам да, үлкен дарынмен жазылған, ауылдың иісі аңқып тұрған тамаша әндер шырқадым. Сондықтан да болар, халықтың көңілінен шығып, ыстық ықыласына бөленіп жатқандығым. Қазіргі композиторлардың көпшілігі жас. Тіпті, олардың арасында оқымағандарының өзі ән жазып, онымен қоймай, сөзін де өзі жазып жатады. Ондай әндер көпке бармайды. Әйтпесе жақсы-жақсы орындаушылар, дауыстары керемет әншілер баршылық. Соңғы уақытта шығып жатқан жастар тек жастарға ғана арнап жұмыс істейді. Олай болмайды, біз, әншілер қауымы, үлкен қарияларымызға, орта буын өкілдеріне, жалпы халыққа қызмет етуіміз тиіс. – Сіздің сахнадағы киім үлгілеріңіз ешкімге ұқсамайды. Ешқашан ашық, қысқа кигеніңізді көрген емеспіз. Сахналық киімдеріңіздің үлгісін өзіңіз таңдайсыз ба, әлде маманның көмегіне жүгінесіз бе? – Барлық киімдерімнің үлгісін өзім таңдаймын. Көбіне әннің мәтініне байланысты қараймын. Қазіргі таңда таң қаламын, кейінгі шығып жатқан жас әнші қыздардың айтып жүрген әндері мен киімдері сәйкес келмейді. Мысалы, сахнаға шығып халық әнін айтып тұрады. Ал үстеріне қарасаң ашық-шашық, жалаңаштанып алған. Ән қанша жерден жақсы болып тұрғанымен, үстеріндегі киімі үйлеспей тұрса, ол ән халыққа ұнамайды. Тіпті, үлкен кісілер қарап: «Құдай-ай, киіп алған киімін-ай!» деп айтып отырады. Ондай әншілерді жастар тыңдауы мүмкін, ал үлкендер қабылдай алмайды. Сондықтан әр әнді айтқан кезде репертуарға байланысты киіну керек. Өз уақытында мен де жас болдым. Бірақ ешуақытта ашық киінген емеспін. Өйткені, қазақи тәрбиені бойыма сіңіріп, анамның өсиетімен өскен қызбын. Бірде сахнаға жеңі жоқ көйлек киіп шыққанымда анам: «Айналайын, мынауың не, қысқа киіп алыпсың, мата жетпей қалды ма?» деп қатты ұрысқан еді. Содан кейін жабық киінетін болдым. Кейде айтып жатады, «осы сіздің аяғыңыз қисық деп естідік…» дейді. Кім айтты десем: «Жәй… өзіміз солай ойлаймыз. Үнемі қысқа кимейсіз, ұзын көйлек киіп шығасыз. Соған қарап аяғы қисық шығар деп ойлағанбыз…» деп жатады. Содан соңғы кездері шамалы тізеден төмен етіп киіп шықтым, халық аяғымның түзу екенін көрсін деген оймен ... Осындай қызықтар жиі болып тұрады. – Өнерде жүргеніңізге көп жыл болды. Осы уақыттың ішінде әнші ретінде қандай ой түйдіңіз? – Осы уақыт аралығында әншілік өмірдің өте қиын екенін сезіндім. Мәңгі халықтың алдында жүру, өнер көрсету оңай нәрсе емес екен. Елдің алдында жүргеннен кейін жақсыны да естисің, жаманды да естисің және жүз пайыз халық жақсы көреді деп те айта алмайсың. Халыққа ұнап, елдің сүйіктісі болу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан өзіңді көптеген нәрселерден тыйып, көпшіліктің сенімін ақтау үшін өзіңді «құрбандыққа» шаласың. Өмірге келіп, атақ-даңққа ие болғаннан кейін, оның бәрін көтеріп жүрудің өзіндік ауыртпалығы бар. Ойлап қарасам, жастық шақ көзді-ашып жұмғанша өте шықты. Алла қаласа, бір-екі жылда елуге толамын. Барлық ғұмырым осы өнер жолымен басталды және өнермен жалғасып келе жатыр. Осы салада жүргеніме ешқашан өкінбеймін. Халық қадір-қасиетімді біледі, өнерімді бағалайды. Үлкен қарияларымыз ақ батасын беріп жатады. Қай жерге барсам да, үлкен кісілер «қызым» деп маңдайымнан сүйіп, замандастарым «біз сізбен мақтанамыз» деп, жылы сөздерін білдіреді. Ал сіңлілерім келіп, «апатай» деп, сәлем үзбейді. Сондықтан да осындай болып жаралғаныма шүкіршілік етемін. – Барыңыз да, нарыңыз да – өзіңіздің әнге қосқан Мерейіңіз екенін жақсы білеміз. Қызыңыз қалай, өсіп жатыр ма? – Құдайға шүкір, 3-і сыныпта оқып жүр. Үлгерімі жақсы, сабағы «5». Өткенде бір-екі рет «4» алыпты. «Неге «4» аласың» десем: «Мұғалім солай қойғаннан кейін, солай болған шығар, «4» деген баға да жаман емес» дейді. Сосын мен де: «Қызым, «3» алмасаң болды, «4» пен «5»-ке оқы» деймін. Әлі кішкентай, оның үстіне жалғыз түйір қызымды қинағым да келмейді. Сол жалғыз қызымның амандығын, денінің саулығын тілеймін. Болашақта бір жерді жарып шығады деген үміттемін. – Қызыңыз өскенде кім болғысы келеді? Сіздің жолыңызды қуып әнші болғым келеді дей ме немесе әкесінің жолын қуып саясаткер боламын демей ме? – Әлі бала ғой, құбылып тұрады. Біресе әнші, биші, суретші боламын дейді. Өзі суретті жап-жақсы салады, әжептеуір икемі бар. Ал қазір домбыра сыныбына барып жүр. «Мама, сенің қызың бола тұра, домбыра тарта алмағаным ұят шығар, домбыра үйреніп алайын» дейді. Қызыма арнап арнайы домбыра жасаттым. – Сізге еліктейтін Мақпалдардың саны біршама. Ауыл-аймақтардағы талантты жастарды жинап, өнер жолына баулып, алдағы уақытта өзіңіздің жеке музыкалық мектебіңізді ашу ойыңызда бар ма? – Әзірге ондай ойым жоқ. Мектеп ашу оңай шаруа емес. Әркімнің алдына барып, есігін қағу керек. Біздің бағамызды біліп отырған үкімет немесе үлкен азаматтар бар деп айта алмаймын. Қадірімізді білетін болса, осы елде әнімізді салып жүрміз ғой. Мысалы, Астана қаласының қаншама тойлары және қанашама мерекелер өтіп жатыр, ешқайсысына шақыруды білмейді. Көпшілігі шетелдің әншілерін шақырып, өзгенің қалтасын қалыңдатып жібергенді абырой санайды. Ал өзіміздің отандық әншілерге қарайласатын азаматтар өте аз. Тіпті, жоқтың қасы. Кейде ғана көмектесіп тұратын адамдар болады. – Халықтың алдында, үлкен өнер ордасында жүргеннен кейін түрлі жағдайлар болып жатады ғой. Осыдан біршама уақыт бұрын, ұялы телефондарға сіздің мас болған бейнеңізді түсіріп алып, интернетке жариялағанын өзіңіз де көрген боларсыз. Осыған не дейсіз? – Солай жасалынған нәрсе. Ол жерде ешқандай арақ болмаған. Атырау қаласына гастрольдік сапармен барып, концерттен кейін сыра ішіп, балық жеп тұрған кезіміз. Менің ойымша тапсырыспен жасалған дүние. Өйткені, Зәкеңнің қазасынан тура 9 айдан кейін жасалынған. Ол кездері өмірге деген қызығушылығым, өмір сүруге деген ынтамның болмай, өлгім келіп жүрген уақыт болатын. Екі жылдан кейін интернетпен таратып жіберген. Ойлаған болуы керек, «Мақпал осы бейнені көріп, жүрегі ұстап өліп қалады. Елдің алдында ешқандай қадір-қасиеті қалмайды» деген шығар. Жасырын камерамен түсірген, оны жанымдағы музыкант жігіт айтып қойды. Содан мен айқайлап ұрысып, боқтағанмын. Түсірген қазақтың қара домалақ баласы. Қазақтың баласы осылай істеп жатқанда, өзгеге не дейсің?!. Кім сыра ішпейді. Болады ғой кейде тойда, кейде қырда, кейде үйде ішетін кездер. Бірақ мен ешқашан үйде ішімдік ұстамаймын, үйге ішімдік алып кірмеймін, үйде ешқашан арақ атаулысы болмаған. Тіпті, қызым арақтың не екенін де білмейді. Осы жағдайдан кейін менің ештеңем де кеткен жоқ. Өмірде түрлі жағдайлар болып жатыр. Мысалы, небір атақты адамдар ішіп, қылмыс жасап жатқандары да бар. Бірақ, олар жайында ештеңе айтылмайды, түсірілмейді де. Мені түсіріп, халықтың алдында абыройымды түсіріп, менің концертіме ешкім келмей қояды деп ойласа керек. Құдайға шүкір, халық келіп жатыр, қай жерге барсам да зал лық толады. Егер де мен арақ ішетін болсам, осы уақытқа дейін өнерімді жалғастырып, осындай дәрежеде болмас едім. Сондықтан оған қатты қиналған жоқпын. Тек осындай қатігездік қазақтың баласының қолынан келгеніне жүрегім ауырады. Бір еркелеген шығармын, бір назым болған шығар, соны көрсетіп шығару деген сұмдық қой. Мен өзімді мақтағым келмейді. Ия, мен кінәлімін. Сыра ішемін бе, у ішемін бе, өзім білемін. Жалпы, ол нәрсені халыққа көрсетіп, оны дұшпандарым бірінен-бірі көшіріп алып, «ойбай, мынаны қараңдар!» деп кейбіреулері мейрамдатты ғой. Содан кейін «анда-санда дұшпандарға да мейрам жасаған дұрыс қой» деп қоямын. Хьюстонның өзі Қазақстанға келіп, наша шегіп алып, өлең айта алмай, қаншама миллионды қалтасына салып кетті ғой. Соларды неге жазбайды екен. Мысалы, біз Ресейге немесе басқа шетелге барып, солай істеп көрейікші, бізді атып тастайтын шығар… – Өмір болғаннан кейін қуанышы мен қайғысы қатар жүреді ғой. Өмірде қатты қиналып жабырқаған сондай сәттерде неден жұбаныш іздейсіз? – Жақсы адамдардан жұбаныш іздеймін. Аллаға шүкір, жақсы адамдар бар. Сонымен қатар, поэзияны көп оқимын. Мысалы, Мұқағали ағамыздың шығармаларын 5-6 рет қайталап оқыған шығармын. Фариза Оңғарсын, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағали ағала­рымыздың кітаптарын қараймын. Жалпы, жаным жабырқаған сәтте кітапқа және домбыраға сүйе­немін. Қолыма домбырамды алып, жақсы әндерді айтуға тырысамын және жақсы әндерді жаттап аламын. Менің әндерімнің 70 пайызы эфирге шықпаған. Оның барлығын эфирге шығарып, телеарнаға беретін болса, ол тек Мақпал Жүнісованың концерті болып кетеді. Мен ол әндерді телеарна үшін емес, өзім үшін жаттаймын. Барлығымыздың баратын жеріміз бір, Алланың бұйыртқан күні барамыз. Сондықтанда артымда жақсы әндер қалсын деген оймен, өзіме жаздырып қойып жүрмін. – Заманбек ағамыздың қайтыс болғанына біраз жылдан асыпты. Қылмыстық іс ақыры сол күйінде қалды ма? – Биыл алты жыл болды. Солай жабулы қазан жабулы күйінде қалды. Сот ең соңында «өзін-өзі атты» деген шешім шығарды. Оған баласы мен әпкесі қол қойып берген. Жәбірленуші етіп соларды алды ғой. Ал мені адам құрлы көрмеді. Өйткені, «мен өлтірді» деп жала жабылды. Оның бәріне уақыт емші, бір Алланың қолында деп ойлаймын және сенемін. – Жанашыр азаматтар немесе туыстары істі қайтадан қарауды талап етпеді ме? – Жоқ. Ол кісінің ешқандай жанашыры жоқ. Зәкеңнің өзі бір шешенің жалғыз ұлы. Анасы да, әпкесі де өмірден кетті. Жалғыз Қайрат деген ұлы бар. Бірақ, ол ондай әрекетке бармады. – Жарыңыздың бірінші некесінен туылған бауырларымен қызыңыз араласып тұра ма? – Жоқ, араласпайды. Олардың барлығы «мен өлтірді» деп жүр ғой. Зәкең кеткенде бәрі мені қорлады, айтпаған сөздерін айтты. Ондай жағдайдан кейін араласу-құраласу деген болмайтын шығар. Егер де сәлем беремін деп келсе, есігім ашық. Сәлемде тұрған ештеңе жоқ… – Әңгімеңізге рахмет! Әсел РЗА