«Шіріген жұмыртқаға» ЕРТІСБАЕВТАН басқа кім лайықты?

«Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысы мемлекеттік тілге және елдік, ұлттық мүдделерге қарсы шыққандарға арнап «Шіріген жұмыртқа» атты халықаралық сыйлық тағайындағаны белгілі. Ұлтты ұлт ететін тіл мен ділге қиянат жасаған, кедергі келтірген мемлекет, үкімет басындағылардан, министрлерден, облыс, қала, аудан басшыларынан, әртүрлі саланың жетекшілерінен бастап, газет-журнал қызметкерлері мен қоғам қайраткерлеріне дейінгі аралықты қамтитын бұл сыйлықтың үлкен беделге ие болары сөзсіз. Ұйымдастыру комитеті «Шіріген жұмыртқа» сыйлығын биыл 6-7 адамға беруді жоспарлап отыр. Кез-келген адамның беделін бес тиынға дейін құлдырататын «Шіріген жұмыртқа» сыйлығына қазірдің өзінде кандидат ретінде мемлекеттік тіл мүддесіне ашық түрде қарсылық білдірген Қазақстан Республикасы Президентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхаммет Ертісбаев, Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаты Мұхтар Тінекеев, ана тілін менсінбейтін жазушы Дүйсенбек Нақыпов, «Мемлекеттік тілді қолдау» акциясына қатыс­пақшы болған студенттерге «оқудан қуылып, жатақханадан шығарыласыңдар» деп бұйрық берген Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есполов, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, Мұхтар Әбләзовтің ықпалымен жүретін, ұлттық, тілдік мүддеге ашық қарсы шыққан Хасен Қожа-Ахмет, мемле­кеттік тілді қолдаушыларға қыр көрсетіп, оларға жала жабуға тырыс­қан республикалық «Мегаполис», «Время» және «Взгляд» газет­тері ұсынылды. Сыйлыққа ұсыну жұмыстары әлі де жалғаса бермек.

Ұйымдастыру комитеті