Қазыбек ИСА. Әблязов неге қазақ тіліне қарсы билікпен ауыз жаласты
2011 ж. 21 қыркүйек
1485
10
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТАҒДЫРЫНЫҢ ШЕШІЛМЕУІ – МИНАНЫҢ ЗАЛАЛСЫЗДАНДЫРЫЛМАУЫ...
КОНСТИТУЦИЯНЫ ӨЗГЕРТУ ЖАЙЛЫ САУАЛ -
КІМНІҢ КІМ ЕКЕНІН АНЫҚТАЙТЫН ДЕТЕКТОР
Меніңше, осыдан бастап, біздің қожайын тілінде сөйлеуге құмар құлдық құлқындыларымызды «орысқұл» деп атау керек шығар... «Отар кезіндегі орысқа құлдығынан арыла алмай жүргендіктен, қожайын тілінде - орысша сөйлеп, орысша ойлайтын, орыс тілін қорғап, орысша өмір сүретін құлақкесті құл» деген сөзден шыққаны анық аңғарылып тұрған жоқ па? Сонда 138-дің Ашық хатына қол қоймай, қазақ тіліне қарсы шығып, орыс тілінің жолында өлетін саясаткерлер Ертісбаев, Мәми, Мұхамеджанов, Алдамжаров, Әблязов, Әбілов, Ж.Қуанышалин, М.Тінікеев, Бақыт Сыздықова, Бибігүл Төлегенова, Дүйсенбек Нахимов, Ж.Мамай, А.Омарова және тағы басқалардың аттары аталғанда тіл ұшына «орысқұл» деген атау орала кететін болады... «Мәңгүрт» дегенге балама, синоним деуге де болатын бұл атау үшін терминкомнан ақы сұрамайтынымды Мәдениет министрлігіне ескертемін... Өттерің жарылып кетсе де айтайық, қазір «қазақ тіліне қарсы емеспіз, дамуы керек, бірақ орыс тілінің мәртебесі жойылмасын» деген билік пен оппозициядағы қаптаған орысқұлдардың осындай екіжүзділік, көзбояу «қағидаларының» тура мағынасы, яғни қазақша аудармасы - «қазақ тіліне қарсымын, өле берсін, орыс тілі жасай берсін» деген сөз. Осы сөзді және «мемлекеттік тілге түгел өту үшін әлі де уақыт керек» деп, өздерін «отыз жылда тіл үйренетін» Қожанасырдың есегімен теңестіретіндер жиі айтатын оттау сөзді айтушылар – мемлекеттік тілге және мемлекетке қарсылар. Бұл – Отанға опасыз Орысқұлдардың оттаубайы! Бұны түсінбейтін қазақ ақымақ емес. Өйткені тең ұсталуы мүмкін емес Тіл Таразысында өзінің конституциялық заңды орынын 20 жылдан бері антиконституциялық орыс тіліне беріп қойған қазақ тілі дамуы үшін... орыс тілі кемуі керек. Бұл табиғи һәм тарихи және ғылыми заңдылық. Онсыз, бірін өсіріп, бірін кемітпесең, 100 пайыздық өлшем заңдылығына қалай қарсы шығасың... Ол елді алдау емес, ең алдымен өзіңді алдау! Ел соған миы жетпейтіндей сауатсыз емес... Әсіресе, дәл қазір... Себебі, орыс тілі туралы Конституцияның 7-ші бабының 2-ші тармағын алып тастау жөніндегі біздің биліктен талабымыз қазір кімнің кім екенін дәл анықтайтын детекторға айналды. Өйткені, биліктегі де, оппозициядағы да өп-өтірік «елім, тілім», деп еңірегенде етегі жасқа толатындардың екіжүзділіктері әшкере болуда. Біздің саясаткерлер мен қайраткерлерге, қаламгерлерге, мәдениет пен өнер өкілдеріне, жалпы зиялыларға сауын айтып, сауал салып жатқан «Ұлт зиялыларының Үндеуіндегі Конституциядан орыс тілі туралы 7-ші баптың 2-ші тармағын алып тастау талабын қолдайсыз ба?» деген жалғыз сұрақ олар үшін ертегідегі жан алғыш жалғыз көзді дәуден де қорқынышты болуда. Біздің «мазасыз» телефондарымыздан қашу , «өзім хабарласамын» деп жалтару, электронды поштаға, тіпті sms-ке де жауап бермеу үдеп тұр... Біз әжептәуір үміттеніп жүрген жас саясаткер Жанболат Мамай да, Әблязов пен ертісбаевтардың қазақ тіліне қарсы сөздерін айна-қатесіз қайталап, екіжүзділігін білдіріп қойды. Ол қазақ тіліне қарсы майданның жалауын ұстап тұрған әблязовтық «Республика.инфо» порталына берген жауабында өзінің 138-дің хатын оқымай қол қойғанын, егер оқыса да, өмірі қол қоймайтынын «мақтанышпен» мәлімдейді. «Моя позиция остается прежней: государственный язык развивать нужно, но не в ущерб другим языкам. Я также считаю преждевременным влезать в Конституцию и лишать русский язык официального статуса.» Яғни, жоғарыда айтып кеткеніміздей, «қазақ тіліне қарсы емеспіз, дамуы керек, бірақ орыс тілінің мәртебесі жойылмасын» деген билік пен оппозициядағы қаптаған орысқұлдардың осындай екіжүзділік, көзбояу «қағидаларының» тура мағынасы, яғни қазақша аудармасы – «қазақ тіліне қарсымын, өле берсін, орыс тілі жасай берсін»деген сөз. «Республикалық» тілшінің мұрнынан сүйрегеніне бұзаудай телпеңдеген Жанболаттың сауатсыздығы һәм біржақтылығы «бұл хатқа неге билік ұйымдасқан түрде бірден назар аударып отыр, ал бұрын бұлай хат жазғанымызда олай болмап еді. Сондықтан бұл биліктің ісі»» деп, беті бүлк етпеуінен көрінеді. Әрине, көсемі Әблязов айтқан «анықтамадан» айнымау керек қой... Ау, бұрынғы қаптаған ашық хаттарда орысқұл билік пен оппозицияның ең жанды жері – Конституцияның 7 бабы 2 тармағын алып тастау болып па еді?.. Бұл бір. Екіншіден, қазақ тілділердің қарқынынан қауіптенген Жанболатты қазақ тіліне қарсы 5000-дай орыстілділердің ұйымдасқан түрде бірден шабуылы ойландырмайды? Неге? Одан соң «Конституцияны өзгерткенше, қазақ тілінде оқулықтар, сөздіктер жазу керек» деген бұрынғы қарсыласы, орысқұл Айгүл Омарова секілді түкке тұрғысыз, елді алдайтын, мемлекеттік БАҚ күнде жазатын бос мылжыңды езгілейді. Ол қазақша оқулық,сөздіктерді Конституцияның 7 бабы 2 тармағын алмай, ешкім де керек етпейтініне осылай дегіштердің миы жетпегені ме? Ақырында Ж.Мамай жеп отырған «жемін» ақтап, бір-ақ тынады: «Бәрі «Халық майданына» қосылу керек» дейді. «Халық майданын» басқаратын Әблязовтардың қазақ тіліне қарсылығы биліктен, ертісбаевтардан да асып тұрса, кім қосылады? Сөйтіп, мемлекеттік тілді бірінші орынға қоймайтындар, орысқұлдығын, өзінің қазақ тіліне қарсылығын « ең алдымен билікке қарсы күресу керек» деп, «ең оңай, жеміссіз арзан әдіспен» ақтап алуға тырысады. Осылайша,Маргаританың мақамынан шыға алмаған Мамайымыз да «Мақтаған қыз тойда бүлдіреді...» дегеннің өзі болып шықты... Ал қазақы қаны бар деп жүрген Қыдырәлі Болмановтың қазақша қуыршақтар жасағанын қос қолдап қолдаймыз. Бірақ қуыршақ жасаушы Қыдырәлінің биліктің қуыршағына айналып кеткені өкінішті... «Жас қазақ үні» газеті 2004 жылы қазақ тіліне қарсы дауыс берген Парламент депутаттарын әшкерелеп, қара тізімді жария еткенде қоғам бір дүр сілкініп еді. Бұл тізімді барлық басылымдар жарыса көшіріп басып жатты. «Егемен Қазақстанның" өзінде әйгілі тарланбоз Шерхан Мұртаза: «Кімнің кім екенін білгің келсе, «Жас қазақ үні» газетін оқы!»деп айқай салды. Осы бас газетте белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеев «Ауыл» партиясының төрағасы Ғани Қалиевке: «Сіздің қазақ тіліне қарсы шыққаныңызды «Жас қазақ үні» газетінен оқып білген соң, бұндай партия қатарында бола алмаймын» -деп жазып, партиялық билетін қайтарып берді... «Қазақ әдебиеті» газеті: «Жас қазақ үні» газеті қоғамды бір мақаламен-ақ түртіп оятты» деп жазды. Енді міне, кімнің кім екенін білетін тағы бір кезең ,сын сағаты туды... Тағы да зор сілкініс тудырған... тағы да қазақ тілінің ауыр тағдыры... Негізі, мемлекеттік тілді білмей келгеніне Қазақстан азаматтары кінәлі де емес. Өйткені, олардан ешкім мемлекет ретінде мемлекеттік тілді талап етіп жатқан жоқ қой... Бұл жерде бәріне басты кінәлі - билік. Әйтпесе, Тәуелсіздік алған жылдары өзге ұлт өкілдері заңды тіл талабына көніп, барлығы тіл үйрену курстарына барып, балаларын қазақша балабақшаларға бере бастап еді... Жақсы басталып келе жатқан осы үрдісті тоқтатып қойған биліктің өзі. Үкімет төрағасы болған Қарамановтың кезінде Тіл туралы заңға қара дақ салған, мемлекеттік тіл рөлін төмендеткен бір қаулы шықты да, жұрт босаңсып сала берді. Ал бәрін бүлдірген сол, Конституциядағы 7-ші баптың 2-ші тармағы... «Ауруын жасырған өледі» деген керемет мақал бар... Минаны жоқ деп жасырғаннан... ол жарылмай қалмайды... Оны залалсыздандыру керек. Оның бір-ақ жолы- Қазақ елінде тек бір ғана қазақ тілін мемлекеттік тіл ету! Ұлтаралық қарым-қатынас тілі дегенің де, ресми тіл дегенің де – мемлекеттік тілдің атқаратын шаруасы. Оған өзге ұлт өкілдерінің басым бөлігі қарсы емес. Тек өзіміздің биліктегі де, оппозициядағы да мемлекеттік һәм ана тілдеріне миы жетпейтін орысқұл қазақтар қарсы. Биліктің елді 20 жыл алдап келгені жетеді!.. Мемлекеттік тілдің тағдыры шешілмей қала беруі – ақырындап жарылатын минаның залалсыздандырылмай, қауіпті сағаттың жақындай беруі болып табылады. Желтоқсан көтерілісінде ары үшін малын да, жанын да садаға қылатын қазақтар алаңға «қарнымыз ашты» деп шыққан жоқ, «қадіріміз қашты - тіліміз, ұлттық мүддеміз қор болды» деп шықты. Бұны білуге билікке көп ақылдың керегі жоқ. Иә, тек құлдық пиғылдан арылтатын намыс пен жігер ғана керек. Әблязовтың «әліппесін» тыңдамай, қазақстандық өзге ұлт өкілдеріне: «Сіздерді 20 жыл бойы мемлекеттік тілді міндетті үйренуден заңсыз айырғанымыз үшін кешірім сұраймыз»- деп, Тәуелсіздіктің 20 жылдығында тәуелсіз де, басты қадамға баруы керек. Сонысымен де, мемлекет – мемлекет емес пе?!. Егер шынымен де, Тәуелсіз ел болсақ... тек осылай етуге тиіспіз!«Жас қазақ үні» газеті
www.qazaquni.kz