Қазақ Путинін табу - Назарбаевтың міндеті! Өйткені қазіргі ҚАЗАҚ БИЛІГІ ҚАЗАҚҚА ҚАРСЫ...

  Рабби зидни ғылман. Мақаланың тақырыбына таң қалмаңыз. Назарбаев – менің Президентім. Мен оны кез келген "нұротандықтан" артық жақсы көрмесем кем көрмеймін. М.Нәрікбаев сияқты мен де: "Егер қажет болып жатса Назарбаев үшін жан қиюға әзірмін" деп айта аламын. Демек, Назарбаевты сыйлау жағынан, әрі патриотизмнен мен ада емеспін. Барлық ұлы халықтар ана тілінің маңызы мен рөлін жақсы біледі. М.Хайдеггерді тыңдайық: "Тіл дегеніміз болмыс тұрағы. Адам тіл мекенінде өмір сүреді. Ойшылдар мен ақындар – осы мекенді қырғи қорғаушылар. Тіл дегеніміз болмыстың өзінің айқын-тылсым құбылысы. Тіл дегеніміз болмыс үйі, осында адам өзін эк-зистендіреді, өйткені, болмыс ақиқатын аялай келе, ол оған тиесілі". Ресей Президенті Д.Медведев 6 маусым А.С.Пушкиннің туған күні – орыс тілі күні тамаша ой айтты: "Тіл – ұлт геномы". Ресейдің бірінші басшылары ғана емес, жұбайлары да орыс тілі, орыс мәдениетінің көсегесін көгертіп, шапқылап жүр. Бізде бәрі керісінше. Меніңше, біздің президенттің отбасында президенттің өзі мен қызы Дариға ғана ана тілін толық көлемде білетін шығар. Жиырма жыл ішінде Сара Алпысқызының да, Р.Әлиевтің де, Т.Құлыбаевтың да бірде-бір рет қазақша сөйлегенін естімедік. Әсте, Т.Құлыбаев өзінің миллиардтарын қай тілде санайды екен? Егер ол орыс тілінде санаса – ақшасының бәрі Ресейдікі, егер ағылшын тілінде санаса - АҚШ-тікі, ал қазақ тілінде санаса – өзінің тапқаны. Ақша да тілді жақсы көреді. Қасиетті қазақ жері, Қазақстан жері қойнауындағы Менделеев кестесіндегі барлық элементтер де қазақ тілінде "сөйлеуге" міндетті. Әлемнің бар түпкірінде осылай. "Айғыр шапты, байтал тапты" – сенің онда не жұмысың бар деуі мүмкін. Дегенмен, егер таңертең Астанада Назарбаев түшкірсе, түстен кейін бүкіл Қазақстан түшкірмей ме? Егер елімізде барлығына президент жауап берсе, ол мемлекеттік тілге де жауап беруі керек. Қазақ билігінің тіл саясатында "әйтеуір бір нәрсе болып қалмаса едісі", дәрменсіздігі, қорқақтығы, шорқақтығы өзегіңді өртеп, әбден намысқа тиіп болды. Қазақстанда тұратын 23% орыс тіл жағынан кемістік көрмесін деп, "орыс факторынан" өлердей қорқатын Назарбаев пен қазақ билігі қазақ тілінің қолданысын жасанды түрде тежеп, бүкіл қазақты рухани құлдықта ұстап отыр. Қазақтардың "тәуелсіздігіне" 20 жыл болды, бірақ тіл тәуелсіздігінсіз ешқандай да халық та, мемлекет те болмайды, қазақтар әлі күнге дейін өз ана тілінің аясында өмір сүре алмай жүр. Қазіргі қазақ тілінің өлмей тұрғаны Назарбаевтың арқасында емес, керісінше, оған қасақана әйтеуір аршып-шаршып тұр. Енді еліміздің 20 жылдық мерейтойына Билік мақтанады кеп-рухани салада біз үлкен жетістіктерге жеттік, тіл дамып жатыр, қанша қазақ мектебін аштық, "мәдени мұраны" ұрып қойдық, ешқашан қазақ мұны, "өйдөйт" бұрын көрмеген-демек, мұнын бәрі Назарбаевтың арқасында. Билік халықтан алшақтаған, елдегі шындықты  білмейді, білгісі келмейді. Еліміздің тұрғындарының көпшілігі негізінен орыс тілінде сөйлейді, Назарбаев айтқандай "бәріне түсінікті тілде". Таңқаларлық жағдай – қазақ саны өскен сайын, орысша сөйлейтіндердің қаралары көбеюде, ал қазақ мектептері көп ашыла бастаған сияқты еді, бірақ жоғары оқу орындарында орысша оқитын қазақ қаптап жүр. Биыл 1 қыркүйекте  Алматының бір мектебінде бірінші орыс сыныбына қабылданған 74 баланың 65-і қазақ екен ("Жас Алаш"). Міне, қазақтың өзіндік санасының "өскені". Масқара! Жиырма жыл ішінде Қазақстанда қазақ тілін білмейтінімен қоймай, өзінің қазақ болып туғанына, өзінің ұсқыны азиаттық екеніне намыстанатын, кемсінетін жас бұтақтар пайда болды. Масқара болғандай, әлі күнге дейін толық қазақ тіліндегі бір телеарнаны әзер жасадық, жиырма жылда жиырма канал ашу керек еді. Жылпос орыс Ю.Кирициянов ("Аргументы и факты") мысқылдап: "Қазақ ағайындар, сіздерге қазақ тілінде сөйлеу мен жазуға, қазақ әдебиетін оқуға кім кедергі болып жүр?" деп сұрақ қояды. Жауабы оңай:  қазақ билігі қазақ тілі мен рухының "көр қазушылары", бұл - ақиқи шындық. Әлемде өзін сыйлайтын қай мемлекетте ондаған жылдар бойы билікте мемлекеттік тілді білмейтіндер отырады? Ә.Жақсыбеков, М.Тәжин, Е.Ідірісов, Е.Ертісбаев және көптеген министрлер, депутаттар – нонсенс, қазаққа деген мазақ. Депутат Плохих, кешіресіз Нехорошевқа қазақ тілінің не қажеті бар, қазақтардың өздері сақау, мылқау болса. Биліктегі бұрыннан келе жатқан коммунистер, комсомолдар, сталиншілер, атеистер, руссофилдер, жоқ бәрінен бұрын руссофобтар руханилықтан жұрдай, халық, мемлекет өміріндегі тілдің маңызын білмейді. Билік әлпештеген, жағымпаз қазақ интеллигенциясы да озып-бозып тұр. Ә.Кекілбаев, Н.Оразалин, С.Абдырахманов ("Егемен Қазақстан") сені түсінсін, түсінбесін қай жерде болса да тек қазақ тілінде сөйлеуге міндетті ғой, бірақ құшырланып, қазақ акцентімен орысша сұқбат беріп жүр, олардың уәжі-өзгелер (о, сұмдық!) бізді орыс тілін білмейді екен деп ойлап қалмауы үшін! Ал қазақтың дені сау интеллигенциясы биліктен баяғыда күдер үзген, бұд билік  кетпей қазақ тілінің көгермейтінін жақсы түсінеді, бірақ олар қорқақ, үркек, еті өлген, тілі өліп жатса да мыңқ етпейді, намыстан жұрдаймыз. Еліміздің орыс тұрғындарының арасында билік әдейі мынадай қауесет таратып жүр: "Егер Назарбаев кетсе, оның орнына ұлтшыл келеді, сендердің күндерің қараң болады"-деп. Бұл биліктің сасық қулығы, алдарқату. Айтпақшы, Назарбаевтың мұрагері туралы бірер сөз. Құлыбаев та, Мәсімов те ешқашан президент бола алмайды, өйткені олар маған, профессорға қазақ тілінен емтихан тапсыра алмайды, өлсе де өткізбеймін. Енді кім президенттікке лайық десек, ойыма алғаш түскен кандидаттарды атайын – Ә.Байменов, И.Тасмағанбетов, М.Құл-Мұхаммед,  Ж.Қуанышәлин,  Қ.Көшербаев, Б.Сапарбаев және президент әкімшілігі мен министрлікттердегі аты белгісіз көптеген үміткерлер, бірақ оларға бір шартым бар-бәрі мемлекетті басқару мен тіршілік философиясынан кем дегенде екі сағаттық менің дәрісімді тыңдаулары керек.  Қазақ жері таланттарға бай, қазақ Путинін таңдау, табу - Назарбаевтың міндеті. Енді қазақ-орыс қатынасы, менталитеті туралы. Қазақ психологиясына Ресей отаршылдығы өте қатты әсер етті, қазақ  тек орысты ғана өзінің үлкен ағасы ретінде ұғынады. Қазақ өзінің әліне, бишаралығына қарамай намысшыл, өркөкірек келеді, ол немісті де, французды да, қытайды да, америкалықты да мойындамайды, оларды өзіне тең санайды. Бірақ орысты көрсе болды, қазақ өзгере бастайды, баяғы намыс-абройынан жұрдай болады. Орысты көргенде қазақ тұрарға жер таппай, тыпыршып, қобалжып, елегізіп, үрейленіп, дірілдеп, айтарға сөз таппай, сақауланып орысша сөйлей жөнеледі. Қазақ үшін орыс – Қожайын. Мүмкін Қазақстанға өзге халықтарды депортациялаудың да әсері болған шығар. Қазақ өз көзімен өз жеріне орыстың немісті, полякты, кәрісті, шешенді және т.б. күштеп, айдап әкеліп тыққанын көрді. Демек, орыс бәрінен күшті, бәріне үстемдік етеді, ол - Барин. Қазақ әрқашан орыстың көңілін табуға дайын тұрады, жарамсақтанып, жағынып, жағымпазданып өзінің әлдебір түйсігімен егер маған бір нәрсе бола қалса орыс мені қорғайды, менің жанашырым болады деген ойдан да әрі емес. Сондықтан қазақ орыстың тіліне, діліне, өзіне жабыса береді, жалмаса береді. Қазақ үшін Russisch über alles, яғни орыс бәрінен жоғары, бәрінен биік. Дүниеде қазақтан өзге орысқа жан-тәнімен берілген, оған сенімді, жанқияр бірде-бір халық жоқ шығар. Қазақ ешқашан орысқа қарсы шыға алмайды. Бірақ, қазақ орыстың бір болмысын қабылдай алмайды, оған көнбейді – орыс шошқа етін жейді. Сондықтан қазақ баласы: "Орыс, орыс он шошқаға тоймаған, базардағы шошқаны менікі деп қоймаған"-деп айтқан едік. Қазақтың орысқа осылай итше байлануы, құлдық, құлай берілгендігі, орыс тілін акцентсіз сөйлеуге тырысып, маймылдай құбылуы - "қандай жиіркенішті, өкінішті, опасыздық" (Майя Плисецкая). Айқайлағың емес, бақырғың келеді! Қазақ сен орысқа еліктегіш келсең, соңына дейін үйрен! Ана тілін сүюді. Егер орыс сияқты сен де ана тілін сүйсең, сенде ұлы халық боласың. Екі Дүниенің Әміршісі Аллаға Мадақ! Біз қазақ – мұсылманбыз, демек Алла қазақты сүйеді, қазаққа қасиетті жер, көк аспан және теңдесі жоқ ұлы тіл берді! Егер Ислам діні болмағанда, егер бізді Алла сүймегенде баяғыда біз бурят, хакас, шуваштарға айналып кетер едік. Ресей мұсылмандары да Ислам шапағаты нұрымен әйтеуір жерлерін, тілдерін, өз ділін сақтап қалды. Иман Валерия Порохова: "... кез келген биліктік құрылым, кез келген мемлекеттік құрылыс, кез келген саяси формация жағырапия, уақыт, ғылыми-техникалық процесс және ең соңында ұлттық діл шеңберімен шектелген қатаң белгіленген кеңістікке ие, әрі сонымен бірге оның әрқайсысы эволюцияға ұшырайды, сонан соң уақытысы келе қажет болмай қалып құрдымға кетеді. Материалдық эволюцияға ұшырамайтын бір-ақ кеңістік бар – ол біздің Жаратушымыз рухтандырған адамға мәңгі қалатын діни ғибадаттық сезім"-деп жазады. Тіл дінмен тығыз байланысты. Православие десек орыс тілі, Ислам десек қазақ тілі алдымыздан шыға келеді. Қазақ тілі толыққанды қызмет етпей, діни экстремизм күшейе береді. Бұны түсінетін билік жоқ. Профессор А.Косиченко жуырда былай деп жазды: "Мына жәйітті есте ұстау керек, мемлекет діннен емес, дәл діни бірлестіктерден бөлінген. Мемлекеттің діннен толық бөлінуін талап ету сандырақ, өйткені ол мемлекеттің қоғамннан бөлінгенімен барабар. Менің ойымша, қорқынышты ештеңе де болмас, егер біздің елімізде басымдылыққа ие конфессиялар – ислам мен православиеге мемлекет тарапынан артықшылық қатынастар орнықтыратын заңнамалық нормалар пайда болса. Алайда, бұл жағдайда діни әралуандықты жасауға мүмкіндік беретін діндер арасындағы құқықтық теңдік болу керек". Біздің "ғұлама ойшылдарымыз" Ғ.Есім мен Ә.Қодардың пікірлері неткен шолақ еді! Жұмбақ орыс жаны туралы. XIX-XX ғ.ғ. қазақтары орыс ділін қазіргі бізден жақсы білген. Қазақ қазақ тілінде оқымайды, сондықтан көптеген тағылымдық дүниені білмейді. Бабаларымыз "орыс ойына келгенін істейді" деген. Қазіргі жағдайда, тілге қатысты айтсақ – орыс қазақ тілін үйренгісі келсе үйренеді, ал үйренгісі келмесе сенің қазақ тілің оған көк тиын, үйренбейді. Орыс жанын ұғыну үшін орыс философтары Н.Бердяев, В.Соловьев, А.Дугин және т.б. оқу керек. Ресей елтаңбасында екі басты бүркіттің таңбалануы кездейсоқ емес. Орыс Батыстың алдында – құл, жарамсақ, ал Шығысқа келгенде – ұлыдержавалық шовинистер. Орыс үшін қазақ, татар, қытай, кәріс, жапон және т.б. – бәрібір, "қисық көзді азиаттар". Орыстар өздерін априори, о бастан азиаттардан жоғары санайды. Кремль үшін назарбаевтар, кәримовтар, рахмондар - "етек астылар", "кіші ағайындар", "тұйыққа тірелу". Сондықтан еврейлер А.Солженицын, а-ля Жириновский орыс ділін тамаша игеріп, олардың жан сезімін дөп табады. Орталық Азияда, Қазақстанда, Кавказда және жалпы Азияда орыстар өздерін өз үйлеріндегідей сезінеді. Сондықтан Жириновский етігін Атлант мұхитында емес, Үнді мұхитында жуғысы келеді. Егер Ресей футболдан Германияға ұтылса – ештеңе етпейді, бола береді, ал егер Жапонияға ұтылса, онда қор болу, жәбірлену, Мәскеуде орыс фанаттары қолына түскен азиаттарды, оның ішінде үш қазақ бар соққыға жыққанын білеміз. Тіпті Ю.Жирковтың дағыстандық "Анжиге" өткенін орыстар сатқындық деп бағалады. Не деген көтензорлық, қызғаншақтық, тәкәппарлық. Балтық жағалауындағылар орыстармен өмір бойы "жағаласып" жүр. Олардың орысқа наразылығы мынада: "Орыстар тіл үйренгісі келмейді. Оларға шұжық, нан, пәтер және арақ болса болды. Егер ол болмаса, онда Шамадан – Вокзал – Ресей. Ал ол жақтан Үлкен Орыс Жұдырығы, яғни орыс танкісі төнеді". Путин азиаттардың басынан сипауды, қошеметтеуді, мақтауды жақсы көретінін әбден біліп алған: "Қазақстан үшін Нұрсұлтан Назарбаев – тарихи сирек кездесетін тұлға. Қазақтарда қазіргі қалыптаса бастаған мемлекеттік құрылымдай мемлекет болған емес (?). Ол тек бірінші президент қана емес, сонымен бірге – қазақстандық (?) мемлекеттікті жасаушы". Не деген пассаж! Не деген көлпеш! Бұл Назарбаев пен "ұлы тарихшы және саясаттанушы", "бұлбұл" Иртышбаевтың жанына майдай жағады кеп. Кремль қазақтың ежелгі тарихын ақордадағы Назарбаевтың айналасындағы кеңесшілерінен де терең біледі. Сондықтан қазақтарға Ресейді зерттеу институтын, орыстану пәнін, Қытайды, АҚШ-ы және т.б. зерттеу институттарын ашу қажет. Орыс барлық жерде өзін еркін сезінеді, "орыс аюынан" бәрі қорқады, әсіресе Қазақстан. Бәрі христиан болса да орыстарға армян мен грузиннен сербтер жақын. Армян мен грузиннің кінәсі – кавказдықтар болғандығы. Кавказ – орыс тәніндегі тікен, пішен үстіндегі ит. Түрік, араб, қазақтар орыс үшін "басурмандар". Ортастатистикалық орыс өзбекті қазаққа қарағанда көбірек құрметтейді, өйткені өзбек ешқашан тілін, жанын сатпайды, олардың өзіндік санасы өте жоғары. Ұлы русофил Абай өмірінің соңында патшалық Ресейдің ұлттық саясатынан түңілгенін, көпшілік біле бермейді. Өз ана тілін білмейтін мәңгүрт-қазаққа орыстың: "Иван – тентек, бірақ ол менің тентегім" дегенді қолдануға болмайды. Иван тентек болса да, ол ешқашан жанын, тілін сатпайды. О.Сүлейменов орыстар Қазақстаннан кетіп қалады деп күйіп-жанып, күйіттеп жүр. Алжас көке! Қам жеме, кететін орыс баяғыда кетіп қалған, кетпейтіні Қазақстанды отаным деп жүр, дүниеде орыстарға шетелде Қазақстаннан артық ел жоқ. Кететінін, кетпейтінін орыс сенен сұрамайды, кетсе кете берсін, жарылқасын. Орыс рухында білім алған "миы шайқалған" мәңгүрт-қазақтар өз халқының жанын түсінуі мүмкін емес, оларға ешқандай дәлел жоқ, өйткені ол мәңгүрт. Қазақ сен орыс алдында қанша жалпылдап, безілдеп жүгірсең де, қанша орыс тілінің "данышпаны" болсаң да, сен орыс үшін – чернож... казаченок". Мәңгүрт бұны түсінбейді. Мәңгүрт-қазақ, сен жарыл, таусыл, сені орыс ешқашан өзіне тең санамайды, қасына жолатпайды, менсінбейді. Күлімсіреп жымиған А.Масляков ешқашан қазаққа КВН-нан өлсе де бірінші орын бермейді. НТК-ның "таксишісі" М.Оспанов қанша қылымсыса да, орыс тілінде білгірсінсе де – сен мазақсың, күлкілісің, хабарыңды қазақ тілінде жүргіз! БАҚ-та, ТД-да орыс тіліндегі хабарды негізінен қазақтар жүргізеді. Психологиялық тұрғыда алғанда орыс тілінде сөйлеп тұрған қазақ ұсқыны қандай жиіркенішті. Орыс тіліндегі хабарды орыстарға жүргізіп қою керек! Қазақ намыс қайда, қадіріңді кетірме! Мен қазақ ТД-сын көрсем – Бурятия, Якутияда тұрғандай сезінемін. Ресейде орыстың татар немесе шешен тілінде ТД-ды жүргізгенін көрдің бе,- ол мүмкін емес. Қазақ екі есе, екі тілде сауатсыз – қазақша да, орысша да сөзді бүлдіріп жүр. Қазақтар өз министрі Ж.Досқалиевті соттады, ал барлық сот ісі, үкімді орысша оқыды! Демек ол кінәлі емес! Үкімді неге қазақша оқымайды! Қайран қазақ! Назарбаев орыс тілінде сөз сөйлегенде, әлде бір абстрактты, қазағы жоқ кеңістікте, орыстарға арналған аудиторияда тұрғандай сезінесің, ал қазақша сөйлегенде – мүләймәнсіп, қазақтар маған шыдаңдар, бәрі хоккей болады деп тұрғандай ойда қаласың. Назарбаевтың жақсы көретін сөздері "ұлтаралық келісім", "тұрақтылық". Бәрі болсын. Бірақ бұның қазақ тіліне қандай қатысы бар? Назарбаевтың пікірінше, қазақ өз тілін, жанын құрбандыққа шалуы керек, өзгелердің көңілін қалдырмай, тыныштық үшін орысша сөйлей беруі керек екен. Өзінің түйеқұс саясатымен, басын құмға көміп алған қазақ билігі тіл саясаты саласындағы шешілмеген мәселелер еліміздің  қоғами-саяси тұрақтылығына қауіп төндіретіндей азар да безер. Билік өзіне қауіп төндіріп отыр. Бүкіл әлем қазақты мазақ етіп жүр – итальяндар, француздар, араб, түріктер Қазақстанда қазақтардың орысша сөйлейтініне таңғалады, түсінбейді. Итальяндық "Ренко" компаниясының президенті Ринальдо Гаспарини мырзаның: "Мен әлемнің 141 елін аралаған жанмын. Солардың ішінде өз мемлекетінде отырып, өз тілінде өмір сүре алмай отырған бейшара халықты көрдім, ол қазақ халқы екен"-деген сөзі көкірегінде намысы бар қазақтың шамына неге тимейді! Қазақстанда қазақтар тіл геноцидіне, тіл расизміне ұшырап отыр. Халықаралық стандарттар бойынша, мемлекеттік тілде сөйлемейтін мемлекеттік билік – заңсыз билік. Кім түсінгісі келмесе, соқырға таяқ ұстатқандай түсіндірейін – кез келген елде, мемлекетте мемлекеттік тіл – мәжбүрлеу тілі, зорлық тілі. Ресейде орыс тілін білмей көрші, жұмыстан айырылмақ түгіл басың кетеді, өміріңе қауіп төнеді. Тек Қазақстанда ғана қорқақ, бейқам, салақ билік өзінің ана тілінен өзі үрейленеді. Иә, бүгінгі  қазақ билігі шын мәнінде қазақ тілі мен рухының "көр қазушылары". Барлық қазаққа масқара! Қазақ билігі - қазақ этносының тарихи мән-мағынасын, оның қазіргі замандағы этномәдени даму деңгейін білмейді, түсінбейді. Қазақ билігі қазақ тілін мемлекттік деңгейге жеткізуді өздері тежеп отыр, люстрацияны радикалды шешім деп ыңырсып, жылап отыр. Шма қазақ! Орыс тілі – қуатты, әрі ұлы тіл. Бірақ ол – орыстың тілі, өзге мемлекеттің тілі. Идеалды түрде алғанда орыс тілі қазақтар үшін ағылшын, қытай тілі сияқты шет тілі болуы керек! Қалай атасаңыз, солай атаңыз "Иманқұл заңы" дейсіз бе, әлде  "бутерброд заңы" дейсіз бе: "Қазақтар неғұрлым орыс тіліне аз тәуелді болса, соғұрлым қазақтар ұлы халық бола береді. Және керісінше". Халық рухы тек ана тілінде креативті, жасампаз, "шынайы асыл дүниелер тек ана тілінде туындайды" (Гегель). Ерекше заң қабылдау керек –  Қазақстан азаматтарын  қазақ тілінде сөйлетуге мәжбүрлейтін заң. Құрметті қазақ билігі! Қазақ тілінің бақытсыздығына "орыс факторы" да, өз ана тілін білмейтін мәңгүрт-қазақта кінәлі емес, кінәнің бәрі сендердің дәрменсіздіктерің, бейқамдықтарың, үрейлерің. Ежелгі тарихы бар, ежелгі ұлы тілі бар қазақ халқы рухани құлдықта отыр! Осы тұйықтан қалай шығуға, биліктің миына қалай жетуге болады? Үш жол бар, бірақ бәрі сенімсіз:
  1. Әлемдік қауымдастыққа, БҰҰ,  ОБСЕ, орыс ағайындарға, Христос үшін! Сендер ұлысындар, қазақтарға тілін қайтаруға қол ұшын беріңдер, бізді түсініңдер деп үндеу жариялау. Бірақ, біреудің қайғысына өзгенің басы ауырама.
  2. Екінші Желтоқсан, "кіші Египет" ұйымдастыру. Саналы қазақ жастарын көшеге, алаңға шығару. Менің студенттерім: "Ағай, бізді алаңға шығарыңыз, біз Сізді қолдаймыз, ана тілі үшін соңына дейін барамыз" деп жүр. Бірақ біздің билік, кез келген өзге билік сияқты ешкімді аямайды, жаншиды. Менің басым кетсе кетсін, бірақ балаларды аяйсың. Обал.
  3. Биліктің саналылығына аппеляция. Алланың қаһарына ұшырамаңдар! Алланың қаһарынан қорқындар!
"Алланың көктер мен жерді жаратуы, адамдардың тілдері мен түстерінің алуан түрлігі. Оның тағлымының белгілері. Шәксіз бұны түсінгендерге ғаламат бар". Құран, Рұм, 30:22. "Қандай елші жіберсек те, Алла жолын өз жұртына түсіндіру үшін оны Біз өз халқының тілімен сөйлейтін адамнан жібердік. Алла қалаған адамын алжастырады, қалағанын тура жолға салады. Ол – өте үстем, аса дана". Құран, Ибраһим, 14:4. Енді хадиске сүйеніп айтарым: "О, Алла тағалам, Назарбаев пен қазақ билігін кешіре гөр, өйткені олар Ақиқатты білмейді". Имам науауи. Риядус-салихин.  

                                       Нұртас ИМАНҚҰЛ

                                      философия ғылымдарының докторы. Астана.