БАЛАСЫНЫҢ БАС СҮЙЕГІН КӨМЕ АЛМАЙ ОТЫРҒАН ШАҢЫРАҚ

0
1047

       ЖҰМБАҚ ӨЛІМ. БҰТАРЛАНҒАН МӘЙІТ.  Жауабы жоқ сауалдар

Әттең, кiлттi таба алмадым, өйткенi сол кезде ауруханаға күрделi жөндеу жүрiп жатқан болатын. Мен «жедел жәрдем» автокөлiгiне қайтып келсем, Тастанов Мұқанның мәйiтi жоқ болып шықты. Кiм екенiн бiлмеймiн, мәйiттi алып кетiп қалыпты. Ал «жедел жәрдем» автокөлiгi басқа жаққа шақыртуға кетiп бара жатыр екен. Содан мен мәйiттi сұрастырғанымда оны үшiншi қабаттағы хирургия бөлiмiнiң таңу бөлмесiнде хирургиялық үстелде жатыр дедi. Тастанов Мұқанның мәйiтiн кiмдер үшiншi қабатқа көтергендiгiн бiлмедiм. Мен мәйiттi көру үшiн үшiншi қабаттағы хирургия бөлiмiнiң таңу бөлмесiне көтерiлдiм. Сол кезде реанимация бөлiмiнiң меңгерушiсi, Мұқан Тастановтың немере ағасы Ф. Шырынбековты көрдiм. Ол кiсiнiң жанында Берiк Құралбайды, А.Чимкентбаевты көрдiм. Ф.Шырынбековке қасындағы дәрiгерлер бiрiнен соң бiрi көңiл айтып жатты. Ал Шырынбековтың көзi жас. Мен одан кейiн еш нәрсенiң хабарын бiлген жоқпын. Өз жұмысыма кеттiм.
– Сiз Тастанов Мұқанды өлдi деген диагноз қойдыңыз. Ал сiзден кейiн барып тексерiп көрген жансақтау бөлiмiнiң меңгерушiсi Ф.Шырынбеков өз түсiнiктемесiнде: «Мен мәйiттен күре тамыр соғысын, тiршiлiктiң көзiн байқадым деген сөзiне не дейсiз»?
Фельдшер Н. Керiмқұлова даусын көтерiп: -Неге Файзулла Шырынбеков олай жазған? Оның өзi үйге келiп, «бiз бiр командамыз, мен айт деген сөзiмдi айт» деген едi ғой. Айтпақшы, менiң сiздер секiлдi диктофоным болмаса да, оның айтқан сөзiн екi құлағымен жақсылап есiтiп алғанмын. Бiрде бiз облыстық денсаулық сақтау департаментiне түсiнiктеме беруге барғанымызда, олар Файзулла Шырынбековке, сiз неге «Мұқан Тастановтың мәйiтiнен тiршiлiктiң көзiн байқадым» – дегенсiз. Неге олай жаздыңыз?- дегенде, Файзулла Шырынбеков «Маған жаңа қағаз беріңізшi, тiршiлiктiң көзiн байқамадым деп жазып берейiн, алдыңғы жазған қағазды құрта салыңыз»- дедi. Мiне, сол сөздi өз құлағыммен естiдiм. Бiрақ мен Файзулланың осы сырын ешкiмге айтпадым ғой? Үйге келiп тұрып, бiз бiр командамыз деген едi ғой маған, ендi бұлай iстеуге қалай дәтi барды, түсiнесiз бе? Анық осы рас болса, онда Файзулланы мен де көремiн. Иә, мен мәйiттiң қасында ешкiм болмаған соң мен оны алып кеттiм. Иә, заңды бұзғанымды да бiлдiм. Мәйiттi далаға тастағым келмедi.
– Кешiрiңiз, сiз Тастанов Мұқанның мәйiтiн «жедел жәрдем» бөлімінің фельдшерi ретiнде оның өлiмiне не себеп болды дейсiз? Мәйiтте қандай жарақаттар болды? Қай жерiнен қан көрiндi?
Ол терең ойға батып кетiп: -Мәйiттiң үстi шаң-тозаң болатын? Ал жарақаты бiлiнбедi ғой.
-Сiз қанша жылдан берi жұмыс iстеп жатырсыз ғой, жарақаты қай жерде екенiн бiлмедiңiз бе? –А-аа, айтпақшы, оның құлағынан тоқтамай қан ағып тұрды.
–Кешiрiңiз қайсы құлағынан?
–Үш жыл уақыт өттi, есiмде қалмапты.
Иә, бұл қалай болғаны? Сонда «жедел жәрдем» дәрiгерi Н. Керiмқұлова мәйiттiң қай жерiнде жарақаты болғанын бiлмегенi ме? Фельдшер Н.Керiмқұлова өзiнiң сөзiнде «құлағынан қан қатты ақты»-деп айтып отыр. Сонда мәйiттiң құлағынан қан ағып тұрса – аталмыш мезетте Тастановтың әлi тiрi болғаны ма? «Күре тамыр соғысын, тiршiлiктiң көзiн байқадым» деп түсiнiктеме жазған Ф.Шырынбековтың алғашқы түсiнiктемесi шындыққа жанасқаны ма? Бiз фельдшер Н.Керiмқұловаға Ф.Шырынбековтың «бiз бiр командамыз» деп неге айтқанына таң қалдық. Ф.Шырынбеков ненi меңзеп отыр? Фельдшер Керiмқұловамен команда болатындай не жағдай? Ненi құпия қылып отыр? Мұқан Тастановтың өлiмi жайындағы мәлiметтердi ақтарып отырып” Медициналық қызмет көрсету саласындағы ОҚО басқарма бастығы С.Құралбеков мырзаға «жедел жәрдем» бөлiмшесiнiң фельдшерi Н.Керiмқұловадан түсiнiк” деген ақпаратқа кездестiк. С.Құралбековке жазған бұл түсiнiктемесiнде фельдшер Керiмқұлова былай деген: «Маған полиция қызметкерлерi мәйiттi мәйiтханаға алып кетiңiз дегеннен соң мен жедел жәрдем автокөлiгiне жәбiрленушi Тастанов Мұқанның мәйiтiн салып, ауруханаға жеткiздiм». Ал фельдшер Н.Керiмқұлова бiздiң газетке берген түсiнiктемесiнде «автокөлiктен шамамен 5- 6 метрдей ара қашықтықта жолдың жиегiнде жалғыз өзi жатқан, жәбiрленушi Тастанов Мұқанды көрдiм. Тастанов Мұқанды әбден тексерiп болып, оған «өлдi» деген қорытынды жасадым. Мәйiттiң жан – жағына қарадым ешкiм жоқ екен. Бiрақ сол кезде машина жақта 2 – 3 адам жүрдi. Бiз оларға жақындап, кiмдер екенiн анықтап, зерттеп көрген жоқпыз. Бiз олардан қайдан келгенiн сұрамай – ақ, шопыр екеумiз мәйiттi машинаға салып, ауруханаға жеткiздiк» дейдi. Медициналық қызмет көрсету саласындағы ОҚО басқарма бастығы С.Құралбековке «Маған бiрнеше полиция қызметкерлерi «мәйiттi дереу мәйiтханаға әкетiңiз» деп, бұйрық бергеннен кейiн әкеттiм» – деп жауап берген. Фельдшер Керiмқұлова (еңбек өтiлi 31 жыл, бiрiншi бiлiктiлiк санаты бар) көзi ашық, көкiрегi ояу сауатты адам бола тұра өз жұмысына сенiмсiздiкпен, немқұрайды қарап отырғаны несi? Газет тiлшiсiне неге өтiрiк айтты екен? Оған себеп не? Фельдшер Н.Керiмқұлова кiмдi артына жасырып отыр? Ал 06.07.2007 жылы «бiз «жедел жәрдеммен» барған кезде, полиция қызметкерлерiнiң бұйрығымен мәйiттi әкеттiм» деп жауап берген Керiмқұлова не себептi жол апат болып жатқан жерге сот – медицина сарапшыларын шақырайық демегенiне таң қаласын? “Бiз мәйiттi көрмедiк деп” – қысқа жауап берген полиция қызметкерлерi қалайша – «мәйiттi дереу әкетiңiз» – деп бұйрық бередi? Полиция қызметкерлерi Мұқан Тастановтың мәйiтiн көрмедiк, машинада ешкiм болмады деп жауап берген. –Ия, қарап тұрсақ бұл да бiр өзiнше жұмбақ? Ал полиция қызметкерлерi мәйiттi көрген, бұйрық берген болса, неге сот – медициналық сарапшыны жол апаты болған жерге шақырмады екен? Сонда өздерi заңгер полиция қызметкерлерi ҚР заңын белiнен басып менсiнбегенi ме?
Сот – медициналық сарапшы дәрiгерi неге жалған қорытынды бердi?
06.07.2007 жылы таңертең Мұқан Тастановтың мәйiтiн Отырар аудандық IIБ анықтаушысы, полиция капитаны Б.Бисенбаев сот – медициналық сарапшы Базарбай Ахметовке тапсырған. Базарбай Ахметовтiң берген қорытындысы бойынша М. Тастановтың мәйiтiнен жарақаттар табылған. Бастың доғал жарақаттануы, ашық бас ми жарақаты, оң жақ маңдай – самай – төбе тұстары гематомасы, бас күмбез ұлпаларының қанталауы, оң жақ самай сүйегiнiң сынуы, ми қабықтарының ыдырап жыртылуы, сол жақ тұсының, екi қолдың, бел және жамбас тұстарының сырылуы анықталған. Б.Ахметов мәйiттiң бас сүйегiн ашып, миды тексеруден өткiзген және басты тiккен. Ахметов мәйттi алғаш көргенде, оның аузында қанды көбiк болды деп 18.07.2007 жылы №101 – шi санды алғашқы қорытындысын берген. Онда ол Тастанов Мұқанның мәйiтiн жарып, оның ағзаларын гисталогиялық сараптамаға: миын, бауырын, жүрегiн, бүйрегiн зерттеуге алдым деп жазып берген (архивке де соны жазған). Қайтыс болған Тастанов Мұқанның әке-шешесi, ағалары, әпкелерi Б. Ахметовтың берген қорытындысымен келiспейтiндiгiн бiлдiрдi. Тастановтың денесiне эксгумация сот-медициналық сараптамасының қайта жүргiзiлуiн талап етiп, арыздануына байланысты, Отырар аудандық IIБ 18.10.2007 жылғы қаулысымен мәйiтке эксгумация жасалып, облыстық сот-медицина орталығында 22.10.2007 – 21.11.2007 жылы аралығында комиссиялық сот-медицина сараптама жүргiзген. №172 – ДК сараптамасын бергенде мәйiттi қабiрден қазып, эксгумация жасалып (туыстарының қатысумен бейне камераға, суретке түсiрiлген) Мұқан Тастановтың мәйiтiн 107 күннен кейiн ашқан кезде дене бұзылуы анықталмаған. Сарапшылар: Мырзақұлов Т.С., амбулотория бөлiмшесiнiң меңгерушiсi, жоғары дәрежелi сарапшы, Жұбаев Э.И., күрделi сараптамалар бөлiмшесiнiң бiрiншi дәрежелi сарапшысы, Құрбанов Р.Ф., амбулатория бөлiмшесiнiң сарапшысы және баяндамашы Кульмаханов К.А., танатология бөлiмiнiн меңгерушiсi. Комсиссия тұжырымы бойынша №101 – санды сараптамасының қорытындысы деректерiне сәйкес бастың жарақаты, бастың доғал жарақаттануы, ашық бас ми жарақаты, оң жақ маңдай – самай – төбе тұстары гематомасы, бас күмбез ұлпаларының қанталауы, оң жақ самай сүйегiнiң iшке ығысып сынуы, ми қабықтарының ыдырап жыртылуы, мидың мыжылуы, сол жақ тұсының, екi қолдың, бел және жамбас тұстарының сырылулары, маңдай аумағының тiгiлген жарасы, оң самай сүйегiнiң шытынап сынып, бас сүйек негiзiнде өтуi анықталған. Тастановтың өлiмiнiң себебi ашық ми жарақаты, бас сүйегiнiң күмбез және негiзгi тұсының шытынап сынып мидың зақымдануынан туған. Аталған жарақат өмiрге қауiптiлiк бойынша денсаулыққа ауыр зияян деп бағаланады. Бұл бас жарақаты – бiр тегiс жарақаттаушы бетi бар, қатты доғал заттың елеулi күшпен әсер етуiнен туындаған. Бұл тұжырым алынған жарақаттың дөрекi сипаттамасымен қуатталады. Мәйiтке бас сүйегi жарақатының оң жақтама орналасуы, кеудеторы тұсында, аяқ – қолдарында, жамбасында, омыртқасында сүйектерiнiң зақымдануының болмауы, iшкi органдарының үзiлулерiнiң орын алмауы – бұл жарақаттарды жәбiрленушi автомобильде жүргiзушi ретiнде отырып, тосқауылға соғысқан кезінде алу мүмкiндiгiн жоққа шығарады. Одан бөлек Тастанов Мұқанның басынан алған жарақаты 18 см болып тiгiлгенi анықталды. Мына эксгумацияның қортындысынан кейiн, сарапшы Б. Ахметовтыєң №101 – шi сараптама қортындысында мәйiттiң денесiн жарып, керектi ағзаларын гистологиялық сараптамаға, миын бауырын, жүрегi бүйрегiн зерттеуге алдым делiнген болатын. Бiрақ оның айтқаны жоққа шығарылды, өйткенi мәйiттi қайта тексеру кезiнде, оның денесiнен, ешқандай ағзасы алынбағаны анықталды. Ауданаралық сарапшы Б.Ахметов мәйiттi толық жарып ашпай, қажеттi ми, бауыр бүйрек ағзаларын алып, лабороториялық тексеруден өткiзбей-ақ тергеуге ауадай қажеттi фактiлердi бермей, аса ауыр қылмысты қасақана жасырып «ДТП – дан өлдi» деп жалған сот – медициналық сараптамасын берген.

Құпия Құбылыс…

Иә, сонда бұл қалай болғаны? Отырар аудандық ауруханасының сот – дәрiгерлiк сарапшысы Базарбай Ахметов неге жалған сараптама қорытындысын жазып берген? Мақсаты не болды екен? 18.10.2008 жыл,ы №172-ДК санды комиссиялық сот медициналық сарапшыларының қорытындысы бойынша, Мұқанның мәйiттiнде ешқандай сынық қабырғалар, омыртқалар болмаған және iшкi ағзалары үзiлмеген. Осы фактi аталған сарапшылар мен тергеушiнiң бейне таспаға жазылып, әрi түсiрiлiп, мәйiттiң денесi қайта жерленген. Ал бас сүйегi лабароториялық зерттеуге алынған. Содан 10.07.2009 жылы М. Тастановтың мәйiтiне екiншi рет қайталап эксгумация жасалады. 22.07.2009 жылы №110 сарапшының қорытындысына сәйкес, М.Тастановтың мәйiтiне қайта эксгумация жасау барысында, мүрдеде М.Тастановтың бас сүйегiнiң жоқ болғаны анықталған. Ол бас сүйек лабораториялық зерттеуден отбасына жерлеуге тапсырылған. Қазiргi таңда мәйiттiң бас сүйегi Мұқан Тастановтың отбасында. Ал екiншi рет жасалған эксгумация қорытындысында мәйiттiң төменгi жақ сүйегi, 1-2-шi мойын омыртқа сүйектерi, оң жағының 11-12-шi қабырғалары және сол жағының 12-ші жағынан және 11-шi кеуде омыртқалары болмай шыққан. Сараптамаға берiлген мәйiт сүйектерiнде оң жағының 4,5,6,7,8,9 қабырға сүйектерiнде бiр жауырын сызығы бойынша, сол жағының 8 қабырға сүйектерiнде бiр жауырын сызығы бойынша сынықтар бар екендiгi, оң жауырынның денесiнде тұмсық сәйкес қосалқы өсiмнiң сынғаны, 7,8,9 кеуде омыртқасы өсiмдерiнiң сынғаны анықталған. Бұл қалай болғаны? 18.10.2008 жылы №172-ДК санды комиссиялық сот – сарапшыларының қорытындысы бойынша Мұқан Тастановтың мәйiтiнде ешқандай сынық қабырғалары, омыртқалары, iшкi ағзалары үзiлмегенi, осы факт бойынша сарапшылар мен тергеушiнiң қатысуында бейне таспаға жазылып, әрi түсiрiлiп, мәйiт қайта жерленген. Қарап тұрсақ, мына сұрақ мазалайды: Мұқан Тастановтың мүрдесiнiң қабырғаларын, омыртқаларын кiм сындырып, әрi кiм алып кеткен? Мiне, тағы да жұмбақ. Мәйiттiң қабырғаларын, сүйектерiн сындыру кiмге қажет болды? Бәлкiм қылмыскерлер өз қыл-мыстарын жасыру үшiн мәйiттiң сүйектерiн сындырып тастады ма? Не үшiн мәйiттiң сүйектерiн ұрлау қажет болды? Олар бiрiншi жасалған эксгумацияда бейне таспаларға жазылып, әрi суретке түсiрiлгенiн ұмытып қалды ма?

P.S. Біздің қолымызға осы мақала жарық көрген сәтте тағы бір құнды құжат түсті. ҚР Бас прокуратурасының басқарма аға прокуроры С.Жаңбырбаевтың дайындаған қаулысын Республика бас прокурор орынбасары А. Дауылбаев 28.07.2010 ж. бекіткен . «Қаулыларды бұзу туралы» бұл құжатта Мұқан Тастановқа қатысты бірнеше тың деректер бар. 2010 жылдың 7 мамырындағы «Независимая экспертиза» (тәуелсіз сараптама) және дәрігерлік сараптама Бюросының қортындысында марқұм Мұқан Тастановтың иелігіндегі көлікті жүріп келе жатқанда артқы жағының бамперінің сол жағынан соңынан жүріп келе жатқан бөтен автокөліктің үлкен жылдамдықта соққанынан, көліктің сағат тілі бағытына айналып, жолдың оң жағына шығып, «Қазақтелеком» белгісі бар діңгектің бетонына соқтығысып, соның салдарынан қайта сағат тіліне қарсы бағытта бұрылып, соңынан оң жағымен төнкеріліп қайта дөңгелекке тұрған. Автокөліктің бас бөлшектерінде және салонында М. Тастановқа ашық түрде бас-ми жарақатын келтіргендігін куәләндіратын іздер жоқ. Көлік «Қазақтелеком» дінгегіне соқтығысқан кезде алғашқы секундттарда қауіпсіздік белдігімен тағылып, қауіпсіздік жастығымен орындыққа тақалып, аударылған кезде салонда қозғалыссыз жағдайда болған жүргізуші М.Тастановтың көлік салонында отырып, аударылған кезінде оның өліміне себеп болған ашық түрде бас-ми жарақатын алуы мүмкін емес». Көлік оқиға болған жердегі апатқа дейін 67 км/сағ жылдамдықпен жүргені жайлы қорытынды берген. Қылмыстық іс бойынша 2009 жылдың 22 шілдесінде өткізілген Республикалық денсаулық министрлігінің Орталық сот дәрігерлік комиссиялық сараптамасының қорытындысында 07.05.2010 жылғы «Независмая экспертиза» (тәуелсіз сараптама) және дәрігерлік сараптама бюросының қорытындысы қарама-қайшы болғандықтан, Республика ДМ ОСД сараптамасының сарапшылары А. Искулов, Е. Жармакин, В. Васильчиковтардан және соңғы өткізген сарапшылардан нақты анықтап жауап алуға жіберді.
Жүргізілген тергеу амалдарының негізінде кешенді сараптама жүргізу туралы мәселені қарау қажет.
Қорытындысында жалған қорытынды берген сарапшыларға сонымен қатар бірінші сараптама өткізген сарапшы Б.Ахметовке байланысты процессуалдық шешім қабылдау, М. Тастановтың дене мүшелерінің жоғалуы бойынша тексеру амалдарын жүргізіп, заңды шешім қабылдау қажеттігін атап көрсете отырып, осы аталған жағдайларды ескеріп, ҚІЖК -197 бабының 10 тармағының талаптарын басшылыққа алып, қаулы қабылданған . Онда 17.08.09 жылғы ҰҚК тергеу тобының басшысы Ж.Балғожиннің қылмыстық істі қысқарту туралы қаулысын бұзуға, 14.01.2009 жылғы Қарағанды облысы IIД Оңтүстік – Шығыс ІІБ ТБ-ның бастығының орынбасары Н.Ердібековтің Б. Ахметовтың іс-әрекетінде қылмыстың құрамы болмауына байланысты қылмыстық іс қозғаудан бас тарту қаулысын бұзуға , қылмыстық істі ОҚО прокуратурасы арқылы ҰҚК Тергеу Департаментіне қосымша тергеу амалдарын ұйымдастыру үшін жолдауға қаулы қабылданыпты . Сең бұзылып, жасыру мен жабылуы белгісіздеу болған үлкен қылмыстың беті ашылар күн де алыс болмайтынына сеніммен қарауға болады. Бұл істің ақихаты ашылуына еліміздің жаңадан тағайындалған Бас прокуроры Асхат Дауылбаев мырза қатаң қадағалау жасайтындығына жәбірленуші жақ үлкен үміт артып отыр.

                                                                                                                                                                                                                         Назипа МАМЫҚОВА 

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз