БАЛАСЫНЫҢ БАС СҮЙЕГІН КӨМЕ АЛМАЙ ОТЫРҒАН ШАҢЫРАҚ

1
1281

 Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Асхат Дауылбаев мырзаның назарына!

ЖҰМБАҚ ӨЛІМ. БҰТАРЛАНҒАН МӘЙІТ.
Жауабы жоқ сауалдар 

Редакциямызға егде жастағы екi аға келдi. Қолдарында жазылған арыздары. «Осы жазылған арыз бойынша журналистiк зерттеу жұмысын жүргiзулерiңiздi сұранамыз”, – деп туған iнiсi Тастанов Мұқанның қалай өлгенi жайында әңгімелеп берді.». Тастанов Мұқан 02.11.1976 жылы Отырар ауданында дүниеге келген. 06.07.2007 жылы түнгi сағат 01:20 шамасында жекеменшiк жеңiл автокөлiктi басқарып келе жатып, қасындағы жолаушысымен “жол апатына ұшыраған”. Сол жерге 1:35 шамасында барған iшкi iстер органдарының адамдары Тастанов Мұқан iнiмiздiң мәйiтiн көрмейдi. «Жедел жәрдем» көлiгiндегi жүргiзушi мен фелдьшер Тастанов Мұқанды көрген. Ол кезде iнiмiз машинадан шамамен 5-6 метрдей ара қашықтықта жолдың жиегiнде жатқан. «Жедел жәрдем» дәрiгерi Мұқанды тексерiп, Мұқанда тыныс алу белгiлерi мен ұйқы артериясы соғу жоқ, деп “өлдi” деген қорытынды жасаған. Фельдшер Н.Керiмқұлова мәйiттi «жедел жәрдем» автокөлiгiне салып, өзi жүргiзушiнiң қасына отырып, Отырар аудандық ауруханасына жеткiзген. Барған соң фельдшер машинадан түсе мәйiтхананың кiлтiн iздеп кеткен кезде, мәйiттi сол арада белгiсiз бiреулер 3-шi қабаттағы хирургия бөлiмiне алып келген. Iнiмiз хирургия бөлiмiнiң таңу бөлiмшесiнде таңға дейiн жатқан. Осы кезде таңу бөлмесiнде өзiнiң немере iнiсi жатқаны туралы хабар М.Тастановтың немере ағасы, реанимация бөлiмiнiң меңгерушiсi Ф.Шырынбековке жеткен. Ол iнiмiздi тексерiп көрiп, милицияға берген түсiнiктемесiнде Ф.Шырынбеков Мұқан Тастановтан тiршiлiктiң көзiн байқағанын жазған. Неге iнiмiздiң мәйiтiн фельдшер Н.Керiмқұлова Iшкi iстер органдарына хабарламай, заңды бұзып мәйiттi мәйiтханаға жеткiзуге асыққан? Неге фельдшер Керiмқұлова машинадан түсе мәйiтхананың кiлтiн iздеп кеткен, бiрақ кiлттi таба алмағанын қалай түсiндiруге болады? Дәл сол арада мәйiттi 3 қабаттағы хирургия бөлiмiнiң таңу бөлмесiне кiмдер алып барады. Не себептен Тастанов Мұқанның денесi хирургия бөлiмiнде таң атқанша жатады? Мәйiтті тексергенде басының маңдай тұсынан тiгiлген жарасы табылған. Оны кiм тiккен? Егер ол хирургия бөлiмiне өлi жеткiзiлген болса, онда жыртылған басты не үшiн тiгуi мүмкiн? Оның апаттан емес, жендеттердiң қолынан қаза тапқаны апаттан болатын жарақаттардың еш түрi денесiнен табылмауы дәлел бола алмай ма? Апатқа ұшыраған адамның аяқ-қолдарының, омыртқаларының сынбауы, бауыр, бүйректерiнiң зақымданбауын қалай түсiнемiз? Мұқан Тастановтың көлiгiнiң артында отырған екi жолаушы Н.Бозшабаев пен А.Бекболатовтар жол апаты болған жерден қайда кеткен? Қалай өлген жүргiзушiнi тас­тап кетiп қалған? Қашып кеттi ме? Мiне, осы және басқа да сұрақтарға бүгiнгi күнге дейiн жауап жоқ.

Иесiз қару
немесе тергеушiнiң “аңғалдығы”


Мұқанның көлiгiнiң артынан табылған 16 калибрлi екi ауызды шолақ мылтық оның мылтығы емес, Н.Бозшабаевтiкi екенiн қойшы Тасыбеков Серiк Сәлменұлы таныған. Өйткенi, 2007 жылы маусым айының 19-ы күнi 15:00 шамасында Отырар ауданы Шеңгелдi ауылының сыртында жайылымда қой бағып, жалғыз өзi жүрген кезiнде аталмыш шолақ мылтықпен осы қойшыға Н.Бозшабаев келген, сөйтiп, қойшыны ұрып-соғып, қорқытып, аяқ-қолын жiппен байлап, басын күштеп арықтағы суға батырып, тұншықтырып, алты бас қойын алып кеткен. Қойшы Тасыбеков Серiк бұл оқиғаны Тастанов Мұқан бойынша сұралғанда айтқан. Неге тергеушiлер осы мәлiметтi ескермеген? Әлде тергеушi, Серiк Тасыбековтың өзiн ұрып-соғып, қойын алып кеткенi туралы арызы бойынша ашылған iстi өлген М.Тастановқа тiге салғысы келдi ме екен, себебi қойшы өзiнiң соққы жеп, тоналғаны жөнiнде Отырар аудандық IIБ-на тез арада хабар бергенiн айтады. Содан кейiн Отырар аудандық IIБ-ның полиция қызметкерлерi оқиға болған жерге келiп, қойшы Тасыбеков Серiктен түсiнiктеме алып кеткен. Сол кезде қойшы Тасыбеков Серiк қарақшының қара-қоңыр түстi, нөмiрi 760 KEN, немесе 760 KEM автокөлігі болғанын айтады. Нөмiрдiң алдыңғы әрiбiн байқамағанын ескертедi. Осы оқиға бойынша 2007 жылы маусым айының 20-сы күнi Отырар аудандық IIБ аға тергеушi, полиция майоры Қ.Шындалиев ҚР ҚК-нiң 179-бабының 2-бөлiгiнiң “А”, Г” тармақтарымен №07514803100040 санды қылмыстық iс қозғаған.
Тасыбеков Серiктi 2007 жылы шiлде айының 6-күнi Отырар аудандық аға тергеушiсi полиция майоры Қ.Шындалиев шақырады. Сол жерге барған кезде қойшы Тасыбеков Серiкке өзiнiң кабинетiнде: “Саған қарақшылық шабуыл жасап, алты басты қойыңды алып кеткен адамдарды көрсетсем, танисың ба”? – деп сұраған. Серік қылмыскерлердi көрсе танитындығын айтады. Отырар аудандық IIБ-ның аға тергеушiсi, полиция майоры Қ.Шындалиев өзiнiң кабинетiнде қойшыға қарақшылық шабуыл жасады деп сезiктенген адамды, қалыс адамдардың қатысуымен, яғни 06.07.2007 жылы М.Тастановтың қайтыс болған күнi танытыпты. Сол кезде қойшы Тасыбеков Серiкке «саған қарақшылық шабуыл жасаған мына жiгiт емес пе?»-деп «жедел жәрдемнің» iшiнде зімбілде жатқан Тастанов Мұқан мәйiтiнiң бетiн ашып көрсетедi. Тасыбеков Серiк Тастанов Мұқанды танымайтынын жеткiзген. Тасыбеков Серiк қалыс адамдардың қатысуымен өзiне қарақшылық шабуыл жасаған бiр жiгiттi таниды. Ол адамның аты-жөнiн сұраған кезде, ол өзiн Отырар ауданы Шәуiлдiр ауылының тұрғыны Бозшабаев Нұрлан Жұмайдарұлы деп таныстырған. Майор Қ.Шындалиев бөтен адамды таныту хаттамасын дауыстап оқып шықпай, қойшы Тасыбеков Серiкке келiп “мына жерлерiне қол қой” деп толтырылған хаттаманың екi жерiне қол қойдырып алып, «ендi кабинеттен шығып тұра бер» дейдi. Сөйтiп “танытуға” қатысқан адамдардың барлығын кабинеттен шығарып, тек қана Н.Бозшабаевты алып қалады. Сонымен қатар сол күнi Отырар аудандық IIБ аға тергеушiсi, полиция майоры Қ.Шындалиев және ОҚО IIД-ден келген полиция қызметкерлерi қойшы Тасыбеков Серiкке “Саған қарақшылықпен шабуыл жасаған қылмыскерлердiң қолында қандай мылтық болды, сол туралы айтып бер”, – дейдi. Сол кезде мылтық столдың үстiнде, сыртында мөрi басылған жылтыр қалтаның iшiнде жатады. Қойшы Тасыбеков Серiк өзiне қылмыскер қолданған шолақ екi ауызды мылтықтың белгiлерiн толығымен айтып бередi. Мылтықтың ствол және приколды кесiлген, екi ауызды тартпалы мылтық, 46 калибрлi ствол және стволдың астындағы ағашы көк түстi лентамен оралған және приколдының түбi, ұстайтын жерi көк түстi лентамен оралған. Бес дана заводтық тәсiлмен жасалған көк түстi патроны бар болған. Сол кезде тергеушiлер қылмыстық iс материалының арасында суретке түсiрiлген шолақ екi ауызды мылтықтың және көк түстi бес дана патронның фото суретiн көрсетедi. Тасыбеков Серiк мылтықты бiрден танып, «маған қылмыскерлер қарақшылық жасаған кезде қолданылған қару осы» деген. Бiрақ, Отырар аудандық IIБ аға тергеушiсi, полиция майоры Қ.Шындалиев қойшының мылтықты және патрондарды танығаны туралы хаттама толтырмаған. Қ.Шындалиев қойшыға “Н.Бозшабаевты қамауға аламын, сен үйiңе қайта бер” деген.
Отырар аудандық IIБ аға тергеушiсi, полиция майоры Қ.Шындалиев қойшы Тасыбеков Серiк таныған кесiлген шолақ екi ауызды 16 калибрлi мылтыққа және бес дана заводтық әдiспен жасалған көк түстi патрондарға соттық сараптама өткiзбеген. Сонымен қатар айғақты зат ретiнде қылмыстық iске тiркелмеген қылмыстық iс материалдарында кесiлген шолақ екi ауызды 16 калибрлi мылтық пен 5 дана көк түстi патрондары туралы ешқандай iс құжаттары жоқ. Ал қарақшылық шабуыл жасаған Н.Бозшабаевты және оның қасындағы қылмыскерлердi анықтап қамауға алмаған. Қылмыстық жауапкершiлiкке тартпаған. Неге Отырар аудандық IIБ аға тергеушiсi, полиция майоры Қ.Шындалиев қарақшылық шабуыл жасаған Н.Бозшабаевты және оның қасындағы қылмыс­керлердi қамауға алып, заң алдында жауапкершiлiкке тартпаған? Бұған не себеп болды екен? Қойшы Тасыбеков Серiктi қорқытқан дәл сол мылтықпен Ә.Бекболатов пен Н.Бозшабаев Мұқан Тастановтың көлiгiне неге отырған? Н.Бозшабаевтың қарақшылық шабуылға қолданған мылтығы неге Тастанов Мұқанның көлiгiнiң артынан табылды? Мiне, осы сұрақтарға жауап iздеу мақсатында, бiз Отырар ауданына жол тарттық.

Ақ халаттылардың
жауабы

Оқиғаның күмәндi сұрақтарына жауап алу мақсатында бiрiншi Отырар аудандық медициналық бiрлестiгi Орталық аудандық ауруханасының бас дәрiгерi Құдайбергенов Төрехан мырзаның алдына бардық. Бiздiң келгенiмiздi алғашында ұнатпаған бас дәрiгер аздап ашуға берiлдi, дегенмен Тастанов iсiн айтудан бас тартқан жоқ.
-Отырар аудандық ауруха­насының жедел жәрдем бөлiмiне телефон арқылы 06.07.2007 жылы сағат 02.00 қайғылы оқиға деп шақырту түскен. Сағат 02.05-те фельдшер Н.Керiмқұлова жол апаты оқиғасы болған жерге жеткен. Ол жерде фельдшер зардап шегушi Тастанов Мұқанды көрген. Фельдшер Керiмқұлова зардап шегушiнi көрген кезде тыныс алу белгiлерi мен ұйқы артериясы соғуы жоқ, көз қарашықтары кеңейiп кеткен, «өлдi» деген қорытынды жасаған. «Жедел жәрдем» көлiгiнiң артына өлiктi салып, Керiмқұлова өзi шопырдың жанына отырып, Отырар аудандық ауруханасына жеткiзген. Керiмқұлова машинадан түсе сала мәйiтхананың кiлтiн iздеп кеткен. Сол арада белгiсiз бiреулер мәйiттi үшінші қабаттағы хирургия бөлiмiнiң таңу бөлмесiнiң хирургиялық үстелiне жатқызып кеткен. Мәйiттiң жансақтау бөлiмiнiң меңгерушiсi Файзулла Шырынбековтың немере iнiсi екенiн естiгеннен кейiн бiз оған хабар бердiк. Содан мәйiт бiзде таң атқанша хирургия бөлiмiнiң таңу бөлмесiнде, хирургиялық үстелде жатқаны үшiн, ал фельдшер Керiмқұлова мәйiтхананың кiлтiн iздеп кетiп, ол кiлттi таба алмағаны үшiн бiз әлiге дейiн жауап берудемiз. Мұның бар себебi – сол кезде ауруханамызға күрделi жөндеу жүргiзiлiп жатқан болатын. Мiне, кiлттiң жоқ болғаны, мәйiттiң таң атқанша хирургия бөлiмiнiң таңу бөлмесiндегi хирургиялық үстелде жатқаны үшiн бiздiң үш жылдан берi жауап бермеген құзырлы органдарымыз қалмады,-деді бас дәрігер.
Жансақтау бөлiмiнiң меңгерушiсi Файзулла Шырынбековке жолыққанда ол Тастановқа қатысты әңгімені бiрден бастап кеттi:
-Менiң өзiм жол апатына түсiп, ауырып жатқан болатынмын. Маған түннiң бiр уақытында мәйiттi ауруханаға алып келген «жедел жәрдем» автокөлiгiнiң шопыры Қалдыбеков Серiк үйiме қоңырау шалып, хабарласты: «жол апаты оқиғасынан кейiн ауруханаға Мұқан Тастанов деген жеткiзiлген. Сол кiсiнiң ағайын-туысқандарын iздеп жатырмыз» дедi. Мен Тастановтардың туысқаны болғандықтан маған хабарласқан. Ол «Тастанов Мұқан жол апатынан қайтыс болды» дедi. Мен шамамен жарты сағаттан кейiн «жедел жәрдем» автокөлiгiмен ауруханаға барып, iнiмiз Мұқан Тастановтың жағдайы не болғанын бiлдiм. Сол күнi кезекшi дәрiгер Берiк Құралбай болатын. Оның айтуынша жол апатынан қайтыс болған Тастановтың мәйiтi хирургия бөлiмiнiң «процедурная» кабинетiнде жатыр екен. Оның туысым Тастанов Мұқан екенiне көзiм жеттi. Дәрiгер ретiнде Тастанов Мұқанның көз қарашықтарын және күре тамыр соғысын тексерiп, онда тiршiлiк көзiн байқамадым. Мәйiт жедел жәрдем зембiлiнде жатыр екен. –Файзулла аға, сiз Отырар ауданының прокурорына жазып берген түсiнiктемеңiзде «Тастанов Мұқанды таныдым. Дәрiгер ретiнде дереу көз қарашықтарын және күре тамыр соғысын тексерiп, онда тiршiлiк белгiсiн байқадым дегенсiз»? Сонда сiз неге сүйендiңiз, былайша айтқанда сiз оның тiрi екенiн қуаттап тұрсыз ғой?
– Бұлай айтқаным «байқадым» деген сөз тiркестерi «тексерiп көрдiм» деген мағынаны бiлдiредi. Мәйiт өлген болатын. Мен сол кезде түсiнiктемеге жаза салған шығармын.
Содан соң, бiз «жедел жәрдем» көлiгiндегi сол күнгi кезекшi фельдшер Н. Керiмқұлованың үйiне бардық.
– Сол күнi 06.07.2007жыл, түнгi сағат 2:00 шамасында Отырар аудандық ауруханасының «жедел жәрдем» бөлiмiне телефон шалып, қайғылы оқиға деп шақырту түстi, – дедi Н.Керiмқұлова. – «Жедел жәрдем» автокөлiгiнiң жүргiзушiсi екеумiз сағат 2:05 қайғылы оқиға болған жерге барған кезiмiзде автокөлiктен шамамен 5-6 метрдей ара қашықтықта, жолдың жиегiнде жалғыз өзi жатқан Тастанов Мұқанның мәйiтiн ғана көрдiм. Мен зардап шегушi Тастановтың мәйiтiн тексерiп көргенiмде онда тыныс алу белгiлерi мен ұйқы артериясының соғуы жоқ болатын. Көз қарашықтары кеңейiп кеткен. Мен Тастанов Мұқанды «өлдi» деп қорытынды жасадым. Содан мәйiттiң жан-жағына қарадым, ешкiм жоқ екен. Бiрақ сол кезде машина жақта екi-үш адам жүрдi. Бiз оларға жақындап, кiм екенiн зерттеген жоқпыз. Мәйiттi «жедел жәрдем» көлiгiне салып жатқан кезiмiзде, «мен де осы көлiкпен жол апатына ұшырадым» – деп бiр жiгiт келдi. Оны да «жедел жәрдем» көлiгiне отырғыздық, ал өзiм мәйiттiң қасына емес, шопырдың жанына отырып, Отырар аудандық ауруханасына жеткiздiк. Оны дер кезiнде мәйiтханаға кiргiзейiк деп, мен көлiктен түсе мәйiтхананың кiлтiн iздеп кеттiм. Мақсатым – өлiктi далаға тастамау болатын. Ит, мысық, құстар тимесiн деген ниетпен мәйiтхананың кiлтiн iздеген болатынмын.

(Жалғасы бар)

Назипа МАМЫҚОВА 

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз