ҚАЗАҚТЫҢ МАҒАУИНІ ОРЫСТЫҢ СОЛЖЕНИЦИНІ ЕМЕС...

магауинҚазақ халқы, Ұлы қазақ халқы құнерездіктің салдарынан бойына жиған сананы қазірде «құлдық сана» дейді. Расында да, өзге мемлекеттің үстемдігінде тамыры басылған ұлттың бар ғұрпы, ділі мен тілі, заңнамасы араласа түседі. Демек, доминантты елдің, қуатты елдің басымдығы арта береді. Бақылаудағы елдің санасы күрт қабысып, тексіздікке тіреледі. Демек, ұлттың ұрпағына төнген ұлтсыздық деген дерттің асқынуы осы кезден басталыпты-мыс. «Ұлы» ұлттың, бағамдасақ, құлдық сезімі бар екен. Үйлеспейді. Ендеше «ұлы» кім? Талқыға салайық... Солженицынның бүкілөмір­лік ұстанымы мен ұстыны «Как нам обустроить Россию», «К нынешнему состоянию России» деген мақалаларының көлеңкесі ғана. Сіз ойлаған ел тұрмысы мен сана-сезім емес. Ашықтан ашық жаулаушылық принципке құрылған субьективтік көзқарас. КСРО жоғары сотының 1956 жылғы 3 ақпандағы шешіміне сәйкес десидент атанып, жер аударылып кеткені есіңізде болса, оның бар ой-әлегін бүткіл Ресей тұрыпты, одақтас республикалар да елемеген. Біздің айтайын дегеніміз бұл емес, әрине. М. Мағауиннің де «Ұлтсыздану ұраны», «Қазақ тарихының әліппесі», «Мен» және өзге де ой-толғамдары мен мақалалары негіз болған ұлттық идеяның көріністері. Міне, даңғылдан салынып берген осы ұлт болашағының бағдарламасы неге ескерусіз қалғандығында. «Тіл!» деп қаламыз мәселе көтерсек. Былай шешу керек. Жоқ! Олай шешу керек. Айтпақшы... Осы сарындағы салғырт сана мен дақпырт ойдың талайы келіп, талайы кетті. Бірі жеңді, бірі жеңілді. Ал дау боп, дәу боп көтерілген мәселе өз орнында. Түп-тамырымен қопарылып кеткен дүмпуді күтіп жатқан көкірегі ояу, көзі ашықтар көрінбейді. Елімізден. Сойқан сайранмен ұрандатып та шықтық, дінмен «үшкіріп» қорқыттық та, аяғына жығылып жалындық та. «Кәнеки шыққан мүйіз?» Тілді торлаған, сорлаған, қорлаған да өзіміз екенбіз. Ұлт мүддесін ойлап жүрген бірен-саранның алдына түсіп, жағаласып, топ арасынан тас лақтырғаннан басқа не қалды? Қалмағаны көп екен және. Әлі де сол «зиялысымақтарды» тарантасқа жегіп, шу-шулеп айдап шығыппыз. Талғамы тар құрсаудан шыққандай, бірақ өздерін тауға балайтын шенділердің шырмаулы ойлары басқан біздің елдің болашағы шынында да күңгірт. Мағауин. Мақтап, әсірелеп, марапатын асырып жатуға орын жоқ. Барды бар деуге батылымыз әлдеқашан-ақ әләйім-тәләйім болған. Ол оған зәру де емес. Бұл кісі жалпы кім? Тарихшы, әдебиетші, жазушы, ойшыл... Тағы не? Ұмытыппыз. Ұлтшыл! Жоқ! Сіз ойлағандай, орыстың шовинистері мен немістің нацистері, американдықтардың расизм (нәсілшілдік) ұғымындағыдай емес. Ұлттың тарихын, мұрасын сыйлайтын, елбасын, елтаңбасы мен байрағын жоғарыға қоятын, тілі мен дінін таныған, болашағына алаңдайтын ұлт руханиятының шамшырағын жаққан көсем, үлкен дарын иесі. «Ұлтсыздану ұраны» кітабы алдымызда жатыр. 51 бет: «Қашанда кіріптар халықты қорлау, кемісіту, біржола жер қылудың, рухынан, ділінен айырудың ең оңай әрі төте жолы – оның ұлттық қазынасын, қастерлі ұғым, қасиетті мұраларын қатардан қалдыру, теріске шығару арқылы жүзеге асады екен. Барың – жоқ, асылың - жасық, озығың - тозық, ер-азаматың – азғын деп жарияланады...». ««Мемлекеттік» тіл» мақаласы. Шындығын айтады. Шірігін алып тастап, шіресін сығып тастап. Қарсы уәж айтуға тіпті де келмейді. Ар алдында құқық берілмеген. Солай. Ары қарай... «Бастан аяқ күйінішке құрылған ұзақ толғау да сол үшін жазылды. Абай атам ұрпағын ескерткендей, кейінгілер ағамыз айтпай кетіпті деп кінә артпас үшін. Әйтпесе, жаңғыру, серпілу, дүрк көтерілу тұрыпты, жақсылық атаулыдан үмітіміз аз. Қайта шықпас шыңырау түбіне тым тақау тұрмыз». Жақсылығымен жамыла келген жамандық кезген асау дүние-ай! Арыстың алдындағы асын атаукере еткен, ақылын ақсақ, отын опасыз, жылуын жарықсыз қалдырғаны үшін өкінеміз. Өмірінің өткелі өкініш болған, хикметі қастерсіз хикая, қарымына қайсыбіреулердің құлқыны қарсы тұрған жалған дерсің бұ фәниді. Құбақан жұрттың еңсесі құлаған, қаперсіз қатердің тізе батыруын көрген, санасы сынық, жарасы тұнық, тәлкекті тағдыр-ай дерсің. Қазір Прагада. Өзі теперіш көрген елдің келешегіне уайымдап, қаламын серік тұтып, ұлтына деген, туған жерге деген ностальгиядан ой түбіндегі шерлі толғау мен зерлі ойламдардың арасында жүр. Жалғыз. Көпе-көрнеу ғана үміті бар. Әйтеуір үзіліп, таусылып, түгесілмеген. Қазақ бойындағы асыл тектіліктің жарқын үлгісі! Біздің санадан екшеп, ереуілдеп, егіліп айтып отырғанымыз да сол, ұлттық мінезді көрсеткен Мағауин! Қисынды байлам мен сарабдал сын, сенім мен жады, жазу мен тозу, машақат пен бейнет – барлығының да маңдайына тағылған айдары өзі. «Өрмелеп шығып күн болған». Әдеби зерттеудегі алғашқы еңбектері «Қобыз сарыны» 1968 ж, «Ғасырлар бедері» 1991 ж, «Алдаспан» альманағы,, «Бес ғасыр жырлайды» альманағы. Көркем прозада «Аласапыран», «Көк мұнар», «Сарқазақ», «Шақан шері», «Жармақ» сынды романдары, т.б көптеген әңгіме, хикаяттардың авторы. Жас сыншы Құмар Жұмаханның «Үркер» журналында «Мұхтар Мағауин - әдебиет зерттеушісі» атты мақаласы жарыққа шыққан. Онда автор былай дейді: «...Мұхтар Мағауин, өзіне дейінгі әдебиеттің қалыптасуының арғы-бергісіне бірдей үңіл­ген, оны зерттеушілер­­дің кем­шіліктерін толықтырып, артықшылықтарына ақиқат бағасын берген. Терең білім, өткір тілімен, әсіресе, хандық дәуір оралтуда, ақын-жырауларымыздың, сұлу сөз шеберлерінің мұраларын жинап бастыруда айрықша еңбек етті. Бұрын бағаланбай келген көлеңкелі тұстарын ашып, әдеби айналымға енгізіп, әдебиет зерттеуші ғалымдардың, қалың оқырман қауымның назарына ұсынды. Сол еңбектердің – халқымыздың төл мұрасының өшпес құндылығы екенін зерделеп, өз бағамызды беруге тиіспіз». Солайы солай да. Алып тастар ештемеміз жоқ болса да, қосарымыз көп. Мағауиннің мұрасы көзі тірісінде талапай талқыланып, тиесілі бағасын алғанын былай қойғанда, шығармашылығы мен ғылыми мақалаларындағы көтерілген тақырыптар телегей елдің алдында тұрған негізгі мәселелерге айналуы тиіс еді. Шындықты рухани кемелділікке жеткен, өлімнен қорықпайтын адам ғана айтса, Қорқыттың ажалсыздықты іздеу идеясында рухани кемелдік жолын іздеуі деген пәлсапаға саятын негіздер жатқаны болар деп бағамдасақ, М.Мағауиннің бағасын беруге асыққан Қорғанбек Аманжолдың «Классик немесе Мұхтар Мағауиннің мәңгілік күйі» атты эссе-мақаласында ғұлама жазушының өмірі­нен алынған керемет көрке­мсуреттерді көреміз. Автордың: «Абай рухына, Алаш мұратына адалдығынан жазбаған Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың және “Түрік дүниесіне қызмет” сыйлығының лауреаты Мұхтар Мағауин шығармаларының мәңгілік күйі туған халқына қызмет етпек, қазақ руханиятының көсегесін көгертпек. Ол дегеніңіз – қалың-қалың 13, содан кейін төрт кітаппен үстеме¬ленген, жалпы жиыны 17 том. Бәрі де алғы болашаққа күмәнсіз өткен мәйекті асыл қазына. Идеологиялық күресінде қалғаны жоқ» деп талқыға алған ойы бардың бар деп айтылуы мен шындықтың шарбы бұлттардың астында көлегейленбей, нағыз әділ рецензиясы берілгенін айтайық. Ендігіде не? Ие, қаламды серік еткен, бірақ жазушылар ортасында бір-бірін серік етуге жаны қимайтын ағаларымыз да баршылық. Әмірхан Меңдекенің «Жас Алаш» газетінде (№16, 25.02.2010) жарыққа шыққан мақаласында Мағауиннің жетпіс жасқа толуын айтып, оның елден жырақта жүргеніне аса зор толқыныспен қарайласуы, жазушылар ортасындағы кикілжіңдерге налығанын жазып өтсе, артынша соған жауап ретінде Жұма-Назар Сомжүрек «Мағауин – диссидент емес» атты мақаласында қарсылық білдіреді. Неге екенін қайдам, бұл мақалада Мағауинді ортақ пікірге алушыларға қарсы мүдденің бар екендігі байқалатын секілді. Көрейік. «Мағауин тұлғасын соншама асқақтатып жүргендерге тағы бірнеше уәж айтпасқа шара жоқ. «Мұқтар мұңы» деп оның ел үшін егіліп, халық үшін көкірегі қарс айрылып, қайғырып жүргенін Сәукетай да, Меңдеке де жазудай-ақ әсерлеп жазады. Егер шын солай болса, неге ол сол ел үшін, жер үшін, тіл үшін жандарын ортаға салып күресіп жүрген ұлт патриоттарының қатарынан табылмайды?!» дейді ағамыз. «Шын солай болса...» деген не сөз? Ағамызға «Ұлтсыздану ұраны» (2004, «Алаш» баспасы) мен «Қазақ тарихының әліппесі» (1995, «Қазақстан» баспасы) деген еңбектерін оқыды ма деген сұрақ қойғымыз келеді. Жоқ! Оқу былай тұрсын, рецензиясын ғана шолып шығу керек пе еді?.. Мәселен, алғашқы кітапта (Ұлтсыздану ұраны): «...Бүкіл қажыр-қайратымен шығармашылық қызметін елдің, ұлттың келешегі тарихына, бүгінгі мұрат-мүддесіне арнап келе жатқан көрнекті жазушы, ғалым ендігі еңбегінде азамат ретінде сол ел, сол ұлттың болашағын ойлап қам жейді, тығырықтан шығар жол іздейді. Мұндағы кейбір ойлар мен толғаныстар ащылау көрінсе, бұны тек жанашырлықтан туған жанайқай деп түсінген жөн болар» Міне, көзге ұрған жазулар... Қош. Екіншісіне көшейік: «Бабаларымыз шаңырағын көтеріп, төрт ғасыр бойы ұстап тұрған Қазақ Ордасы аталатын ұлан-ғайыр ұлыстың толық әрі шынайы тарихын таңбалау – ғылымға, әдебиетке алғаш қадам басқан кезден бері көкіректе сыздаған арман еді...» Әсілі бұл сөздерді кім айтуға тиісті еді? Патриот! Әрине солай, ал М.Мағауинге патриот деген заңсыз атақты да қимайтын болсақ, әркім өзіміздің қалай іс-қам-қарекет етіп жүргеніміз туралы қайта бір ойлап шығуымыз керек шығар. Сонымен, солқылдақ бас аурулар дәуірі өтіп, сананы салқын оймен толтырар кезеңде зиялыларды елден «кетіпқалдыласып», құдай еместердің барлығында табылатын бір мінді тізіп, тымсалдай берудің өзі күпірлікке келе ме-ау деп қаламыз кейде... Орта ғасырдың өзінде даналығы шет асқан Фараби зиялы болса неге елінен кетіп қалды дерміз бір күні?.. Дін-ғылымды іздеп, жер шарлаған Шәкәрім ше? Абсурд. Ақын Ақберен Елгезектің «Гомердің көз жасын Бетховен естіп қойыпты» дегеніне келеді. Әрбірден соң жүйріктің асаулығын кешірмейтін пендешілік құлқынымыз «Адамдар бейіш-баққа бару үшін, Меккеде туылуы міндет емес» (М.Тазабеков) дегенді де білуші еді. Ал Мұхтар Мағауин, кешіріңіздер, елде өсіп, елде өнген, борышын өтеп, бейнетін көрген, кейінде соның зейнетін көріп жатқан елінің игі жақсылары қатарында. Елде болып жатқан басыбайлы мәселелердің барлығына сақалын сүйкеп бара бермеуін мін санаған біздің құлқынымыз адыра қалғандай осы сөздерден кейін... Асылы, бізге «ақынын өлгенде, әкімін көргенде сыйлайтын» мінезден арылатын кез келді. Айтпақшы, біздің таң қалатынымыз бар. «Мен!» деуге болмайды екен. Жоқ! Болады екен. Бірақ алдына өмірде бұрын өткендердің біразын айтып барып қана айтса жарасады-мыс екен. Мәселен, «Махамбет, Әуезов, Ақселеу, сосын барып мен!» деу керек екен. Күлкілі емес пе? Әдебиет, ұлт руханияты, тарих деген арнасы кең мұхитқа шартараптан ағылып келіп жатқан дарын-өзендер әрқайсысы өздерінің орнын «әне!» деп иекпен нұсқаса оның несі айып?! Моңғолияның бір зерт­теушісі «Шыңғыс ханды жақсы деп те, жаман деп те айтуға болмайды» деген пікірді айтыпты. Бір күні Мағауинді де солай айтып, аңызға айналдырып жүрмесек етті... Бардың қадірі білінсе екен деген ой-ауан ғана бізде... Ардақ ҚҰЛТАЙ