СОМ ТҰЛҒА – СОНЫ ҚҰБЫЛЫС

Олжас СулейменКөне астрономияның физиканың, медицинаның ұлы өкілдерінің түсініктері, еңбектері, ашқан жаңалықтары ескіріп, күн санап өзгеріп, алмасып жатқанда нағыз ақындардың шығармалары тап-таза, мәңгі жас қалпында қала береді. А.С. Пушкин

Құлақкүй Есімі мен еңбегін әлем танып, жаһан мойындаған тұлғалар Тәуелсіз Қазақстанның мақтанышы ғана емес, мызғымас мықты тірегі. Қазақта тұғыры биік тұлғалар жоқ та емес, көп те емес. Сондайдан көзге шалынып, көңіл төрінен орын алар сом тұлғаның бірі, бірі ғана емес бірегейі – Олжас Омарұлы Сүлейменов. Алла Тағала мейірі түсіп, ойын терең, бойын биік етіп ерекше жаратқан Олжас десе қаны қызбас қазақ жоқ! Сүлейменов десе елең етпес ел бар ма?! Осы тұста «Бертіс биден қалған: «Ақылы елден асқан ақының болса мақтан, Ынтымағы жұрттан асқан жақының болса мақтан» - деген бір сөзі ойға оралып тұр. Сондай талантты тұлға ғой Олжас. Тұлғаларды тарихтың өзі туғызады, замананың дауылы мен жауыны, селі мен желі, өрті мен дерті шыңдап, шынықтырады. Бір қарағанда жолы болғыш сері сияқты көрінетін Олжастың сырт көз біле бермейтін сыры да, тағдырдан жеген таяғының «жыры» да көп. Қазақ атты әскер полкінің командирі, полковник шеніндегі әкесі Омар халық жауы атанып, тұтқындалып, мезгілсіз мерт болғанда Олжас бар болғаны бір жаста еді. Талантты адамның тағдыры қашан оңай болып еді?! Бұдан кейін жеген таяғы да аз емес еді Олжастың... Жә, ол жайлы сөз арасында айта жатармыз. Енді негізгі әңгімеге көшейік. Сонымен...

Бірінші хикая: АСПАННАН ЖАУҒАН ЖАУҺАР ЖЫР немесе бірінші 25, алғашқы самғау

1961 жылы сәуір айының 12-жұлдызында әлемдік ақпараттар айдынын бүкіл дүниежүзін дүр сілкінткен ғаламат оқиға жайлы ғажайып хабар жаулап алды – адам тартылыс күшін жеңіп, ғарышқа ұшты! Тұңғыш ғарышкер Юрий Гагариннің «кеттік!» деген қуатты да шуақты даусы радиотолқындары арқылы жер жаһанға тарап, ғарышқа көтерілген космос кораблін көгілдір экран арқылы бүкіл әлем көрді. Осынау ғажап сенсация Олжастың жандүниесін жаулап, ой-санасын баурап алды. Сол күні қанша кеш жатса да кірпігі айқаспай-ақ қойды Олжастың. Ой ағысы, сезім селі қысқан ақын түн ортасында төсектен атып тұрды. Терең тебіреніп, қатты толқыған Олжастың жаны жазу столына отырғасын жай тапты. Сәулелі сәуірдің сұлу да сылқым түнінде буырқанып, бұлқынған бұла жыр: Тоғаны жаңалықтың ағытылды, Құлағы дүниенің тағы тұнды, - деп жұлдыздай жүйткіді. Дауылды күнгі теңіздей толқыған ақын өз сөзімен айтқанда: «Адам әулетінің кемел құдіреті туралы тебіреніп», «Бүкіл дүниежүзінің тізесін бүктірген ел болмас. Бірақ сылқым сәуірдің нөсерлі, нұрлы аспанына адам баласын телміртіп қойған ел бар», Гагарин сынды ер бар деп толғанды. Сол – сол-ақ екен кеудені кернеген керім ой мен кербез сезім ақ қағазға ақық жыр боп құйылды. О, Адам! Құдіретті нар-тынысың, Жеңдің сен Жердің сұмдық тартылысын. Осылай жеңсең тірлік тауқыметін Есінен шығармайды ел, Бар туысың, - деп ғасырдың ғажайып оқиғасын он алты өрім қамшыдай шебер өрген ақын енді бір сәт: Батыс жоқ, Шығыс та жоқ, Жер дейтұғын Бірақ сөз Ұлы сөз бар барлық тілде, - деп кемеліне келген кемеңгер ой айтты. Күн бойы жазу столында табжылмай отырған ақиық ақынның қаламынан ақық жыр – «Адамға табын, Жер енді» атты поэма туды. Ұлы оқиғаға ілесе туған ұлы жырдан хабардар болған «Казахстанская правда» газетінің бас редакторы Федор Боярский бұл поэманы аттай қалап алып, жедел жариялап жіберді. Түн ортасында басталып, таң атып келе жатқанда аяқталған көлемді көркем шығарма келесі күні республиканың бас газетінде тұңғыш ғарышкер Гагариннің ерлігі жайлы ресми хабармен қанаттаса, қатар жарияланды. Олжас жазған поэма газетпен жарыса парақша болып та басылған еді. Оны ұшақпен алып ұшқан ұшқыштар Алматы аспанынан «шашу» деп шашты. Сәуірдің сол бір сәулелі күні аспаннан жауһар жыр жауды. Жақұт сөзбен, кемел оймен өрілген жұлдызды жыр ақынның да жұлдызын биіктен жандырды. «Адамға табын жер енді» атты поэмасын Олжас сол жылы алпауыт Америка мен асқақтаған Англияда да, менменсіген Францияда да халық лық толған, орын жетпегендері тік тұрған зәулім сарайларда оқыды. Өркениет өлкесіміз деп кеуде керген Еуропаның талай елінің талай тарландары қазақ дейтін халықтың талантты перзентіне тамсана қол соқты. Отызға жетпей орда бұзған Олжас жер-жүзін түгел шарлады. Алып Африканы да отты жырымен оятты. Таяу Шығысты тамсандырды. Үрім менен үндіске де қазақ атты ән салдырды. Бой қандай, ой қандай! Ол аз десең, дауысында да тыңдаушыны алып магниттей тартып алар сымбаты бөлек сұлулық бар. Жақұт дауыспен оқылған жауһар жыр бар құрлықты баурап, қазақ атын асқақтатты әлемге!.. Бұл Олжастың әлемдік ауқымдағы алғашқы самғауы болатын. Сонда Олжас бар болғаны жиырма бес-ақ жаста еді.

Екінші хикая: ТҮРМЕГЕ ҚАМАЛҒАН КІТАП немесе ақынның алғашқы ерлігі

Өткен ғасырдың екінші жартысында Қа­зақ­станда кітап басу ісі дүркіреп-ақ тұрды тұрды. Өзге баспаларды айтпағанның өзінде, бір ғана «Жазушы» баспасы бір жылда жүздеген әдеби көркем кітаптар басып шығаратын. Сол көп кітаптардың бәрі бірдей классика болмаса да, құмнан аршылған алтындай асыл шығармалар да аз емес-тін. Ілияс Есенберлин, Хамза Есенжанов сынды аға буын қаламгерлердің тарихи шығармалары мен Әбділда Тәжібаев, Жұбан Молдағалиев, Қалижан Бекхожин, Сырбай Мәуленов, Хамит Ерғалиев, Ғафу Қайырбеков, Сәкен Жүнісов, Жайсаңбек Молдағалиев, Оралхан Бөкеев, т.б. тегеурінді топтың талантты туындылары өткен ғасырды қазақ әдебиетінің алтын ғасырына айналдырды. Сол шашасына шаң жұқпаған жүйріктердің өзін басып озған бір тұлпар әдебиет алаңнан ойқастап шығып, тағы бір аса талантты туындысымен тағы да таң қалдырды халықты, халық өзі таниды ғой алыпты. Ол талант, ол алып Олжас Сүлейменов болатын. Ғарышқа самғаған Гагариннен қалыспай қанат қаққан поэмадан соң араға 14 жыл салып «Аз и Я» кітабын ұсынды Олжас! Бұл оның он жыл бойы көз майын тауысқан жанкешті еңбегі мен талассыз талантының жемісі еді. Әлемге әйгілі «Игорь полкі туралы жырды» шекілдеуікше шағып, ғылымда әлемдік деңгейде жаңалық ашқан Олжас еңбегін көзі қарақты оқырман мен зиялы қауым жарыса оқып, жаппай мақтап жатты... Сондай жемісі мол жеңісті сәтте қазақ әдебиетінің жарқырап тұрған күнін бұлт басты. 60 мың данамен шығып, әлі толық сатылып үлгермеген «Аз и Я»-ның үлкен бөлігі кітап дүкендерінен алынып, тұтқындалды, бірнеше бумасы өртелді, бір тобы түрмеге қамалды. Кез келген келеңсіздік өзіне қарсы әрекет туғызады. «Аз и Я»-ға жасалған қастандық онсыз да атағы аспандап тұрған кітапқа деген халық құштарлығын дауылды күні қауға тиген өрттей өршітті. Мерекелер мен мерейтойларға «Аз и Я»-дан артық сыйлық болмады. Мәскеу мен туысқан республикаларды былай қойып, шетел азаматтары да Қазақстандағы таныстарына қолқа салып, атышулы кітапты сұрап жатты. Ол ол ма, республикалық газеттердің бірінде қымбаттығы өз алдына, құс сүтіндей қат «Волга» автокөлігін «Аз и Я»-ға айырбастаймын деген хабарландыру да жарияланды. Бұл 1975 жылдың жазы еді. Сол сол-ақ екен, орыс шовинистері өре түрегеліп, «Аз и Я»-ның авторына тарпа бас салды. Ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шықты. Оны айтасыз, «Олжас Сүлейменов барып тұрған ұлтшыл, социализмнің қас жауы. Қоғамға аса қауіпті мұндай адамның кітабын ғана емес, өзін де түрмеде шіріту керек» десті. Бұл бірлі-жарым адамдардың ғана байбайламы емес, орыстың ықпалды қоғамдық ұйымдары мен бұқаралық ақпарат, аса беделді ғалымдары мен атақты жазушыларының «зиянды кітаптың» авторына бірлесіп жасаған шабуылы, жон арқадан тиген ауыр соққы еді. Оған көлеңкесінен қорқып, бас ал десе шаш алатын қазақстандық шенеуіктер қосылды. Әбден ушыққан мәселе желдей есіп Кремлге де жетті. 280 миллион халықты ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырған КСРО атты алып империяның бас идеологі, «сұр кардинал» атанған Суслов Д.А. Қонаевқа телефон шалып, Олжас Сүлейменовті соттау аз, ату керек деп бұйырды. Димаш Ахметұлы «Аз и Я»-ны Бас хатшы Л.И. Брежневке өз қолымен апарып беріп, мұнда ешқандай ұлтшылдық жоқ екенін айтып, оқып шығуын өтінді. «Кейбір қателіктері болса өзіміз талқылап, өзіміз жазалайық» деп сылап-сипап, Олжасты бір ажалдан аман алып қалды Димекең, Күннің Шығыстан шығатыны қандай шындық болса, өркениеттің де Шығыстан басталғанының бұлтартпас бір дәлелі «Игорь Полкі туралы жыр» орысқа ғана емес, қыпшаққа да ортақ екенін басын бәйгеге тігіп, батыл айтқан, қылышынан қан тамған қызыл империяға жалғыз шапқан Олжасқа Қонаев ара түспегенде не болар еді? Оны ойлаудың өзі қорқынышты... Алып империядан ықпаған, ерлік туын жықпаған Олжас тегін емес, текті жігіт. Олжастың арғы атасы басын бәйгеге тігіп,Абылай ханды тұтқыннан босатқан атақты батыр Олжабай. Жоңғарлармен шешуші шайқас алдында өткен әскери кеңесте кейбір рубасыларының батылсыздығын байқаған Олжабай батыр жүрексініп, толқыған топ алдында улы жыланды желкесінен қысып тұрып, тілін жұлып алыпты. Сосын жыланның басын қыршып алып, түкіріп тастапты да, ерніне жұққан қанды сүртпестен жұдырығын түйіп: «Егер біз ел болып бірігіп, ерлік жасасақ, айдаһардың басын осылай шауып тастаймыз. Басымыз бірікпей ез болып езілсек, бізді айдаһар жұтады» деп айғай салыпты. Тектіден текті, кектіден кекті тумай ма? Артық туған асылдар ата жолын қумай ма? Олжас текті болмаса, ата жолын қумаса, құдай да емес, құдайдан былай да емес қызыл империяға қасқайып қарсы шыға ала ма? Қазақ қана емес, әлем әдебиетінде бұрын-соңды болмаған бұл оқиғалар 1975 жылы болып еді. Бұл қырыққа жетпей қамал алған ақынның алғашқы ерлігі еді.

Үшінші хикая: КҮЛКІСІЗ КҮНДЕР МЕН ҰЙҚЫСЫЗ ТҮНДЕР немесе Ақын тағдырындағы Желтоқсан Мәскеудің Домодедовасынан ұшып шыққан ұшақ Алматы әуежайына кестедегі уақытынан екіжарым сағат кешігіп қонды. Олжас, Геннадий Толмачев үшеуміз траптан алғашқылардың бірі болып түстік. Аспан бұлтты, бұлыңғыр екен. Шыңылтыр аяз бет шымшиды. Әлі есімде, Жазушылар Одағының бірінші хатшысы Олжастың қызмет көлігі «АТГ-1032» номерлі ақ «Волга» траптың төменгі басқышын жанай тоқтапты. Апыл-ғұпыл көлікке отырдық. Олжас асығып келеді. Себебі бүгін – 1986 жылы желтоқсан айының 16-жұлдызында сағат 10-да Орталық Комитеттің Пленумы. Ұйымдастыру мәселесін қарайтын жиынға Пленум мүшесі болғандықтан Олжас қатысуға міндетті. Ол Жазушылар одағының дүркіреп, қаламгерлер қауымының атағы аспандап тұрған кез. Сол кездің жазылмаған заңы бойынша Жазушылар одағының бірінші хатшысы КСРО-ның, екінші хатшысы Қазақстанның Жоғарғы Кеңесіне депутат болады. Оған қоса Олжас Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі. Небәрі 18 минутқа созылған сол сорақы пленумда КПСС Орталық Комитетінің хатшысы Разумовский Д.А.Қонаевты қызметінен босатып, орнына биліктің жоғарғы эшолонындағы бейтаныс бейне Г.В. Колбинді отырғызды. Колбин бірінші хатшылыққа сайланған Пленумда оған бір-ақ адам қарсы дауыс берді. Ол Олжас Сүлейменов еді. Сол күнгі Пленумда да, онан кейін болған жиындарда да «Қонаевтың шекпенінен шықтық» деп шіренетін көп шенеуік жаңа басшы Колбинге ұнамай қаламыз деп қорықты. Ал, Олжас Колбиннің жақтырмайтынын біле тұра Димекеңнің жанына келіп отыратын. Үзіліс кезінде жанынан қалмай, жиын соңында көлігіне отырғызып, үйіне жеткізіп салатын. Желтоқсан пленумы Желтоқсан көтерілісіне ұласты. Жастар наразылық танытып, Брежнев атындағы алаңға шыққан күні Олжас кезектен тыс секретариат мәжілісін өткізді. КСРО Әдеби қоры қазақ бөлімінің директоры болғандықтан секретариат мәжілісіне мен де қатыстым. Сонда Олжас: «Біз – жазушылар, жастарды бастай алмадық. Енді тым болмаса солардың соңынан еріп, бас-көз болайық,» - деді. Ол қауіпті ғой, - деп қалды қаламдастарымыздың бірі. Кімнің кім екенін осы сәт көрсетеді. Мен алаңға барамын, - деді де жұмыс бөлмесінен шыға жөнелді ол. Біз сыртқа шыққанда қызмет көлігіне отырған Олжас көз ұшында ұзай берді. Кейін білдік, сол бетімен алаңнан бірақ шыққан Олжасты биік биліктегілер мен құқық қорғаушылар зордың күшімен үйіне жеткізіп салыпты. Желтоқсан айының 31-жұлдызында Қазақстан Жазушылар одағында Орталық Комитеттің хатшылары Г.В. Колбин, З.Камалитдинов қатынасқан үлкен жиын болды. Олжас басқарған сол жиында ғой Жұбан Молдағалиевтың биліктің бейбіт жастарға қару қолданғанын сынап сөйлегені. Олжастың Жұбан аға сөзін қуаттағаны оған қосымша уақыт беріп, З.Камалитдиновті, сол арқылы билікті сынағанын да айқын аңғарылып тұрды. Арада бір апта өткесін Олжас сол кездегі Киров, қазіргі Әл-Фараби атындағы ұлттық университетте кездесу өткізді. Сол кездесуде студенттердің бірі: Брежнев атындағы алаңдағы қантөгіске кім кінәлі?, - деп сұрады. Партия шенеуіктері, - деп жауап берді Олжас. Залда КГБ қызметкерлері отырғанын Олжас білмеді деймісің? Білді, әрине. Біле тұра айтты. Сол бір үрейлі күндері бұдан асқан батырлық болды ма өзі?! Олжабай батырдың жетінші ұрпағы ақын Олжас бұл жолы да басын бәйгеге тікті. Мұны айтпаса, Олжас Олжас бола ма?! Айтпай талант тұра алмайды бар шынын, Тағдыры осы жыршы менен жаршының, - деп жырлаған Олжастың сөзі мен ісінің арасында бұл жолы да алшақтық болған жоқ. Соның бір дәлелі кездесу соңында биліктің бетін жалын боп шарпып, денесін шоқ боп күйдірген «Серая сволочь» атты өлеңін оқыды. Арада үш ай өткенде Орталық Комитеттің Пленумы болды. Күні бұрын ойластырылған сценарий бойынша мәртебелі мінбеден Қонаев айыпталып, Колбин мадақталмақ еді. Сосын сол сөздер БАҚ-та жариялануы тиіс-ті. Солай болды да. Сол сценарийді бір-ақ адам бұзды. Ол тағы да Олжас еді. Ақиық ақын өзінің сол тарихи сөзінде республиканы ширек ғасыр басқарған Қонаевты қаралап, кеше ғана келген Колбинді жағалап, жағымпаздану адалдық па? Димаш Ахметұлы партия нұсқаған, Саяси Бюро сызып берген жолмен жүрді. Аянбай адал еңбек етті. Егер Қонаев қателессе – ол бәріміздің, соның ішінде Саяси Бюроның да қателігі деген пікір айтты. Пленумның қауылысына сәйкес биік мінбеден айтылған сөздер БАҚ-та жариялануы керек еді. Әйтседе, келесі күні республикалық екі үлкен басылым – «Социалистік Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінің кезекті саны шықпай қалды. Себебі Олжастың сөзін сол күйінде жариялау билік үшін аса ыңғайсыз еді. Ақын сөзінің аса өзекті тұстарын қысқартып, өткір жерлерін жону қажет еді. Орталық Комитеттің тиісті бөлімдерінің басшылары да, тіпті салалық хатшылар да Олжасты оған көндіре алмады. Соңғы үміт Колбин болатын. «Бірінші хатшының өзі сөйлессе, Олжас көп қарсылық жасай қоймас»- деп ойлаған олар газеттердің кезекті санын бір күнге кешіктіріп еді. Келесі күні кәрі түлкі Колбин қанша бұлаңдаса да, Олжас райынан қайтпады. – Айтылған сөз – атылған оқ, - деді Олжас. – Кеше бүкіл партноменкулатураның алдында бұлай сөйлеп, бүгін өз сөзімді өзім бұрмаламасам менің кім болғаным? «Абырой – адамдықтың тағы» демеп пе еді Бальтасар Грасиан. Сіз мені кім деп отырсыз? Мен өз сөзімнің түзеу, күзеусіз. бұрмаланбай жариялануын талап етемін. – Біз Сізбен әлі талай кездесеміз. Ойланыңыз, Олжас Омарұлы, - деп сығырая қарап, сынай күлді хатшы. – Мен өмірі екі сөйлеп көрген жоқпын, - деді ақын. Бір күн кешігіп шыққан газеттерде Олжастың тарихи сөзі жарияланбады. Содан кейін қуғын-сүргін басталды. «Алаңдағы тәртіпсіздіктерді ұйымдастырған Сүлейменов. Ол Қонаевтың құйыршығы» тәрізді арыздар Алматы мен Мәскеуге қарша борады. Колбинмен болған соңғы кездесуден соң Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің офицері Олжастан жауап алды. Арыз жазғандар бөтен біреу емес өз әріптестеріңіз, атақты үш жазушы, - деді тергеуші. Соны айтты да: Шылым шегіп келейін, - деп сыртқа шығып кетті. Столда Олжастың үстінен жазылған арыздың соңғы беті ашық жатты. Арыз соңына көз жүгірткенде атақтары жер жарған үш жазушының... аты-жөнін көрді Олжас. Тергеуші арыздың соңғы бетін ашып тастап, сыртқа әдейі шығып кеткен болатын. Олжасқа бір қатердің төніп тұрғаны анық еді. Соны сезген достары Олжасты ортаға алып ақыл қосты. Көптің шешімімен, достарының өтінішімен Олжас Мәскеуге аттанып кетті. Сол сапар әйгілі «Көктемнің 17 сәтінің» авторының көмегімен Бас хатшы М.С. Горбачевтің қабылдауында болып, өзіне тағылған айыптаулардың негізсіз екенін дәделдеп, бір қатерден аман қалып еді Олжас. Есік көзінде отырған хатшыны тыңдамай, Олжастың қызмет бөлмесін баса-көктеп кірген жас жігіттің түрі өрт ішінен шыққандай әлемтапырақ еді. – Олжас аға! Мен жазықсыз сотталған желтоқсаншымын. Түрмеден қашып шықтым. Мені не құтқарыңыз, не өз қолыңызбен ұстап беріңіз. Сіз қалай шешсеңіз солай болсын, - деді ол ентігін әрең басып. – Сені ұстап бергенімше өзімнің түрмеге отырғаным мың артық. Мен тірі тұрғанда сені жау алмайды. Сен мына демалыс бөлмесінде күт мені. Ентігіңді бас, шай іш, - деп кабинет төрінде, өзі отырған креслоның артындағы есікті ашты. Сосын үкіметтік желідегі байланыс телефонымен құқық қорғау орындарының басшыларына күні бойы телефон шалды. Ауызша сөзге көнбеген бір үлкен шенеунікке өзі барып, жүзбе-жүз сөйлесті. Сөйтіп бір желтоқсаншыны бір ажалдан алып қалған Олжас 1986 жылдың соңына таман «Жазушы» баспасынан «Әр күн – арайлы таң» атты қап-қалың өлең кітабына алған бір қапшық ақшасының бір тиынын қалдырмай санап беріп, сегіз бірдей желтоқсаншыға пәтер сыйлады. Мұндай ірілікті Олжастан бөтен қай қазақ қашан жасап еді?!

Төртінші хикая: АҚПАН АЙЫНДАҒЫ АПТАП немесе ақынның екінші ерлігі

Қыстың соңғы айының соңғы күндерінде ауа райы күрт өзгеріп кетер деп кім ойлаған. Олжас далаға шыққанда күн шаңытып, қар ұшқындап тұр еді. Ышқына соққан ызғырық желден денесі тітіркеніп, бойы мұздап сала берген ол күздік пальтосының жағасын көтеріп алып Жазушылар Одағына жаяу тартты. «Көктөбеге шығып, төменге көз салсаң көретінің көкбурыл түтін, жұтатының газ аралас ауа» - деп, ойлады Олжас. – Қазақтың Ұлы Даласын аралап, қаланың тымырсық ауасына тұншыққан тынысыңды аз уақытқа болса да бір ашарсың-ау, әйтседе, жарылыстан денесі шұрық тесік болған Жер-Ананың тағдыры не болмақ? Ядролық жарылыстардан зардап шеккен халықты ғасыр апатынан құтқаратын жалғыз жол бүгін өтетін минингі болар бәлкім?!» Енді бір сәт Олжастың көз алдына бүгінгі митингіге алып келген оқиғалар тізбесі келе қалды. Ел аралаған сапарларында Семей полигонына жапсарлас жатқан аудандарда іштен мүгедек болып туған сәбилерді, аңыраған аналар мен зар илеген халықты көріп, жүрегі ауырып еді. Жарылысқа қарсы шығу – 280 миллион халықты ұршықша иіріп отырған алып империямен алысу деген сөз. Онымен белдесуге бел шыдар ма? Белдессең бел кетеді, белдеспесең ел кетеді. Ел кеткенше бел кетсін. Халқымды қасіреттен арылта алсам, арман не?Ақиқатты ақын айтпаса, кім айтады? Мен айтпасам, кім айтады?! Әміршіл, әкімшіл тоталитарлық жүйемен «Аз и Я»-ның тұсында бір алысып едім, тағы бір айқасып көрсем бе екен? Сонда жарылыстан зардап шеккен халық үшін күресті неден бастау керек?.. Олжас осылай, толғанып жүргенде ашық күнде аспаннан тағы да жай түсті. Жер астында жасалған кезекті жарылыстан ауаға тараған улы газдың аумағы 120 шақырымға жетті. Ауа райын болжау қызметі сол күні қатты қателесті. Жел олар болжаған кері бағыттан соғып, улы газ Абай, Абыралы, Егіндібұлақ аудандарының аумағына емес, Курчатовтағы әскери қалашыққа тарады. «Жер астындағы жарылыс қауіпсіз» деген қағиданың өтірік екенін сол күні өзге емес, әскери өнеркәсіп кешенінің офицерінің өзі хабарлады Олжасқа. Алланың әмірімен Олжастың тікелей эфирге шығуы осы оғиғамен тұспа-тұс келе қалды. Жұмыс күні аяқталып, ел орынға отырған кезде теледидарға үңілген халық көгілдір экраннан Олжасты көрді. Мен бүгін, - деп бастады сөзін Олжас – маған зор сенім көрсетіп, КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат етіп сайлаған халықтың атынан Саяси Мәлімдеме жасаймын. Семейдегі ядролық жарылыстар дереу тоқтатылсын! Біз Қазақстанның зиялы қауымы ертең күндізгі сағат екіде Жазушылар Одағында ядролық жарылыстарды дереу тоқтатуға шақыратын жиын өткіземіз. Келіңіздер, көп болып кеңесіп, күш біріктірейік. Халық алмас қамал жоқ! Осыдан соң ақпан айындағы аптап басталып кетті. Олжасты қостап, телефон шалушылар тым көп еді. Ертесіне Одақтың кең залында өткен митингіде алғашқы сөзді Олжас айтты. Жарты ғасыр бойы үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан Семей полигонында күні бүгінге дейін бес жүз жарылыс болды. Бұл жерде ең кемі екі жарым мың Хиросима бомбасы жарылды. Бұл бұлай жалғаса берсе Қазақстанда дені сау адам қалмайды... Ядролық жарылысқа қатысты цифрлар мен деректерді жатқа айтып, нақты фактілерді алға тарта сөйлеген Олжастың сөзін халық ұйып тыңдады. Мен ядролық қаруды тоқтату үшін күресетін бүкілхалықтық қозағлыс құруды, оны «Невада-Семей» деп атауды ұсынамын. Сіздер бұған қалай қарайсыздар? – деп аяқтады сөзін Олжас. Олжастан кейін сөйлеген әртүрлі ұлт өкілдері ақын айтқан ақиқатты қуаттады. Сол күні «Невада - Семей» қозғалысы құрылып, қозғалыс штабы Жазушылар Одағында болатын болып келісілді. Халық бүкілодақтық қозғалысқа басшылық жасауды Олжасқа тапсырды. Сенімдеріңізге рахмет, халқым, - деп тебіреніп сөйледі Олжас. – Жүректің оты жеткенше, бұл дүниеден өткенше Сіздердің аманаттарыңызға адал боламын. Ертеңнен бастап іске кіріселік. Қозғалыс белсенділерін жасақтап, іс-жоспарын бекітуді өз мойныма аламын. Қазақстанның барлық аймақтарына қозғалыс белсенділерін жіберіп, ядролық жарылыстарды тоқтатуды талап еткен қол жинаймыз. Жергілікті жерлерде «Невада-Семей» қозғалысының бөлімшелерін құрамыз. Дұрыс па? Дұрыс, - деп дүр ете қалды халық. Сол күні басталған ақпан айындағы аптап уақыт озған сайын күшейе түсті. Арада екі ай өткенде «Невада-Семей» қозғалысын қолдап алты миллион адам қол қойды. Олар Қазақстанды мекендеген 130 ұлттың өкілдері еді. Осы оқиғадан соң ядролық жарылысты жақтаушылар тұйыққа тірелді. Арада төрт жыл өткесін Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Семей Полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Бесінші хикая: КРЕМЛДЕГІ ҚАҚТЫҒЫС немесе Қонаев ескерткіші неге құлатылмады?

Бас хатшы М.С. Горбачев бастаған Кеңестер Одағы делегациясының құрамында болып, Англиядан Алматыға оралған Олжасқа жазушы достары жайсыз хабар айтты: «Таяу күндері Қонаевтың Алматыдағы ескерткіші алынып тасталмақ». Бұл хабардың анықтығына көз жеткізген Олжас сол күні-ақ Мәскеуге аттанып кетті. Ертесіне КПСС Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Александр Яковлевпен ақын арасында қызу пікір алысумен басталып, соңы қақтығысқа әкелген ұзақ та жайсыз әңгіме болды. Андрей Белыйдың: «Ақылды адамдар ықпалды болады» деген сөзі салтанат құрып, Олжас Қонаевтың Алматыдағы ескерткішін құлатпау жайлы хатшының уәдесін алды. «Егер Сіз сөзіңізде тұрмасаңыз, мен халықты Алматыдағы Брежнев атындағы алаңға да, Мәскеудегі Қызыл алаңға да бастап шығамын» деген Олжастың сөзін Александр Яковлев Бас хатшыға жеткізді. Олжастың сөзі сертке ұстаған семсердей екенін білетін, ақынның халық алдындағы биік беділінен сескенген Бас хатшы да жанған отты жалаңаш қолымен ұстаған көзсіз батырдан қорықты. Сөйтіп Қонаевтың Алматыдағы ескерткіші құлатылмай, аман қалды. Алтыншы хикая: ЕКІ АЛЫП – АҚЫН МЕН ЕЛБАСЫ немесе екі мерейтой – егіз тілек

1996 жыл, мамыр айының 18-жұлдызы. Абай атындағы опера және балет театрына ағылған халықта есеп жоқ. Шақыру билетіне қолдары жетпей театр залына кіру арманға айналып сыртта қалғандары қаншама. Олардың арасында есімі мен еңбегін ел білетін зиялылар да, биліктің биік баспалдағында жүрген танымал тұлғалар да бар. Көпті көрген көнекөздер «сыртта қалғандардың саны, көз мөлшерінде, іштегі халықтан әлдеқайда көп екен» деп таңдай қаға тамсанып жатты. Осылай болуы орынды да еді. Өйткені бүгінгі кештің жөні бөлек, жолы басқа. Бүгін мұнда мерейтой кеші. Ақындығымен ғана емес, азаматтық тұлғасымен де әлемдік деңгейдегі биікке көтерілген Олжас Сүлейменов 60 жаста! Сымбаты бөлек сыртқы тұлғасы да, аса бай жандүние иірімдері де ешкімге ұқсамай өзгеше жаратылған сырты нұрлы, іші сырлы ақиық ақынның мерейтойы таптаурын болған ескі ізбен жүрмей, жаңаша, жақсы басталды. Дәл кешкі сағат 6-да залға жайлап басып, жайдары жүзбен жұмсақ жымиып Олжас Сүлейменов кіріп келе жатты. Жанында Елбасы Н.Ә. Назарбаев. Иықтасып қатар жүріп келе жатқан екі алып – Ақын мен Елбасыны көрген зал толы халық орындарынан тік тұрып, дуылдата қол соқты. Кең залды кернеп кеткен овациямен жарыса «Олжас! Олжас! Олжас жасасын!» деген дауыстар естілді. Сол сәт Елбасы Ақынның қолынан ұстап, салалы саусақтары жымдаса кеткен қос білекті жоғары көтеріп, екеуі бір мезетте қатар иіліп, халыққа тағызым етті. Сірә да естен кетпейтін сол бір сәулелі сәттен соң қаламгер, қайраткер Олжастың мерейтой кеші басталып та кетті. Бұл мерейтойдың тағы бір ерекшелігі – кештің соңына дейін ақын сахна төріне шыққан жоқ. Еңсесі биік Елбасымен қатар отырып, залдағы көрермендермен бірге болды. Кеште ұзынсонар баяндама оқылған жоқ. Ақынның қаламдас досы, бүгінгінің Бейімбеті атанған көзі тірі классик Сайын Мұратбековтің қысқа да нұсқа, кіріспе сөзінен кейін өлеңнің өзі сөйледі. Ақын Олжастың поэмалары мен өлеңдеріне алтын арқау болған поэзия театрын халық өте жылы қабылдады. Кештің бас кезінде сөз алған Н.Ә. Назарбаев Бүкілодақтық комсомол жиынына барған кездегі одақ жастарының бірінші басшысы Евгений Тяжельниковтің өтінішімен Олжасты Мәскеудің әр қиырынан күнұзақ іздеп, кеш түсе Политехникалық институттан әрең тапқанынан бастап, сонан кейінгі екеуіне ортақ қызық эпизодтар мен қилы-қилы «оқиғаларды» өте тартымды әңгімелеп берді. Елбасы айтқан естелік тартымды ғана емес тағылымды да болды... Кеш соңында сахна төріне көтеріліп, Елге, Елбасыға ризашылығын айтқан Олжас өзіне тән жылы юмормен Нұрекеңнің жастық шағы жайлы аз сөзге көп мағына сыйғызып, толымды ойлар толғады. Дәл осындай ғажайып кеш 2006 жылы мамыр айында Республика сарайында өтті. Осы кештің алдында 70 жасқа толған Олжасты Астанада қабылдап, омырауына «Отан» орденін өз қолымен қадаған Елбасының «Менің досым – Олжас» атты мақаласы көгілдір экран арқылы оқылды. Осының алдында ғана республиканың бас басылымдары «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правданың» бірінші беттерінде жарыса жарияланған Елбасының мағыналы сөзін зал толы халық зор ықыласпен тыңдады. Бұл кештің де өзгешелігі аз болған жоқ... Олжастың 70 жылдық мерейтойы Астанада, Екібастұз қаласы мен Баянауыл ауданында жалғасты. Мен Олжасқа іні болып соңынан ергелі, дос болып қатар жүргелі 40 жыл. Содан бері жұбымыз бір жазылған емес. Бұл жолы да Астанада да, Павлодар облысында да Олжаспен бірге жүрдім. Бұл сапардың да оқушыға ой салар тағылымды тұстары көп болды. Өте көп. Әйтседе оның бәрін баяндауға газеттің көлемі көтермейтін болғасын ол әңгімелерді болашақ күндер еншісіне қалдырдым. Өмір болса оған да бір оралармын...

Жетінші хикая: ПАРИЖДЕГІ ПАРАСАТТЫ КЕШ немесе алыптар Ақынға неге табынды?..

2007 жыл. Сәуір айының 3 – жұлдызы. «Ақ аруана» кітабымның француз тілінде жарыққа шығуына орай Парижде, әлемге әйгілі Сорбонна университетінде менің шығармашылық кешімде сөйлеген атақты ақын Лион Робель былай деді: – Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында әлемнің біраз ғалымдары мен ақын-жазушылары бас қосқан алқалы жиында «Курьер Юнеско» журналына «Шығыс өркениетінің тарихы мен барар бағдары жайлы ғылыми мақаланы кім жаза алуы мүмкін?» деп ақылдастық. Мен: «Оны бір жазса Олжас Сүлейменов қана жаза алады» дедім. Өзгелер де әлемнің әр елдеріндегі ғұламаларды атады. Соңында Олжасқа қолқа салдық. Ол мақаланы «қашан беру керек» деп сұрады. Біз екі ай деп едік, ол төрт ай деді. Асқан білімдарлықпен жазылған аса терең ойлы көлемді мақала айтылған уақытта қолымызға тиді. Редакциялық алқаның мүшелерінің бәрі де оқып, бәрі де ұнатқан ғажайып еңбекті журналдың кезекті санында бір сөзін өзгертпей жарияладық. Көп қызығушылық туғызып, көптеген басылымдар көшіріп басқан жаңалығы мол сол мақала әлемдік деңгейдегі ғылымда жанартаудай жарылыс жасады. Міне, содан бері арада жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Сол тақырыпта әлемдегі талай ғұламалардың талай тамаша еңбектері жарық көрді. Әйтседе, солардың ешқайсы да Олжас сүңгіген тереңге бойлап бара алмады. Олжас шыққан биікке де көтеріле алған жоқ. Мен Олжастың санқырлы талантына табынамын». Сол сәт менің ойыма Махмұт Қашқари айтқан «Ұлысыңда ұлы болсаң, біліміңді елге бер» деген сөзі оралды. Сол кеште ЮНЕСКО-нің баспасөз хатшысы Владимир Сергеев сөйлей бастағанда мен қатты секем алдым. Себебі ол сөзін: «Ресей – алып империя, орыс халқы – ұлы халық» деп бастады. Сергеев мырза: «Француздар Сізді көп тіл білетін аса талғампаз, ақылды кісі» - деп неге мадақтады екен?» Жүз жерден данышпан болсаң да, сен секілді шовинисті суқаным сүймейді» деп іштей қарсыластым онымен. Бұдан соң сол Сергеев тұп-тура былай деді: «Бәрі бар Ресейде Олжасқа тең келетін тұлға жоқ. Көңілдеріңе келмесін, қазақтар ақылды, талантты бола тұра қызғаншақ. Олжас сынды ғасырларда бір туатын аса талантты данышпанды күндемеңдер, қолдаңдар, қорғаңдар!» Француз бен орыстың бетке ұстаған тұғыры биік тұлғаларының сөзін тыңдап отырып қатты толқығаным сонша, жанарыма жас үйірілді. Кеудемді «Мен Олжас сынды ұлағатты тұлға туған ұлы ұлттың перзентімін» деген мақтаныш сезім кернеді. Жүсіп Баласағұн: «Білім біліп – төрден орын аларсың. Білік білсең, күшті, берік адамсың» дегенде, өз заманының Олжас сынды заңғарын айтқаны болар... Ойыма Ахмет Байтұрсыновтың: «Әуезовті аман сақтаңдар» деген өсиеті оралды...

Сәбит ДОСАНОВ