ТӨРТКҮЛ ДҮНИЕНІҢ ТӨБЕ БИІ – ҚАЗАҚСТАН!

астанаБисмиллахир – Рахманир – Рахим! Барлық мақтау бүкіл әлемнің Раббысы болған Алла тағалаға ғана тән. Игілігі мен сәлемі «Әлемге рақым етіп жіберілген» Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымызға, оның сахабаларына, үй – ішіне, үмметтеріне болсын! «Аңсаған тілекке Құдай жеткізді. Күні кеше құл едік, енді бүгін теңелдік» деген сонау Алаштың серке ұлт азатшылдары мен күні кешегі кеңістікті дүр сілкіндірген Желтоқсан жас­тарының аңсаған арайлы бос­тандық таңы біздің маңдайымызға жазылған екен. «Қиын­дықта жеген құйқаның дәмі ауыз­дан кетпес» деген сүр қазақ атамның сөзі бар емес пе, тарих ерте ме, кеш пе бәрін орнына қояды. Аллаға шүкір, «мың өліп, мың тірілген» қазақ бүгінде бақыттың есігін ашқандай қуанышқа толы қасиетті кезеңдерге қадам басты. Әлбетте, тәуелсіз жас қазақ елінің тағдыры Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тағдырымен еншілес. Дүние жүзі қазақ елін бірден танымауы мүмкін, жаһандық тарихта салиқалы саясатымен орын алған ықпалды батыл реформатор Елбасымызды бірден таниды. Неге десеңіздер, есігіңді қақты делік, ашсаң алдыңда жарқын жүзді, алтын күлкі, кең маңдайлы «Өмірлік дос болайық!» деп, күлімдеп тұрған жанды көргенде, қайғы түгіл тіршілік күйі ұмытылады емес пе? Сол тәрізді, Елбасымыздың сара жолдағы бейбіт ұстанымы кімді де болсын ұйқысынан оятқандай. Әлемдік таразыда тең тұру не таразы тасын тең ұстау қиын да қауіпті. Елең – алаңда таразы тасы миллион мұсылманның миллион сезімін басып кетуі де мүмкін. Мен еліміз тәуелсіздік алған тұстың алғашқы өтпелі кезеңінде Меккеге қажылық сапар өтеуге барғанымда, сондағы арабтар Пәкіс пен Ауған, тіпті Қытай азаматтарымен шатыстырған еді. Бүгінгі таңның қажылығында Қазақстан десең, Нұрсұлтан деп жауап беретін жағдайға жеткенімізге шүкірлік. Сонау 11 - қыркүйектегі әйгілі терракт жаһандағы қай елдің болсын жүрегіне үрей тудырды. АҚШ әлі де ұмытпайтындай әсерде. Бұл дүниені екіге бөлген «Ислам қатері» теріс дақпен ақ пейілді мұсылманға жағылды. Сондығынан батыс елдері ішкі үрейін білдірмесе де, қырағы көзімен жан – жақтағы ынтымағы жарасқан мұсылмандарға жалтақтауда. Ал ислам елдерінің өз арасында ауызбірліктің сақталмай отырғаны рас. Егер де мақсатымыз бір арнаға тоғыспаса, өз арамыз бүлікке айналып кетуі де ықтимал. Сондықтан, Алла тағаланың хақтығына сенуші елдер бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, үлкен күнәлардан сақтанып, әлем тарихының бетін кірлетпеуіміз керек. Негізінде, ислам – жоғары мәдениет пен өркениет діні. Небір - небір батыстың ұлы ғұлама - ғалымдары мен философтары ислам дінімен тәубеге келген. Тіпті дүниежүзілік өркениетті мұсылман үлесінсіз дамыды дегенге сенуге болмайды. Қайта исламнан бастау алған десек болады. Ислам жақсылыққа шақыратын дін. Оны барша әлем мойындайды. Ұлы француз океанологы Жак Ив Кусто мұхит әлемінің құпия сырын ашуға бар ғұмырын сарп еткен. Бір қызығы, өмірінің аз уақыты қалғанда, сол сырды қасиетті Құран аятынан оқып, Аллаға мойынсұнып, исламды қабылдап өткен. Ал, бүгінде бір рақымсыз құбылыс дінімізге «Ислам терроризмі», «Лаңкестік», «Діни экстермизм» атауларымен таңба болуда. Ислам бейбіт діні екенін ұмытпауымыз керек. Бүгінде Исламның шарықтау кезеңі тұсында ислам әлемі ойын сан – саққа жүгіртіп, жаңа әлемнен өзіне жаңа орын іздегенімен, алғашқы қадамына түсініс пен келісім болуы керек, бір тілмен айтқанда бастысы толеранттықпен өзара әрекет жасау. Он бір жыл қатынасы үзілген жетпіс бес елдің басшылары мен өкілдерін тұңғыш рет Азия құрлығының кіндігі қазақтың жерінде, Сарыарқаның төрінде Еуропа Қауіпсіздігі мен Ынтымақтастығы Ұйымының алқалы дебют жиыны – саммитте басын біріктіріп, Еуропа мен Азия елдерін біртұтастыққа шақырған қазақтың жаңа серпінді үні әлемнің таңдайын қақтырды. Аллаға тәубе, бұдан әлем көкжиегінен беделді мәртебе көрінді. Бұл деңгейді әрі қарай алып жүру, дамыту бізге жүктелген үлкен жауапкершілік. Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Құдай қаласа, ендігі жылы Ислам конференциясы ұйымына басшы боламыз. Бүкіл дүниедегі ислам мемлекеттерін аралап, олармен де кездесіп, олардың да басын қосуға мүмкіншілік жасайық. Осындай жағдайды қазақтың басына, біздің еліміздің басына беріп отыр. Батысты да, шығысты да қосып, ел – жұрттың арасын табыстыруға жағдай жасап отыр» немесе «Мұсылман әлемімен қатынасты жандандыру - Қазақстанның сыртқы саясатының басым міндеттерінің бірі!» деген сөзіне елең етпеген пенде қалмаған шығар. Яғни жаһан мұсылмандарына көшбасшы болу, жан – жақты мықтылау деген сөз. Басқа мұсылман елдерімен қарым – қатынасымыз жақсы. Бұл өте қымбат деңгей. Мақсатымыз – қолдау мен дамыту. Жұмыр жердің бетінде 200 – ден астам мемлекет бар. Оның 60 – ға жуығы ислам дінін ұстанады. Яғни әлем мұсылмандарының бүгіні мен ертеңгі тағдырының келелі мәселелеріне еліміздің киелі шаңырағында «Ақылмен, ашық, әділ түрде үн қатысу шеңберінде пәтуа» шығаруға берілген алғаш мүмкіншілік Алла тағаланың бізге жазмышы. Сенімді талап ететін сынды ауыр жүк. Яғни Ұйымға өзіндік шешімдерімен қарарларын жаңғырту, саяси пікірлер дайындау құзырының тізгіні. Дегенмен, сәл ескеретін жағдайлар бар. Мысалға, экономикалық тұрғыдан келер болсақ, табиғи ресурстардан мұнай қорының 70 пайызы мен табиғи газдың 50 пайызы Ислам Конференциясы Ұйымының мүшелігіндегі елдердің еншісінде екен. Бұл әрине әлемдік байлық жақсы деңгейі. Тек осал жерлерімізді алға бастыру қажеттілігін ойластырған жөн. Негізінде ислам әлемі мен оның дамуы дүниежүзілік деңгейде жоғары көрсеткіште емес екендігін мойындауымыз қажет. Әлеуметтік жағынан мұсылман отбасының өмір сүру сапасы мен табысы, бала мен ана өлімі, жұмыссыздық, мұсылман құқығы тәрізді мәселелер мәз емес. Ал рухани мәдениеті жағынан Еуропа елдерімен салыстырғанда даму бар. Дегенмен, әлі де болса кішігірім діни надандық пен діни сауатсыздық орын алуда. Сөз бостандығы мен қорғаныс қабілеті және тағы басқа сол сияқты көрсеткіштер жағынан төмен яғни әлдеқайда артта. Ең негізгісі ислам дінін жамылған тексіз секталар, діни ағымдар мен топтар көбейіп, әр түрлі қозғалыстар мен партиялар құрылып, ислам құндылықтарын таптауда. Бұған дамыған батыс елдерінің ала көзбен сенімсіздік танытуының үдеуі де жақсы емес. Білінер – білінбес, бұл жағдайлар біздің өз арамыздағы жастарға еліктеу туғызғандай. Сондықтан, осы себептерден шығу жолдары көп еңбектерді қажет етеді және өзгерістер енгізу қажет. Дін өзегіне сүйенетін болсақ, Алла тағаланың қасиетті Құранында: «Оның алды – артында, соңынан қалмай, Алланың әмірі бойынша бақылап, қорғап жүретін (періштелер) болады. Қай қауым болсын, өз жағдайын өзі өзгертпесе, олардың жағдайын Алла өзгертпейді. Егер бір қауымды Құдай құртайын дейді екен, оған қарсы тұруға болмайды. Бұйырылған жазаны қайырып алатын Алладан басқа ешкім жоқ» («Рағыд» сүресі, 11 – аят) немесе «Естеріңде болсын, қай қауым болса да өздері өзгертпесе, Құдай оларға жазған жақсылығын өзгертпейді. Алла оларды естіп те, біліп те тұрады» («Әнфал» сүресі, 53 – аят) деген аяттары есте болған дұрыс. Дүние жүзінің қаншама мамандары мен саясаткерлері, сарапшылары батыс пен шығыс мәдениетін ғасырлап талқыға салып келеді. Бірақ, осы екеуінің өзара тиімді қатар өмір сүру формуласын тапқан емес. Жақында Елбасы «Еуропаға жол» бағдарламасын қабылдады. Бұл ертеңгі жиынға дайындық, беретін жемісі бар үлкен үкілі үміт. Яғни Еуропа мен Ислам әлемі Қазақстанның қос қанаты болмақ. Қазіргі дамудың жаңа инновация технологияларын еуропа мемлекеттерімен тізе қоса дамыту, ал елдің рухани байлығын Ислам елдерімен бірге өрістету. Бүгіндегі нағыз керек дүние, екі бірдей беделді ұйымға төраға болудың өзіндік пайдалары. «Сендердің араларыңда да (жұртты) берекелі істерге бастайтын, жақ­сы­лыққа үндеп, жамандықтан жирендіретін бір қауым болсын. Ал ондайлар бақытты жандар» («Ғимран» сүресі, 104 аят). Міне, Аллаға тәубе, біз бақытты жандармыз. Ертеңде екі жаққа қараған екі дүние арасына ынтымақтың алтын көпірін салсақ деген үлкен тағлымды ниетімізді Жаратқан Алла қабыл алып, сол күнге аман – есен жеткізсін, Әумин! Тек алдағы төрағалықта дүние біздің үнімізге ұйығанда «Әділетсіздікке асыл дініміз өткір қылыштай» демекші, саяси әрі экономикалық әр түрлі көрсеткішімен өзін - өзі жарнамалайтын кеудесі лас, діңгегі бос үндеулерге сабырлы болып, ешкімнің көңіліне қамшы болатын шешім қабылдамай, байыпты әрекетімізбен әлемді өзімізге қаратқанымыз жөн. Әрине, шешімін бір Алла біледі, тоқ етерін уақыт көрсетеді. Дінмен біте қайнасқан мұсылман елінің азаматтары мен саяси кемеңгерлері біледі дегенімізбен, өркениет сұхбатында рухани тиімді тәсілмен ислам ынтымақтастығының жаңа архитектурасынан үмітіміз бар. Алайда, Ислам Конференциясы Ұйымы діни бағыттағы халықаралық ұйым емес, үкімет аралық ұйым. Яғни ислам ынтымақтастығы, отаршылдыққа, гендерлі теңсіздікті яғни нәсілшілдікке қарсы бірігіп күресуді қарастыратын әлеуметтік, экономикалық және саяси бағыттағы жан – жақты ауқымды ұйым болып табылады. Басты мақсаты – әсіресе, дүниенің шиеленісу аймақтарында мұсылмандық ынтымақтастықты күшейту мен дамыту болса, ұстанымы – экономикалық мүмкіндіктерін өзара әріптес елдер арасында дұрыс пайдалану. Ең ұнамдысы шариғат қағидасын басшылыққа алатын бейбітшіл, келешегі зор ұйым. Жанынан құрылған бірнеше дербес ұйымдарымен қатар, Субсидиарлы яғни ислам елдері бойынша экономика мен әлеуметтік жағынан зерттеулер да­йын­дау орталығы және негізгі сауда – өнеркәсіпті қарастыратын Аффилиирленген институт мекемелері бар құзырлы орда. Бірісі әлеуметтік - эко­но­ми­калық ынтымақтастықты да­мыту болса, екіншісі сауда құндылы­ғын жандан­дыру, ислам эконо­ми­касы танымын кеңейту, ниеттестік пен туыстықты терең­де­ту және араб тілін тарату. Негізінде Ұйымның тарихы әріде, Әл – Ақса мешітінің өртену сәтінен оянған әлем мұсылмандары бірлігін шақырған ұйым. Ресми тұрақтағанына жарты ғасыр толмаса да, жан - жақтағы елдердің қырғи – қабақ кезеңдерінде ықпал ете алмаған сәттері де болған. Мұндай жеңіс пен жеңіліс ислам әлемі мен жекелеген мұсылмандардың тағдырында болған және болады да. Мұны әлсіздік деп ұғынбау керек, бұл Алланың сынағы. Тіпті, пайғамбарымыздың өзі кейбір соғыс пен келіссөздерде мәселен «Бәдір ғазауатында» жеңіске жетсе, ал бірінде жеңілген яғни Ұхуд тауы маңайында. Дегенмен, Ұйым құрамына ену әлемнің көптеген елдері үшін арман. Көрші Ресей мемлекеті қоғам мүддесі үшін Ұйыммен байланыс жасауды қолдайды. Алайда, ондағы мұсылман қазақтарымызды ұмытпауымыз керек. Төрткүл дүниеге бұрылмастан тең қарау үшін төрт көзің болуы тиіс. Сол іспеттес, Ұйымға қазақ елі 1995 жылы мүше болса да, қол қусырып қарап отырмады. Қазақстан тарапынан Ұйым қызметінің өрлеуіне өзіндік жаңару ұсыныстарын енгізіп келеді. Бір ғана мысал, Нұрсұлтан Әбішұлының экологиялық ұсынын қолдаған Ұлт Бірлестігі Ұйымының Бас Ассамблеясы мен Ислам Конференциясы Ұйымы Сауд Арабия елінің Жидда қаласында Халықаралық ядролы сынаққа қарсы күніне арнайы дүниежүзілік сурет көрмесін өткізді. Көрмеде ядролы сынақ кезеңіндегі қазақ елінің тарихи зардабы мен Елбасымыздың Семей полигонын жабуға қабылдаған даналы шешімі ұсынылды. Сонымен қатар, қазақ елінің табандылығын айқындайтын әлемнің барлық елдері мен халықтарын ядросыз бейбітшілікке шақырған Елағаның жаңа әрекеттегі декларациясы ғалам елдері мен жетекшілеріне үлгі әрі нұсқа болды. Бұл қадам негізгі нүктеге дөп басқандай сезіледі, еске сонау бала кездегі ән оралады: Ақ көгершін, көгершін, Қолқанат құс сен едің. Бар кезіп қайт ел үшін, Кең дүниенің көлемін. Әділеттің құсы деп, Көз алмастан жолыңнан. Бақыт құсы қонсын деп, Ұшырамын қолымнан – деп, бейбітшілік әнін аспанға бір кездері әуелеткен де едік. Сонымен, Ислам Конференциясы Ұйымы бізді орталық Азиядағы бейбіт ел, тату орда, салиқалы саясатымен беделі биік, ынтымақты дәріптейтін салауатты ел, ұлт пен дін келісімі жарасқан озық мемлекет ретінде қабылдайды. Шүкір, дүниежүзіндегі алпауыт ұйыммен алғаш рет төс қағыстырып, қол алысып, бір сапта қатар тұрып, Қыбылаға жүзімізді бірге бұратын кез келді. Ал енді бұл төрағалықтан біз не ұтамыз? Дүние өздігінен қаланбаған, сол сияқты ертеңгі еліміздің төрінде тұсауын кесетін саяси және экономика келісімдер – жарқын келешегіміз. Біз сан ғасырдан бері мұсылман елміз және ислам өркениетінің бір бөлігіміз. Бірақ әлемдегі мұсылман қауымымен етене енді араласып жатырмыз. Сыртымыздан «Қалай болар екен?» деген бақылаушы елдер бар дегендей, бізді қалай қабылдайды деген толқу да бар. Дегенмен, астымызға мақтасы батпайтын жылы, әдемі де айшықты көрпе тігетіндей, құрақтың тігісін жатыстырып алу қажет. Алдымен әлемдік көшбасшы­лары алдында қазіргі таңымыздағы позицияны яғни елімізде болып өткен мен «Әлемдік және дәстүрлі діндер съезі» мен Еуропа Қауіпсіздігі мен Ынтымақтастығы Ұйымына басшылық етуде жинаған «Тілектес мемлекет» мәртебемізге лайықты түрде ниетімізден ажырамай, ешкімнің алдында намысымызды жоғалтпау керек. Әрине, бізге бет бұрған Ислам Конференциясы Ұйымының мүше елдерінің бірегей қабылдаған кейбір шешімдеріне бас изеген де дұрыс. Тек төрағалықта Ұйым мүшелерінің өзара бірлігі мен тұтастығын бұзбай сақтау және мүдделерін қолдау басты міндет болып қала береді. Қазіргі әлемдік алаңда Таяу Шығыстағы Израиль мәселесі мен Иран елінің «Ядролы бағдарламасы» көптің көңіліне түйткіл болып отыр. Бұл біздің бітістіру талабымызда кедергі болуы да мүмкін. Елімізге шоғырланатын мұсылман елдерінің түпкі ойы алдағы күндерде белгілі болады, дегенмен дүниеде қабақ шытысқандардың қазанын сапырмай, жалпының көңіліне қонатын бастамаларымызбен мәмлеге шақырып, билігімізбен ортақ құжат жасауымызға Жаратқан Алла Елбасымызға және ел қамында жүрген асыл ағаларымызға алып қуат нәсіп берсін! «Тегіміз – түрік, дініміз – Ислам, кітабымыз – Құран екенін ешқашан ұмытпауымыз керек...» деген Елбасымыздың сөзі мен қасиетті Құранның: «Алла тартқан желіден (діннен) бекем ұстап, айрылмаңдар. Алланың өздеріңе жасаған рақымын еске алыңдар. Сендер өзара жау едіңдер, ол сендердің жүректеріңді жақындатты. Соның рақымымен табысып, туыстасыңдар. Сендер тозақ апанының жиегінде тұр едіңдер. Алла сендерді одан да құтқарды. Алланың аяттары, міне, осы жайды баяндайды. Мүмкін осыған ой жіберіп, тура жолға түсерсіңдер» («Әл - Ғимран» сүресі, 103 – аят) сөзін жиналған дүйім елге мұсылмандық рухты алдына тартсақ, қайсысының болсын жүректері жібіп, бір жолға түсер деген ниет бар. Сондықтан, Жаратқанның берген мүмкіншілігінде Аллаға тәуекел етіп, сөзімізді кесіп айтып, мұсылман дүниесінің ынтымақ – бірлігі мен халық тыныштығына, дінаралық және ұлтаралық татулық бәйгесіне жол тартқан Елағаның салиқалы саясаты киелі жерімізге қадам жасайтын Ислам Конференция Ұйымының мүшелері мен қонақтарының жүректеріне жайғасып, халқымыздың бедел мүддесі арта берсін деп бір Алладан тілеймін! Нұрлан қажы Байжігітұлы Асанов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жезқазған аймақтық өкіл имамы