«АҚЫРЗАМАН КЕЛСЕ ДЕ АҒАШ ЕК»

 

Ауа адамсыз өмір сүре алады, Адам ауасыз өмір сүре алмайды Халық даналығы

агаш Көктем мезгілі басталған соң адамзаттың алдында тұрған басты парыздарының бірі – ағаш егу жұмысына көңіл бөлу. Пайғамбарымыз Мұхаммед (ғ.а.с.) хадисінде «Ақырзаман келіп тұрса да егер бойыңда ағаш егуге жетерлік күшің болса, онда ағаш ек» деген екен. Бұдан артық ағаш егудің маңыздылығын жеткізу мүмкін емес шығар. Ағаш егудің маңыздылығын осынша жеткізуге тырысып жатқан себебім, ағаштың адамзаттың өмірінде ауадай маңызды екенін білсек те елімізде ағаш егу мәдениетінің қалыптаспағандығы қынжылтады. Адамзатқа теңдессіз, қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан ағаштың маңыздылығын айтып жеткізу өте қиын. Адамның бір минутта өмір сүре алмайтыны ауа болса, сол ауаны жасайтын, тазалайтын, сүзгіден өткізетін, яғни ауадағы газдарды, түрлі ластықтарды өзіне тартып алып, орнына оттегі бөліп шығаратын ағаш. Адамзат өз тарихында осы күнге дейін әлі ағаштан артық ауаны тазартатын бірде-бір қондырғы ойлап таба алмапты. Ағаштың ауаны тазартқанымен қатар ауаны реттеп, шудың азаюына ерекше пайдасын тигізеді. Әсіресе қаладағы ағаштардың шуды азайтуға еңбегі орасан. Яғни шудың деңгейін едәуір төмендететін бірден бір құрылғы. Көз алдыңызға елестітіп көріңізші, орманның ішіндегі қаланы, қандай керемет, таза ауа, шуы жоқ. Табиғаттағы тепе-теңдікті сақтап тұрған да ағаш екен. Ыстықты, аязды басып, ылғалдылықты сақтап, жаңбырлардың уақытында және табиғи тәртіппен жаууын реттейді, топырақтың құнарлылығын сақтайды, дауылдардың екпінін азайтады, т.б. Қысқасы туылсақ бесік, өлсек табыт, яғни адам өмірге келгеннен кеткенге дейін пайдасын тигізеді. Айта берсе ағаштың адамға берер пайдасы мол. Ал осындай ағашты есепсіз кесіп, зиян тигізсе адамзатқа зардабын тигізгенмен, тіпті адам өлтіргенмен бірдей дер едім. Былайша айтқанда ағаш дегеніміз жердің шашы деп ұғынғанымыз абзал. Шаштың жоқтығы қаншалықты басымызға зиян тигізсе жерге де солай. Өзіңіз айтыңызшы шашы жоқ таз бас па әлде шашы жайқалып тұрған бас жақсы ма? Сондықтан бір ағашты кесу, басыңыздағы шаштың бір талын жұлумен бірдей деп ұққаныңыз дұрыс. Жыл өткен сайын шөл далалардың көбейіп, құрғақшылық артып, экологияның күрт бұзылуына тікелей ағаштардың, ормандардың азаюы себеп болып отыр. Осы мәселелерді ескере отырып, «Ағаш, талшыбық кезінде иілер» демекші, ұрпағымызға ағаш егу мәдениетін қазірден бастап үйрету кезек күттірмейді. Әрбір оқушының өз атымен аталған ағашы болып, оны көзінің қарашығындай сақтауға тәрбилеуіміз қажет. АҚШ тарихында ерекше есте қалатын президенті Франклин Рузвельт «Бір елдің өркениет дәрежесі, өмір сүрген жерінде ағаш егу мәдениетін қалыптастырғанымен өлшенеді» деген екен. Біздің ұлттық сенімімізде, ағаштың әрбір жемісі сол ағашты еккен адамға сауап болып жазылады деп айтылады. Онымен қоса сол ағаш кімде кімнің немесе қандай да бір тіршілік иесінің пайдасына асса, мысалыға, бір құс ұя салып, жемістерін жесе, бір адам көлеңкесінде демалса, яғни кәдесіне асырса сауабы жазылады. Ағаш егу мәдениетін қалыптастыру мақсатында барлық мемлекеттер Халықаралық ағаш егу күнін атап өтеді. Бірақ әр елдің ағаш отырғызу күні әртүрлі уақытта. Тіпті Лесото, Уганда, Коста-Рика, Намибия, Танзания, Малави, т.б. елдерінің ағаш егу күндері бар. Сондықтан көштен қалмай бізде ағаш егу үшін бір күнді белгілеуіміз қажет. Ол үшін ешқандай шығынды қажет етпейтін, тарихтан бері экологияны тазалау міндетін атқарып келе жатқан өзіміздің Наурыз мерекесінде ағаш егуді насихаттасақ бәрі үйлесімді болар еді. Бізге тек Наурыз мерекесінде ағаш егуді кең ауқымда насихаттап, осы мерекеде ұрпағымызға ағаш егу мәдениетін үйрету мәселе ғана қалып тұр. Бір жағынан бізге, шыршаларды жаппай кесетін, қоршаған ортаны ластайтын Жаңа жыл тиімді ме, әлде ағаш егіп, қоршаған ортаны тазалайтын Наурыз мерекесі тиімді ме? Осы арасын ойланып көрсек. Ағаш егудің бір керемет тұсы адамды гуманизмге тәрбиелейді. Еккен ағашының жемісін өзі көрмесе де ұрпағы көреді. Сонда ағаш егу деген, бір жағынан ұрпақты, келешекті ойлауға, эгоизмнен арылуға тәрбиелейді. Бір сөзбен айтқанда, ағаш егу – өзіңнен басқа адамдарды да сыйлағандығыңды көрсетеді. Себебі, еккен ағашың бәріміздің ортақ тұтынып жатқан ауамызды тазартады. Өзге адамдарға таза ауа сыйлағаныңмен пара-пар. Біздің түсінігімізде ағашы көп орманды жерлерді жердің жәннаты деп жатамыз. Бұл түсінік қайдан шыққан? Себебі кез келген сенімде жәннатты нулы, орманды, бау бақшалы, жемісті ағаштар, яғни жап-жасыл бір ортаны суреттеп жатады. Көрдіңіз бе, жәннатты жәннат етіп тұрған да ағаш. Сондықтан шамамыз жеткенше ағаш егейік. Сонда ғана қоршаған ортамыз шаң, көңіліміз алаң болмас еді. Жер бетіндегі жәннатты жасау өз қолымызда.

Фазылбек Әбсаттарұлы Астана қаласы