ТІЛІМІЗГЕ ҚАЙТСЕК ҚАН ЖҮГІРЕДІ немесе ұлттық идея туралы бірер сөз

халық Осы біз ес-ақылымыз қалмай инновация, индустрия мен жаңа технология жарысына несіне түстік? «Бір сағымды қуып ең, Қашан оған жетесің?» (Шәкәрім) демекші, эко­номикалық өркендеу жолы деп жүр­геніміз, «сағым, елеске малдану болып жүрмесін» десіп көңіл күпті жүргендер көп. Айнала «Бағытымыз дұрыс па?» деген ойға жетелейтін парадокстар жеткілікті. Сәл Абайшалап олардың тізбегін келтіре кетелік. «Мемлекеттік тіл» бола тұра, тіліміздің сыртқақпайға ұшырап отырғандығы қалай? Биліктің қазақ руханиятын қажетсінбейтіні несі? Мемлекет құқықты, қоғам ерікті бола тұра, жағымпаз, жантық мінезді адамдардың саны еселеп артқаны қалай? Аңсаған Тәуелсіздік заманы бола тұра, ұлттық идеяның жоқ болатұғыны қалай? Әлем алдында абыройлы бола тұра, алаштың еңсе тіктей алмай отырғандығы қалай? тағысын тағылар. Таудың биік асуына бар күшіңді сарп ете өрмелеп, ақыры үстіне шыққанда - іздегенің бұл арада емес, анау тұрған басқа шыңда екеніне көз жеткізсең, бұдан асқан өкініш бола ма? Бүгінгі таңдағы Қазақстан барар бағытынан қатты жаңылысқан осы жолаушыға ұқсайды. Сонымен, төмендегі сөзіміз осы заманғы көкейтесті мәселелердің жауабын іздестіруге бағытталып отыр.

«Өзгелерді басып озу мақсат емес, мұрат - бағытың дұрыс болуында» Шығыс мәтелі.

Мемлекеттік тіл алдағы он жылда оңала ма? Қазақ өз ішінен жарылып, екі ұлтқа бөліну үстінде. Бұл ешкім де жоққа шығара алмайтын факті, күнделікті көзіміз көріп жүрген проблемалардың ең сорақысы. Алдағы уақытта асқынған жараны тесетін біз - тіл мен ауыл мүддесі болмасына кім кепіл? Тіл мүддесі қалың жұртшылықты толғандырып отырғаны соншалықты, биылғы халыққа Жолдауында: «Енді он жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп шығатын болады», - деді Елбасы, және: «Ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен!» деп те шегеледі. Алайда алдағы он жылда тілдік ахуал, сірә да, оңала алмас. Қашан күллі тұрмыс-тіршілік пен өндіріс атаулыға қазақ бөркін кигізіп, шапанын жабамыз, тек сонда ғана тілдің көсегесі көгереді деп сенуге болады. Әйтпесе жоқ. Мысалға жаңағы мектепті қазақша бітіретін бүгінгі ұрпақ кеңсе мен өндіріс табалдырығын аттай сала қайтеді? Әрине, қайта орысшаға ауысады. Бұл басы ашық мәселе. Инновация, модернизация мен урбанизация, бұлар - қызыл түлкідей түрлене беретін әрі қашсаң да құтыла алмайтын заманауи үрдістер. Қазіргі таңда өгізбен жер жыртқан, ат арбамен қатынап жүрген я болмаса май шам жағып отырған ел-жұрт қалған жоқ. «Тауық шақырмаса да, таң атады» демекші, материалдық-техникалық жаңғыру шақырмасаң да келіп, орнығады. Бірақ ол өмірдің сыртқы формасы ғана. Сыртқы форма өмірдің ішкі мазмұнымен үйлесім табуға тиісті. Өндірісті ұлттық мүддеге бағындыру мәнісі осы арада. Қазақ тіліне жан бітіру әрекеті осы өрістен басталса игі. Айтпағым, ғылыми табыстар мен модернизациялау істерін кішкене ауылдарға бұрудың, бағыттаудың уақыты келді. Қазақ тілі мен ауыл проблемасын жеке-жеке қарастыру, тілдің көсегесін ауылсыз-ақ көгертеміз деу бекершілік. Мысалға қазір ана тіліміз жұмыссыз. Ауыл да жұмыссыз. Тіліміз уақытпен бірге айнала алмай, тоқырап тұр. Ауыл да өлімші хәлде. Бұл тағдырластықта кездейсоқтық жоқ, нағыз табиғи заңдылық бар. «Бағыттың дұрыс болуы бәрінен де маңызды» деген шығыс өсиетіне бақсақ, дұрыс бағытымыз қайсы? Ол - Қазақстанның аграрлық дер­жаваға айналу бағыты. Егер кішкене ауылдарды гүлдендіру мақсатында «ұлы бұрылыс» жасалмаса, тарих­тың алдағы он жылы тілді тірілту тұрғысынан зая кетпек. Қазақ тілі тек ауыл жанданса, бірге жанданады, ауыл жанданбаса бірге өледі. «Тіл мен ауыл егіз» деген тұжырымды рет-ретімен тарқатуды тарихтан бастамақпын. Тарих тағылымы

Айғақ іздеп алысқа, арғы Түркі қағанаты дәуірлеріне ат айдаудың қажеті шамалы. Түркі тілінің қыпшақ бұтағы Дешті Қыпшақ, онан соң Алтын Орда заманында империялық тіл міндетін атқарғанын зерттеуші мамандар бір ауыздан бекітеді. Әсіресе, Қазақ хандығы заманында ана тіліміз қарыштап дамыды. Абай қолданған тіл байлығы керемет. Әттең, 1920-жылдардың ортасынан солақай саясат бәрін бүлдірді. Сол кездерден тілге қатысты қайғы-зарымыз басталған-ды. Бұл өз алдына әңгіме. Қазақ тілі ұлтаралық қатынас тілі болды ма? Осыған назар аудара кетейін. Көне Семей шаһарының ерек­шелігі - әр ұлтта өзінің тұрғын аумағы бар. Мысалға Затон мен Красный Кордонда орыс ағайындар, ал Казахский және Татарский край деген аумақта қазақ пен татар тұрды. Ешбір қоспасыз факт, ауылды жерді қоя тұрып, өңір орталығы Семейдің өзінде 50-жылдарға дейін жергілікті тұрғындардың бәрі дерлік қазақша білді, ұғыса алды. Мысалға менің бір туысқаным: «Қазақша білмейтін татарды көрген жоқпын» дейтін. Аға буын мұны былайша түсіндіретін. Ауыл-ауылдан ет, май, сүт, қымыз, шөп, бидай, тері, жүн-жұрқасын алып ағылған қазақтың бірде-бірі өзге тілді білмейді. Сондықтан қазақша білмесең, болды, бітті, сауда-саттық жасай алмайсың. Мен Қазақстанның шығыс өңірін айтып отырмын, ал басқа аймақтарда қалай болды екен? Осы сұрақ көкейімде жүретін. Таяуда, «Жас алаш» газетінің 2011 жылғы 11 қаңтарында, қаламгер Сайлау Байбосынның «Өмірдің өзінен» деген әңгімесін оқыдым. Ол Қазақстанның солтүстік өңірлерінде қалыптасқан тілдік ахуалды былайша айтады: «Атақты Столыпиннің реформасынан кейін қазақ жеріне қарашекпенділер қаптай бастады. Олар жергілікті халықты адам есебіне санамаған. Бірақ сөйте тұра, әлгілердің көбі қазақша сөйлей білген. Неге? Себебі, жергілікті халық қазақшадан басқа тіл білмейді. Ал келімсектерге қазақтармен қарым-қатынас, алыс-беріс жасау керек». Қазақ даласының өзге өңір, уәлаяттарында, атап айтқанда, Жетісу мен Сыр бойында да дәл жаңағыдай тілдік ахуал қалыптасқанына күмән жоқ. Қарап отырсақ, қазақ тілі заманында ұлтаралық қатынас тілі міндетін абыроймен атқарған екен, екінші жағынан, тілдің тағдыры өндіріске тәуелді екеніне көз жеткіземіз. Біздің әке, аталарымыз бөтен тілді үйренуге неліктен асықпады? Өйткені, өз жерінде тұрып жатты, үйренішті кәсібі, тірлігі һәм өндірісі болды. Сол кездерде 10-15 түтіннен тұратын шағын ауылдар өндірістің қайнар көзі еді. Келімсектерді жер­гілікті тілді меңгеруге мәжбүр­леген осы жәйт екені күмән туғызбайды. Тарих тағлымынан шығар қо­рытынды: тілге жан бітіру үшін өмір сүрудің қазақы үлгі, формасын іздестіру керек. Ол форманы жаңа мазмұнмен толтыру шарт. Қайтіп, қалайша? Осыған келейік.

Құдығына қарай қауғасы Ауылды жерге қаржы бөлінбей жатыр деп ауызды құр шөппен сүртуден аулақпыз. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығының орны ерекше екені мойындала бастады. Бірақ қомақты қаржылар ауылөнеркәсібінің алып кешендеріне ғана құйылуда. Ал, олар мен қала зауыттары арасындағы айырма кәне. Қазақ рухы мен тілінің тынысы кеңейетін кеңістік бұлар емес. Біз бұрылыс қажет деп зар қақсағанда кәдімгі кішкене ауылдардың көсегесін көгертуді айтып отырмыз. Олар «қазақтың алтын бесігі» дейміз де қоямыз. Ал нақты бір қадам жасалды ма? Кішкене ауылдар ер-тұрманнан бастап, қол соқаға дейінгі (мал азығын даярлайтын, тері өңдейтін, жерді суаруға, егінді баптап күтуге қажетті т.с.с.) жүздеген қарапайым құрал-жабдықтарға аса зәру. Керек десеңіз, ауыл осы тосқауылға тіреліп, жұмыссыз отыр. Тәубе, қазір пәлендей жаңа зауыттар ашылып жатыр деген жағымды жаңалықтардан құлақ тұнады. Бірақ олардың саны жүз, мейлі, екі жүзге жетсе де қазақ шын қуанып, селт етеді дегенге мен сенбеймін. Өйткені, қазақ жанының коды - ауылды жерде. Мәселен, елге тұтас ауыл шаруашылығы жандануына қатысты (жаңа жылқы зауыттары ашылды, кішкене ауылдар тіріліп, аяғынан қаз тұрды, азық-түлік бағасы түсті т.б.) хабарлар таралсыншы, «қуырдақтың көкесі түйе сойғанда» демекші, бөрікті аспанға атып қуанғанның көкесін сонда көресіз. Халық рухының серпілісін міне осы бағыттан күткен жөн. Бұл құбылыста ойшылдық астар бар. Ешбір ұлт табиғатты жасамақ түгілі, өзгерте алмайды. Керісінше, табиғат ұлтты жасайды, яки ойлау жүйесін, мінезін, менталитетін қалыптастырады. «Жеріне қарай өсімдігі, еліне қарай жеткіншегі болады» дейді халық мәтелі. Ауыл - қазақтың дәстүрлі кәсібі. Билік басындағы азаматтар осыны мық­тап ескергені жөн. Егер табиғат ерек­шеліктері ескерілмесе, ешбір жоба қатесіз, өміршең, баянды бола алмайды. Қазіргі ауыл саласының статусы - экономиканың көп секторының бірі дегеннен аспайды. Тіліміздің дамуына түпкі кедергі де осы арада. Қазақ даласының жергілікті халқы мың жыл өткен соң да жоғалмақ емес. Олар өзінің тілі, діні, мәдениеті, мінезі сияқты дәстүрлі құндылықтарын сақ­тап, дәстүрлі қоғам болып қалуға тиісті. Ал, модернизация, жаңа технология мен урбанизация, сөз басында айтылғандай, есікті жапсаң, терезеден кіретін заманның үрдісі, сыртқы формасы. Бағдарламалар оларды әкелу үшін емес, оларды қоғам қажетіне бағындыру мақсатында жасалуға тиісті. Қазақстан үшін мұндай мақсат - өзге салаларды ауылды жердің кемелденуі жолындағы қозғалысқа бағындыру болып табылады деген ойдамын. Еуропалық үлгіге еліктеушілік пен бағытсыздықтан бас тарту, қазақтың маңдайына біткен маң даланы түпкілікті игеруге бұрылу - уақыт талабы. Халықтың жан дүниесіне бейім­делген, онымен үйлесім тапқан экономика ғана өміршең бола алады. Біздің қоғамға түбірлі идеология ауадай қажет. Идеология арбаның алдына жегілсін

Адамшылық мұраттар мен құ­дайылық заңдар жиынтығын «идеология» дейміз. Олардың бастысы үшеу: ғылым, мейірім, әділет. Бар­лық уақыттар мен халықтар үшін идеологияның мәңгі «үш тағаны» міне осылар. Мәселен, қоғамның санасын қандай да бір билік партиясы билесе, құдай ұрды. Бұдан жаман нәрсе жоқ. Сонымен бірге, идеология - ұлттық мұрат пен мүддеге қызмет етеді. Арбаға жегілген идеологияның тізгінін ұстауды «ұлттық идея» десек керек. Дүние - үлкен көл, оның айдынында ұлттық идеясыз дұрыс бағытты табу қиынға соғады. Екінші түрде, идеология - өмір сүрудің формасы мен маз­мұнын өзара үйлестірудің құралы. Сондықтан ол тұрмыстың, эко­номиканың, яғни арбаның артына жегіле алмайды. Бізде сөз болып отырған, бәрін реттеп отыратын мықты идеология әзірге жоқ. Сайып келгенде, зор проблемалар ұлттық идея мен идеология әлсіздігінен туады. Тілімізге қан жүгірмей отырғаны, ауылдың тұралауы, экология, демография т.б. мәселелер содан. Құр сөз болмауы үшін қайнаған өмірдің әр қырынан мысал-дәйектер келтіре кетелік. Экономика саласынан. Таяуда теледидардан солтүстік өңірдегі бір жаңа зауыт туралы хабар берілді. Ағаш өңдеуге арналған іші-сырты керемет зауыт небары бір ай ғана істеп тұрып қалыпты. Неге десеңіз, өңдейтін шикізат жоқ. Яғни ағашты қайдан әкелу ойластырылмаған. «Біздің үмітіміз ақталмады, енді не істемекпіз?», «Қазақстанның өзінде жоқ шикізатқа есептелген зауыт кімге керек?» деп ашынады жұмысшы қауым. Біздегі зауыттардың көпшілігі төл табиғатымызға және ұлттық мүддеге есептелмеген. Оның үстіне, барлық құрал-жабдықтар шетелдік, демек, тілі де шетелдік. Жаңағы ағаш өңдейтін зауыттың орнына әр ауыл тұрғыны зәру болып отырған ат күшіне есептелген шалғы, тырнауыш сияқты құрал-жабдықтарды немесе сүт айыратын сепаратор сияқты заттарды шығару неге ешкімнің ойына келмейді? Өйткені, ел дамуының идеологиясы жоқ жерде, ортақ бағыт та жоқ, түрлі бейберекет, баянсыз әрекеттердің орын алуы заңды. Экология хақында. Қоршаған ортаның басты бүлдіруші - түтіні будақтаған зауыттар бүгінгі аға буын ұрпақтың көз алдында пайда болды. Олардың қалай пайда болса, солай жоғалары сөзсіз. Тек тезірек азайса екен, құрғырлар. Өйткені, экология - халықтың денсаулығының кепілі. Идеология жоқтығынан ғой, көпшілік қауым зауыттар тоқтап қалса, күніміз қараң деп ойлайды. Тексерелік. Елімізде мұнай-газ саласымен қатар металлургия саласы эко­номиканың негізгі саласы деп есеп­теледі. Оған млрд-таған АҚШ долларын құрайтын инвестиция құйылып жатқаны аян. Бірақ тау-кен кешенінің тиімділігі қандай? Инвестициялардың тиімділігін зерттеу жөніндегі агенттік директоры Қайнар Қожымов мырза: «Бізде өнім алуға қуат, жұмыс күші мен материалдар шамадан тыс көп жұмсалуда», - дейді («Алаш айнасы» газеті, 4 ақпан, 2011 жыл). Агенттік директоры тек шикізат экспорты үлкен көлемде, ал жоғары деңгейде өңделген өнім экспорты тым аз деп мәлімдеді. Сөйтіп, қара бүтіні будақтаған мыңдаған зауыттардың тиімділігі көңіл көншітерліктей емес екен, қазынаның қазанын еселей түскені шамалы. Егер олардың қоршаған ортаны бұрын-соңды болмаған деңгейде ластап, халықтың денсаулығына қандай нұқсан келтіріп жатқаны есептелсе ше? Онда, онда... Мінеки, экономиканы агроөнер­кәсіпке бағынышты қылып, қайта құру - қоршаған ортаны қорғау бағыты, әрекеті екені осыдан-ақ айқын. Эколо­гия оңалуын күллі әлемдік қауым­дастықтың қуана құптары талассыз. Демография туралы. Қазақстан халқын 20 миллионға жеткіземіз деген демографиялық жоспар іске аспай қалды. Ал, ауыл шаруашылығын тұтас организм ретінде гүлдендіру идеясы салтанат құрған жағдайда, бұл межені асыра орындау ешбір қиындық тудырмасы дәлелсіз-ақ айқын. Азық-түлік мәселесі. «Алтын, күміс тас екен, арпа, бидай ас екен» демекші, азық-түлік тапшылығы жұмыр жер бойынша асқынып тұр. Сарапшылар қазірдің өзінде мұнай мен астықтың бағасы теңелді деп жар салуда. Еуропа ғалымдары Африкадағы Сахара жазығын Күн энергиясының табиғи қайнары деп тауып, оның мүмкіндігін баяғыда есептеп қойған. Тіпті іске асырудың техникалық жобалары да дайын. Келешекте мұнай мен газ қоры таусылған кездерде Еуропаны Сахарадан Күн сәулесі арқылы алынған қуат қамтамасыз етпекші. Сол сияқты Қазақстанның ұлы аграрлық державаға болуы ешкімді таң қалдырмас. Оның азық-түлік өндірудің таусылмас көзі екені дәлелденгені қашан. Мысалға патшалық Ресейдің тапсырысы бойынша қазақ даласын әрі де, бері кесіп өтіп, үңіле зерттеген көрнекті ғалымдар ақ патшаға қорытынды дайындап, ХІХ ғасырдың бірінші ширегіндегі қазақ даласының мүмкіншілігі туралы: «По своим возможностям - великая аграрная страна» деп мәлімдеген болатын. Күлесің бе, жылайсың ба, небары бір мегаполистің халқы бар еліміз азық-түлік тапшылығына тірелді. Картоптың бағасы аспандап тұр. «Жесең тісіңе кіреді, жемесең түсіңе кіреді» делінетін жылқы етіне қол жетпейтін болды. Бағытымыз дұрыс па? деп ойланбай көр. Қазақ неліктен «Құдығына қарай қауғасы» деген? Мұның жауабын әркімнің өзі ойлансын. Жұмыссыздық туралы. Планета тұрғындарының саны 7 миллиардқа жетті. Жұмыссыздық әлемдік проб­леманың бірі. Қазақстан жағ­дайында жұмыссыздық пен азық-түлік проблемалары егіз. Бізге олар­ды бірлестіре шешу мүмкіндігі берілген. Егер ауылға бұрылыс шындап жасалса, қазіргі «Жол картасы» сияқты жұмыссыздықтың алдын алу әрекеті баланың ойыны сияқты болып қалары анық. Өйткені, аграрлы елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, ауыл шаруашылығы 30-40 миллион адамға дейін жұмыс күшін талап етеді. Бүгінгі экономиканы жаңғыртуға жұмсалып жатқан орасан қаржы ауылдарға бағытталса жұмыссыздықты түбірімен жою деген сол. Мінеки, тіліміздің болашағы ауыл саясаты арқылы деген сенімге осы айтылғандар негіз болады.

Әрбір кішкене ауылды – дамудың бір кірпіші қылу идеясы Жоғарыда құдайылық үш заң (ғылым, мейірім, әділет) барша адамзатқа ортақ идеология дегенбіз. Үш тағанға күллі ғарыш, айнала болмыс бағынады. Философиялық тұрғыдан келгенде, кішкене ауылдарға бет бұру - әділеттің ісі. Қаймана қазақтың күш-жігері мен ынта-ықыласы іске қосатын құдірет осы. Ауыл-аймақты көгерту, сөз жоқ, ең алдымен тіл мүддесіне, халықтың рухани сауығуына өзгеше әсер етпек. Тіл мен рух тұтас болса, ел де тұтас болады. Осыған экология мен демографиялық ахуалдың оңалуын, жұмыссыздықтың жүгенделуін қосыңыз. Рас, қазіргі таңда ауылдарға су беру, газ құбырын тарту сияқты жұмыстар біртіндеп атқарыла бастады. Әзірге бұл шығындар пілдің қасында бүргедей ғана. Ауылға бет бұру идеясы тек шаруа адамдарын немесе жастарды ғана емес, тұтас қоғамды қамтиды. Әсіресе, оған өз бағытын таба алмай жүрген қазақ ғылымын, ғылыми-интеллектуалдық күштерді бұру маңызды. Айталық, ғылыми инженерия салалары тек космосты төңіректемей, ауылды маңайласа ше. Сол сияқты биология, селекция, экология ғылымдары үшін де ауылды жер таусылмайтын кең өріс. «Ұлы адамдар провинцияда туып, Парижде өледі» дейді француздар. Бұл сөзде жердің, топырақтың киесі деген астар бар. Абай, Шәкәрім қалай сахара төсінен әлем ойы шыңына шыққан болса, келешек ғұламаларымыз бен қайраткерлеріміз де сол топырақтан нәр алатын әлеуметтік жағдайға ұмтылмай болмайды. Жалпы бүгінгі тенденция ғылыми орталықтар шулы қаланы тастап, Невада, Антарктида сияқты елсіз түздерге ойысуда. Шулы қала мен дала түкпіріндегі тыныштық салыстыруға келе ме? Бүгінгі спутниктік байланыс пен интернет дәуірінде алыс қыстау, жапандағы жайлаудың қадірі арта түспесе, еш кеміген жоқ. Ауылға бет бұру - қазақ бақташы болсын дегендік емес. Ол - бүкіл дала ғылым мен мәдениеттің тың өрісіне айналсын деген идея. Абай: «Бір қайғыны ойласаң, Жүз қайғыны қозғайды» деген. Бұл нақылды «Бір қуаныш, жүз қуанышқа кенелте алады» деп өзгертіп айтуға бейілдіміз. Ауыл-аймақты модернизациялау арқылы өмірдің сыртқы формасы мен ішкі мазмұнын үйлестіру осындай құдіретке ие деп тұжырамыз. Өздеріңіз де байқап отырсыздар, Қазақстанның өзіндік жолы, өзіне ғана тән елдік үлгісі, моделі туралы жоғарыда келтірілген ой, идея, пайымдардың бәрі дерлік келешекке қарата айтылды. Оларды болашақ ұрпаққа аманат десе де болады. Ал тақырыпқа қойылған тілімізге қан жүгіртуге қатысты дәл қазіргі ахуалда не істеу керек? Енді осыған келейік. «Мемлекеттік тіл туралы» Заңға зәруміз

ҚР «Тіл туралы» Заңы 1997 жылы қабылданғанда қазақтар республика халқының жарым-жартысын ғана құрады. Аталмыш заңның осалдығы мен босаңдығы осы жәйтпен өз түсінігін табады. Бірақ қазіргі ахуал түбегейлі өзгерді. Тәубе, қазақтың үлес саны 67% жетті. Демек, алдағы уақытта еліміздегі мемлекеттік тіл саясаты батыл, кешенді түрде жүргізілуге тиісті. Осыған орай, Қазақстан халқын, оның ішінде қалың қазақты қанағаттандыратын жаңа Заң керек. Зиялы қауым да, түрлі қоғамдық қозғалыстар мен «Ақ жол», «Әділет» сияқты партия өкілдері де тіл проблемасын шаршамай-талмай көтеріп, өз ұсыныстар жасаумен келеді. Сон­дықтан жаңа сөз айту мүмкін де емес. Әйтсе де, проблемалардың кейбір іріктілеріне тоқталуға рұқсат етіңіздер. Қазіргі билік – министрлер, агент­тік төрағалары, Парламент мү­ше­лері және басқа да лауазым иеле­рінің басым көпшілігі қазақ тіліне жетік емес. Бұл әлем бойынша тек біздің Қазақстанда ғана сақталған құбылыс екендігіне бәс тігуге болады. Балтық теңізі жағалауы елдері, Украина, жақын көршіміз Өзбекстан сияқты ТМД елдері бұл мәселені дер кезінде шешіп алды. Екі гәп бар. Біріншісі - біздің заңнамаларда «Орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қол­да­нылады» деген баптар әлі күнге сақиып тұр. Екіншісі - «Тілдің үш­тұғырлығы» деген мәдени жоба жығылған үстіне жұдырық болып тиді. Онсыз да қалт-құлт еткен қазақ тілінің хәлін тіпті ушықтырып жіберді. Сәл тарқата айтайын. Бір теңгені екі теңге, он теңгені жүз теңгеге айналдыруды көздеген кәсіпкер я қаржыгерлер немесе ғылым жолына шындап түскен жастар «үйрен» демесең де жанын салады. Олар үшін бөтен тілді меңгеру өмірлік қажеттілік. Бірақ қоғамның басым көпшілігі қаржыгерлер мен ғалымдар емес қой. Осыны айыра алмаған біздің саясаткер азаматтар көк жәшік, теледидарлар арқылы халықты шатастырып бітті. Әсілі, көптілділік идеясы әлемдік тәжірибеде ешбір қолдау тапқан жоқ, таралған да емес. Өйткені, әрбір бөгде тіл қақпандағы ірімшік сықылды. Ол жалғыз келмейді, сол елдің мінезін, менталитетін, идеологиясын ерте келеді. Келесі келелі проблема, өз білуімше, аударма ісі. Жоғарыда орыс тілінің абыройы өндіріс саласымен асқақтап тұр дегенбіз. Оның құдіретіне құдірет қосып тұрған тағы бір жәйт - аудармашылық функциясы. Қай тілде аударма ісі жолға қойылса, сол тіл ғылым және әдебиеттің тілі болады. Әйтпесе жоқ. Біздің қазақ тілі бұл салада бәсекеге мүлдем қабілетсіз. Аударма әзірге үлкен жолдың басында ғана тұр. Үшінші «кит», Заңда қазақ тілін білмейтіндерге мемлекеттік қызмет берілмеуі керек деген баптың болуына тіреледі. Мәнсапсүйгіш, әрі еліктегіш біздің қазекеңе бұл баптың әсері өзгеше болары сөзсіз. Мәселен, бүгінгі президенттікке кандидаттарды тіркеу науқаны кезінде тілдің беделі тез өсті. Демек, сынақты барлық билік сатысындағы азаматтар өтсін! Міне осы талапты қоюдың уақыты жетті. «Өздерін асырап отырған ана тілін қалай болса солай қорлай беру» (Ғ.Мүсірепов) тоқтатылсын. Баукең (Б.Момышұлы): «...Өте қауіпті, зиянды болғандықтан, барлық орыннан тіл құзғындарымен, ...шүршіт болып кеткендер ...мейірімсіз түрде масқаралана қуылып, ...оларға қой бақтырған көп олжа болар еді», - деп неге ашына айтты дейсіз. Айтпақшы, латын алфавитіне көшу керек пе? Әрине, керек. Үстем тілдің шаңырағын шайқалтудың бір амалы осы. Кеңестік кезеңде қайран тіл, қайран сөз жарты ғасыр бойы қарсыласып, өз кеңістігін қорғап бақты. Бірақ әлімжеттілік саясаты қойсын ба, ақыры тұқыртып тынды. Қаны сорғалаған шындық, ана тіліміздің қазіргі жағдайы көптеген позициялар бойынша тіпті кеңестік кезеңдегіден де нашарлап кетті. Тілмен қоса, ұлттық сана төменшіктеп, солғындау шегіне жетті. Сондықтан жаңа Заң қабылдау керектігі, онсыз тіл мәселесі шешіл­мейтіні дау туғызбайды. Ол заңның «Тіл туралы» емес, «Қазақстан Рес­публикасының мемлекеттілік тілі туралы» деп аталғаны маңызды.

Түйін Жер планетамыздағы мемле­кет­тердің жарым-жартысы аграрлы немесе агроиндустриалды бағытты ұстанады. Қазақстан да осы қатардан орнын алса, әлем архитектурасына «кірпіш боп қаланар» кетігін ауыл шаруашылығы саласынан тапса дейміз. Халқымыз өз ішінен жарылып, екі ұлтқа айналып бара жатқан қауіпті құбылысты тиюдың кепілдігі осы болар еді. Тіл тұтас болса, ел тұтас. Тіл - ортақ идеологияны, мінез бен менталитетті қалыптастырады. Тілді тірілту міне сол үшін керек. Тілімізге қан жүгірту қиын, бірақ орындалатын іс. Сол сияқты даму бағытын талғау, таңдау, алыс мұратқа жету еркі де өз қолымызда. Біз Тәуелсіз елміз, ағайын!

Асан Омаров, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі