«ҚАЗАҚСТАН» ҚАЗАҚШАЛАНАТЫН БОЛДЫ

«Ұлттық арнаның» тілі шұбарланып, рухани нәрі азайып бара жатқанын Президент те байқаса керек. 1-Наурыз күні жетекші БАҚ журналистерімен кездесуінде берген сұхбатында Елбасымыз «Қыркүйектен бастап, «Қазақстан» телеарнасы түгелдей қазақшаға көшу керек» деді. Сонымен не керек, 53 жыл өткенде «Қазақстан» телеарнасы Президенттің тікелей тапсырмасымен қазақ тіліне көшетін болды. Сонда да бүгін-ертең емес, жарты жылдан соң әзер қол жететін сияқты. Бұл жолғы бұйрыққа халық шынайы үмітпен қарап, сенім артып отыр. 2006 жылы Мамыр айында Президентіміздің «Қазастанның болашығы қазақ тілінде» деген сұхбатында бүкіл телеарналардағы қазақ тіліның салыстырмасы 50% дан кем болмауы керек дегенін де соңғы жылдары телеарналардың біразы ұмыта бастағаны анық. Бұның ішінде «Қазақстан» ұлттық арнасы да бар. Жасыратыны жоқ, «Екі жұлдыз», «Пай-пай шоу» бағдарламалар арқылы «көшірмешіліктің» шыңын бағындырған бұл телеарна бүгінде «жағымсыз» сипаттармен жұрт аузына іліне бастады. Өткен жылдың соңынан бермен «Құрдастар», «Айналайын» арқылы халық жүрегіндегі жарты ғасырдан бері қасықтап жинаған бет-беделін, шелектеп төкті. Ақыры не болса да Ебасынаның сөзі бойынша Қыркүйек айында «Ұлттық арна» қазақ тіліне көшеді. Ұят-ай, іс басында отырған азаматтар өзі біліп істейтін жұмысқа тағы да Президент тапсырма бергені адамды еркісіз ойландырады. Тек Президент бұйрық бермесе орындалмайтын ба еді?! Басқа арналар да «бұйрықты» күтіп отыр ма? Баяғы да-ақ барлығын қазақшалап жіберсек Президент қолымызды қағар ма еді. «Аю да қазақша сөйлейтін уақыт болды» дегенін де түсінген жоқпыз. Ал бұл жолы да «қазіргі жағдайда барлық мәселе халқымыздың өзінде» деген емеуріннің астарында түсінген адам үшін көп дүниелер жатқан жоқ па? Өзі көлеңкемізден өзіміз қорқып ана тіліміздің қадыр – қасиетін жоғалтып, өз тілімізді өз отанымызда жетімсіретіп жүрген кім? Әрине «өзіміз» емес пе?! Елбасы тағы да «Қазір барлық дайындалатын құжаттар қазақ тілінсіз дайындалмайтынын», бірақ, «Мәдениет» арнасы тұнық қазақша болмау керек екенін де айтты. Дегенмен қазақ мәдениетін басқалар танып, біліп жатса оның несі айып? Ашылмаған «Мәдениет» арнасы тұрыпты ғой, қазіргі бар арналарымызды толық қазақшалап алсақ та үлкен жетістік. Біз Кеңес дәуірінен қалған «ләппәйшілікті» қашан қоямыз? Әр нәрседе Президент бұйрығын күтетін болсақ, орыс тіліді әр қазақ өз бетімен қазақша сөйлемейтіні ақиқат. Сонда Елбасы әр үйге «Ұлттық арнаға» бұйрық берген сияқты бұйрық беріп отыруы керек пе? Ендігі міндет телеарнаның тізгінін ұстап жүрген азаматтар ойлануы керек. «Бұйрықты» күтіп отыра беркенше «қара қазан, сары баланың қамы үшін» құзырыңызға қарасыты телеарнаны қазақшалап жіберсеңіз халықтан алғыс алмасаңыз қарғыс алмайсыз. Оразбек САПАРХАН