Шоқан – мәңгілік шамшырағымыз
2016 ж. 27 тамыз
8471
1
Қазақта хат жазу дәстүрінің қашан және қалай басталғанын дөп басып айту қиын. Әйтеуір, бұл салттың әлімсақтан келе жатқаны анық. Мысалы, аса тым әріге де бармай-ақ кешегі Абылай хан мен оның немересі Кенесары Қасымұлының көршілес мемлекет билеушілерімен арада жазысқан хаттарының өзінен биік елдік мәдениет үлгілерін көрер едік. Ал назарды одан берірекке қарай түсірсек, бір сәт сонау Шоқан жазбалары елес береді. Бұлардың бәрінен халқымыз бастан кешкен белгілі дәуірлер тынысы аңдалады...
Отыз жастық қана қысқа ғұмырында адамзатты тамсантып, теңдессіз еңбектер қалдырған Шоқан Уәлихановтың әкесі Шыңғысқа жазған хаттарын оқып отырып, небір қызықты жәйттерге кезігеміз. Ол Қашғар сапарына аттанғанда жиырма бірде ғана екен. Содан көп ұзамай-ақ бірте-бірте әйгілі тарихшы, этнограф және фольклоршы, саяхатшы, орыс барлаушысы, Ресей әкімшілігінің шенеунігі, ағартушы деген атақтарға ие болған.
Сол Шоқанның үлкен шаһардағы қызметіне жаңа кіріскен қазақтың көп қарадомалақтардың бірі секілді ауылдағы ата-анасына сағыныштан жүрегі лүпілдей отырып хат жазуынан, осынау ұлы тұлғалардың да біреуге перзент, біреуге аға... біреуге іні дегендей қарапайым пенде баласы болғанын түйсініп ойға батасыз.
Шоқанның әкесі Шыңғысқа жазған хаттары
– Сізге белянд һурматлу ұлұғ мансаблу атамызға, меһірбанлу анамызға, уа барша іні-қарындастарымызға көптен-көп сәлем.
Сәлемнің бағдыда біздерден есендік сұрасаңыз, алхамдлилла ифтиля деб білесіз. 13 числада августың Омбу шаһаріне келдік. Генерал-губернатор бір күн бұрын келген екен. Ешбір жат хабар жоқ, есеншіліктен басқа. Гутковский мұнда сіздерге көп-көп сәлем көндіреді. Аға сұлтандық хақында кеше Гасфорт нешік үшбу күнгеше «представление» қылған жоқ деп Фридрихсқа сөгіс қылды. Хұда бұйыртса, бір жұмада аларсыз. Хатта советник орны бұрынғыдай вакансия болып тұрады, ешбір лайық кісі таба алмадық.
Сабалақ пен Ханқожа балаларын корпусқа қабылдадық. Штабтан Гутковский хат алды. Оларды корпусқа қабылдадық деб.
Омбыға келерде Қосшығұлдың советниктен дәмесі бар болса, алып бірге келіңіз. Гутковский жаһат етермін деп уағда берді. Жанаралға таныстыру керек.
Біздің Шұрықтың үйі судан жаман болып сасып кетіпті. Ешбір тұруға ләзім емес. Бір кісі жіберіңіз деп едім – жібере көріңіз. Һәм өзіңіз келерде біздің жәйді ұмытпаңыз. Госфорд ыхыласты жіберуге.
Мұхамедия мен Қозыкені менен сүйіңіз.
Ұғлығыңыз Мұхамед-Ханафия Уәлиханов.
Байқап отырғанымыздай, Шоқанның сөз саптауынан арабша, парсыша, сондай-ақ ұйғырша және орысша тілдердің ықпалы сезіледі. Яғни, оқыған әдебиеті мен жүрген-тұрған ортасының әсері Шоқанға да тиген. Ол да сол өзі өмір кешіп жатқан қоғамының қағидаларына бағынбай тұра алмайды. Бұған қоса әр тұста «Хұда қаласа» немесе «Алхамдлилла» деп отыратын әдетінен діннен алыс еместігін де аңдаймыз.
Хат Шоқан Қашқарға аттанардан бір жылдай бұрын, яғни 1857 жылы тамыздың 21-і күні жазылыпты.
Екінші хат
1860 жыл. Тамыздың 9-ы. Петербор.
– Сіздің мүбәрәк намаңызды, июльдің 6-сында жазған, жолығып көб шад болдым. Көптен хабар алмағанға хафа болып тұрып едім, иншалла, сіздер сәлеметтікттеріңізді жіберіп тұрсаңыз көб жақсы болар еді. Бізден хал-ахуал сұрасаңыз, алхамдлилла, сау-сәлемет деп білесіз.
Мақыжан һам саламат. Ол бұл күнде дачада тұрады. «Пойус» дегені – қамар белбеу. Ләкін аңа еш ләзімі жоқ бекер жазған.
Петербурға келгеннен бері өзімнің халімні бұрынғыдан жақсырақ көремін. Һауасы маған жақсы, жағымды болды. Оны мұнда ашна болған ұлықьар һәм военный министр хүт біледі. Әскер министрі Милютин, барон Ливен деген жанарал, граф Толстой, сенатыр Любимов, уа ғайри ұлықтар. Бұларға асқа барып жүремін. Ләкін бұ күнге шейін Бутковқа уа Гулькевичке барғаным жоқ. Ондайлардың һаммасы мен ашыналығым бар, бәлки ғайрилары мен достығым бар. Өзім һәм бірнеше кітап тасанниф қылып жатырмын. Газетлерде менің хақымда көп жазған еді, есіткенсіздүр.
Өздеріңіз жүрерде маған бұйырған едіңіз – ақшаның қанша шыққанын жазып тұр деп. Һар нешік. Сіздерге жалған айтып болмас, әуелгі жыл білмеген шаһар көбірек шықты: киім қылдырдым, форма сатып алдым, көйлек, дамбал, падшаға «представит» еткенде, ұлықтарға асқа барғанда кәрәтемен жүрмек керек. Һар нешік, бұ күнде һәм шықты. Жалование формуляр список келгенше берілмейді, қашан келерін хұда білсін.
Бірнеше күн ақшасыз отырып, көп хажелет көрдім. Өзіңіз білесіз, бұ шаһарда ақшасыз адам аштан өледі. Әзір-әзір екі жүз теңге займға алдым. Енді бұ хатты алғаннан кейін азырақ ақша жіберсеңіз жақсы болар еді. Мен сіздерден сұрауға ұяламын, сұрамай болмайды. Борыш қылсам мұнан да жаман. Әгар һар айда жіберіп тұрсаңыз жақсы болар еді, һәм аз шығар еді. Көп ақша қолда болса, көбірек шығады. Мұндағы мұсылмандардың біріне сөздесіп, сіз айына оған жіберсеңіз, айында маған беріп тұр деп айтсаңыз, жақсы болар еді.
Мұса әкем ақша жібере ме, жібермей ме, хұда білсін. Ол өзі ғажаб адам, мен өзім одан сұрамаймын. Һар нешік. Бұл хатты алғаннан кейін біраз ақша жіберсеңіз жақсы болар еді. Арамыз алыс, мұнда біраз кешіксе, хал хараб.
Орынбордан шыққан сұлтандар бір жұма болды мұнда келгеніне. Мұқан сұлтан бәріне председатель.
Бір письмоводитель бар, атын ұмыттым. Һаммасы сегіз-тоғыз кісі. Пашдаға бүгін көрісетұғын күн. Пристав болып келген Плотников деген – председательдің товарышы. Переводчигі – қазақ төресі, офицер. Әлмұхаммед Сейдалин. Жақып оны біледі, Ахметткінде көрген. Башкен ханум сәлем айтыпты.
Апама, балаларға, барша ағайындарға сәлем айтарсыз. Жақыпқа сәлем. Әгар Жақып Омбыға барса, сурет қылып жіберсін.
Сіздің «дворянский» княздық хақында өзіңіз айналысқаныңыз дұрыс болар, ия облыстық басқарма арқылы Карл Казимирович білән ақылдасыңыз. (1746-1776 жылғы 14-наурыздағы және 1874 жылғы 22-ақпандағы Жарлықтар негізінде). Сонда қырғыз хандарының әуләдіні князь қылмаққа қосқан. Ләкін шыққан тегін анық көрсете алмағаны үшін 1804 жылдан бері ноғайларға князьдық берілмеген. Әгар сіздің куәлігіңізде дворяндық дұрыс көрсетілсе – князьдық сұрасаңыз һәм болады, законге тура келеді.
Орынборға губернаторлыққа Безақ деген жанарал баратын болды. Орынбор қазақтарының облыстық гуьернаторы Григорьевпен мен қыс күні ол Петерборға келгенде көп дос болдық. Ол маған келіп жүрді.
Адресті мынандай қылып жазсаңыз, иншалла, тисе керек. Мой адрес: В кавалерийское отделение Департамента Генерального штаба.
Бұл Шоқанның Географиялық қоғамда атақты баяндамасын жасап, даңқының аспандай түскен шағы. Ғылымға, әдебиетке құлшына араласып, штабс-ротмистр шенін алып, Қасиетті Владимир орденімен марапатталатын кезі. Сонда ол жиырма бес-ақ жаста. Хаттан көріп отырғанымыздай, ол «барон Ливен деген жанарал, граф Толстой – уа ғайри ұлықтар» деп сөз арасында әшейін ғана жаза салғанымен, сонау әлем мойындаған заңғар тұлғалар жап-жас Шоқанмен етене араласқан. Демек, олар қазақтың осынау біртуар перзентін бек шексіз құрметтеген.
Үшінші хат
1860 жылғы 4-қараша.
– Бижанаб. Сізге ұлұғ хұрметты уа сүюклу атамызға сәлем, уа меһірман анамыз, уа іні-қарындастарымызға зияда ғұмыр уа ықбалар.
Бағда бізден хабар сұрасаңыз, алхамдлилла, сау уа сәлематпыз. Бір айдан берлі жүрегімнің дерті тұтып, ауырып тұрамын. Петербордың хауасы дешт-сахаралыққа жақсы емес екен. Дәрігерлер қысқа заграницаға баруға бұйырдылар. Хұда разы болсын, хауф қылмаңыз... Ғайри ол жерлерде һеш неме жоқ.
Хұда қаласа Батюшков губернатор болса, Сібірге қайтамын. Мұнда сөз бар Батенков губернаторлыққа менің ашна дос кісімді қояды деген. Оның атын ілгері жазбаймын, әгар болмаса ұят болмасын.
Хұда бұйырса бір айдан кейін Петербордан Парижге шығамын. Ақшаны өтілге аламын – мұндағы бір кісіден. Аның үшін, сіздің жіберген ақша мені Петербургта таппас. Һар нешік емді бұ хатты алғандан кейн ақша һаммасын жібергейсіз, мың теңгедей. Жат жерлерде борышты кісі не қандай мәшһүр болса да, жанарал болсын, – қарауылға жіберер.
Сіздердің халіңізді біліп, мың теңгеден артық сұрамаймын. Мүсафіршілікпен тұрсам, кім біледі, ас-суға жетер. Енді Мұса һәм көмек берсе болар еді. Оның баласына, кім біледі, пайда болар. Адресті түзік жазыңыз. Үш жүз теңге жіберген хатыңыз мені әзер тапты. Аның үшін кім, сіз екі адрес жазыпсыз – бұрынғы адресті және соңғы адресті. Керек соңғыны жазбақ. В кавалерийское отделение Департамента Генерального штаба.
Басқа сөз керек емес. Хұда қаласа, жаз көрішмекні Алла нәсіп еткей. Дәю, жазғушы ұғлұңыз Мұхаммед-Ханафия.
P.S. Мақыжан ұғлұңыз жалқау, һеш неме қылмайды, ұстаздары айтады, және «ұры». Менің алты паршалық кітаптарымды ұрлап алғанын учитель Васильев тауып беріп, мені бәледен құтқарды.
Мен әуел келгенде келгенімді білдіріп қызметкерден хабар жібердім. Бір жақтан үйге келсек, Мақыжанды көрдім, ол мені таныды:
– Жүзіңді ұмыттым, – деді.
Оның есендігі жақсы, дерті жоқ, ақша көп сұрайды. «Ұрлық» қылған соң мен ақша бермедім, наказание болсын!
Жақыпжанға сәлем, келінге сәлем, балаларын сүйіңіз. Рахия, Бадығұлға жазсаңыз – сәлем жазарсыз.
Жоғарыда айтқанымыздай, кейінгі екі хаттан да заңғар Шоқанның да кезінде күнделікті тұрмыстық тауқыметтер мен түрлі тіршілік түйткілдеріне тәуелді болғанын көреміз. Бірақ сөйтіп жүріп-ақ ол осы кезде өзінің өлмес еңбектерінің жартысынан көбін жазып та тастаған екен. Ал қаламынан баға жетпес еңбектер туған таңғажайып білгір де, кереметтей кемеңгер жастың екі-үш хатына қарап-ақ оның соншама қарапайымдығы мен кішіпейілдігіне бас имеске амал қалмайды.
(Кейбір түсініктемелер: мұнда аты аталған Жақып – Шоқанның ағасы. Мұхамедия мен Қозыке – інілері. Сабалақ пен Ханқожа немере ағалары. Мақыжан – ағасы. Суретші. Мұса – шешесі жағынан туысқан ағасы. Мұса Шорманов емес. Граф Толстой да жазушы Лев Толстойдан басқа адам. Башкен ханум – Ахмет Жантөриннің әйелі)...
Шоқан мен Достоевскийдің хаттары
Шоқанның Федор Достоевскиймен он тоғыз жасында танысқаны белгілі. Кейіннен әлемге әйгіленген бұл жазушы осынау жас жігіттің қабілет-қарымын бірден байқаған секілді. Шоқаннан он төрт-он бес жастай үлкендігі бар ол осынау дарынды жасқа бірден құлай жығылып, екеуі тез тіл табысады. Көп ұзамай-ақ бұл таныстық мәңгілік аңызға айналатындай-ақ ұлы достыққа жалғасқан. Оның дәлелі – екеуінің жер-жерде жүріп бір-біріне жазған хаттары.
Біз бұл жолы атақты орыс жазушысының бір ғана хатына тоқталмақпыз. Онда Шоқан жиырма бір жаста. Жетісу мен Ыстықкөлге, одан Құлжаға аттанғалы жүрген кезі.
Сонымен хатқа кезек берейік:
– Сіздің хатыңызды, мейірімді досым, Александр Николаевич табыстады.
Сіз мені жақсы көремін деп жазыпсыз. Мен де сізге риясыз шындықты айтайын, мен де сізге ғашық болып қалдым. Құдай біледі, қалай ғана осылай болғанын білмеймін. Мен ешқашан да, тіпті өзімнің туған бауырыма да сізге дегендей жақындықты сезінген емеспін. Бұл жерде талай жәйтті тәптіштеп түсіндіруге де болар еді, бірақ сізді көзіңізше мақтап керегі не?! Ал сіз, қымбатты менің Уәлиханым, ешбір дәлесіз-ақ менің сөзімнің шындығына сенесіз ғой. Бұл тақырыпқа он кітап арнасаңыз да ештеңе жаза алмас едім: сезім мен ынтызарлық дегеніңізді түсіндіруге тіл жетер ме! Біз сізбен қош айтысқан кезде біздің бәрімізді де күні бойы көңілсіздік биледі. Біз бүкіл жол бойы сізді еске алып, кілең мақтаумен болдық. Бізбен бірге жол жүргеніңізде қандай ғажап болар еді. Сіз Барнаулда жұртқа аса бір жағымды әсер қалдырған болар едіңіз-ау!
Кузнецкіде өзіме бір дос ханымға, жан-жүрегі таза, ақылды да аяулы бір әйелге сіз туралы ұзақ әңгімелеп айтып бердім. Сіз туралы көп сөйлегенім сонша, ол әйел өзіңізді көрмей жатып-ақ менің сөзім арқылы өзіңізге ғашық болып қалды. Өз айтуынша, сізді керемет суреттеп беріппін оған. Сіз осынау бір тамаша жанды күндердің күнінде көріп те қаларсыз, сөйтіп достасып та кетерсіздер деп үміттенем. Мұны жазып отырған себебім де сол....
Өзі, Барнаулды көрген жоқпын десем де болады. Дегенмен, балда болып, бәрімен дерлік танысып та алдым. Көбінесе Кузнецкіде (бес күндей), одан соң Змиев пен Локтада болдым. Демчинский, әдеттегісінше, әзілқойлығынан танбады. Семенов – тамаша адам. Оны бұрынғыдан да жақынырақ біле түстім. Сізге талай нәрсені әңгімелегім келер еді. Бірақ оны хаттқа жазып сыйғыза бермейсің ғой. Алайда күндердің күнінде әлденені біліп жатсаңыз, кенеттен жаным күйзелгенде, дәл қазіргідей жападан жалғыз қалған сәтімде сізге өз мақсаттарымды ашып айтапағаныма күйінемін. Екі жылдан бері әбден жүрегімді ауыртқан нәрселер бар... Сонда бақытты болар едім-ау!
Досым, аяулы Шоқан, сізге жұмбақтап кеттім бе? Оны шешем деп әуре болмай-ақ қойыңыз. Бірақ маған табыс тілеңіз! Бәлкім, таяу күндерде бәрін менің өзімнен-ақ біле жатарсыз. Мүмкіндігінше бізге тезірек келіңіз. Ал сәуірде міндетті түрде жететін болыңыз! Баяғы беттен қайтпаңыз! Сізді керемет көргім келеді. Сіз Омбыда көңілсіз деп жазыпсыз. Енді ше! Сіз қызметімді не істесем екен деп кеңес сұрапсыз. Меніңше, істі доғармаңыз. Сізде материал көп: дала туралы мақала жазыңыз. Оны бастырады. Есіңізде ме, біз ол туралы айтып едік қой! Ең дұрысы, өзіңіздің бұрынғы далалық тұрмыс туралы жазбаларыңыздай дүниелер жазсаңыз тамаша болар еді. Бұл әркімді елең еткізетін жаңалық болар еді.
Сізге Омбыда да, Петерборда да жұрттың назары ауды. Сіздің қолыңыздағы материалдар Географиялық қоғамды да қызықтырар еді. Бір сөзбен айтқанда, Омбыда да да сізге басқаша қарай бастар еді. Онда сізге өзіңізге жол ашып беретін туыстарыыңызды да селт еткізер едіңіз. Егер алдағы жазда далада болуды ұйғарсаңыз көп күтіп қалуға тура келетін шығар. Алайда алдағы жылдың 1-ші қыркүйегінен бастап Ресейге бір жылдық демалысқа сұрансаңыз жөн болар еді. Бір жылдай сонда болсаңыз, не істеу керек екенін біле түсер едіңіз. Бір жылға қаражат табылатын шығар. Шынын айтқанда, ақшаның көп қажеті де жоқ. Ең бастысы, белгілі есеппен және қолға алатын іске байсалды көзқараспен қарай білу керек. Сөйтіп бұл жылы енді не қажет екенін болжап алар едіңіз. Сібірге оралған соң өз туыстарыңызды өзіңізді екі жылдай Еуропаға саяхатқа аттануға көнетіндей көздерін жеткізер едіңіз. Ал сегіз жылдан кейін өз тағдырыңызды Отаныңызға ең керек адам ретінде құрып алар едіңіз. Сіз өзіңіздің еуропаша толыққанды білім алған тұңғыш қазақ екеніңізді естен шығармаңыз. Оған қосымша – тағдырыңыз сізге ерекше жан мен жүрек сыйлап таңғажайып адам еткен. Кейін шегінуге болмайды, табандылықпен алға ұмтылыңыз, тіпті керек болса, қулыққа да барыңыз.
Қымбатты Уәлиханым, өзіңіздің тағдырыңыз туралы менің утопиялық долбарларыма күле көрмеңіз. Сізді жақсы көретінім соншалықты, күні бойы өзіңіз бен сіздің тағдырыңыз туралы толғанумен боламын.
Жаратқан иеміз сізге бақыт берсін. Сау болыңыз, қымбаттым! Өзіңізді құшып, он рет сүюге рұқсат етіңіз.
Мені ұмытпаңыз және жиі-жиі хат жазып тұрыңыз.
Цуриков маған ұнайды. Мінезі тік екен. Бірақ оны әзірге терең біле қоймаймын.
Семеновпен Семейде кездесіп тұрмайсыздар ма? Онда біздің ортамыз тола түсер еді. Тіпті, менің тағдырым да өзгеріп сала берер ме еді!
Тек Тәңір жарылқасын деңіз!
Сізге Демчинский сәлем айтып жатыр. Бұл хатты соның үйіндегі әдеттегі өзіміздің шәй ішетін үстелде жазып отырмын. Қарсы алдымда Цуриков те сізге хат жазып отыр.
Демчинский әлдеқашан ұйықтап қалған. Тіпті, қазір қорылдап жатыр. Қазір түнгі сағат он. Өзім неге екенін білмеймін, қатты шаршаппын. Сізге Семей туралы әлденелер жазғым келер еді – өте бір күлкілі жәйттер бар. Бірақ дұрыстап жазар болсаң, оның оннан бір бөлігін де жаза алмайсың ғой!
Сау болыңыз, достым! Хатты жиі жазыңыз. Ал мен әрдайым жауап жолдайтын боламын. Мүмкін, келесі бір жолдары өзімнің мақсаттарым туралы да жазып жіберермін.
Сізге С. ханым да сәлем айтады. Екеулеріңіздің Омбыда қалай жүргендеріңізді әңгімелеп берген маған. Ол сізді ұмытқысы келмейді және сіздің жағдайыңызды біліп тұрғысы келетін сияқты.
14 желтоқсан, 1856 жыл. Семей.
Шоқанның Достоевскийден он төрт жастай кіші екенін әлгінде айттық. Оған тоқталып отырған себебіміз – Федор Михайлович үлкендігіне қарамастан Шоқанға ылғи «Сіз» деп сөйлейді. Шексіз құрметінің белгісі болар. Ал, Шоқан болса өзінен үлкен досына кілең «Сен» деп сөйлеген. Тегінде, онда да мән бар.
Ендігі кезекті Шоқанның осы Достоевскиий досына жіберген бір хатына көз салайық.
– Қымбатты достым, Федор Михайлович!
Сенің мені өліп қалды деп ойлағаның қисынсыз да емес. Дегенмен, әзірше тірімін. Оның дәлелін осы хаттан-ақ біле бер. Бұған дейін хат жазбауымның түрлі себептері болды, оның бәрін қазір түсіндіріп көрейін. Біріншіден, қазан айында Петерборға барам ба деп межелеген едім. Алайда сырқаттанып қалғанннан кейін ол ниетті желтоқсанға дейін шегердім. Одан денсаулығым желтоқсанда да оңала қоймағаннан кейін Сібірдің дәрігерлерінің кеңесіне құлақ асып, қысты ауылда өткізуді ұйғарғанмын. Бұған қоса өне бойы Петерборда тұруға денсаулығымның көтермейтініне өзімнің де көзім жетті. Сондықтан, Қашқардан консулдық орын алуды ойластырып жүрмін. Болмаса отставкаға шығамын да, сайлау бойынша өзіміздің елде қызмет етемін. Қашқардың ауа райы денсаулығыма жағар ма еді деп те ойлаймын. Оның сәті түспесе өзіміздің өлкеде жүрсем де жаман болмас еді. Шаруашылықпен, саудамен айналысамын, ал сайлаудан өтсем, адал шенеунік ретінде өз туған-туыстарыма сауатсыз да, дөрекі сұлтандарға қарағанда едәуір пайдам тиер еді.
Сөйтіп жыл аралатып Петерборға барып, айлап жатып, достармен қауышып, жаңа кітаптар алып, жаңаша ойлармен қаруланып, елге, өзіміздің қазақтарға қайтамыз! Сөйтсек жаман болмас еді, ә, көгершінім Федя?! Қалай ойлайсың? Денсаулығым жақсарса, мұның бәрі мүмкін нәрсе. Рас, қазір хал-ахуалым жаман емес. Әйтсе де әлі де болса толықтай айығып кеттім дей алмаймын.
Сонымен елде қыстап шықпақшымын, қымызбен емделуді аяғына дейін жеткізу үшін жазды да ауылда өткіземін. Ал күзге қарай тірі болсам, Петерборға да жетермін. Сөйтіп сені жан дауысың шыққанша қатты қысып құшармын. Біздің боз даланың аздап көңілсіздеу екені рас, бауырым, дегенмен, түк істемей керіліп жатуыңа қолайлы-ақ! Ешкім бөгет жасамайды. Сібірдің сен танымайтын бір білікті дәрігерінің ақыл-кеңесі бойынша қазір ештеңе жазбаймын, оқуды да доғарғанмын, қысқасы, ой еңбегі дегеннен адамын – менің қазіргі «емімнің» түрі осы. Мұндайда, әрине, іштің пысыңқырайтыны да жасырын емес. Бүркітпен, мылтықпен, итпен аң қағу сияқты ермек түрлерімен шұғылдануға болар еді. Бірақ бұған сайтан алғыр денсаулығым жарамайды. Жатасың да қоясың.
Михайло Михайлович не істеп жүр? Оның «Времясының» бет алысы қалай? Мен газет алмаймын. Сондықтан, ештеңеден хабарсызбын. Михайло Михайлович пен Николайға және басқаларға дұғай-дұғай сәлем! Майков пен оның әйеліне менің сәлемімді жеткіз! Полонский мен Страховқа да солай. Егер Николай Курочкинді көре қалсаң менің оған хат жазғалы жүргенімді айт.
Енді саған аздаған өтінішімді айтайын. Жаңа айқтанымдай, менде оқитын ештеңе жоқ. Сол себептен «Времяны» салуыңды өтінемін. Соңынан есеп айырыса жатамыз ғой. Егер қаржың көтерсе мен үшін «Современникке» жазыл. Менің мекен-жайым: Батыс Сібірдегі Петропавл арқылы Көкшетау станицасына.
Ұмытпа. Маған фотросуретіңді сал. Сол сияқты Майков, Полонский, Крестовский де суреттерін салуға уәде берген. Соларға да ескерте сал.
Мария Дмитриевнаға үлкен сәлем! Біз секілді пақырларыңызды ұмытпаңыздар!
Уәлиханов.
14.01.1862 жыл.
Шоқан мен Достоевский жазысқан мұндай хаттар әлденешеу. Олардың әрқайсынан екеуінің де телегей-теңіз білім иелері екені, екеуін де ылғи әлемдік деңгейдегі жалпыазаматтық проблемалардың толғантқанын көріп, тамсанасыз.
Осындайда бір сәт бұл тұлғалардың ғұмырбаяндары барысында толғанып көрсек, Федор Достоевский алпыс жыл жасаған. Ал Шоқанның маңдайына отыз жыл ғана өмір бұйырыпты. Біздің бір білетініміз, әйгілі орыс жазушысы біздің Шоқанның жазушылық та қабілетінің ересен тегеуірінін аңдап, таңдай қаққан. Кейде Шоқан да, ең құрығанда, қырық, елу жасқа жетсе нендей еңбектер қалдырар еді деп те толғанасың. Амал не, тағдыр оған жазбапты...
Бұл ретте бір тоқтала кететін жәйт, Шоқан көз жұмған соң көптеген замандастары осынау біртуар құбылыс туралы тартымды естеліктерін жазыпты. Бірқатар әріптестері оны жарқ етіп өшкен жанартауға балайды, яки метеор дейді... Мысалы, орыс археологі, шығыстанушы Николай Веселовский теңдессіз дарын иесін аққан жұлдызға теңепті. Сол секілді, заңғар жазушымыз Сәбит Мұқановтың Шоқан өміріне арнап «Аққан жұлдыз» шығармасын жазғаны белгілі. Бірақ, аңдап қарасаңыз, Шоқан аққан жұлдызға емес, Қазақ көгінде жарқырап тұратын Темірқазыққа ұқсамай ма! Иә, ол біздің мәңгілік шамшырағымыз.
Естелік
Аққан жұлдыз
Қырғыз хандарының ұрпағы және орыс армиясының офицері Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов шығыстану көгінен құйрықты жұлдыздай ағып өтті. Орыс шығыстанушылары оны бірауыздан ерекше құбылыс деп мойындап, болашақта түркі халықтарының тағдыры туралы ұлы және маңызды жаңалықтар ашады деп үміттенген еді, бірақ Шоқанның мезгілсіз дүние салуы бізді бұл үміттен айырып отыр. Ол отызға да толмастан өкпе ауруынан қайтыс болды. Батыс-Сібір генерал губернаторы Гасфорт Уәлихановтың айрықша қабілетті екенін байқап, оның ғылыммен айналысуына барынша жағдай жасады және ғылым әлеміне тамаша нәтиже әкелген Қашғар сапарына баруына жәрдемдесті. Уәлиханов Қашғардан оралған кезде Гасфорт сапардың есебін реттеуге өзі қатысып, кейіннен Уәлихановқа Петерборға барып келуіне жағдай туғызды.
Уәлихановтың барлық ізденістерінің маңызы соншалық, Орыс географиялық зерттеу қоғамы 1867 жылдың 24-ші сәуірі күнгі мәжілісінде Ш.Ш.Уәлихановтың соңында қалған барлық мұраларын басып шығаруды ұйғарды.
Бұл шешім сол кезде жүзеге аспай, Уәлихановтың өңделуге тиіс біраз мақалалары әркімнің қолында кетті. Мәселен, В.В.Григорьевтің қағаздарының арасынан мен Шоқанның екі дәптерін таптым. Біреуі Едіге туралы қырғыз аңызы, екіншісі – оның ықшамдалған орысша аудармасы...
Н.И.ВЕСЕЛОВСКИЙ
Құлтөлеу МҰҚАШ
qazaquni.kz