Тәуелсіздік – ұлы құндылық

2011 жылдың 28 қаңтарында Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауының «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» деген айдары өте орынды. Расында, осы Жолдауда Елбасы атап өткендей, «біз үшін ерекше қастерлі жыл» - тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойына «әлемдік оқиғалардың қалтарысында қалып қоймай» жетуіміз қазақ еліндегі бейбітшілік, келісім мен жасампаздықтың жемісі. Тек осы «қасиетті үштіктің» арқасында ғана болашақ іргесі бірге қаланатындығы анық. Соның дәлеліндей-ақ Президент тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын атап өтетін, соған арналған үстіміздегі 2011 жыл күнтізбесі «Бейбітшілік пен жасампаздықта өткерген 20 жыл» деген девиз аясында, жалпыұлттық маңызға ие бағдарлама жоспары бойынша түзелетіндігін білдірді. Ел алдында айтқан кез келген сөзінде ұлтымыздың маңдайына біткен бағы да, көзінің қарашығындай қорғаштайтын басты жетістігі де, ту етіп ұстар ұлы құндылығы да Тәуелсіздік екендігін нықтап отыратын Елбасы бұл Жолдауында да сол тәуелсіздігіміздің баяндылығын қамтамасыз ететін құндылықтарды шегелеп өтті. Еркіндік, Бірлік, Тұрақтылық, Гүлдену – міне, Қазақстанды Жерұйыққа балайтын нұрлы болашаққа апарар жолдың басым қоғамдық құндылықтары осылар. Түптеп келгенде, Асан-қайғының іздеген Жерұйығы – ел-жұртының әлеуметтік келісім негізінде бейбіт рахат өмір сүрер мекені – бүгінде оңы мен солын салмақтай білген «саясаты сарабдал» Қазақстан. Сыртқы саясатымызда орын алған жетістіктерді елге тиген пайда тұрғысынан пайымдайтын Елбасы бұл жолы да алдыңғы кезеңде жасалған шараларға баға беріп өтті. Айта кетсек, кеден одағы – біздің еліміздің экономикалық міндеттерін шешетін аса прагматикалық жоба болған. Жолдау идеяны көрсете, тарата білу тұрғысынан, яғни концептуализациялық тұрғыдан өте қисынды құрастырылған. Оған куә – жалпықоғамдық құнды­лықтарды жеке адамдық қажеттіліктер туындатқан тұлғалық іргелі құнды­лықтармен астастыра білу. Адами іргелі құндылықтар оның жеке бас тіршілігіне, ұрпақ амандығына және рухани қажетіне сай құралатындығы белгілі әрі олар кез келген қоғамда өз маңызын жоғалтпақ емес, өйткені олар адам өмірімен етене байланысып жатқан ғұмырлық, экзистенциалды мәнге ие құндылықтар. Ендеше, сол құндылықтар ретіне сай қисынды құрастырылған ҚР Президентінің Жолдауында тіршілік құндылығына сай денсаулық сақтау, өмір сүру көрсеткішін арттыру, салауатты өмір салты мен аурудың алдын алу шаралары, еңбекпен қамтудың жаңа стратегиясы, көптен шешімін күтіп жүрген таза ауыз сумен қамтамасыз етілу, жанға жайлы пәтер-үйде тұруға қажет тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңарту жолдары қарастырылған. Халықты толғандырып отырған мәселенің қай-қайсысына қатысты болсын Жолдауда тек декларация, мақсатты атап қою ғана емес, соны жүзеге асыру механизмдері де көрсетілген. Президент Н.Ә. Назарбаев үкіметке және аймақ басшыларына 2011 жылдың 1 мамырына дейін халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Бұған дейін 25 пайызға көтеріліп келген бюджет қызметкерлерінің жалақылары мен студент стипендиялары енді 2011-ші жылдың 1-ші шілдесінен бастап 30 пайызға көтерілетіндігі де адам күн көрісіне, демек, оның жеке бас қажетіне қатысты дүниелер. Ұрпақ сақтау, жалғастыру құндылығы тұрғысынан да бірнешеме шараларды атап өтсе болады – Қазақстанда балалар мен репродуктивті жастағы әйелдер үшін медициналық ұлттық бағдарламалар кешенін жасау қажеттілігі, 2020 жылы Қазақстандағы балалардың бәрі мектепке дейінгі тәрбие және біліммен қамтылуға тиістілігі, мектептердің ақпараттық заманға сай жабдықталуы, жоғары білім жүйесіндегі шешуі жеткен терең мәселелер, тағы-тағылар. Адами рухани қажеттіліктер тұрғысынан ғылым-білім болашағына сай талайды алаңдатып жүрген сұрақ - ғылыми кадрларды дайындаудың қазіргі үлгісінен 2011 жылдан бастап Қазақстан бас тартатындығын білдірген Президентіміз шешуі талайдан бері күтулі жүрген сұрақтың басын ашты. Рухани құндылығымыздың іргета­сын қалайтын қазақ тіліне қатысты нақты жылдарға нақты тіл игеру көрсеткіштерімен жету, мысалы, 2020 жылы қазақстандықтардың 95 пайызы мемлекеттік тілде сөйлейтін болады деп мәлімдеу айтқанын екі етпейтін Елбасының аузынан шыққаны тіл тағдырына алаңдаушылық білдіретін жандардың көңіліне үлкен үміт ұялатады. Президент өкілеттігін ұзартуға қатысты референдум өткізу керектігін қолдау ісі жалпыхалықтық шараға айналғандығына тоқталып, ел сеніміне ие болу бақытынан ана тілінде тебірене сөйлеген Н.Ә. Назарбаев байыптылық үлгісін танытып, Конституциялық кеңес шешімін күтетіндігін білдірді. Осы айтылғандардан 2011 жылдың Жолдауы әлеуметтік жаңаруға бағытталған негізгі саяси қадамдарға бастайтындығы байқалады. Әлеуметтік жаңару – ел жаңаруы, ал ел жаңаруы біздер мен сіздерден басталары сөзсіз. Ендеше, «ауызбіршіліктен айнымайтын ақжүрек жұртымның қуатты ұлтқа, шуақты ұлысқа айналарына кәміл сенемін» деген ұлт көшбасшысымен алдағы биік мақсаттарға бірлесе жету үшін бар жан жалынын аямай қызмет етейік!

Ақтолқын Құлсариева, профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Философия және саясаттану факультетінің деканы