мемлекеттік тілдің тағдыры – ел тағдыры

1
2371

Қазақ халқына

Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевқа

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі К. Мәсімовке

Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қ. Тоқаевқа

Қазақстан Парламент Мәжілісінің Төрағасы О.Мұхамеджановқа

Парламент депутаттарына

ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМДАР МЕН ПАРТИЯЛАРДЫҢ ҮНДЕУІ

Біз Алматы қаласындағы қоғамдық ұйымдар, саяси партиялар мен жастар ұйымдары Қазақстан Республикасының Үкіметі әзірлеген «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» жобасына қатысты төмендегіше мәлімдеме жолдаймыз!

Ана тіліміз ұлтымыздың жаны, мәдениетіміздің негізгі бөлшегі және елдің рухани құндылығы. Осы орайда, ҚР Конституциясында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі», «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген ұран болып тұрсада, бүгінде қазақ тілі шын мәнінде Мемлекеттік тіл бола алмады және Республика халқын біріктіретін негізгі күшке айналмады. Мемлекеттік Ана тіліміздің бүгінгі ахуалы мүшкіл. Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 20 жылға аяқ басты, Тіл туралы Заңның қабылданғанына міне, табаны күректей 22 жыл толып отыр. Содан бері ұлт зиялылары, атақты жазушылар, ғалымдар мен тіл жанашырлары талай мәрте бұл маңызды мәселелерді көтерді. Бірақ, Қазақстанда мелекеттік тілді енгізу және дамыту, іс жүргізу осы уақыт ішінде өз шешімін тапқан жоқ.
Мемлекеттік тілді үш тілдің бірі ету – бұл қазақ тілін әлсірету және орыс тілін мемлекеттік тіл ретінде заңдастыруға бағытталған Үкіметтің қитұрқы саясаты деп білеміз.
Атап айтатын болсақ, Республиканың министерліктерінде, мемлекеттік органдарында, департамент және басқармаларында мемлекеттік қызметкерлер формалды түрде ғана оқытылады. Оның дәлелі, Үкімет жиындарының бәрі орыс тілінде өтеді. Әлі күнге дейін Сенат, Мәжіліс депутаттары Заң жобаларын орыс тілінде дайындап, қазақ тіліне аударып отыр. Сондай-ақ, Жоғары оқу орындарындағы студенттердің жартысынан көбісіне білім – орыс тілінде жүргізіледі. Ал, орыс мектептеріндегі оқушылардың мемлекеттік тілді меңгеру сапасы өте төмен. Нәтижесінде 9 жыл бойы мектепте дәріс алған орыс және өзге ұлт балаларының қазақ тілінде аты-жөнін айта алмауы, бұл Білім және ғылым министрілігінің салғырттығы, Мәдениет министрлігі Тілдерді дамыту комитетінің дәрменсіздігі.
Қоғамдық ұйымдар, қозғалыстар, партиялар ҚР Мәдениет министрлігі ұсынған «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» жобасын 10 жылдың орнына 2-3 жылмен шектеуді ұсынады.
Мемлекеттік тілдің тағдырына толғанған қоғамдық ұйымдар, тіл жанашырлары мен ұлт зиялылары мемлекеттік тілдің мәртебесін сараптай келе, билік басындағыларға мынандай талаптар қояды :
1. Біз Үкімет, Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті және облыс, қала әкімдері «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған бағдарламасының» орындалған-орындалмағаны, 10 жылда жүргізілмек шараларға бюджеттен қанша қаржы бөлінгені және оның қалай игерілгені, ал игерілмегені үшін кімдердің жауапкершілікке тартылғаны жайында жұртшылыққа ресми есеп беруін талап етеміз!
2. Біз «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама» жобасын талқылауға қатысқан партия, қоғамдық ұйымдар, зиялы қауым – барша тіл жанашырлары бұл созбұйда жобаны қабылдауға болмайтынын мәлімдейміз. Мемлекеттік тілді Конституциямыздың талабына сай құрметтеу негізінде оны қолдану мен дамытуды қысқа мерзімде – 3 жылда жүзеге асыруға болатынына көзіміз жетіп, осы мерзімді ұстанған жаңа жоспар жасалуы, аса маңызды бұл жалпыхалықтық іске тілжанашырлары ұжымдарының өкілдері қатыстырылуы қажет деп білеміз!
Конституциямызда мемлекеттік мәртебе берілген тіл мәселесін реттеуді 33 жылға созуымыз – өте сорақы жағдай. Мұндай масқаралық дүние жүзінің ешбір елінде, ешбір мемлекетте болған емес.
Біз Астана қаласының қоғамдық ұйымдары мен бірлестіктерінің, саяси партиялардың Мемлекеттік тілге қамқорлық жөніндегі Үндеуін толық қуаттаймыз!
Республикалық «Мем­лекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының төрағасы, «Тәуел­сіздікті қорғау» қозғалысының төрағасы, Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Шаханов,
Жалпыұлттық Социал-демократиялық «Азат» партиясының қосалқы төрағалары Жармахан Тұяқбай, Болат Әбілов,
«Ақ жол» демокра­тиялық партиясының төрағасы Әлихан Байменов,
Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Ғазиз Алдамжаров,
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті академик, профессор Өмірзақ Айтбайұлы,
«Жас Алаш» газетінің Бас редакторы Рысбек Сәрсенбай,
Республикалық «АЛАШ» тарихи зерттеу орталығының президенті Хайролла Ғабжалелов,
Республикалық «Азат» қоғамдық қозғалысының төрағасы Хасен Қожахметов,
Республикалық «Ар-Намыс» қозғалысының төрағасы Сәкен Боранбаев,
«Таным» пікірсайыс клубының жетекшісі Кенебай Жұмаш,
«Халық дабылы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Кенесары Қаптағаев,
«Күретамыр» қоғамдық қорының президенті Айсұлу Қыдырбаева,
«Қазақстан тарихшылар қауымдастығының» төрағасы тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді,
«Қыпшақтану орталығының» төрағасы тарих ғылымдарының докторы, профессор Болат Көмеков,
«Ұлт тағдыры» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дос Көшім,
«Жаса, Азаттық!» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жасарал Қуанышәлин,
«Желтоқсан ақиқаты» бірлестігінің төрағасы Нұркен Сәдуұлы Бейсенғазы,
«Болашақ» қоғамдық бірлестік төрағасының орынбасары Дәурен Бабамұратов,
«Болатхан Тайжан» қоғамдық қорының төрағасы Мұхтар Тайжан,
«Аллажар-қолдау» қоғамдық қорының төрағасы Марат Бөтеев,
«Әл-Машани» халықаралық қоғамдық қорының төрағасы, профессор Шәмшиден Әбдраманов,
«Жас қазақ үні» газетінің Бас директоры-Редакторлар кеңесі төрағасы Қазыбек Иса,
Алматы қаласы «Қазақ тілі» басқарма төрағасы Эрнест Төреханов,
Тіркелмеген «Алға» партия төрағасы Козлов Владимир Иванович,
«Қазақстан-Заман» газетінің бас редакторы Е. Айғалиұлы
«Қазақия» газетінің редакторы Өмірзақ Ақжігіт,
«Ақсарай» мюзикл театрының көркемдік жетекшісі Болат Атабай,
Тіркелмеген «Алға!» ХП, қалалық филиалдың үйлестірушісі Айжанкүл Әмірова,
«Жүздесу» газетінің редакторы Ғабдоллаұлы Қажымұқан,
«Күретамыр» қоғамдық қорының атқарушы директоры Кенжеғалиев Әділжан
«Әділет» тарих-ағарту қоғамы төрағасы Бейбіт Қойшыбаев,
«Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігінің төрайымы, Әзірбайжан мәдени орталығының төрайымы Асылы Осман,
«Гуманистер» партиясы жетекшісі Оразай Мақсұт Құлмұхаммедұлы,
«Балға» ҚҰ төрағасының орынбасары Рымқұлова Бибігүл,
Зейнеткерлер құқын қорғау қоғамдық комитеті атынан Абилов Жақсымбек,
«Жебеу» РҚБ ОАК директоры Рахым Айыпұлы,
«Ұждан» қоғамдық жас тілшілер клубының жетекшілері Ербол Азамбек, Ғаббас Қабышұлы (жазушы).
Қазақстанның жалпыұлттық патриоттық қозғалысының атқарушы хатшысы Жанболат Мамай
«Рух пен тіл» клубы төрағасы К. Айбар

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз