Айтыстың генералы
2011 ж. 12 ақпан
1950
1
немесе
Жүрсін Ерман көшесі жүрегімде
Шымкент қаласында Жүрсін Ерман атында көше бар. Ол қалай берілді, кім берді? Әңгіме осында. Бірде Жүрсін Ерман Сарыағаштағы санаторийде демалып жатыр деген хабар түсті. Дереу телефон шалып, хал-жай сұрастық. Оның үстіне «Дидар айтыс» өткізетін болып, жүргізуші таппай, қиналып жатқан кезіміз. Жүрсін аға келісе кетті. Мен ұйымдастыру шараларымен қалада қалып қойдым да, өзімнің орныма Әділ деген бала күнгі досымды жібердім. Досым курортқа барып, Жүрсін ағаны жеңгеймен Шымкентке алып келе жатады. Арада үнсіздік орнайды. Әділді әңгімеге тарту үшін «Неге қатты келе жатырсың, біз саған отынбыз ба?» дейді Жүкең. Досым үндемей машинаның жылдамдығын төмендетеді. «Неге ақырын келе жатырсың, мына түріңмен кешке жетеміз ғой» деп бір қояды. Әділде үн жоқ, жылдамдықты арттыра түседі. Тура сол сәтте көшеде тұрған МАИ қызметкері Әділді тоқтатады. Ішінен асықпай Жүрсін аға түседі. – Көке, сіз бар екенсіз ғой. Қайдан жүрсіз? – деп, ақ жол тілеп шығарып салады. Көлікке отырған соң тағы да үнсіздік орнайды. - Жаңа мен болмағанда, сен МАИ-ға қанша ақша беретін едің?-деп Жүрсін аға әңгіме бастайды. – Екі мың теңге, -дейді досым. - Әкел, мың теңгесін!-дейді Жүкең. Досым үндемейді.- Сен мына мылқау түріңмен: «Үйге жүр, шай ішіңіз деп те айтпайсың ғой» деп тағы қояды. – Неге, бәрібір бармайсыздар ғой,- дейді Әділ. – Неге бармаймыз, барамыз. Таңғы ас - тәңірден деген. Тәңірдің асы - Әділдің асы да,- дейді Жүкең. Осындай әзіл әңгімемен қалаға да жетіп қалады. – Үйге жүріңіздер, шай қыламыз-дейді Әділ. – Шын ниетіңмен шақырсаң барамын,-дейді Жүкең. Досым машинаның басын үйіне қарай бұрады. Сол кезде барып: - Сенің шайыңды қайтарда, курорттан қайтқанда ішеміз. Қазір Базарбек інім күтіп отыр. Сағат 11-де «Дидар айтыс» басталуы керек, кешікпейік, досыңа тарт! - дейді. Жүрсін ағам уәделескен жерге, уәделескен кезде келіп жетті. Шай-пай ішіп, айтысқа кірісіп кеттік. Бұл республикада айтыстың тоқтап, Оңтүстікте жалғасын тауып жатқан кезі. Жүрсін аға бұрынғы айтысқа қарағанда осы айтысты ерекше шабытпен жүргізді. Емін-еркін көсілді. Ақ жарылып әңгімесін айтты. Айтыскер ақындар да, келген көрермендер де дән риза болысты. Айтыс бітіп, ас ішілген соң Жүрсін аға жеңгеймен Сарыағашқа жүретін болды.Уақыт өлшеулі. - Әділ қайда?-деді Жүрсін аға. - Осында,- дедім мен. - Шақыр!- деді Жүкең. Мен Әділді шақырып келдім. – Сенің міндетің әкелу ғана ма, жоқ әлде жеткізіп те саласың ба? – Сіз қалай айтсаңыз, солай болады,-деді Әділ. – Кеттік онда! Арада бір апта өткен соң Әділ досым келіп тұр: - Мен Сарыағашқа кетіп бара жатырмын, Жүрсін аға бүгін Алматыға қайтады. Шығарып саламын. Үйде мал сойылып, бас асылып жатыр. Мейманмен бірге боларсың!- деді. Аузым ашылып қалыпты. Расында Жүрсін аға сол күні, Алматыға жүрер алдында уақыт тауып Әділ досымның үйіне кіріп шықты. Оның үйі жаңадан бой көтеріп келе жатқан Шымкент қаласының шетіндегі «Алаш» мөлтек ауданында-тұғын. Көшелері жаңадан түсіп, аттары енді-енді беріліп жатқан кезі. Бір күні досым екеуміз әңгімелесіп тұрғанда таныс біреу Әділден мекен-жайын сұрады. «Мен Жүрсін Ерман көшесінде тұрамын!» демесі бар ма! Тағы да аузым ашылып қалды. Сөйтсем, Әділ досым бүкіл көршілері мен көше тұрғындарын жинап алып, «бұл көшенің аты Жүрсін Ерман болады» деп «қаулы» қабылдап жіберген екен. Ауыл тұрғындары да мәз болып, мәре-сәре болысқан көрінеді. Жақында досыма тағы жолықтым. - Мен Жүрсін Ерман көшесінен көшіп кеттім,- деді ол. - Досым-ау, қазір көзі тірілерге көшенің атын бермейді ғой, сен қалай рәсімдедің?-деп күлдім. Әділ ағынан ақтарылды: - Әкімшілікті келістіре алмадым, заңсыз дейді. Бірақ көше тұрғындары Жүрсін Ерман көшесінде тұратынын мақтаныш етеді... Айтпақшы, Шымкентте көзі тірі бір генералдың атында көше бар ғой. Ол органның генералы болса, Жүрсін Ерман айтыстың генералы! Түсінбеймін... Мүмкін, қазіргі тұрған көшемді рәсімдерміз... – Досым-ау,- дедім мен, - Қазір көзі тірілерге көше берілмейді, ол үшін өлу керек! Сен немене, Жүрсін ағамды өлтіре алмай жүрсің бе?! Айтыстың генералы алпысқа келді! - Құттықтау керек, менің атымнан да, Жүрсін Ерман атындағы көшенің барлық тұрғындарының атынан да құттықтап қой!- деді досым. Айтыстың генералы, Алпысыңыз құтты болсын!Базарбек ТҮКІБАЙ,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі
Оңтүстік Қазақстан облысы