Біздің жұлдыздардың бәрі неге жағымпаз?
2011 ж. 27 қаңтар
13461
8
Украинада София Ротару мен әлем чемпионы Виталий Кличко кезінде «сары төңкерісшілдерді» жақтады...
Осы біздің жұлдыздардың бәрі, әнші-әртіс болсын, спортшылар болсын, кәсіпкерлер мен тележүргізушілер, журналистер болсын, бәрі таласа-тармаса «Нұр Отанның» қорасына кіріп жатыр. Саясаттан хабары бары да, жоғы да... Қазақ тілін білетіні де, білмейтіні де... Ертең Елбасы орнын мұрагеріне тапсырып, басқа Президент келсе, ол басқа партиядан болса, сонда бұлар қайтеді? Жаппай «Нұр-Отаннан» шығып, жаңа президенттің жаңа партиясына жөңкіле көше ме? Бұларда азаматтық, ұлттық ұстаным бар дегенге сене алар емеспін...
Мысалы, кезінде Украинаға өзгеріс пен жаңару әкелген «сары төңкеріс» кезінде қақаған мұзда жатқан көтерілісшілерге әлемге әйгілі әнші, Украинаның халық қаһарманы София Ротару бәліш тасып жүргенін телеарналар көрсетті. Ал әлем чемпионы, боксшы Виталий Кличко болса, бүкіл дүние жүзін дүбірге бөлеген финалдық жекпе-жегіне белбеуіне төңкерісшілердің белгісі - сары мата тағып шықты... Міне, елдің Ыбырайлары Ыбырай да, біздікі кілең... Ал біздің қаһарман әншіміз азаннан кешке дейін «намазын» «ақпатшамсыз» оқымайды... Біздің спортшылар әлемдік додалардан келгенде үйлерінен бұрын, «Нұр Отанға» кіріп шығады... Әрине, әркімнің өз саяси ұстанымы бар, оған бәлен дей алмаймыз. Бірақ бұл жердегі жаппай нұротаншыл болуда жағымпаздық пен ішкі бақай есептің исі шығып тұрады... Ал Сіз қалай ойлайсыз, қадірлі оқырман?
Қ.СЕЙХУНИ