Мен үшін ең басты құндылық – тәуелсіздік және қазақ мүддесі...
2011 ж. 27 қаңтар
5485
0
Тарих қойнауына жол тартып бара жатқан әр жылды қорытындылау дәстүрімен салиқалы саясаткер, «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов мырзаның оқырмандар сауалына берген жауабы.
(Жалғасы. Басы өткен санда)
- Ассалаумағаейкүм, Әлихан аға! Сіздің ойыңызша, қазіргі қоғамның басты проблемасы не және оны қалай шешуге болады? Еліміздегі діни ахуалға қандай баға берер едіңіз? Жалпы қазір қоғаммен діни қызметкерлердің арасында қарама-қайшылық, наразылық бар. Өзіңіз де білетін боларсыз, соңғы кездегі уахабисттік көзқарастағы насихаттың ашық жүргізілуі байқалады. Оған дәлел елімізде бірнеше оқиғалар жетіп жатыр. Дін мәселесін мемлекет қалай реттеу керек деп ойлайсыз? (теолог әлде кәсіпқой молда емеспін ғой деп емес,- алаштың ұлы, қазақтың баласы ретінде жауап берсеңіз) Қуаныш - Бірнеше маңызды мәселе бар. Соның бірі дін мен мемлекеттің ара-қатынасы. Билікте де қоғамда да атеистік тәрбиемен уланғандар жеткілікті. Қазіргі әлемде төрт-бес өркениет бар, барлығының өзегі - дін. Конфуциалық ілімнің өзі де соңғы ғасырларда философиядан гөрі дінге жақын. Ендеше, мектеп пен мемлекетті діннен бөлу оларды өркениеттен бөлумен пара-пар. Дамыған елдерде өз дінінің тарихын оқытады. Батыстың ғұламалары Інжіл мен Тауратты жатқа біледі. Тәуелсіздік алғаннан кейін дін-исламға бет бұрыс басталды. Бірақ білімді діндарлар өте аз. Біраз жастар түрлі елде түрлі мазхаб өкілдерінен оқып келді. Солардың білгенінше жеткізіп жатыр. Меніңше, мың жылдан астам даламызда өміршеңдігін дәлелдеп келген, ұлттық дәстүрге құрметпен қарайтын имам Абу Ханифа мазхабы бізге лайық. Сол ваххабиспін деп жүретін топтарға жақын бір молда баланың уағызын естіп қайран қалдым. Ол бұл дүниенің қызығын тәрік қылыңдар, тек о дүниеге дайындалыңдар дегендей әңгіме айтты. Ең бастысы сол молданы ертіп әкелген және артында тұрған дәулетті де лауазымды адамдар бұл дүниенің қызығынан құр қалғысы келмейді. Қымбат жиһаз, бес-алты көлік, үш-төрт үй мен әйел алған. Ал халыққа айтатыны жаңағы. Өздері неге бұл дүниенің қызығын тәрік етпейді? Ал, сүре оқығаннан соң Құран бағыштаған кезде екі дүниенің де қызығын көр демейді ме? Қазақ бата бергенде де солай дейді. Барлығы бұл дүниені тәрік қылса елді кім асырайды? Кім ғылым, білім, бизнеспен айналысады? Сондықтан дінбасыларға көмек ретінде муфтиат бас болып, ғалым, философтарды тартып «Ислам және білім», «Ислам және ғылым», «Ислам және еңбек» деген кітапшалар шығару керек. - Әлеке сіздер, 13-желтоқсанды «Алашорда күні» деп атауды ұсындыңыздар? Үкімет бұл ұсынысты тыңдайтынына сенесіздер ме? Мұндай игі бастаманы жүзеге асыру үшін қандай қадамға бармақсыздар? - Алашорда Үкіметі - заманауи мағынадағы қазақтың тұңғыш Үкіметі. 2007 жылы аз уақыт депутат болғанымда Үкімет пен мемлекеттік хатшыға осы Алашорда Үкіметінің құрылғанының тоқсан жылдығын лайықты қарсы алу керек деп ұсыныс жібергенмін. Өкінішке орай, бізде мерейтойлар жиырма бес жыл сайын ғана аталады деген сорақы жауап келді. Дегенмен, сол ұсыныстың әсері болса керек, 2008 жылда көптеген Алаш қозғалысына байланысты шаралар өтті. Біз көптеген ұсыныстарымызды Үкімет бірден қолдамаса да уақыт өткізе пайдаланатынын білеміз. Жолдауларды, бағдарламаларды, заңдарды талдасаңыз оған көзініңіз жетеді. Бұл жолы да солай болуы ықтимал. Бүгін болмаса да 2017 Алашаорданың 100 жылдығына дейін қоғамдық санаға да, билікке де бәріміз біріге отырып, Алашорданы, Алаш қайраткерлерін тарихпен қазақ алдындағы жауапкершлігімізді ескере отырып, лайықты ұлықтау қажет екенін түсіндуіріміз керек. Ол үшін нақты қадамның бірі жыл сайын 12-13 желтоқсанда әр жерде азаматтардың бастамасымен Алашорда күніне арналған ағарту шараларын өткізе беріміз қажет. Биылғы ұсынысымыздың толық нұсқасын www.akzhol.kz немесе осы abai.kz сайтынан оқуыңызға болады. - Ал, Әлеке, жолдарыңыз қашанда ақ болсын! - Рахмет! Алла разы болсын! - Ассалаума аликум! Әлихан Мухамедияұлы. Қазақстанда Батыстың үлгісіндегі демократияны құруға бола ма? Орал қаласының тұрғыны. - Демократия тек Батыстың ойлап шығарған игілігі емес. Өзіміздің қазақ даласында туып өскен әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары» жөніндегі трактатын алыңыз. Батыс философиясының тарихын оқысаңыз, Х-ХҮ ғасырлар аралығында ислам өркениетінің озық ойшылдарына көп сілтеме жасап пайдаланғанын көреміз. Дүниетанымда, әсіресе, әл-Фараби мен ибн Рушдты көп пайдаланған Батыста. ҮІІ-ХІҮ ғасырларда ғылымның, әсіресе, математика, медицина, астрономия, жағрапия салаларында ислам әлемі дүние жүзінде озық болды. Басқа пікір мен бөтен ұлт, дін, нәсіл өкілдеріне де сол заманда ең төзімді ислам әлемі болды. Есіңізге салайын, бұл уақытта Еуропада инквизицияның қылышынан қан тамып тұрған. Тынық мұхит өркениетінің өзегі Конфуций елін алсаңыз да, елді әділ басқару туралы айтады. Сондықтан, демократия - бүкіл адамзатқа ортақ игілік. Біздің биліктегілер Батыстың «мерседесі» мен «волгасын», вилласы мен әншісін пайдаланғысы келеді. Ал, халықтың үні өз мемлекетін басқаруда ең толық естілетін демократияны дайын емес деген сылтаумен шегере бергісі келеді. Халықтың дайындығын күтетін болса, 94-95 жылдары наннан бастап барлық өнімдердің бағасын жіберуге, зауыттарды жекешелендіруге болмас еді. Сол жылдары оны халықтың талқысына салса, басым көпшілік қарсы болар еді. Бірақ серкелер мен көсемдердің ел ығына жығыла бермей, реформаның қатал аязы мен үскірген желіне жарқын болашақ үшін бастап жүруі олардың парызы. 90 жылдардың ортасындағы экономикалық реформаларда алған жауапкершілікті саяси реформада билік, бірінші кезекте президент өз мойнына алуы керек. - Ассалаумағаликум, Әлеке! Қазақстандағы барлық өнеркәсіптік алпауыттар шетелдердін қолында болып отыр.Бұл мәселені қалай шешуге болады? Дұрысы бәрін кері қайтарып алу керек шығар? Ақсай қаласының тұрғыны - Мұның бірнеше астары бар. Нильс Бордың бір сөзі бар: «Ақиқаттың қарапайымы мен тереңі болады. Қарапайым ақиқатқа балама пікір тек жалған. Терең ақиқатқа басқа бір терең ақиқат балама болуы мүмкін». Саясат пен экономика мемлекеттік деңгейде осы терең ақиқат саласы. Бір жағынан алғанда біздің мұнай, газ, шикізат саласында әлемдегі ең ықпалды АҚШ, Еуропа, Қытай, Ресей компанияларының болуы ол компаниялардың және олар арқылы сол мемлекеттердің біздің ішіміздегі тұрақтылыққа мүдделілігін арттырады. Шикізатқа бай елдер мұнымен санаспаса, байлығымызға қызыққандар тұрақсыздық туғызуы мүмкін. Бұл тұрғыда президент Назарбаевты осы әлемдік күштердің мүдде балансын ескерудің шебері деп атауға болады. Бірақ, екінші жағынан, ел байлығы ел үшін меншік иесіне қарамай жұмыс жасау қажет. Ол үшін негізгі жол – келісім-шарттардың жариялылығы және шикізат пайдаланатын компанияларға оны өңдеп, дайын өнім шығаратын зауыттар салғызу жөнінде шарт қою. Үшіншіден, бірте-бірте Қазақстанның үлесін көбейте беру. Төртіншіден, мұнай, шикізат саласында жариялылықты қамтамасыз ету. Бесіншіден, шикізат саласы компанияларына кезінде заңды, заңсыз берілген салық және тариф жеңілдіктерін алып тастау. Ол компаниялардың жұмысындағы қаржылық ағымындағы жариялылық жөнінде талап шикізатқа қатысы жоқ салалардан гөрі жоғары болу керек. Сонымен қатар, экология және жергілікті кадрларды пайдалану оларға лайықты жалақы төлеу үнемі Үкімет пен әкімдердің назарында болуы тиіс. Және жер қойнауы өз меншігімізде екені Конституциядан туындайды. Ендеше, жоғарыда айтылған талаптарды орындағысы келмейтін компаниялармен біздің ел Конституция мен қадағалау, реттеу өкілеттігін пайдаланып, келісім-шартты өзгертуге мәжбүр болады. Бұл - үкіметке сын. Бірақ ай-шай жоқ кетіңдер деген талап Қазақстанға келетін инвестицияларды азайтып, олардың құнын көбейтіп жібереді. Осы есте болған жөн. - Ассалаума аликум, Әлихан аға! Дүкендегі азық-түлік бағасының өсуін қалай тоқтатуға болады? Чапай ауданы, БҚО. - Экономиканың өсуі кезінде, әсіресе, дамып келе жатқан елдерде белгілі бір деңгейде инфляция болады. Бірақ, біздегі қымбаттаудың ішкі себептерінде басқа нарықтық экономикаға тән емес факторлар көп. Біріншіден, бизнестің шенеуніктерге, тексеруші органдарға төлейтін парасы осы баға арқылы халықтан қайтарылып алынады. Сондықтан жемқорлықпен күрес жүйелі жүрсе, оның бағаға да оң әсері болады. Екіншіден, өзімізде өнідірілетін азық-түліктің ауылдан базар мен дүкенге жету жолындағы жергілікті әкімқаралар мен сыбайластарының қоятын тосқауылын жою қажет. Үшіншіден, ауыл өнімдерін қалаға жеткізу үшін баяғы тұтыну кооперативтеріне ұқсас одақтарды құру қажет. Ол үшін тұтыну кооперативтері туралы заңға өзгеріс енгізіп олар кәсіпкерлікпен айналыса алады деген бап керек. Төртіншіден, біз әлі де сырттан әкелінетін азық-түлікке едәуір тәуелді болғандықтан оларды алып келетін ірі компаниялар арасында әділ бәсекелестікті қамтамасыз етуіміз керек. Жариялылық пен бәсекелестік бағаларды өзінің табиғи деңгейінде болуына мәжбүрлейді. - Е, бауырым! Шығып қалған екенсің, Әміржан Қосанов сияқты оны-мұны шатып-бұтып ұятқа қалмасаң жарар еді. Мен сені де жақсы танимын, сені оңдырмай сынаған Алтекеңді де білуші едім. Қай заманда болмасын екі достың ат құйрығын үзіскені оңай емес. Осы тұрғыда сені жұрт сатқын деп таниды. Айтар болсаң осы тұстан бастап шындығыңды ашып айт. Мен сенің «Ақжолға»Президенттің ұсынысымен барғаныңа сенемін. Бірақ Президент сол кезде бұл азаматтарға күдікпен емес, үлкен үмітпен қараған сияқты. 1. Сені жіберсе «агент» ретінде емес, аппараттық құрылым мен ұйымдастыру ісінде тәжрибесі мол маман санап, жаңа құрылымды күшейту үшін жіберген шығар? 2. Осы партиядан кейіннен Нұртөре, Ғалымжан секілді басқа жігіттер де кетті. Марат Тажин тіпті араласпай қойды. Аблязов та бірден олардан ат құйрығын кесті. Қазір Ораз Жандосовты да ол ортадан көре бермейміз. Алтынбекпен сенің араңа түскен, барша жігіттердің ыдырап кетуіне себеп болған не нәрсе? Саяси қайшылық па, әлде Болат Әбіловтың амбицияқор арандатушылығы ма? 3. Мен Алтекеңнің өліміне басқадан гөрі өз ортасына көп күдіктенемін. Әсіресе Әбіловтен. Өйткені тергеуді теріс жолға қарай итермелеп, бәрін Әлиевке жауып, елден бұрын атой салған да сол ғой. Егер осы рас болса, бүгінде Әлиевтің арты ашылар еді. Олай болмай тұр. Мұным қаншалықты мүмкін? 4. Әбілов - Тұяқбай тандеміне қалай қарайсың? Мен саясатта өз дәрежемде бұрыннан жүрген адаммын ғой. Өткен Президенттік сайлауды бұлар айыптап жатады. Мен күлемін. Шын сөзім, мен жүргізген шынайы сауалнама(анкета) оның қорытындысында 1,5-2 пайызға ғана ауытқыды. Ал, сауалнаманы өзім үшін, М.Жүнісованың үгіт-насихат концерті жүріп жатқан жерде 500 адамға жүргізген болатынмын. Яғни, халықтан оларға қолдау мен сенім тіпті де болмады. Бұл шындық. Қазір оларды айтсаң бәрі күледі. Неге? 5. Жұрт жақында Бәйменовтың партиясы «қайта тіріліп, күшейеді екен» деп жүр. Біздің жақта партияң әлдеқашан «аюдың қатты ұйқысына» кеткен болатын. Бұл сөз не сөз? Әлде мол қазына таптың ба? 6.Өткенде дін туралы да жақсы айтып қалдың, енді ұлт мәселесін Ту ететін түрің бар. Бұл сендердің нақты ұстанымдарың ба, сайлау қарсаңындағы саяси сайқалдық па? 7. Мен өткенде Алматыдағы ең ірі бірнеше фирмалар мен табысты автодүкендердің сенікі екенін естіп қалдым. Өсек әңгімеден емес, екеуміздің ортақ туыстарымыздан естідім. Бұл не сөз? 8. Қазақ «Арбадағының жаны бір» дейді. Біздің жанымыз бір. Өзің де білесің «Өк!-деген өгізге тиеді». Құнанбай қажы сол үшін, рулық намысын қорғамаққа өзінің етжақын туысы Қодарды түйеге асып, қорлап өлтіріпті. Сені «сатқын, екіжүзді» деген менің жүрегіме жара. Пайғамбар с.ғ.с. бабамыз «Екіжүзділік(мұнафықтық) кәпірліктен де жаман»-деген екен. Сен сол саяси сахнаға шыққанда ең болмаса ата-баба аруағының алдында «Қазақстан - Отаным, күллі қазақстандық - туысым, байлығым - шариғат»-деп ант бердің бе? Осы антқа адалсың ба? Ең болмаса бейшара мен сияқты «қазақтың қара қызының көзінен нахақтан бір тамшы жас тамғанша менің жүрегімнен қан бұлақ болып ақсын»-деп айта аласың ба? 9. Ең соңғы сұрағым, Шыңғысхан мен Әмір Темірге жеке-жеке баға берсең жақсы болар еді. Сонда жұрт сенің кім екеніңді мүмкін танитын болар. Алла тақ санды қалайды деп Пайғамбар с.ғ.с. бабамыз намазын үш ракат «Үтір» уәжіппен бітіреді екен. Менің де сұрағым тақ болсын. - «Сен» депсіз, «танимын» депсіз, өз атыңыздан қорынасыз ба? Неге жазбайсыз? Ал, ҚДТ мен Ақжолға президенттің ұсынысымен барды дегеніңізді 1974 жылдан бастап статистика мекемесінде үздіксіз жұмыс жасап, мен биліктен кеткен соң қысқартуға іліккен, содан әлі жұмыс таба алмай жүрген менің туған әпкеме айтыңыз. Немесе мен биліктен кеткеннен соң түрлі басшыларының тепкісіне шыдамай жұмыстан кетуге мәжбүр болған туған ініме айтыңыз. Сұрақтарыңызға келейін. 1. Әкімшілік жетекшісі, министр лауазымын атқарып ешқандай сөгіс алмай тек алғыс алып жүрген адамды осындай тапсырмамен жіберу үшін немен қызықтыруға болады екен? Лауазым ба? Ол онсыз да болды. Байлық па? Менің ахуалыммен танысыңыз. Байлыққа қызықсам сол кездегі біраз әріптестерім секілді (олардың ішінде кейін демократ деп атанғандар да бар) бір нысандарды жекешелендірмес пе едім? Мен мемлекеттік қызметте жүргенде пара алыпты немесе байлыққа қызығыпты деген бір адам тауып келіңіз Қазақстаннан. 2. Әбіловтың оған қатысы болған жоқ шығар. Себебі, ол кезде Болат әлі де болса саясаттың қыр-сырын меңгере қоймаған еді. 2003 жылдың күзіндегі съезден кейін мен Ораз Жандосовқа бірден айтқанмын: «Партияға кіргендер саудаласу арқылы президиумға лауазым үшін өз дегендерін жасата бастады. Енді, партияның ішінде іріткі басталды деген сөз. Бір жылдан соң осыған көзің жетеді» дедім. Айтқаным келді. 3. Анық дәлеліңіз болмаса, кім болса да кінәлі деп айтуды күнә санаймын. Менде де сұрақ көп. Күдігім мен күмәнім де бар. Бірақ күнәхар болғым келмейді. 4. Бізде шынайы сауалнама жүргізу қиын. Оның үстіне концерт жүріп жатқанда ашық жүргіссеңіз олардың біразына билік алдындағы үрейдің әсер етуі ықтимал. Бұл есіңізде болсын. Қазақстанда партиялардың, БАҚ-тардың, социологтардың тәуелсіздігі болуы үшін оларды өз бизнесінің тағдыры үшін алаңдамай қаржыландыратын тәуелсіз орта тап болуы керек. Мысалы, Ақжолға көмек көрсеткісі келетіндер көп, көмектессе бизнестен айырылып қаламыз деп қорқады. Ал сіз айтқан тандемге жалпы қарай қоймаймын. Олардың ойлары мен сөздерінде мен үшін жаңалық жоқ. 5. Партия тек менікі емес. Кеше ғана Бақтығұл деген Ақтөбедегі қалалық ұйымымыздың жетекшісі Алматыдан келіп бір әңгіме айтты. Ол жігіт өзі «Шаңыраққа» да мүше. Ол айтады: Асылбек Қожахметов дәм үстінде «Осы ақжолдықтарға таң қаламын, үш жылдан астам қаржысыз жүрсе де түкпір, түкпірдегі белсенділері партиядан кетпей сенімділігін сақтаған» деп. Шын мәнінде 2007 жылдағы сайлаудан соң біздің партияның облыстағы бөлімшелері бізден қаржы алмайды. Осындай қаржы алмай облыста, ауданда Ақжолға адалдығын сақтап жүрген филиал басшылары мен үйлестірушілерге біздің алғысымыз мол. Қаржы жоқтың қиыншылығы екені белгілі. Бірақ жер жерге барған партияластармен кездесуден соң мен Ақжолдың шынайы қаржы маңында емес, идея, құндылық маңында топтасқан партияға айналғанын көріп, қуанамын. Партия мүшелеріне алғысым шексіз. Ал мол қазына тапсам басқалар секілді газет шығарып, не олардан орын сатып алып, түйдек-түйдек ұсынысымызды көпшілікке жеткізбес пе едік? 6. «Жақсы сөз - жарым ырыс» деген халықпыз ғой. Былапыт сөзді жиі пайдаланады екенсіз. Біздің ұстанымымыз әу бастан белгілі. Есіңізге салайын, Ақжол өз құндылықтарын ашық жазған алғаш партия. Олардың авторы болғаныма шүкір деймін (айтпақшы, «Ақжол» деген атауды алғаш ұсынған Берік Имашев болатын). Сол құндылықтардың басы - тәуелсіздік. Нұр Отаннан бастап барлық партиялардың осындай ашық жазылған құндылықтары бар ма екен тексеріп көріңіз. Имандылықты да алғаш құндылық ретінде көтерген де - Ақжол. Ұлт мүддесін мен сонау 80 жылдардың аяғында Кеңес үкіметі тұсында да көтергенмін. Әрине, қатарымызда Амангелді Айталы секілді ұлтжанды, терең білімді ғалым да қайраткер ағамыздың болуы біздің ұлт саясаты төңірегіндегі ұсыныстарымыздың жаңа биікке жүйелілікпен көтеруіне әсер етті. 7. Есенғали Бәйменов менімен тек фамилиялас. Бірде өзі күліп айтатын: «Сіз ірі лауазымдарда жүргенде кейбір шенеуніктер туыссың ба деп сұрағанда жоқ деп айтпаймынмын» деп. Күлдік те қойдық. Ортақ туыстарымыз маған хабарлассын маған сұрағы болса. 8. Сіз, біріншіден, өз иманыңызбен Алла алдындағы өз жауабыңызды ойлаңыз. Өз атын атауға қорынған адамнан не сұрауға болады? Менің бүкіл іс-қиымылым, ұстанымым көзі ашық, көкірегі ояуға түсінікті. Ал ата-баба әруағы алдында немесе ата-анамның зиратына барғанда не туралы есеп беретінім өз шаруам. Антшыл болсаңыз анттарыңызға адал болыңыз. Соңғы сұрағыңызға жауап ретінде Мәскеуде жүргенде жазған орысша өлеңімді келтірейін: Преграды презрев Навстречу любви Стремись беспокойное сердце. Быть может, прозрев Ты будешь в крови Но кто-то успеет согреться. 9. Шыңғысхан әлемдік деңгейдегі, Әмір Темір Орталық Азия және Түркі әлемі деңгейіндегі ұлы қолбасшылар. Екеуі екі мәдениеттің өкілі. Мемлекет қайраткерлері. Шыңғысханның Еуразия кеңістігіне әсері мол болды. Өзіне қатты қарсыласпағандығынан орыс мемлекетінің жаңа, орталықтандырылған қалыпқа түсуіне көп ықпал етті. Оның өмірі мен шынайы мүдделері, құндылықтары жөнінде әлі ашылмаған сырлар көп. Дегенмен, қазақтың тарихи жадында Әмір Темір туралы баға Шыңғысханға қарағанда жоғары. Оған бір куә «Жігіттің падишасы - Әмір Темір» деп келетін Ақан серінің бір әнінен де білуге болады . Ол озық мәдениеттің өкілі болды Шыңғысханға қарағанда. Ислам өркениетінің өкілі болды. - Ассаламағалейкум, Әлихан аға! Шыны керек атқарушы билікте сіз сиякты азаматтар болса, мына казіргі ел басқарып жүрген көп мәңгүрттерге қарағанда пайдалырақ болар еді. Десек те, әркім өз жолын таңдайды ғой, биліктен кетерде сізге жап-жаксы қызмет ұсынылмады дегенге сенбеймін. Партияларыңыздың ұлттық мүддемізді түгендеу үшін атқарып отырған жұмыстары да баршылық. Шыныңызды айтыңызшы, арманыңыз не осы, нені коксейсіз? Бірақ, кешіріңіз ащы да болса шындық осы, Қазақ өзін жүздік-рулық деңгейден жоғары қойып, кімсің десе қазақпын деп ұлт ретінде ұйысқанға дейін сіздің Президент болып сайлануыңыз неғайбыл.Бірақ, келесі сайлауда биліктің қолдауымен Парламентке өтіп, Нұр Отанға балама болады деп «үлкен коридорларда» нақ сіздің партияңызды айтып жүр....бір білгеніңіз бар ма? Елордадан Арман - Шынын айту керек, ДВК-ға кету туралы баспасөз маслихатын өткізгелі тұрғанымызда екі, үш сағат бұрын премьер-министр Тоқаев телефон шалып «Бұныңыз не? Мен сізді премьер-министрдің орынбасарлығына ұсынғалы жүр едім» деді. Жоғарыда айтқандай, менің сол кездегі досым басыма қауіп төніп тұр дегені соң мен алған беттен таймадым. Арманым - тәуелсіздіктің нығаюына, елдің ішкі бірлігінің нығаюына, қазақтың әлемдегі озық елдердің қатарына қосылуына шамам келгенше қызмет ету. Осының ішінде қазақты модернизациялау, яғни жаңа талаптарға, мемлекеттік талаптарға сәйкестендіруге де атсалысу бар. «Үлкен коридорларда» әлгіндей әңгіме айтылса, қазірден бастап бізге телеарналардан орын берер еді. Қазақстан, Хабар, Астана арналарынан кімге орын беріледі? Қай саясаткерлер мен саясаттанушыларға билікке тікелей не жанама қатысы бар басылымдар мен арналардан орын беріледі. Биліктің көңілі соларға дұрыс деген сөз. - Құрметті, Әлихан аға! Бізде, Өскеменде жат пиғылдағы адамдар аз емес. Олар Шығыс Қазақстандағы кейбір солтүстік аудандардың және Өскемен қаласының Ресейге қосылуын қалайды. Олар, әсіресе, соңғы кездері белсенділік танытып жүр. Сұрайын дегенім, Қазақстанда сепаратизм қаупі бар ма? Бар болса қай аумақтарда? Және олардың ар жағында қандай күштер тұр? Ержан Кеңесұлы. - 90 жылдардың басында сепаратизм қаупі болған. 94-95 жылдарда жоғары депутат болдым. Сонда шығыстан, солтүстіктен, батыстап, Павлодардан сайланған кейбір депутаттардың біздің тәуелсіздігімізге күмәнмен қарап, Ресей астына кіруімізді қалайтыны байқалды. Қазір ассамблеяны орынды, орынсыз даттай беретіндерге айтарым, сол кезде ассамблея өзінің тұрақтандырушы ролін атқарды. Қазір ондай деңгейде қауіп жоқ. Дегенмен, қазақтың ішінде де, орыстың ішінде де өткен Кеңес одағын аңсайтындар бар. Қазақ ішінде де солардың бар екені қыңжылтады. Астарына үңілмей бес, он кітабын шығарған үшін сол жүйені мадақтайдындар зиялы қауым ішінде де бар. Ресейде де Жириновский секілді немесе Затулиндер секілді біздегі орыстілдестерге Қазақстан азаматы емес, Ресейдің бесінші коллонасы ретінде қарағысы келетіндер де бар. Кешегі Мәскеу, Петербург, Ростовтағы оқиғалар тегін емес. Ендеше, тәуелсіздік, ұлт мүддесі, Қазақстан тұтастығына келгенде бәріміз билікке көмектесуіміз керек. Ағарту арқылы да, саяси көзқарасты білдіру арқылы да. Ал билік тәуелсіздік пен ел тұтастығын қорғауға келгенде қоғамдық күштерге де арқа сүйеп үйренуі керек. - Әлихан інішек! Түрі игіден түңілме деген екен данышпан ата-бабаларымыз. Түріңе қарасам ханға бергісіз қарашасың, ісіңе қарасам - қазақ ұлтына жасаған ешбір жақсылығыңды көре алмадым. Сен маған мынаған жауап берші, ҚДТ-ны ішінен ірітіп, бөле жарған опасыздығың биліктің тапсырмасы ма, әлде осылайша Назарбаевқа деген «адалдығыңды» білдіру болды ма? Құрметпен Ауылдың қазағы. - Сіз сол кезден бастап менің айтқаным мен істегеніме талдау жасасаңыз сөзіңіздің жалғандығын түсінер едіңіз. «Көрмес түйені де көрмес» дейді. Сізге көріну үшін алдыңызға апарып қап-қап алтын, не мәшине-мәшине топырақ, көмір, жиһаз үйіп тастай алмаймын. Саясаткердің ісі металлург секілді темір балқыту емес. Слесарь болып көлік құрастыру емес. Оларды тонналап та даналап та есептеуге болады. Оқыңыз. Оның ішінде сұрағыңызға жауапты жоғарыда жауаптардан табасыз. Ал шынтуайтқа келгенде ҚДТның бөлінуіне бірнеше себеп болды: 1.Ішкі амбициялары бар, билікте де бизнесте де жетістіктерге жеткен оннан астам адамның өзара бірінші рет бас қосуы оңай шаруа емес еді. 2.Саяси көзқарастарымызды жалпы білгенімізбен нақты құжаттарға келгенде кейбір алшақтық байқала бастайды. 3.ҚДТны қаржыландырған екі ірі қаржылық топтың арасында да бұрыннан бәсекелестік бар болатын. Өз басым оны ҚДТның ішінде жүргенде бірақ білдім. 4. ҚДТ тек саяси кеңеспен басқарылады, төраға лауазымы болмайды деп шешкенбіз. Қалай екені түсініксіз әділет министрлігінен тіркелген жарғыда төраға бар болып шықты. Осының бәрі бір-біріне деген сенмісіздік туғызып, бірте-бірте екі топқа бөлінуіне алып келді. Ал, 18 желтоқсан күні ҚДТ құрылғанда кешке қалай жасырын кездескенімізді Әбіләзев таяуда айтты. - Құрметті Әлихан! Экономист Мағбат Спановтың пікірі бойынша, Қазақстандағы зейнетақылық реформа халықтың мүддесін есепке алмайды. Ал сіз бұл реформа туралы не айтар едіңіз. - 1997 жылы бұл реформаның басы басында әлеуметтік саланың мамандары емес Әкежан Қажыгелдин, Дәулет Сенбаев, Григорий Марченко секілді қаржы мамандары болды. Уақыттары тығыз, дүниежүзілік банкіден қарыз алу үшін реформаны тез жасау керек болған. Осының барлығы себеп болып жинақтаушы жүйеге келешекте белгілі бір деңгейде бейнеттің зейнетін көрсететін емес, ағымдық қаржылық мәселелерді шешуге көмек көзқарас басым болды. Айта кетейін, осы заң қабылданғаннан соң президиент жас қазақ экономистердің билікте жүргендерің бәрін жинап, өзінің күмәнданып отырғанын айтып, бәрінің пікірін жазбаша жеткізуін сұрады. Менің білуімше көпшілігі қолдап жазып берді. Шынында да, жинақтаушы жүйеден қазіргі қалпымен жүре берсе, көпшіліктің алатын жалақысы мардымсыз болады. Ішкі қайшылықтары көп. Реформа жасағандар кезінде бюджет шығынын азайтамыз деді. Керісінше, зейнетақы төмен болатын болғандықтан мемлекет бәріне бірдей базалық пенсия тағайындауға мәжбүр болды. Тағы бір қайшылық, он екі, он үш зейнетақы қоры өздері үшін жылына он бес млдртан астам теңге жұмсайды екен. Бұл болашақ зейнеткерлердің ақшасы. Ал сол қорлар жеке меншік бола тұра олар инфляциядан төмен табыс тапса, мемлекет оларға көмектеседі екен зейнеткерлерге төлеу үшін. Сондықтан менің ойымша осы қордың бастарын қосып біріктіру керек. - Әлеке, бұрында сіз бас болып, Бауыржан Мұхамеджанов, Мұхтар Аблязов, Мұхтар Құл-Мұхамед, т.т. лауазымды, үкімет мүшесі оншақты адамдар қолдап қазақ емеспіз-қожамыз деп оңаша бас қосып шүйіркелеседі екенсіздер. Сонда не мәселе талқылағансыздар? - Мен өз өмірімде «Өзі болған жігіттің ата-тегін сұрама» деген қазақтың ұлы сөзін басшылыққа аламын. - Әлихан мырза, сізді жаһандық жаңа тәртіп орнатушы масондық құпия ұйымның мүшесі дейді. Әлихан Бөкейханов та масондық ұйымға мүше болғанын жасырмаған. Сіз бұған не дейсіз және сол ұйымның Орта Азиядағы әрекетіне қалай қарайсыз? Қазақстанда өзге белгілі тұлғалар ішінде масондармен тығыз байланыста деп кімдерді айтар едіңіз? - Өз мәселесін өзі шешкісі келмейтін, өз халқын өзгеден кем санайтындар елдің ішкі проблемаларын масондар, тағы басқалардан көреді. Масондық деген тас қалаушылардың өздерінің кәсіби құпиясын атадан балаға беріп сол кәсіп арқылы көз табысқа кенелгісі келгендіктен ағылшын мен француз елінде туындағанын да олар біле бермейді. Мен масондармен байланысы бар ешкімді білмеймін және оларға қызықпаймын. - Ассалаумалайкум Әлихан аға! Аллах тағала істеген істерерінізге береке берсін! Менің айтар ұсынысым бар еді. Мен Оңтүстік Қазақстаннан болам, Шымкент қаласынан. Ақжол партиясы біз жақтан көрінбейді. Жастармен жұмыс жасағанды ұнатамын. Ақжол париясынын жастар қанаты бар ма? Жоқ болса, қоғамдық жұмысқа аралассам деген едім. Берік ініңіз - Оңтүстікте біраз жұртқа белгілі азаматтар біздің мүшеміз. Қазаққа танымал қайсар да қайраткер ақындар Ханбибі Есенққарақызы мен Қазыбек Иса, Исрайыл Сапарбаев, абыздай ақсақал Әділхан Сұлтанбеков секілді елге белгілі тұлғалар мүшелеріміз. Белді де беделді әулеттен шыққан кәсіпкер, ақын, сазгер Нұрлан Жылқышиев - орталық кеңес хатшысы. Ышқынбай, айқайламай кейде жұрт көзіне көрінбей де қызмет ете беретін Алтынбек Кәттебеков облыстық ұйымның басшысы. Қаржы тапшылығынан және ақпарат саясаты салдарынан кейбір істердің көрінбеуі де мүмкін. Таяуда президиумда осы мәселелерді талқыладық. Жаңа серпіліс беру керек деп шештік. Оңтүстіктегі кеңсеміздің телефоны: 530984. Кәттебековтың ұялы телефоны: 87017293498 - «Ақ жол» партиясының елімізде алғаш рет Ұлттық концепсия жобасын жасағанын, «Алашорда» күнін ұсынып, Алаш тағылымын ұлықтап келе жатқан ұлтқа жақын бірден-бір партия екенін білеміз.Солай болса да, кезінде Сізге көп жала жабылды. Жалғыз Заманбек Нұрқаділов қана «Ақ жолды» бөлген Әлихан емес, президенттің тапсырмасымен келген саясаткерді анықтадым деп, өзге әріптесіңіздің атын атап берді. Бірақ ел көп жағдайды біле бермейді. Өзіңіз не дейсіз? Мақпал. - Заманбек ағамызбен өмірінің соңғы айларында бірнеше рет кездестік. Жаңағы сіз айтқан сөздерді маған да айтқан. Маған жала жапқандардың кім екені, не пиғылмен жасағандарын да өзі түсінетінін айтты. Кезінде өзі қолғабыс бергендердің түрлі құйтырқы тәсілге барып жүргеніне де қынжылатынын да айтқан. Өзіңіз де біледі екенсіз ғой, менен гөрі сіздің елге айтқаныңыз орынды болар. - Әлихан аға, сізді құрметтейтін азаматтардың бірі мен. 1. Талдықорғандағы дорба-туымыз жайлы ойыңызды білсем деймін. 2. Әулиеағаш өртенген кезде «табиғаттың» Мэлсі тілқатпады, елімізді көгалдындырмақ болған Мэлс бұл жерде неге үн-түнсіз қалды? 3. Келер онжылдыққа деген саяси болжамыңыз. Рахмет. - 1. Талдықорғандағы ту жайлы алдыңғы сұрақтарға жауап бердім. 2. Мэлстің өзінен сұрағаңыз жөн болар 3. Келер он жылдық көз ашықтың көкірегі оянатын, көкірегі ояудың көзі ашылатын он жылдық болса игі болар еді.(Жалғасы бар)
abai.kz